Білген Шайыр айтады

Өлер халде шайтанның азғыруы

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ФАСЫЛ

Өлмекке уақыты жетсе базы пенде,

Сөйлеуден тілі қалар о шол[1] демде.

Кеселдің сол жағынан келіп шығып,

Көрініп шайтан лағын келгей әнда.

 

Деп айтар: «Расул дінін тәрік қылыңыз,

Екі деп аузыңа ал, Алланы ниіз.

Сол айтқан сөздерімнің бірін қылсаң,

Кеселден сіз түрегеп жазыла-дүрсіз».

 

Ол пенде қабыл алмай сөзін әнің,

Айтпаса күпірліктен айтқандарын.

Кесе мен мұзды шарап қолына алып,

Басынан және келгей шайтан лағын.

 

Ол пенде һәдден артық сусап тұрар,

Кесені шайтан лағын жылуа қылар.

Пенденің қиналғаннан бауыры күйіп,

«Суыңнан маған бер» деп сонда сұрар.

 

Шайтан деп ойламағай әсілі әркез,

Ол малғұн осылай деп айтады сөз:

«Жаратқан Құдай жоқ, – деп, – аузыңа алғын,

Суымнан кеседегі берейін тез».

 

Ол пенде қарап тұрса, бермей ауаз,

Кесені аяғынан көрсетер баз.

Пенденің сусағаны һәдден артып:

«Суыңнан маған бер» деп, қылар ағаз.

 

Шайтан дер: «Мен берейін бұл кесені,

Жалған деп Пайғамбардың айтқандары

Бір мәрте өз аузыңнан жауап айтқын,

Су беріп қандырайын бұл күн сені.

 

Осындай әр тараптан шайтан келер,

Пенденің су ішпектік кеуіліне енер.

Ілгері айтылғандай күпірліктен

Сөз айтып, сұрағанда жауап берер.

 

Болса-лар ол пенденің бағыты жаман,

Мәкірінен ол малғұнның қалмас аман.

Шайтанның талап еткен сөзін айтып,

Ажырағай иманынан о шол заман.

 

Әгарда жақсылықты болса ол құл,

Шайтанның тәсір етпес алдауы бұл.

Алланың бірлігіне көңіл қойып,

Күпірлік сөзді қойып, ашпағай тіл.

 

Бұл сөздің кітаптарда бар дәлелі,

Айтайын, кейінгілер білсін мұны.

Өлмекке бір зағиптың уақыты жетіп,

Жақындап, сөзге келмей жатты тілі.

 

Атасы Зікірияның еді намы,

Досты-жар, жақсының келді бәрі.

«Құдай – бір, һәм Мұххамед расул бір» деп,

Айт деді, тәуқит күллі калиманы.

 

Сөйлемей ол Зікірия жүз үгірді,

Кәлима айтпағанын бұлар білді.

Алдына досты ерлер және барып,

Тәуһиттың калимасын изһар білді.

 

Қайтарды екінші һәм жүзін және,

Бұл іске қайран қалды бәрі һәмма.

Үшінші ол заһиттың[2] алдына кеп,

Тауһиттың калимасын айтты және.

 

Үшінші айтқанында сөзге келіп,

Білдірді айтпаймын деп жауап беріп.

Жары, досты, жақындары қамға түсті,

Айтпаған Зікірияның халін көріп.

 

Бір сағат онан кейін ортада өтті,

Азырақ сақаттанып[3] кесел кетті.

Зікірия көзін ашып адамдарға:

«Ешбір сөз айттың ба» деп, сауал етті.

 

Тұрғандар «айттық, – деді, – саған бәлі,

Үш мәрте атқын дедік кәлиманы.

Айтпастан үшеуінде һәм бетің бұрып,

Үшінші мен айтпаймын дедің әні».

 

Оларға заһит айтты жауап беріп:

«Оң жақтан бір кесемен шайтан келіп,

Бұл суға еш қажетің бар ма деді,

Ішемін, берсең дедім суды көріп.

 

Ол айтты: «Мен берейін судың бәрін,

Исаны ұлы дегін бір Құдайдың.

