Асыл мұра

Екінші бап қиямет ахуалы баянында-дүр

 

 Қаулу тағала: «Йә әййуһән нәсут тәқуу раббәкум иннә зәлзәләтәс сәъати шәйун ъазиим» «Ей, адам баласы, раббыларыңнан қорқыңдар. Расында қияметтің сілкінісі үлкен нәрсе»[1]. Хазіреті Айша сыдық рази Аллаһу тағала әнһә айтты: «Расул саллаһу әлейһи уә сәлламнан сұрадым: «Ия, расул Алла, қиямет күні екі дос бір біріне ұшыраса ма және бірін бірі көре ме?» деп. Расул Мұстафа саллалаһу әләйһи уәсалам айтты: «Үш мезгіл уақытта бірін бірі көрер. Бірінші таразы құрылғанда, екінші әр адамның амал намалары[2] қолына берілгенде, үшінші тозақ оты лапылдап жанғанда мұнафықтарды[3] тозаққа сүйреп барғанда, барлық халықтар қорқып үш болғайлар, бірнеше мейірбан достар бірін бірі көріп, хал сұраса алмас». Хазіреті Расул саллаһу әлейһи уә сәллам айтты: «Қиямет күні Сират көпірді тозақ ішіне құрады, қылдан жіңішке, қылыштан өткір болар, қараңғы, қараңғырақ болар. Барлық халайықтар, онан өтушілер біреулер жай оғындай жарқ етіп тез өтіп кетер, базы біреулері жүйрік аттай һәм және үшбу[4] күні әр пенде амалына қарай өтер». Зор ауазбен дұға қылғай: «Аллаһума лә тутрук минәс сирати уәқинә азабаннар» деп Сират көпірден өте алмағандар тозаққа жығылар. Ағузу билләһи минәззәлик[5] хазіреті Ысрапыл әләйһессалам екінші сұрын[6] үрсе күн күркірегендей болғай. Барлық адам жерден шығып, бас көтергенде қарны ашып, шөлдеп, көрлерінің басында отырар. Бірін бірі танымас. Күн найза бойы келіп тұрар. Халықтардың мысалы, қазандағы астай қайнағай, ауа бақырдай қызар, жер темірдей қара болар. Азап көп қылған пенделер көмірдей болғайлар. Барлық халықтар сап-сап болып тұрғайлар. Хақ сүбһана Алладан нида келгей, «тозақты дайын қылыңдар» дейді. Сол заман періштелер тозақты даяр қылар. Жетпіс мың тізгіні болғай. Тізгінде жетпіс мың темір шынжыры болар. Барлық дүниенің темірлерін біріктірсе бір шынжырына пара-пар болмас. Әрбір шынжырда жетпіс мың азап періштесі болар. Егер бір азап періштесіне бұйырса, тауларды тас талқанын шығарар еді. Ол тозақтың ауазы бар дүр. Қаулуһу тағала: «Изә рәәтһум мим мәкәнин бәъиидин сәмиъуу ләһә тәғаййузау уәзәфиирә уә изә қаули тала иза улқуу минһә мәкәнән дайиқам муқаррәниинәдәъау һунәлика субуурә» (Тозақ, оларды ұзақ бір жерден көрген сәтте, олар оның қайнап, күркірегенін естиді. Олар, тозақтың тар бір жеріне қолдары, мойындарына байлаулы тасталғанда, сол жерде жоқ болуды қалайды)[7]. Қашан ол тозаққа арасы мың жыл қылса забанилар[8] қолынан шығар. Ол қышқырып, халайық тоқтаған жерге келер. Ешкімнің ұстауға тағаты болмас. Халайықтар баршасы жүздерін төмен қылып, тізелерін бүгер, сонда пайғамбар нәпсі-нәпсі деп басқаны сұрамаспын. Өзімізді құтқар дер. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаһу әлейһи уә сәллам: «Үмбетім, үмбетім, үмбеттерімді саламат қыл, құтқар» дер. Қаулуһу тағала: «Уә тәрә куллә уммәтин жәсийә куллу уммәтин тудъа илә китәбиһәл йәумә тужзәунә мә кунтум тәъмәлуун»[9] (Барлық үмбетті жүгінген түрде көресің. Әр үмбет амал дәптеріне шақырылады да: «Бүгін қылмыстарыңның бодауы беріледі»). Енді паймғамбар саллаһу әлейһи уә сәллам Алланың әмірі бірлән шығып, тозақ тізгініне жабысар. Айтар: «Ей, тозақ, орныңа қайтқын. Сенің халқың саған өздері келер». Тозақ айтар: «Ей, Мұхаммед, сен маған арамсың, сен мені ұстамай жібер» дер. Аршы тарапынан сонда бір нида келер: «Ей, тамұқ, кейін қайт» дейді. Онан соң тозақ тоқтар. Аршының сол тарапына қойылар. Және Хақ сүбһана тағала тарапынан нида келгей. Қаулуһу тағала: «Әләм әъһәд әләйкум йә бәнии әдәмә әл лә тәъбудууш шәйтанә иннәһу ләкум ъадүуум мубиин уәәни ъбудууни һәзә сирәтум мустәқиим»[10] (Әй, адам баласы! Сендерге: «Шайтанға табынбаңдар. Әрние ол, өздеріңе ашық дұшпан» деп, серт бермедің бе? Маған құлшылық жасаңдар. Тура жол осы!) деп, онан соң жаңа нида келгей: «Ей, тозақ, жалған пенделерді тұт» дейді. Ол тозақ тұтқай.

