Ғалымның хаты

Діни тәжірибедегі тарихи тұлғалар:  Айқожа ишан және оның әулеті

Кенжетаев Досай Тұрсынбайұлы

 Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.А. Иасауи атындағы ХҚТУ-нің теология факультеті деканы. Қазақстан, Түркістан қ. E-mail: dosaykz@mail.ru, https://orcid.org / Бұл зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен қаржыландырылды (Грант №AP19680093)

Аңдатпа

 «Қазақ діни тәжірибесі тарихы және тұлғалар» тақырыбы аз зерттелген салалардың қатарына жатады.Кезінде кеңестік тарих методологиясы мен саясаты себебінен бұл мәселені жабық күйінде қалды. Кеңестік режим атеистік идеологияға негізделгендіктен де, ол кезеңде дін, діни білім, діни тәжірибе, діни таным мен діни сана туралы дәстүрлі теологиялық тіпті, тарихи, дінтанушылық зерттеулер өте аз болды. Қазақ тарихының ешбір кезеңінде дін құбылысы өзінің жандылығын, экзистенциялық тіршілігін жоғалтқан емес. Мақалада, соның дәлелі ретінде – Айқожа ишан және оның әулетінің- қазақ діни тәжірибесі тарихындағы орны туралы архив материалдары негізінде тұжырым  жасалады. Мақалада кеңестік архив құжаттарында қазақ діни тәжірибесіне қатысты теріс, бұрмаланған спекулятивтік қалыптар жасалған деп тұжырымдалған.

Түйін сөздер: дін, кеңес үкіметі, қазақ діни тәжірибесі, Айқожа ишан, Сәруар ишан, қуғын-сүргін, Иасауи мәдениеті.

Кенжетаев Досай Турсынбаевич

Доктор философских наук, профессор, декан факультета теологии при МКТУ имени Қ.А.Иасауи. Казахстан, г.Туркестан. E-mail: dosaykz@mail.ru, https://orcid.org/ Данное исследование финансируется Комитетом науки Министерства науки и высшего образования Республики Казахстан (Грант № AP19680093)

Аннотация. Тема «История казахского религиозного опыта и личностей» является одной из наименее изученных проблем . При советско-марксистской исторической платформе и политике не было вожможностей для изучения данной тематики. Поэтому, поскольку советский режим был основан на атеистической идеологии, традиционных богословских и даже теологических исследований по вопросам религии, религиозного образования, религиозной практики, религиозных знаний и религиозного сознания в тот период было очень мало. Но ни в один период казахской истории явление религии не теряло своей жизненной и экзистенциальной значимости. В статье на основе архивных материалов делается вывод о месте Айкожи Ишана и его семьи в истории казахской религиозной практики. Сделан вывод о том, что в советских архивных документах, касающихся казахского религиозного опыта, созданы негативные и искаженные спекулятивные формы.

Ключевые слова: религия, советская власть, казахский религиозный опыт, Айкожа Ишан, Саруар Ишан, репрессия, учения Ясави.

Kenzhetaev Dosai Tursynbaevich

Doctor of Philosophy, Professor, Decan of the Faculty of Theology. Kazakhstan,Turkestan. E-mail: dosaykz@mail.ru, https://orcid.org/ This research is funded by the Science Committee of the Ministry of Science and Higher Education of the Republic of Kazakhstan (Grant No. AP19680093)

Annotation. The topic “History of Kazakh religious experience and personalities” is one of the least studied problems. Under the Soviet-Marxist historical platform and policy there were no opportunities to study this topic. Therefore, since the Soviet regime was based on an atheistic ideology, there was very little traditional theological and even theological research on religion, religious education, religious practice, religious knowledge and religious consciousness during that period. But in no period of Kazakh history did the phenomenon of religion lose its vital and existential significance. Based on archival materials, the article draws a conclusion about the place of Aikozhi Ishan and his family in the history of Kazakh religious practice. It is concluded that negative and distorted speculative forms have been created in Soviet archival documents relating to Kazakh religious experience.

Key words: religion, Soviet power, Kazakh religious experience, Aikozha Ishan, Saruar Ishan, repression, Yasawi teachings.

Кіріспе. Қазақ мұсылмандығы Ханафи, Матуриди және Иасауи ілімі негізінде қалыптасқан. Яғни, қазақтың тарихи тұрғыдан ұлттық болмысқа айналуы құбылысының мазмұнында ислам жатыр. Сондықтан қазақ қай кезде де өзінің қасиеті мен қорғанын исламнан, өзінің өткен тарихи тәжірибесінен іздеген. Кешегі «Моңғол шапқыншылығы» (ХІІ-ғасыр), «Жоңғар зобалаңы» (ХҮІІ-ғасыр), «Орыс отаршылдығы» (ХҮІІІ ғасыр), «Кеңестік идеология» (ХІХ-ХХ ғғ) қыспағы кезінде де халықтың басты құндылығы ислам болды. Ресей ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында отарлаудың келесі бір түрін жүзеге асыруға кірісе бастайды. Бұл рухани отарлау болатын. ХІХ ғасырдың екінші жартысында рухани отарлау енді бүкіл қазақ даласында жоспарлы түрде жүзеге асырыла бастайды. ХІХ ғасырдың бас кезінде Қазақ елінің мемлекеттілігі, хандығы жойылып, қазақ руларының көбі Ресейге бағынып, кейбірі Хиуа, Қоқан хандықтарына паналады. Міне, осы тұста қазақ даласының рухани-мәдени тұтастығы үшін күрескен ишандар мен имамдардың шоғыры пайда болды. Мақалада Айқожа ишан тұлғасы мен әулетінің тарихи рөлі зерделенеді.

Талқылау. Ишандар отаршыларға қарсы халықты біріктіріп, еркіндік, дін үшін соғысып, жанпидалықпен қарсы тұрды. Сондықтан отарлаушылар дін ғұламалары мен ишандарды ең қауіпті дұшпан ретінде танып, қуғынға ұшыратты[1].ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кеңес билігі нық орнығып, құдайсыз қоғам құруға бағыт алды. Ал, қазақ ауылындағы қоғамдық, саяси, нарықтық қатынастардың барлығы ислам дінімен тікелей байланысты. Сондықтан бұл қоғамда діни тұлғалардың (ишан, молда) ықпалы жоғары болды. Олар қоғамдағы ұсақ және ірі буржуазиялық, ұлтшылдық ұстанымдарға рухани қолдау береді. Мақалада Сәруар ишан құбылысы, яғни «Сталинді қуғын-сүргін кезеңіндегі» қазақ діни тәжірибесінің жарқын көрінісіне тоқталатын боламыз.

