Білген Шайыр айтады

Мизан таразының баяны

ЕЛУІНШІ ФАСЫЛ

Мизан һәм құрылады осы күні,

Нақыл етіп ибн Аббас айтты мұны.

Күншығыс күнбатыстың арасындай,

Мизанның ымудінің ұзындығы.

 

Бұл жердің мысалындай пілләсі бар,

Аршы ағла оң жанында бірі тұрар.

Ұзыны, көлденеңі аспан, жерше,

Солында аршы ағланың бірі дүрләр.

 

Сауабын оң тарапқа салғай әнің,

Солына күнәсінің салар бәрін.

Ортаға тау мысалы үйіп қояр,

Жазылған інсі, жынның амалдарын.

 

Мәселең бір пендені келгей алып,

Амалын таразыға көрер салып.

Күнәсі көптігінен басып кетер,

Тілләсі сауабының құры қалып.

 

Ол адам егер болса шын мұсылман,

Көп айтса кәлиманы шын жан билән.

Таухид пен шаһадаттың кәлимасын,

Бір парақ жазып келгей қағаз бірлән.

 

Сауаптың пілләсына оны салар,

Күнәдан неше қисса ауырланар.

Есебі онан кейін жеңіл болып,

Тездікпен сират өтіп жәннат барар.

 

Егер де бақытсыз боп келсе пенде,

Сауабын басып кетер күнәсі онда.

Сираттан өткенінде тайып кетіп,

Кез болғай хауия атты тозағына.

 

Пенденің бірдей болса қайыр шәрі,

Бір жайға арап атты қойғай әні.

Жәннатты мекен еткен адамдармен

Көрінер тозақтағы халықтың бәрі.

 

Жәннаттың рахметтері оған жетпес,

Тозақтың азабы һәм зиян етпес.

Әбәділ әбәғаша анда тұрар,

Ол жерден басқа жайға тіпті кетпес.

 

Базылар қайыр шері иісі келгенде,

Арапта бақыт қалмас осы пенде.

Бір Құда пазлыменен кәрәм әйлап,

Жәннатты нәсіп етіп бергей әңә.

 

Амалын базылардың алып салар,

Күнәсі басып кетіп ауырланар.

Алладан періштеге пәрмен болып,

Тозаққа тастамаққа алып барар.

 

Пенденің кірпіктері тілге келіп,

Аллаға арыз айтар көп тіленіп.

Деп айтар: «Өз Расулың хайрул әнам

Хадиспен айтып еді хабар беріп.

 

Алланың қорқынышынан әрбір адам,

Көңлі еріп, көзі жылап болсалар нам.

Мықдары көз жасының аздығында,

Хәл болса кірпігінің бір қылы һәм.

 

Жылаған көз жасының құрметі үшін,

Ол құлдың үлкен-кіші қылған ісін.

Бір Құда кәрәм етіп кешірер деп,

Хабибің айтып еді бұл хадисін.

 

Менің де қорқыныштық көңліме еніп,

Көзіме жылап едім жазым келіп.

Бұл айтқан хабибіңе уәдең үшін,

Тозақтан құтқарғын дер халас беріп».

 

Ол құлға нида қылып һайиу дана:

«Кештім дер күнәсінің бәрін һәммә».

Пәленше пәлен ұғлы көз жасы үшін

Білдірер құтылды деп халыққа және.

 

Құдая, мен құлыңда жоқдүр ақыл,

Хақ жолдан әнің үшін қалдым ғапыл.

Осындай мархаматтың біреуімен

Отына жаһаннамның қылма дахыл.

 

Үкімнің осы күні бұл мысалы,

Махшарға жиылғанда халықтың бәрі,

Муәккіл періштеге нида қылар,

Бір құда қылмақ үшін үкімін жары.

 

Деп айтар дүниедегі залым қайда,

Әркімнің малын алып қылған пайда.

Ақысын бір-бірінен әперемін,

Мазлұмды көрген жәбір әзір әйла.

 

Алладан періштелер мұны естіп,

Жиналған халық ішіне барғай жетіп.

Залыммен мал егесі жуастарды

Бір жерге келтіреді әзір етіп.