Ей, момындар, Құдай тағаланың пәрменін тұтыңдар. Бұ дүниеде ренжу, машақат тартыңдар, ғибадат уақытында дүние ісін қылып, ақырет ісін қылыңдар. Арам нәрсе, арам істерден тыйылыңдар. Бұл дүниеде ғибадат, ақыретте рахат боласыздар. Һәбіл акбар рази Аллаһу әнһу айтты: «Алла тағаланың періштелері бар дүр. Құдай тағала жаратқаннан бері ғибадат қылар, базылары рүкүғта[11] уә базылары сүжүдте[12] еш уақ бастарын көтерген жоқ. Қиямет күнінен қорқып, тозақ азабынан тітіреп қорқып тұрар. Айтурлар: «Сүбһәнака мә ъәбәднәкә хақ ъибәдәтик» (Біз саған табынған нәрсені, сенің шынайы ғибадатыңа сиынамыз) деп. Әбділла ибн Аббас рази Аллаһу әнһу айтты: «Қиямет күні әділ таразыны құрып пенделерді даяр қылғай. Тағат ғибадатын өлшеп тартқайлар. Жақсы амал қылып, амалы ауыр келгенді пейішке жібергей. Егер жақсылығы жеңіл болса, ол пенде айтар: «Е, раббым, маған рұқсат бер, бірер жақсылық тапсам, мүмкін құтылармын» дер. Хақ субһана уә тағала өз кәрәмімен[13] рұқсат бергей, ол бишара пенде іздеп ата анасын тапқай, атасынан жақсылық сұрар, атасы айтар: «Е, балам, мен өз хәліммен әжізбін[14]» дер. Онан соң анасына барғай: «Е, ана, дүниеде менің үшін көп мехнат және машақат тартып едің, бүгін маған бір шапағат қыл, бір жақсылық бер» дегей. Анасы айтар: «Мен өзімнің не боларымды білмеймін» дегей. Онан соң аға-інісіне барғай. Еш жақсылық, шапағат таппағай. Онан соң қатынына: «Мен сен үшін көп машақат шектім, аш жалаңаш болмасын деп, өтірік сөйледім, ұрлық қылдым. Бүгін маған бір жақсылық бер» дегей. Қатын айтар: «Мен сені көрегнім жоқ, не қылсаң өзің үшін қылдың, мен өзімнің не боларымды білмеймін» дегей. Онан соң балаларына барғай. Олардан да сауап, жақсылық таппағай. Әбден шерменде болып, таразының түбіне келгей. Хақ тағаланың үзір мәнәш иесінен нида келгей: «Ей, пенде, еш ізгілік, жақсылық таппадың ба» дегей. Ол айтар «Иләһи, сіз жақсы білерсіз, сізден өзге еш рахым қылушы жоқ. Сіз рәхман рәхимсіз, өзің рақым қыл» деп зар-нала қылғай. Онан соң Алла тағала тарапынан бір нида келгей: «Ей, бишара пенде, мені кәрім уә рәхим білдің, неге пенделікті бажа келтірдің. Құран сөзін тұтпадың. Мені көзің көрмегендіктен, ғалымдар сөзіне құлақ қойып естімедің. Қатын, балаларыңмен өмірлеріңді бекер босқа өткердіңдер. Олардан еш жақсылық таппадың ба?» дер. Бұл бишара мұңлы болып, өзін сынық қылып, ешбір сөз айталмағай. Онан соң Хақ тағала айтады: «Ей, пендем, сені жарылқадым, күнәләріңді кешірдім, пейішке лайық қылдым» дегей. Құдай пенде кәрима рәхметіңмен асы құлдарыңды тозақтан аман сақтап, пейішіңді нәсіп қыл, уә рәббил Зүлжалал[15] пазылың уә кәріміңмен аумин уә рәббил аламин.

[1] «Хаж» сүресі, 1-аят.

[2]Нама/п/ – пенденің өлгеннен кейін берілетін жаман, жақсы істер түгел тіркелген амал дәптері

[3] Мұнафық /а/ – екіжүзді

[4] Үшбу – осы, бұл

[5] Ағузу билләһи минәззәлик – бұдан Алланың атымен қорғанамын

[6] Сұры /а/ – сырнай, керней; Ысрапылдың ақырзаман орнарда тартатын сырнайы

[7] «әл-Фурқан» сүресі, 12-12-аяттар.

[8] Забани – азап періштелері

[9] «әл-Жәсия» сүресі, 28-аят.

[10] «Ясин» сүресі, 60-61-аяттар.

[11] Рүкүғ /а/ – намаз негізі. Белгілі тәртіп бойынша намаз оқу үстінде жасалатын қимылдар: тізелеріне қолдарын қойып еңкею, тәжім ету, сәлем беру, бас ию

[12] Сүжүд /а/ – сәжде жасау

[13] Кәрәм /а/ – жомарттық

[14] Әжіз /а/ – әлсіз, дәрменсіз

[15] Зүлжалал /а/ – жоғары мәртебелі; Алла тағаланың 99 есімінің бірі

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button