Материалдар мен әдістер: Қазақ қоғамындағы діннің дамуын тежеу мақсатында, әсіресе мұсылмандық қозғалыстың қызметін тоқтатуда, кеңес билігі дінге тікелей шабуылға кірісіп, Крайкомның Бюросы келесі төмендегі 20 бағыттан тұратын шешім қабылдайды[2]. Олардың ішінде ислам дініне тікелей қатысты шешімдерді атап өтейік. 1.Орталық Комитеттің шешімімен 18 жасқа дейін діни білім алуға тыйым салу. 2.Қазақ қоғамынан мұсылмандық діни басқарманы ажырату, діни қызметтің басшылық жүйесін, діни қайраткерлердің қызметін тоқтату, оларды жою, бірін-біріне қарсы қою. 3. Қазақ ауылында партия қызметін жандандыру, тек қазақ қоғамында ислам дінін теріс түсіндіру, ислам дінін материалистік идеялармен түсіндіріп, қоғамдағы шариғат туралы түсініктерді жою. 4.Қазақ ауылында діни қайраткерлерді, молдалар, ишандар мен сопылардың діни сезімі мен ар-ожданынына қайшылық келтірмей, олардың қоғамдық, хұқықтық, біліми-ағартушылық, емшілік-тәуіптік қызметімен күресуді жүйелі жүргізуді ұйымдастыру. 5. Заң актілері негізінде мешіттердің жанындағы мектептерді кеңестік мектеп типінде реформалауға жол бермеу. Олардың жалпы білім беруін және халықты сауаттандыру жұмыстарын тоқтатып, тек діни рәсім орнымен шектеу. 6. Тұрақты немесе уақытша оқытушыларға мұсылмандық діни білім беруге рұқсат етпеу. 7.Мешіттерде діни білім алуды ұйымдастыруды губерниялық әкімшілік бөлімдерден ғана рұқсат сұрауды ұйымдастыру. 8.Мұсылмандық сенім бойынша заңбұзушылықты діни қауымның мүшелеріне емес, діни қызметкерлерге жекелей жауапкершілікті арттыру. 9.Мешіттен тыс жерлерде заңсыз ашылған мұсылмандық мектептердің қызметін тоқтату. 10.Қазақ қоғамындағы мұсылмандық діни басқарманың қаржылық жұмысы өте белсенді. Діни басқарманың материалдық базасын тексеру, жұмысын бақылау, салық салу. Халық арасында молдаларға қаржылық көмек беру және садақа, қоғамдық қорлар қызметін тоқтату. 11.Мұсылмандық діни басқармалар мен ишандардың мүлкін, жерлерін тәркілеу. 12.НКВД-ң және (ГИК) көмегімен қазақ қоғамдағы молдалардың «неке және отбасы» қызметін толық тоқтату. 13.Мұсылмандық діни басқарманың (мусульманское духовенство) жастар мен әйелдер арасындағы белсенділігі артқандықтан Крайком мен Женотдел Крайком құзіретіне бір ай көлемінде нақты кеңестік қоғамды дәріптейтін іс-шараларды ұйымдастыру арқылы жастар мен әйелдер арасында антидіни үгіт-насихатты арттыру қажет. 14. Қазақстандағы антисламдық жұмыстарды арттыруда келесі іс-шараларды атқару қажет. Атап айтсақ, 1927-28 жылдары барлық мектептер, текникумдар, жоғары оқу орнындарында әсіресе педагогикалық бағытта білім алушыларға антиисламдық үгіт-насихаттағы бағдарламаларды құру, әдіснамалар мен әдебиеттерді баспадан шығару және  қамтамассыз ету мақсаты қойылған. 19 және 20-шы бағыттары, мұсылмандық қозғалыспен күресудің жолдарына баса назар аударылған[3].

Зерттеу нәтижесі: Осындай құжаттар негізінде, кеңестік режим кезінде ишандар, хазіреттер, молдалар, сопылар қудаланды, дауыс беру хұқынан айырылды, кеңестерге саяси көзқарасымен қарсылық пікір білдіргендерді «халық жауы» деген қара тізімге іліктіріп көзін жойды, ату жазасына кесілді, ондаған жылдарға еңбек лагерлеріне, Сібірге айдалды. Жалпы жазықсыз жапа шеккен діни қызметкерлер кеңестік билік қылмыстық заңының 58, 59-баптарымен айып тағылды[4].

1920-30 жылдардағы Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістердің саны 380-ге жуықтапты.  Бірақ бұл да кеңестік тарихшылдық қалыптары негізінде ұсынылған қорытынды. Бұл негізінен бір орталықтандырылған отанын қорғауға шыққан мұсылмандардың жихад наразылығы болатын. Бұлардың ішіндегі ең негізгілері: 1929 жылғы Түркістан облысына қарасты Бостандық ауданындағы Исламбек Жұмабеков бастаған көтерілісі; 1929 жылғы Қызылорда аймағының Тақтакөпір ауданындағы Үббі Ибрагимов, Жәлел Мақсұт Исматуллаев, Барлықбай Нұрымов бастаған көтерілісі; 1929-1930 жж. Түркістан облысы Созақ ауданындағы Сұлтанбек хан Шолақов, Сапар қожа мен Ибрагимов Асадулла бастаған «Созақ көтерілісі»;  Жамбыл облысының Сарысу және Мойынқұм аудандарын да қамтыды. 1930 жылы Қызылорда облысының Қарақұм өңірінде Жұмағазы Байымбетовтің бастауымен болып өткен көтерілісі. 1930 жылы Қызылорда облысының Қазалы, Қармақшы аудандарын қамтыған, дін білгірі, ишан Ақмырза Дамолла Тасов бастаған көтерілісі. 1930 жылы тамыз-қыркүйек айларында Қызылорда облысының Қазалы ауданында Иман Мақсым Орымбетов бастаған көтерілісі. 1930 ж. Қостанай облысының Жітіқара ауданы мен Ақтөбе округының Ырғыз ауданында өткен, Айжарқын Қанаев пен Мұхантай Саматов бастаған көтерілісі. Міне осы көтерілістерде, кеңестік жүйе (хаостық) бейберекетсіз, аймақтық, ауылдық масштабтағы дүмпу ретінде танытқан және солай бағалаған. Қуғын-сүргінге қатысты архивтік материалдарды сараптай отырып, осы мәселеге көз жеткізуге болады. Қазақтар арасында кеңестік қуғын сүргінге төзбе, тоталитарлық билікке қарсы күресу жекелеген аймақтармен ғана шектелмеген. Мұны әдейі кеңес тарихшылығы халықтың наразылығын өркениеттік, діни мазмұнын көлегейлеу үшін де, орталықтандырылған құндылықтарға емес, керісінше, локальдық, аймақтық және хаостық қарсылық ретінде танытуды мақсат еткен.

