Білген Шайыр айтады

Орынбай мен Серәліқожа айтысы

Орынбай:

Шыққалы біздер елден талай болды,

Ауылым «Көкөртеңге» жанай қонды.

Сұлтаным бес-алты ауыз айтсын дейді,

Серіжан, мұның жайы қалай болды?

 

Баласы Кертағының  Орынбаймын,

Алашта ақын бар деп қорынбаймын.

Мойнында бір адамның қырық парыз бар,

Әр жерде әрқайсысын орындаймын.

 

Момынның малын жейді зекет алып,

Кеңеске кеткен аузым  қалыпталып.

Серіжан-ау, нендей дертке ұшырадың,

Басыңды орамалмен таңып алып?

 

Серәлі:

Ассалаумағалайкүм, Орын аға,

Сұрайсың шариғаттың  төрін, аға.

Атығай, Қарауылдан жол тартыпсың,

Бір сапар болып қалсын жолың, аға.

 

Орынбай:

Уағалайкүмәссалам, жарқын інім,

Көркейсін дәулетпенен көрген күнің.

Айтады сөзді қалай таза  қылып,

Баласы ақсүйексің тақсыр пірім.

 

Серәлі:

Асыл сөз тілден шыққан күмісіміз,

Емес те бұл өтірік, шын ісіміз.

Атығай, Қарауылдан жолдағанда,

Бұл жақта немене еді жұмысыңыз?

 

Орынбай:

Бұйырған шықтым елден  несіп тере,

Сұлтанның үш ай жүрдім соңына ере .

Атығай, Қарауылдан сапарланып,

Келіп ем сұлтанымның жүзін көре.

 

Серәлі:

Алдауға Жиреншені Көсе барған,

Жиренше Көсе сөзін шеше барған.

Дидарын сұлтанымның көремін деп,

Мүбәрак сіздің  елге неше барған?

 

Орынбай:

Сөз таппас жаман адам сасқаннан соң,

Көңілден сөзін бұзар ашқаннан соң.

Сенде жүр олай десең, Серәліжан,

Өнерде кім жүрмейді асқаннан соң.

 

Серәлі:

Көп жылқы көкалалы байда бар-ды,

Ағын су аққанынан  сайға барды.

Астым деп айта көрме, Орын аға,

Ғаззәзіл үлкендікпен қайда барды?

 

Орынбай:

Орынбай артық туған кен ағаң-ды,

Қайда жүрсем сыйлаймын мен ағамды.

Үш күндей ауырдым деп келмей жатып

Берерге жүр екенсің сыбағамды.

Өлеңді отыр едім құрастырып,

Қу бала, жаңа жеттің жанастырып,

Кетуші едім сендейлерді адастырып.

 

Серәлі:

Өлеңді отыр ма едің қарастырып,

Білдің бе  жеткенімді жанастырып.

Әлеумет осы отырған қалайды көп,

Болады кезек берсең санастырып.

 

Орынбай:

Арғы атаң хазірет Әлі, текті қожам,

Алдында қисық жүрсең, жөн бар, қожам,

Наданға насихатын айта бермей,

Құранның лұғатында нең бар, қожам?

 

Серәлі:

Дарияның ортасында сең бар, Орын,

Сенімен айтыстарға жөн бар, Орын.

Сол жерден сені қалап кім шақырды,

Қасында сұлтанымның нең бар, Орын?

 

Орынбай:

Серәлі, соны сөз деп айтармысың,

Жолың боп мені жеңіп қайтармысың?

Шашылған несібемді  теріп жүрмін,

Қызғанған хан мен халық шайтанысың.

 

Серәлі:

Шайтан боп неге таубамнан жаңылайын,

Сақтай көр мына сөзден бір құдайым.

Айтып ем аяғаннан жаным ашып,

Ел ақтап дабыра сал, не қылайын?

 

Алматы жазушы 1988 Айтыс екінші том, 263-265 беттер

 

Оқушы мағлұмат алу үшін, халыққа кең тараған айтыстың «Айтыс» кітабында (1965) жарияланған бұл  нұсқасы да  қатар берілді.

Алматы жазушы 1988 Айтыс екінші том

 

 

Орынбай:

Шыққалы біздер елден талай болды,

Ауылым «Көкөртеңге» жанай қонды.

Сұлтаным бес-алты ауыз айтсын дейді,

Серіжан, мұның жайы қалай болды?

 

Баласы Кертағының  Орынбаймын,

Алашта ақын бар деп қорынбаймын.

Мойнында бір адамның қырық парыз бар,

Әр жерде әрқайсысын орындаймын.

 

Момынның малын жейді зекет алып,

Кеңеске кеткен аузым  қалыпталып.

Серіжан-ау, нендей дертке ұшырадың,

Басыңды орамалмен таңып алып?

 

Серәлі:

Ассалаумағалайкүм, Орын аға,

Жел сөздің сізге құйған қорын, аға.

Дәм бұйырып бұл елге келе қапсың,

Бір сапар болып қалсын жолың, аға.

 

Орынбай:

Уағалайкүмүссәләм, Серәлі інім,

Дәулет бітсе  көркейсін көрген күнің.

«Жақсы лепес деп айтқан, жарым ырыс»,

Шоқтығын бір көтердің көңілімнің.

