Майлықожа

Майлықожа даналығы – кәрілік туралы

Майықожа Сұлтанқожаұлы - 190 жас

МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 34

КӘРІЛІК
Жиырма-отыз ыңыранған барыс екен,
Өлең оған қошемет таныс екен.
Жігітшілік жігіттің байлығы екен,
Жасың қайтып жұлдызың айниды екен.

Қырықтан асып кәрілік жуысып жүр,
Жауырынымның арасы қуысып жүр.
Жастығыңда өлең де өнер екен,
Бұрынғыдан қызығы суысып жүр.

Дәурен өтер бір күні дүмбірлетіп,
Сұлу сүйіп, жүйрік мін күмбірлетіп.
Елу менен алпыстан асқаннан соң,
Жолдасыңды азайтар бір-бірлетіп.

Жетпіс өтіп, сексеннің кірісінде,
Залалкүнәм боласың үй ішіңе.
Саған сырын айтарлық бір адам жоқ,
Тірлік пенен көңілдің тиісіне.

Қатыным қартайғанда дұшпан болды,
Екеулеп баламенен қысқан болды.
Бір неме келін деген тағы шығып,
Бірі іштен, біреуі – тыстан болды.

Неғылдым келіп саған тұлданғандай,
Қатыным қартайғанда ұлдан қалды-ай.
Алып кел, тұлдансаң да, сорлы балам,
Жерімде дәрет алған құмған қалды-ай.

Көрсетеді кәрілік күнәйіңді,
Қатпар-қатпар қылады шырайыңды.
Тегіндікпен кәрілік келмейді екен,
Қасына ерітіп жүреді уайымды.

Кәрілік қояды екен сыбырлатып,
Деміңнен түсіреді тұғырлатып.
Құдитып құбылаға отырғызар,
Аузыңды алаң қойдай жыбырлатып.

Аузыңды алаң қойдай жыбырлатып,
Әспі-тәспі айтқызар сыбырлатып.
Желкеңді дүние келіп түртіп тұрар,
Бұлкілдеткен бүргедей жыбырлатып.

Біздің өлең санаттың дәптеріндей,
Жүзден асқан кәрінің гәптеріндей.
Қажығаны сөзімнің білінді ғой,
Қатпарланған өзімнің жақ терімдей.

Менің де келіспей тұр Майлылығым,
Өлеңімде көбейді айып-мінім.
Замананың толғауын толғағанда,
Елдің қамын ойлаған қайғылымын.

Комментарий

Майлы бабамыз:

«Дәурен өтер бір күні дүмбірлетіп,
Сұлу сүйіп, жүйрік мін күмбірлетіп.
дейді.

Ақынның бұл шумағындағы 50 мен 60 жас, менің ойымша, – оқырмандарымыздың, вацабистеріміздің басым көпшілігінің жасы. Дәуіріңнің келіп тұрғанында «Сұлу сүйіп, жүйрік мін күмбірлетіп» дейді ұлы ақынымыз.

«Елу менен алпыстан асқаннан соң,
Жолдасыңды азайтар бір-бірлетіп»…

Жолдастардың қатары бірте-бірте сиреп келеді. Әлемдік статистика бойынша, 7 адамның біреуі ғана 65 жастан асып, дүниеден озады екен. Бұл – адамдардың 14 пайызы ғана деген сөз. Ия, бүгінгі күннің статистикасы осылай. Бабамыздың заманында бұл көрсеткіш едәуір төмен болған шығар. Адам баласы Алланың берген жасын жасап, дүниеден өтеді.

Кәріліктің трагедиясы – төменгі шумақтарда:

«Қатыным қартайғанда дұшпан болды,
Екеулеп баламенен қысқан болды.
Бір неме келін деген тағы шығып,
Бірі іштен, біреуі – тыстан болды».

Бірде жағдайға орай, Арафа күні бір құдамыздың үйінде түнеп қалдым. Әдетте Айт намазда етек жаяды. Жұрт атағанын тастап жатады. Әлігі ардагер құдамыз етек жайғанға тастайтын 200 теңгесі болмай, Айт намазға бара алмай, көзіне жас алғанының куәсі болдым. Зейнетақы – бала мен келіннің қолында…
Майлы атамыз 70-80 іші – залалкүнәм, үй ішінде пайдаңнан зияның көп адамсың, сенің көңіліңе қарайтын, сенімен үйдің шаруасымен бөлісетін адам қалмайды дейді.

Жетпіс өтіп, сексеннің кірісінде,
Залалкүнәм боласың үй ішіңе.
Саған сырын айтарлық бір адам жоқ,
Тірлік пенен көңілдің тиісіне.

Мен бір шама білетін Өзбекстандағы ата-аналардың, қарттардың жағдайлары едәуір жақсы, бұл – ұлттық тәрбие мен діндарлықтың әсері шығар.

Қазір -18-19 ғасыр емес, адамдардың өмір жасы ұзарды, тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазір әлеуметтік санаға «Зейнет жасы – адамзаттың кемел жасы, өзіңе өзің бисің, қалаған жеріңе бар, қалағаныңды істе, қалағаныңды же, көңілің тартқан ортаңмен аралас – өмірден қуатың жететін тән ләззәтің мен жан ләззәтіңді ал» деген концепция алға тартылуда. Ия, бұл – батыстық индивидуалистік концепция. Мұнда да бір қисын бар шығар.
Бақытты өмір – алаңсыз өмір. Балалары мен немерелері үшін, өзінің ертеңі үшін алаңдамайтын қарттарымыз – бақытты қарттар.
Баршаңызға тілерім: қарттық шақ, яғни күздеріңіз – шуақты, имандарыңыз – қуатты болсын!
Үсен Асқаров

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button