«Қуғын сүргін құрбандарын ақтау» бойынша мемлекеттік комиссия құрамында діни мотивпен атылған, сотталған, қуғын көрген, айдалған тұлғаларды зерттеу барысында тарихымыздың әлі де талай ақтаңдақ беттері бар екенін аңғардық. Қазақтар да өз алдына ел, мәдениет ретінде орталықтандырылған діни тәжірибе, өркениеттік тұғыры арқылы отаршылар мен кеңестік атеизмге қарсы күресті. Ол орталық-сопылық тариқаттардың көсемдері – шайх, ишандары арқылы жүргізілді.

Сыр бойы, Қаратау аймағындағы кеңестік саясатқа қарсы қозғалыстардың басында Айқожа ишан әулеті тұрған. Созақ, Түркістан, Жаңақорған көтерілісі мен Сарысу, Қарақұм және Қызылдың құмындағы тариқат ишандарының ұйымдастырған көтерілістері тікелей осы Айқожа ишан әулетімен байланысты екендігін аңғаруға болады. Архив құжаттарында,  «Обвинительное заключение: Следственному делу особого отделения, Южно-Казахстанского облотдела ОГПУ №234/усо-ю/к. обло. по обвинению: 1. Ибадуллаева Сарвара; 2. Нигматова Махмуда; 3. Мамрайева Сейдахмета; 4. Тлеубергенова Кутумбая; 5. Смаилова Уайда. в числе 66 челов., по ст. ст. 16-58п. 3.58, п.7 и 58 п.11 ук р.с.ф.с.р.» (см. пок. Ибадуллаев Сарвар том ІІІ л.д. 295[5]).

Айқожа ишанның тікелей ұрпағы Ибадуллаев Сәруар туралы арнайы том құрастырылған. Осы томды сараптап қарасаңыз, негізгі айыптау орталығы тікелей Айқожа ишан әулеті. Қазақ көтерілісшілерінің Орта Азия, Ауғанстанмен байланысы да осы тариқат негізінде жүргізілгендігіне баса назар аударған. Бұл қазақ көтерілісінің локальдық, хаостық сипатта емес, керісінше бірорталықтандырылған наразылық құбылысы екендігін көрсетеді. Расында Советтерге қарсы тұрудағы ишандар қозғалысы әрбір ауылда, қалада, ислам шариғаты негізінде, тариқаттардың өзара тығыз байланысы арқылы жүргізілгендігі анық. Әйтсе де өкінішке қарай, кейбір тарихшыларымыз осы шындықты кешегі кеңестік тарихи диалектикалық әдіснама қорытындысы бойынша салып берген шаблондармен әлі күнге өзгерер емес.

Архив құжаттарында Сәруар ишанмен қоса Ауғандық Аманулла Әбутурапов туралы мәлімет бар. Ол ХҮІІІ ғасырдағы Айқожа ишанның шайхы Ислам шайхтың ұрпағы. Самарқантта тұрған. Нақшбандия тариқатының шайхы. Демек, бұл жерде Сыр бойы қазақтары Айқожа Ишан салып кеткен жолды, діни тәжірибені, Ауғанстанмен рухани байланысты Сәруар ишан арқылы қайта жаңғыртып, жүргізгені туралы білуге болады.

Архив құжаттарындағы мәліметтерде: «… (Қазақстанның) Оңтүстік облыстары, Оңтүстік Қазақстан облысы, әсіресе Орта Азиямен шектес жатқан аймақтар, революцияға дейінгі дәуірде халықтың бір жақты надан болып артта қалуында, консервативтік ишандар себепші болды. Бір жағынан халықтың өзінде көр-соқыр діни фанатизм бар, екінші жағынан, ишандар мен мүридтердің ықпалы бар. Сол кездегі дін орталықтары Бұхара және Самарқандта бірқатар діни оқу орындары болды. Олар консервативтік діни қызметкерлер дайындады. Тариқат ишандарының байланысы негізінен Қазақстаннан Орта Азияға Ауғанстан мен Арабияға дейін созылып жатты. Сол кездегі беделді және ықпалды ишандардың бірі Ауғанстанда өмір сүрген және Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда өзінің мурид-ишандары арқылы танылған Ислам Шейх Шейіт болды. Революция кезінде Қазақстанға Ислам Шейх Шейіт ықпалы оның ұрпағы Аманолла ӘБУТҰРАПОВ арқылы жалғасты. Ол революция кезінде Самарқанд қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Жұма Базарда тұратын еді.