 

Серәлі:

Аузыңда лағыл, жауһар, күмісіңіз,

Бір Алла мол жаратқан тынысыңыз.

«Жолың болсын» дегенімді тәуір көрдің,

Адамда әлдеқандай жұмысыңыз?

 

Орынбай:

Үш жүзге аты шыққан ақын төре,

Төренің үш ай жүрдім жолын көре.

Ақ сұңқардың  дидарын көремін деп,

Әдейі шығып едім сәлем бере.

 

Серәлі:

Әз Жәнібек ханға Көсе барған,

Көсе тілін Жиренше шеше барған.

Хандарын сіздің елдің көремін деп,

Ақыны біздің елдің неше барған?

 

Орынбай:

Келістіріп айтпасаң сөзіңнен көр,

Жақсыны танымасаң көзіңнен көр.

Басқа жұртқа баруға өнер керек,

Өнеріңнің  жоқтығын өзіңнен көр.

 

Серәлі:

Халайық мен сөйлесем аң-таң қалған,

Естіген, көргендердің мейірі қанған.

Орын-ау, «артықпын» деп айта көрмсе,

Әзәзіл бұл пиғылмен қайда барған?

 

Орынбай:

Төрт шардан нәсілің артқан, дегдар қожам,

Қисық жүрме, түзу жүр, жөн бар, қожам.

Шариғат айтар болсаң кітап ұста,

Қазақтың өлеңінде нең бар, қожам?

 

Серәлі:

Бұлайша сөйледің бе, Орынбайым,

Сақтасын бұл пиғылдан бірқұдайым.

Алсаң да әдеппен ал, әдетпен жүр,

Деп айтам дабыра салып неғылайын!

 

Орынбай:

Қожа біткен сыр, Қуаңға барған болар,

Елді алдауға Құранын алған болар.

Алты алаштың баласын  қойдай сауып,

Қоржын салмақ қожадан қалған болар.

 

Серәлі:

«Правитель» жүрген жерің  күнде жиын,

Асады күн-түн сайын құрмет-сыйың.

Бір елдің адамына тіл тигізсең,

Бергізбен, бәлем саған, жалғыз тиын.

 

Орынбай:

Қожеке-ау, алыс жүрсең сағынғаным,

Жарайды кең ортадан табылғаның.

Сенен сұрап алатын қайыршы жоқ,

Алаш малын сенен сұрап неғылғаным?

 

Серәлі:

Жұртқа артық шешендердің бұл қызметі,

Шұбырады сен келген соң елдің шеті.

Орынсыз тіленшілік құрған жанның,

Мақшарда күйер дейді екі беті.

 

Орынбай:

Серәлі, тәуір көрдім мінезіңді,

Балаймын мың қожаға бір өзіңді.

Тіленшілік кітапта ұнамаса,

Қожаларға  неге айтпайсың бұл сөзіңді?!

265-267 беттер

***

Орынбай ақын Кертағыұлы (1813-1890) Қазақтың аты мәшһүр ақындарының бірі – Орынбай Орталық Қазақстан жерін мекендеген Қарауыл елінен шыққан. Туған жері қазіргі Көкшетау облысына қарасты Айыртау өңірі.

Серәлі Еруәліұлы -1835 жылы  қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы мағайында дүниеге келген. Белгілі публицист, ағартушы-демократ ақын  Мұхамеджанның әкесі. Серәлі  айтыс ақыны. Суырып салма өнерімен елге танылып, өз заманының белді ақындары Орынбаймен, Ұлбикемен, сыр бойының  атақты ақыны  Кете Ешнияз салмен айтысқан.Орынбаймен  айтысының екі нұсқасы сақталған. Алғаш бұл айтыс 1914 жылы  Қазан қаласында жарық көрген  жарық көрген “Қазақтың айтысқан өлеңдері” жинағында, екінші нұсқасы 1931 ж. Сәкен Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинақта жарияланды. “Айтыс” (1965, 1-т.), “Қазақ халық әдебиеті” (1988, 2-т.), “Бес ғасыр жырлайды” (1984, 2-т.) жинақтарында сөз қағысулары мен өлеңдері жарық көрген.

Серәлінің ақындық талантын Сәбит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, т.б. жоғары бағалады. Сәбит Мұқанов: «ХҮІІІ және ХІХ ғасырларда қожалар арасынан  дарынды  ақындар да шыққан.  Мысалы,  Арқада –Шортанбай, Торғайда –  Серәлі, Жетісуда – Жарылғасын мен Жүсіпбек, Сырдарияда  бойында Мәделі мен  Майлы.  Бұлар негізінде ислам  дінін үгіттіеушілер болғанымен, қазақтың  халықтық өмірінен  талай  шындықты ақтарып, арттарына толып толып жатқан елеулі  мұралар  қалдырған» деп жазды. (Сәбит Мұқанов, Халық мұрасы).

Серәлі  Еруәліұлы шығармалары ҚР ҰҒА ОҒҚ қорында сақтаулы. Серәлінің “Уа, дүние, мұнша қатты еттің мені”, “Біреуге жүз салмақты қиын білдім”, “Дос емес, дос сыртынан жамандаса”, “Дүние жарға ойнаған лақтайсың”, “Сұлушаш”, т.б. өлең, толғаулары заман ағымын, достық, адамгершілік, имандылық секілді қасиеттерді жырлауға арналған.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button