 

Ақысын мал егесі талап қылар,

Мойнына ылажы жоқ алып тұрар.

Дүниедей тіллә теңге бұл жерде жоқ,

Көріңіз не береді енді бұлар.

 

Залымның дүниедегі сауаптарын,

Момынның ақысы үшін берер бәрін.

Мабада кісі ақысы көптігінен,

Жетпесе бергеніне сауабы әнің.

 

Момынның күнәсінен алып Алла,

Бермеген ақысы үшін салар әңә.

Айрылып сауабынан қалғаны үшін,

Тозаққа түссе керек залым пенде.

 

Ол күнгі есебініңң бұл формысы,

Еш тынбас пенде ақысын бермей кісі.

Ат қойған «Шархы нияз» бір кітапта,

Және бар осы түрлі жазылмышы.

 

Өзінің құдіретімен Хақ бұйрығы бар,

Ол күнгі әділдігін зәһір қылар.

Мекенсіз, дәстесіз һәм қажетсіз,

Пендеден бес мәртебе сауал қылар.

 

Әуелі иманына қылғай ағаз,

Екінші қылдың ба дер ораза, намаз.

Өміріңді қай орынға сарп қылдың деп,

Үшінші сауал етіп сұрайды баз.

 

Төртінші әрне берген нығметтерін,

Қай жерге сарып қылдың дер дүние малын.

Бесінші ілім жолда іздеп жүріп,

Һәм амал қылдың ба деп сұрағай бәрін.

 

Және бар осы түрлі әуелеті,

Біреуде әр кісінің болса хақы.

Теңгенің алтыда бір шамасында,

Болсалар ол ақының аламаты.

 

Жеті жүз ракағат намаз сауаптарын,

Айтылған ақысы үшін бергей әнің.

Ол намазға жамағатқа әзір болып,

Уақтында ада қылса тамам бәрін.

 

Айтылған бұл үкімге қарағанда,

Дүниеде кісі ақысын алса пенде.

Қаншама тақуа заһит болғанменен,

Сауаппен құтылмайды ешкім әнда.

 

Ақының үлкенінің жоқдүр саны,

Білдірмек қажет емес айтып әні.

Мүжмәлмен осы жерде зікір етейін,

Базы бір болатұғын оқиғаны.

 

Мәселен бір қасапты алып барар,

Амалын таразыға оның салар.

Сауабы күнәсінен жеңіл келсе,

Күнәсі көрер көзге ауырланар.

 

Қасаптың мұны көріп реңі кетіп,

Көңліне хәдтен артық қайғы жетіп.

Сұрайтын пәленшеде ақым бар деп,

Аллаға айтадүрлер арыз етіп.

 

Ол пенде ілгеріде ысап беріп,

Сауабы тұрған болғай ауыр келіп.

Екеуін қарсы тұрғызып ақыңды айт деп,

Құданың құдіретімен әлһам еніп.

 

Қасап дер ет сататын кәсібім еді,

Бұл адам сауда қылып маған келді.

Етімнің әр жеріне қолын ұрып,

Баршасын жарақаттап ыза берді.

 

Алмастан ол етімді кетті және,

Кем болды бағасынан бәрі һәмме.

Бұл күні сол ақымды сұрайдүрмін,

Пазлыңмен алып бергін ия, раббана.

 

Рас деп ол пенде һәм ырзаланар,

Есептеп амалына сауап алар.

Кем болған бағасының шамасынша,

Қасаптың өлшегіне алып салар.

 

Онан соң сауап жағы кеткей басып,

Көңлінде құрсант болғай хәдтен асып.

Сауабы ауыр келген себебінен,

Жәннатты ақырында қылғай нәсіп.

 

Ілгері есеп берген ол пенденің,

Амалын және қайтып тартқай әнің.

Қасаптық хақын берген себебі үшін,

Күнәсі басып кетер сауаптарын.

 

Тозаққа ақырында мұны салар,

Күнәсі мықдарындай отқа жанар.

Кішкене кісі ақысы болса дағы,

Күмәнсіз бәріне һәм ысап алар.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button