Ислам Шейх Шейіттің, Оңтүстік Қазақстанда, атап айтқанда, қазіргі Жаңақорған өңіріндегі шәкірті-муриді Айқожа Ишан өмір сүрді. Айқожа Ишан өз дәуірінде мұсылман бұқарасы арасында орасан зор беделді, ықпалды болатын. Оның бірнеше мың мүриді болған. Айқожа Ишаннан кейін жолын ұрпақтары жалғаған. Солардың ішінде ишан ретінде кеңінен танылған Айқожа Ишанның немересі Сәруар Ибадуллаев еді. Сәруар Ибадуллаев өз кезегінде ата-баба дәстүрі бойынша сол кезде Самарқанд қаласының іргесіндегі Жұма-Базарда тұрған Аманолла Әбутұрап ишанға қол берген. Негізінен Айқожа ишанның өз баласы Ибадулла да кезінде ишан еді. Енді оның баласы Сәруар да ишан болды.Яғни, Ислам Шейх Шейіттің Айқожа ишанға берген батасы оның үрім бұтағына да жалғасты. Айқожа ишанның ұлы Ибадулла ишан да революцияға дейін бірнеше рет Ауғанстандағы Ислам Шейх Шейітке барып қол берген. Айқожа ишан даңқы тек қазақтар арасында ғана емес басқа да мұсылмандар арасында кең жайылған. Соның бір айғағы ретінде Мұхаммед Араб Қожа Мұхаммад Әшіров, ұлты араб, қазір тірі, Ибадулла ишан мен Сарвар ишанға «халифа-қалпелік» қызметін атқарған. Жасы 80-ге таяп қалған. Сарвар Ишанның атқосшысы болып, Самарқандта да қасында жүреді. Ол Сәруар ишанға жолсерік болып Ауғанстанға сапар шеккен. Ондағы мақсаты Ауғанстанға барып, Аманолла Әбутұраптан бата – ижазат алу. Сонымен 1916 жылы Сәруар ишан нәтижеге қол жеткізіп,  ишандық пост алады да, өз еліне оралып 20 000 мүридтерге пірлік етеді».

Бұл құжаттарда тағы Сәруар ишанның тек Ауғанстанмен ғана емес, Аравия, Османлы, Қоқан, Бұхара мемлекеттерімен байланыста болғандығы айтылады. Әрине, бұл құжат айыптау негіздемесі ретінде толтырылған. Сәруар Ишан нәтижесінде Англиямен, Османлымен, Совет Өкіметіне қарсы орталықтармен байланысқан болып шығады. Бұған ол кездегі 58 статья бойынша, «сатқындық» ретінде үкім берілгені анық. «Сол тұста Оңтүстік Қазақстан аймағында «Ақ Ишан» деген атпен белгілі, аса беделді, Сейід-Әбділғазы Тұрсұнхожаев деген қожа болған. «Ақ-ишан» – Қоқаннан шыққан, ұлты өзбек, Хазірет Әлидің ұрпақтарынан. (Иасауия тариқаты өкілі болса керек) Жоғары рухани білімін Мекке мен Мәдинадан (Арабия) алған. 1917-18 жылға дейін «Ақ-ишан» Арабияда болып, 20 жасына дейін сонда тұрған. Бірақ оны Османлы билігі Англияға тыңшылық жасады деген күдікпен Саудиядан қуып жіберді. КСРО аумағына оралған соң «Ақ-ишан» алдымен Бұхараға қоныстанды, онда басмашылар қозғалысының жетекшілерімен, атап айтқанда Насырхан Төремен (Орта Азиядағы ОГПУ тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған) және Османлы генералы, Англия шпионы Әнуар Пашамен тығыз байланыста болған делінеді. Орта Азиядағы басмашылар жеңілген соң «Ақ-ишан» Түркістанға орналасады. (Иасауия тариқаты өкілі болғандығы бұл жерде де жасырылады. Себебі Қожа Ахмет Иасауи даңқы туралы жазба қалдыру кеңес өкіметі үшін тарихи диалектикалық қате болар еді. Себебі екі ишан яғни нақшбандия және иасауия тариқат өкілдері бірігіп әрекет етті деген тұжырымды жасырып бағады. Дегенмен де архивте осы ақиқат анық көрінеді К.Д.Т.) (Қазақ АКСР Оңтүстік Қазақстан облысы) «Қасиетті» Мекке мен Мәдина қалаларында білім алған ишан ретінде «Ақ-ишан» көп ұзамай Оңтүстік Қазақстанда 2-3 жыл ішінде атақты ишанға айналады. (Расында Ақ Ишан, Меккеден білім алғандығы үшін емес, Иасауия тариқатының шайхы болғандықтан бұл жерде өте үлкен абыройға ие болуы мүмкін. К.Д.Т.) «Ақ-ишан» айналасына 70 мыңға дейін мүрид жинайды. 1927 жылдар шамасында «Ақ-ишан» Англия тыңшысы деген күдікпен жауапқа тартылады. «Ақ-ишанға» Османлы офицерлерімен және ауғандықтармен, атап айтқанда Хабибуллаевпен сыбайласқан деген айып тағылады[6]. Сол себепті «Ақ-ишан» 1928 жылы Ауғанстан арқылы қайтадан Арабстанға қоныс аударылды. «Ақ-ишан» өзі эмиграцияға кеткенмен, «мүридтерінің қарауына отбасын тастап кетеді. Ақ ишанның ЖамҺур ишан Сарыхожаев пен Тоқберген (Тоқмұхаммад) ахун деген Түркістандағы мүридтері ісін жалғап, «халифалық» жасады.

«Ақ-ишан» Меккедегі діни оқу орындарының бірінде ұстаз болып орналасып, КСРО құрамында қалған беделді мүридтерімен, атап айтқанда Тоқмұхаммет-Тоқберген Ахунмен, Білгелді молда, т.б., байланыста болады. Мүридтеріне Ауғанстанға көшу жөнінде нұсқау береді.

Құжаттарда Сәруар ишан мен Ақ ишан екеуі де сырттан, Ауғанстандағы Англия орталығымен сыбайласқандығы баса көрсетіледі. Оңтүстік Қазақстанда Кеңес өкіметінің нығаюына қарсы күрес ұйымдастырды. Мүридтеріне коммунизммен ымырасыз күресуге тапсырма берді.  Осылайша, Аманулла Әбутұрап 1926 жылы Ауғанстанға, «Ақ ишан» ретінде танылған Сейіт Әбділғазы Тұрсынхожаев 1928 жылы Арабияға амалсыз қоныс аударылған. Аманолла Әбутұрап шайх та Ауғанстанға эмиграцияға кетпес бұрын, Сарвар Ибадуллаевқа арнайы барып, отаршыларға қарсы күресуге тапсырма берген: Қазақстанда Кеңес өкіметін экономикалық тұрғыдан тұралату, диверсанттық жұмыстар жүргізу арқылы коммунизмді құлату… Сәруар Ишан піріне берген сөзінде тұруға уәде береді…»

Бұдан, әрине архив құжаттары барлық шындықты жазып кеткен деген ойдан аулақпыз. Бірақ, Қазақстандағы, жалпы Орта Азиядағы сол кездегі кеңестік идеологияға қарсы күресте, тариқат ишандары мен мұсылмандардың қол қусырып қарап отырмай, ашық әрі астыртын өзара септесіп, үлкен істер атқарғандығын аңдауға болады. Аумағы да локальдық емес, трансаймақтық масштабта болғандығын көрсету үшін де архивтегі мәліметтерді келтіріп отырмын. Яғни «Созақ көтерілісі», «Түркістан көтерілісі», «Сарысу көтерілісі» және т.б. көтерілістердің бірорталықтан басқарылғандығы анық. Оның басында да ишандар мен ұлағатты байлардың жанпидалық, өнеге істері жатыр.

