Майлықожа

Майлықожа даналығы – 25

НАҚЫЛ СӨЗДЕР

Жас уақта көңіл мас болар,
Дұшпан қорқып, пәс болар.
Жауыңның жаны жасқанар,
Кәриелер өтсе дүниядан,
Қара жермен дос болар.
Азаматтан айрылсаң,
Алатауың пәс болар.
Көкірегің қамығып,
Көзіңнен аққан жас болар.
Қайғысыз ішкен қара су,
Қарынға қорек ас болар.
Ынтымақ, үлгі кеткен соң,
Аға мен іні қас болар.
Үлкеннің сөзі ем болмай,
Баладан билеп бас болар.
Береке, қайыр байланып,
Мейірі қатып, тас болар.
Көбейіп закун заң болар,
Қасиет, қадір жоқ болар.
Көп сөйлеген дақ болар,
Қасиет қайыр кем болып,
Аман, есен жоқ болар.
Әйелдер би боп, паш болар.
Карадай құрып қалғаннан,
Отырған орны там болар,
Майлықожа кәминә,
Осы мен сөзі жам болар
Бұл сөздің енді аяғы болды тамам
Жазуға бұдан асып келмес шамам.
Жүзіңді барлығыңның жарық қылып
Жар болғай ақыретте Алла таалам.
Артында тағы бар деп болма алаң
Қол жайып бір дұға қыл баршаң тамам.

Комментарий
Майлықожа атамыз:

«Қайғысыз ішкен қара су,
Қарынға қорек ас болар.
Ынтымақ, үлгі кеткен соң,
Аға мен іні қас болар.
Үлкеннің сөзі ем болмай,
Баладан билеп бас болар.
Береке, қайыр байланып,
Мейірі қатып, тас болар» дейді.

Ең бақытты адам – алаңсыз адам, қорқыныш, үрейсіз адам. Ақын атамыз қазы-қарта, жал-жаядан – қайғысыз ішкен қара су артық деп отыр.
Баба даналығынан туындайтын ой – ешқашан үрейге бой алдырмаңыздар. Екі заңдылық бар: біз неден қорықсақ сол нәрсе болады, ал екіншісі – біз нені қатты, бар болмысымызбен қаласақ – сол нәрсе болады. Бұл қағиданың тұжырымы – қашанда жақсы ой, ізгі ниет пен асқақ армандардың жетегінде жүруіміз керек. Данышпандар: «Страх неудачи – хуже самой неудачи, страх смерти укорочивает жизнь» дейді.
Ұлы бабамыз заман азғындап, билік тұрақсызғанда:
Көбейіп закун заң болар,
Қасиет, қадір жоқ болар.
Көп сөйлеген дақ болар,
Қасиет қайыр кем болып,
Аман, есен жоқ болар» деп түйіндейді.

Көне қытай философтары да, қатардағы азаматтар да:

«Көбейіп закун заң болар,
Қасиет, қадір жоқ боларды» тілге алып келген.
Күн сайын қабылданып жатқан актілер – заңдар, қаулылар, шешімдер, қызметтік нұсқаулар – қарапайым халық былай тұрсын, мемлекеттік шенеуініктерді де жаңлыстырып, дамуға кедергі, аяққа тұсау болды.
Өз заманының кемшілігін, болмысының болымсыз тұстарын аңғара білген Майлы атамыздың шығармашылығы – тек өз заманын емес, болашақты болжай білген іргелі халықтық поэзия.

Үсен Асқаров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button