Сөйлемей бір жағыма бетім бұрдым,

Тыңдамай тәкір айлаған[4] сөзін аның.

 

Ол малғұн аяғымнан келді және,

Сөйледі ілгергі айтқан сөзін маңа.

Және де бір жаныма бетім бұрдым,

Алданып ешбір жауап бермей аңа.

 

Үшінші шайтан лағын келді-ләр тез,

Құдайды жоқ дегін деп айтты-лар сөз.

Шайтанға изһар етіп жауап бердім,

Еш уақта айтпаймын деп мұны әркез.

 

Сөзімді менің айтқан шайтан біліп,

Кесесін сындырды-лар жерге ұрып.

Қасымнан қайғыланып шығып кетті,

Сіздерге сөйлемедім жауап беріп.

 

Шайтанға айтар едім қылып нида,

Бұл күні болыңыз деп бәрің куә.

Шаһадат калимасын ақырға ше,

Айттылар әуелінен қып иптида.

 

Заһитке онан кейін ажал жетті,

Дүниеден дін иманын аман елтті.

Біздерге ибырат үшін сақаттанып,

Шайтанның қылған ісін иъһар етті.

 

Жақсылар, ашып қара, ибырат көзін,

Шайтанның естідіңіз айтқан сөзін.

Пенденің жаны шығар мезгілінде,

Көрсетсе сол суретте шайтан өзін.

 

Кесемен мұзды шарап алып келсе,

«Айтқыл» деп күпірлік сөз ауаз берсе.

Қиналып, шөлдеп жатқан пенде міскін,

Ишқысыз халатында мұны көрсе.

 

Ол уақта пенде жаны көп қысылар,

Дұшпандар әр тараптан аңдып тұрар.

Иманы зайып[5] болған пенделердің

Айтқанын ол малғұнның бәлкім қылар.

 

Шайтанның ол уақыттағы мәкірі бірлән,

Сөздердің бірін айтса, ол айтылған.

Алланың дәргаһына күпір болып,

Қамырдан қыл тартқандай кетер иман.

 

Құдая, бұл уақтағы пенделердің,

Кеуілінен орын алған шайтан әнің.

Пазылыңмен карамайалап сақтамасаң,

Ол күні аздырғайлар оның бәрін.

 

Жақсылар, осы сөзді пікір қылып,

Шайтанның алдамағын кәміл біліп.

Тауһиттың калимасын тынбай айтып,

Аллаға ибадат қыл, саһар тұрып.

 

Және бар өлер жерде бір нақылят,

Оны да баян етіп айлайын жат.

Хазіреті Имам ағзам аулына кеп,

Сұрады сауал етіп бір адамзат.

 

Деп айтты: «Ая, имам күнәлардан

Қайсысы қорқынышты тарпаққа иман?

Бұл күні мәрхабат қып білдірерсіз,

Істемей парһиз қылып жүрердім мен».

 

Айттылар хазірет имам әйлап зікір:

«Қылмаса иманына әркім шүкір,

Әртүрлі пенделерге зұлым қылып,

Қорықпаса ақыр күнін қылып пікір.

 

Әр кімде бұл айтылған пікір болса,

Дүниеден тәуба қылмай қадам қойса,

Төртінші ғалибырат бұл дүниеден

Ажырап иманынан кәпір болса.

 

Әгарда жақсы бақытты болса ол құл,

Әзалда тапқан болса иманды бұл.

Айтылған пейілдерді қылғанда һәм

Сақтағай күпірліктен хакімі кул».

 

Құдая, бір күнәһар асы құлмын,

Істердің бәрі менде зікір қылған.

Әзалда жақсы бақытты нәсіп етіп,

Сақтағын күпірліктен пазылың бірлән!

 

[1] Ошол /қырғыз/ – сол.

[2] Заһит /а.п./ – елеусіз; шағын, ықшам; қораш; кішкене; монах; сопы; құдайшыл; діншіл; діндар; діни; тақуа.

[3] Сақаттанып – жазылып, емделіп.

[4] Тәкір айлаған – қайталаған.

[5] Зайып /а/ –  әлсіз, ауру, нашар, аз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button