Архив құжаттарынан аңғарған тағы бір түйткіл, көтерілістің артында тұрған рухани күшті жасыру ғана емес, жер су атауларын да бүркемелеп, оларды «кодтап» немесе «нумерациялау» арқылы тергеу жүргізеді. Яғни архивтік іс құжаттарда арнайы наразылық шараларына қатысқандардың ауылын номерациялап көрсету белең алған. Бұдан да жоғарыда айтқан, діни  тәжірибенің кеңістігін жасыру арқылы тарихи сананы ыдыратудың ерекше методы екендігін көруге болады.

Сонымен қатар архивтерде діни құндылықтық нормалар мен көзқарастар толығымен көлегейленген. Мысалы «жихад» ұғымы араб графикасымен толтырылған тергеу парақтарында кездеседі де, ал сол парақтардың транскрипциясы немесе қысқаша аударма аннотациясында «жихад» туралы сөз жоқ.

Архив материалдары Қазақстан территориясындағы кеңестік режимге қарсы діни мәндегі көтірілістің артында. Бүгінгі Түркістан және Қызылорда, Жамбыл облыстары аумағында болған наразылық шаралары жатыр. Бұл сол кездегі тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия Мұсылмандарының отарлаушылар мен атеизмге қарсы ортақ платформасының көрініс тапқан әрекеті болатын.

Тағы бір құжатта сол кездегі кеңес үкіметіне қарсы болған боздақтардың айыпталу себептеріне зер салайық:

«Жоғарыда аталғандардың негізінде МГПУ-нің № 19 бұйрығын басшылыққа ала отырып, төменде көрсетілген айыпталушылар 16-58 п.з, 58 баптары бойынша жасаған әрекеті үшін КАЗСР-дағы (ТРОЙКА ПП ОГПУ) «Үштік» тарапынан сотталады., 7-бет. және 58 Қылмыстық кодекстің 11 тармағы. РСФСР.

Арнайы айыпталушы:

ИБАДУЛЛАЕВ Саруар, 51 жаста, қазақ, №11 ауыл, Жаңа-Қорған ауданы, өте беделді ишан, сауатты, үйленген, партиясыз, бұрын сотталмаған.

НЫҒМАТОВ Махмұт, 29 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, № 9 ауыл, сауатты, үйленген, молда, бұрын сотталмаған.

АРҒЫНБАЕВ Каку, 69 жаста, қазақ, Сары-Су ауданы, №3 ауыл, үйленген, бұрынғы партия мүшесі, бай феодал, ҚАЗАҚ қаулысымен бұрын 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Кәмпеске жөніндегі комитет пен ӘКК жер аударылды, бірақ жер аударылған жерінен қашып кеткен.

БИҒАЛИЕВ Ибрагим, 61 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, №4 ауыл, бұрынғы партия мүшесі, үйленген, молда, қаржылы бай, ақшалы, сауатсыз, бұрын сотталмаған.

ИРАЛИЕВ Бердәлі, 50 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, №6 ауыл, үйленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, молда, «Ақ-ишанның» мүриді, бай, 4 шаруа қожалығы бар, бұрын сотталмаған.

ҚОЙЛЫБАЕВ Сапар, 66 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, № 5 ауыл, үлкен ишан, үйленген, партиясыз, сауатты, тұрақты түрде Қызылқұм ауданы, Қызылқұм ауылында тұратын, бұрын сотталмаған, «Ақ ишанның» мүриді.

БАБАЖАНОВ Шәмси, 65 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, №5 ауыл, үйленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, беделді ишан «Ақ-ишанның» муриді, 1929 ж. Қылмыстық кодекстің 58.

МАМРАИМОВ Сейдахмет, қазақ, 73 жаста, Жаңа-Қорған ауданы, №4 ауыл, үлкен ишан, текті, үйленген, партия мүшесі, сауатты, бұрын сотталмаған.

ҚҰЛАХМЕТОВ Әбдісамат, 44 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, №3 ауыл, саудагер, үйленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, көп балалы ишан отбасынан, соттылығы жоқ.

ИРІМБЕТОВ Мамбетяр, 44 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы, 5 а., үйленген, сауатты, партия мүшесі, кәмпескеленген, сол кезде пара бергені үшін сотталған, қамаудан қашып кеткен.

БАТЫРБЕКОВ Махан, 35 жаста, қазақ, Түркістан облысы, 21 ауыл, үйленген, бұрынғы партия мүшесі,  ірі байдың баласы, сауатсыз, соттылығы жоқ.

ЖАНТЕМІРОВ Сапар, 58 жаста, қазақ, Түркістан облысы, 13 ауылдан, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, Ишан, үйленген, соттылығы жоқ.

САПАРОВ Ваккас, 37 жаста, қазақ, Түркістан облысы № 13 ауылы, үйленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, ишан көпестің баласы, айтуы бойынша соттылығы жоқ;

СЕЙДАХМЕТОВ Умар, 46 жаста, молда, Жаңа-Қорған ауданы 5 ауылы қазақ, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, үйленген, 1930 ж., 2 жылға сотталған.

ИЗАНОВ Құрбын, 43 жаста, қазақ, 10 ауыл, Жаңа-Қорған ауданы, бұрынғы партия мүшесі, молда, үйленген, сауатты, соттылығы жоқ.

ЖАРМҰХАМЕТОВ Ермұхамет, 46 жаста, қазақ, 12 ауыл, Қызылорда ауданы, беделді имам әрі мұхтасиб, үйленген, сауатты, партиясыз, бұрын сотталмаған.

ҚҰЛТАСОВ Сейітуали, 50 жаста, қазақ, Түркістан облысы 14 ауылы, үйленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, ишан, соттылығы жоқ.

МАМРАИМОВ Абдулла, 39 жаста, қазақ, Жаңа-Қорған ауданы 5 ауыл, үйленген, бұрынғы партия мүшесі, сауатты, молда, саудагер, соттылығы жоқ.

МАМБЕТОВ Ермет, 64 жаста, қазақ, 16 ауыл, Түркістан облысы, «Ақ ишан» мүриді, бұрынғы. Ірі бай, кәмпескеленген, сауатты, бұрынғы партия мүшесі, үйленген, 1929 жылы 10 жылға сотталған, мерзімінен бұрын босатылған, 1931 жылы 2 жылға сотталған, түрмеден қашып кеткен.

АЙТМЕТОВ Рахмет, 47 жаста, қазақ, Түркістан облысы 16 ауылы, сауатсыз, саудагер, партия мүшесі, үйленген, Саруар-ишан мүриді, бұрын сотталмаған.

 

Айыптау қорытындысы:

Операция уәкілі : – (ИБРАГИМОВ)

Өкілетті: (САХАУТДИНОВ)

Бастық : – (ТИТОВ)

Бастық, ОГПУ Орталық Комитеті: – (ПОЛЯЕВ)

СССР от В/УД-1932 года.

(ТОМА.Ф.6.Д.21655.Л.1-60/ Обвинительное заключение составили:

ОПЕРУПОЛНОМОЧЕННЫЙ ОО: –                         (ИБРАГИМОВ)

УПОЛНОМОЧЕННЫЙ:                                          (САХАУТДИНОВ)

НАЧ. ОО: –                                                          (ТИТОВ)

Вр. НАЧ, ЦК ОО ОГПУ: –                                           (ПОЛЯЕВ)

 

По следственному делу Особого Отделения

Южно-Казахстанского ОблОтдела ОГПУ по

обвинению:

 

  1. ЧУПАНОВА Утегена.
  2. ДАВЛЕТОВА МУРТАЗЫ,
  3. МИНДАЕВА ОМАРА по ст. 59 и ЗИМ и влкову ЦИК

СССР от В/УД-1932 года.

ТОМА.Ф.6.Д.21655.Л.1-60 )

Бұл жерде жалпы екі тариқаттың – «Сәруар ишан» мен «Ақ Ишан» қозғалысына қатысты тергелген және «Үштік» тарапынан сотталған 20 адамның тізімі берілген. Сәруар Ишанның негізгі мойнына алған айыптары, Шет елдік қолдауға сүйену арқылы Кеңестік Түркістанда және Қазақстанның оңтүстігінде жихад ұйымдастыру, түпкілікті мақсаты Кеңес өкіметін құлатуды көздеген контрреволюциялық ұйым құрған, ұйымдастырушысы және көсемі болған. Контрреволюциялық қызметінде шетелдік контрреволюциялық және антикеңестік орталықтардан нұсқау алып отырған. Қазақстаннан Орталық Азияға халықтың көшуін ұйымдастырған. Атап айтқанда, Ауғанстанға көшу және кеңеске қарсы қозғалысты басқарған. Осы мақсатта заңсыз «шура-діни кеңес» шақырып, он алты рет мәжіліс өткізген.  ЖаңаҚорған аймағынан Тәжікстанға,  Ауғанстан мен Өзбекстанға халықтың қоныс аударуына басшылық жасаған, үгіттеген. Кеңестік режимге қарсы ұйымдасуда, «Жаңа-Базар» «Сталинабад», «Байсун», «Пархар» «Ғұзар» және «Шахрисябз» топтары мен орталықтарын құрған.

Жоғарыдағы архив құжаттарында аты аталған айыптылардың ішіндегілер толық тариқат өкілдері. Олар 1930 жылы «Созақ бандиттік қозғалысына» және «Аманпалуан бандасы» болған, Сарысу және Әулие-Ата аймақтарынан Ауғанстанға көш ұйымдастырған. «Союзтранс» компаниясына тиесілі 200 түйе мен мемлекеттік жүкті тартып алған. Сонымен қатар колхоз малын ұрлаумен айналысқан.

Ибадуллаев Сәруар ишан мен Алдабергенов Серқұл Ауғанстандағы нақшбандия тариқаты шайхының нұсқауымен және бұрынғы Бұхара әмірі Әлімқұлдың тапсырмасымен контрреволюциялық диверсиялық жұмыстарды жүргізді. Бұлар мұсылмандарды Кеңес өкіметіне қарсы күреске шақырып, оларды шет Мемлекеттердің көмегімен адам күші ретінде пайдалану, халықты шекара асып Ауғанға көшуге ұйымдастырды.

Сәруар ишан Ауған асу үшін бірден шекаралық аймақтағы күштерді біріктіруді қолға алады. Осы мақсатта олар картадағы барлық шекаралық елді мекендерді мұқият зерттеп, шешім қабылдайды. Нәтижеде қазақтар «Күлеб», «Пархар», «Қорған-Төбе», «Данғар» және «Арал» шекаралық пункттері арқылы шекара асып, Кулебте – Ибадуллаевтың досы – Әлімбетов Жүніс; Пархарда – Тілеубергенов Құтымбай және Үсенбаев Дүйсе; Даңғарда – Алдабергенов Серқұл, т.б. Қорғантөбеде Саруар-Нығматовтың ағасы Махмұт және Аралда – Смаилов Уәйда басшылық жасайды.

Сәруар Ишан Сыр бойында сьезд-шура шақырады. Сонда «Ақтастағы келісім бойынша 1931 жылдың көктемінде Мәди Пірмуғамбетов Ауғанстанға Аманулламен байланысу үшін «Каррухқа» аттанды. Келе сала, Мәди «біздің міндетіміз Бұхара мен Түркістанды Кеңес өкіметінен азат ету» деп Сәруар ишаннан сүйінші сұрады. Осы мақсатты орындау үшін бізге диверсияны, кеңестік режимнің экономикасын құлдырату, ұрлау, тонау, Ауғанстанға көшу, оларды шекараға шоғырландыру керек[7]». Осы хабардың негізінде Сарвар ишан мен Серқұл халықты Ауғанстанға көшуге үгіттеп,  жақсы өмірдің кепілі сол жер, бұған нақшибанди тариқаты шайхы мен Бұхара әмірі Әлімқұл кепілдік береді және елді Ауғанстанда Бұхара мен Түркістанды Кеңес өкіметінен азат ету ұйымының бар екеніне сендіреді.

Аманолла Әбутұрап, Сәруар ишанға Бұхардың бұрынғы әмірі Әлімханның Ауғандағы контрреволюциялық ұйымның көсемі екендігін және бұл ұйым өз жұмысын Ауғанстан және Англия мемлекеттерінің қолдауымен атқаратындығына сендіреді. Ол өзі тергеуде, «Менімен сұхбатында Аманулла былай деді: -… Біз қазір Ауғанстанда күштіміз, Кеңестік Түркістан тағдыры үшін ұйым құрдық. Біздің мақсатымыз – Ауғанстандағыдай Түркістандағы шариғат билігін қалпына келтіру, бұрынғы Бұхар әмірі Әлімханды осында хан көтеру,  бұл ұйымға осы жерден қоныс аударған барлық беделді адамдар кіреді. Біз Ауғанстан және Британ мемлекеттерінің қолдауымен жұмыс істейміз, олармен жүйелі түрде байланысып, бағыт-бағдар аламыз. Біз сіздерден келген барлық көшпенділеріңізбен бірге Кеңес өкіметіне қарсы жихад жариялаймыз[8]» деген мәлімет берген. Әрі қарай, Әбутұрап шайх, Сәруар ишанға қарап, «Орта Азияда сенен басқа да адамдар бар. Олар да тиісті диверсиялық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сондықтан қорықпаңыз – сіз жалғыз емессіз! Біз күш біріктіріп, Кеңес өкіметін жойып, шариғат билігін қалпына келтіреміз. Сол кезде сіз беделді ишан ретінде үлкен лауазымға ие боласыз[9]»- деген мәлімет ақтарған. Әрине бұл құжаттың да тарихи шындығы болашақта ашылады. Әйтсе де, қазақ діни тәжірибесінің біртұтас кеңістік тұғыры бар екендігін жария етіп тұр.

Әрі қарай, Иасауия тариқаты шайхы «Ақ-ишан» да Ауғанстандағы, Арабстандағы да өмірді мадақтап, өзінің беделді муридтеріне хат жазып, Ауғанстанға көшуді тапсырады. «Ақ-ишан» өзінің мүриді Тоқберген ахунмен үнемі байланыста болды. Хаттарының бірінде Ақ-ишан Ауғанстан билігімен жақсы байланыста екенін, соның нәтижесінде көшке көмек беретінін айтады.  Ауғанстан билігі олардың Арабияға одан әрі сапарына көмектесетін болады. 33-ші жылдардың басында ірі байлар, беделді мүридтер  Тоқберген Ахун,  Сейіт Валиев, Бигелді молла Байдиев және т.б., 10 шаруашылық қоныс аударады.  «Бигелді молла Сталинабадтан шыққанда «Ақ-ишан» ұлы Сейіт-Мұхаммед хан төреден – шекарадан аман-есен өттік деген хабар келді. Ауғанстанда Кеңес Одағымен соғысуға дайындық жүріп жатыр. Ауғанстан соғысты әлемдегі ең қуатты держава – Англияның тікелей қолдауымен жүргізеді. Эмиграцияға асығыңыз, өзіңіз мемлекеттік аппаратта қызмет аласыз, ал бізбен бірге келетін адамдар Кеңес өкіметіне қарсы соғысатын күш болады…[10]». Көріп тұрғандарыңыздай, Нақышбандия және Иасауия тариқат өкілдері бар қазақ рухани орталықтары кеңестік жүйеге қарсы тізе қосады.

Ауған кеткен делегаттар Ибадуллаев Сарвар мен Алдабергенов Серқұлға Ауғанстанда Бұхараның бұрынғы әмірі Әлімхан қабылдайтынын жеткізді. Әмірге бағалы сыйлық, құнды заттар ретінде Шопанов Өтеген, Алдабергенов және басқалар 8 килограмм (өнімде) алтын, 16 келі күміс және 1000 метр таза Түркістан жібегін жібереді. Ауғанстандағы Бұхара әміріне жұмысты атқарғаны үшін және Ауғанстанда бар ұйымға материалдық көмек ретінде 20 пұтқа жуық алтын – бұйым, 40 қадақтай күміс және 1000 метр Түркістан таза жібек…[11]» сыйға  тартқан.

Ақ ишан делегациясы да «Исаев Жанәділдің ұсынысымен Бұхара әмірімен кездесуге баруға Бигелді молла Байдиев пен Тоқберген ахун Сейіт Уәлиевтің шығындары үшін 1500 сом бөлді….[12]».

Міне осылайша екі тариқат шайхтары Ибадуллаев Сарвар және «Ақ-ишан» Ауғанстанда орналасқан «Кеңес өкіметін құлату» орталығымен етене байланысады. Революцияға дейінгі кезеңде және Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары бұл екі тариқат арасында бір-біріне деген өшпенділік өршіп тұрған еді. Бірақ кеңес өкіметін құлату мүддесі мен негізгі мақсаттар ортақтығы оларды бір арнаға біріктірікті. Құжатта Бердуәлі Ермибедтің аузынан мына тұжырым жазылып алынады: «Төңкеріске дейінгі кезеңде және төңкерістің алғашқы жылдарында «Ақ-ишан» және Айқожа ишан әулеті арасында – дұшпандық, бақталастық күшті болатын. Кеңес өкіметі орнап, қазақ ауылында тап күресі күшейген жылдары ишандар өз араларындағы даудың мағынасыз екенін түсініп, байлар әсіресе, «Ақ-ишан мүридтері» Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін жанпидалыққа салынып, бір орталыққа біріктік. Кеңес өкіметінің экономикалық қуатын әлсіретуге бағытталған контрреволюциялық диверсиялық жұмысын жүргіздік…[13]».

Құжатта айыптаулардың ең ірі орталығы: ауа көші. Ауғанстандағы дақпыртты естіген контрреволюциялық ұйымдар 1932 жылдан бастап халықтың жаппай көшуін ұйымдастыра бастады. Қазақ халқынан бұрын Орта Азияға тек жекелеген ірі байлар, рубасылар, молдалар көшсе, енді, оңтүстік өңірлерден колхоз халқын жаппай көшіруді ұйымдастыра бастады. Қазақстанның облыстары: Жаңа-Қорған, Түркістан, Әулие-Ата, Созақ және т.б. аймақ халқы үдере көшті. Олардың көздеген мақсаттары: а) Аймақтың экономикалық күйреуі; ә) Колхоздардың толық ыдырауы. б) Ауғанстанға көш және в) эмигранттарды жихадқа дайындау және Кеңес өкіметін құлатып, Түркістан мен Бұхараны азат ету. Ауған асқан Жаңа-Қорған және Түркістан жұртшылығы 500-ден астам шаруашылық үдере көшті[14]. 1930 – 1936 жылдар аралығында бір ғана Жаңа-Қорған аймағынан 8273 шаруашылық немесе жалпы халықтың 72% қоныс аударған. Осы кезеңде аймақтың 49771 бас уақ малы, 8942 бас ірі малы айдалып, Орта Азия жеріне өткен. Жаңа-Қорған аймағындағы «Сталин», «Еңбек», «Еңбекші-Қазақ», «Ілтай» колхоздары ыдырап кеткен. Дәл осы колхоздардың ыдырауына Сарвар Ишанның туысы Ишан Сейдахмет Мамраимов басқаратын топтың ықпал күшті болды. Нәтижесінде соңғы екі жылда Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның оңтүстік аймақтарына ел ауа көшті. «…Әулие-Ата жерінде бірнеше шаруа қожалықтары, олардың ішінде, қызметінің «Тілеу» руынан бірде-бір шаруашылық қалмаған. Олардың барлығы Өзбекстанға қоныс аударған. «Тілеу» руында 400-дей шаруашылық болған…[15]». «… Ақтас мешітіндегі мәжілістен соң бір айдан кейін, Сейдахмет Мақсұм ағайындарын жинап, қасында 30-40 шаруашылығымен бір вагон сатып алып, Сәруар ишан қасына көшіп кетеді…[16]»

Құжатта орын алған сұрақтар және негіздемелер өте жүйелі, логикалық астары мен идеясы жымдасқан тұжырымға толы. Мұнда көтеріліс көсемдері және «бандалары» туралы ақпарат жіктемені анықтамалар мен айқын хатталған. Совет өкіметіне қарсы контрреволюциялық топтың басында тұрған көсемдер:1) Ибадуллаев Сәруар ишан, Жаңақорғаннан; 2) Алдабергенов Серқұл, ірі бай, би, бұрынғы Бұхар Әмірі Әләмқұлдың мыңбасысы, Жаңақорғаннан; 3) Шопанов Өтеген, ірі бай, 1920-1935 жж аралығында болған банда, шайқастарға қатыстқан, Жаңақорғаннан; 4) Асылбеков Игілік, ірі бай, Түркістаннан; 5) Исаев Жаңәділ, бай, 8 жыл ел басқарған, 1930 жылдан Созақ көтерілісіне қатысқан, Созақтан; 6) Бекенов Мүслім, Сәруар Ишанның туысы, бай, Жаңақорғаннан өте ірі ишанның баласы… Осы алты адам өңірдегі контрреволюциялық қозғалыстың көсемдері еді.

Ал Тәжікстан жеріндегі шекаралық аймақта контрреволюциялық топ басшылары 1. Кулябта Ержанов Тәшім, ірі бай, 10 жылға сотталған, қамаудан қашып кеткен; 2. Пархарда Тілеубергенов Құтымбай мен Үсенбаев Дүйсе, екеуі де Жаңақорғаннан шыққан атақты байлар, патша тұсында би болған. 3. Аралда Нығметов Махмұт, молда, Айқожа ишанның немересі, Жаңақорғаннан, Смаилов Уәйда, ірі бай, Жаңақорғаннан; 4. Жаңабазарда,  Айғымбаев Қожа, ірі бай, Сары-Су көтерілісін басқарған, Сары-Судан;

Өзбекстандағы контрреволюциялық топ басшылары; 1. Байсында «Ақ-Ишанның» муриді Биғалиев Ибрахим, ірі бай, Ералиев Бердәлі, бай, молда, Қондыбаев Сапар бай, тәркіленген, барлығы Жаңақорғаннан; 2. Гұзарда ағайынды Тоқтаназаров Әбдікерім мен Қылышбай, ірі байлар, Әулие Атадан шыққан, кеңес өкіметіне қарсылығынан бірнеше рет сотталған, Тостыбаев Жетен, ірі бай, Әулие Атадан; 3. Шахризябта Елубаев Ғаббас, ірі саудагер, сотталған, қашқында жүр, Баубеков Сәдуақас, ірі саудагер, бай, екеуі де Әулиатадан шыққан; 4.Динауда Ақпанаев Мұхамадәлі, ірі бай, Түркістаннан; Самаркандта Шамси ишан Бабажанов, Жорабеков Әбу,  Шөкеев Бабахан».

«…1932 жылы қазанда Жаңақорғаннан Тәжікстанға Қолбасов, Шығырбаев басшылығымен «Елтай» колхозы жұрты көшеді.  Бұл колхозда 1932 қазанда 360 шаруашылық болған. 1933 жылы жаппай көшуден соң 47 шаруашылық қалды. 300 бас жұмысқа жегілетін малдан 100 қалған олда іске алғысыз[17]». Сәруар ишан мен Асылбеков Игіліктің тергеуде мойындауы бойынша 50.000 пұт астық, 2 керуен шай мен қант ұрланған.

Иасауи діни тәжірибесінің жалғасы болған, Айқожа ишан тұлғасы мен мектебі Сыр өңірінде қалыптасып, сонда дін исламға қызмет еткен. Иасауи сопылық тәжірибесі деп арнайы атап өтуіміздегі себеп, кеңестік архивтерде, Айқожаны «Ауғандық шииттік Ислам» шайхтан ижазат алған деп көрсетеді[18]. Бұл әрине қате ақпарат, кеңестік режим сол кезде Айқожа ишанның абыройын жою үшін де мұндай қорытындыларды қағазға түсіріп отырған. Себебі олар келешектегі ұлттың тарихи сана мен тарихи танымын тұқырту үшін де жоспар құрған болуы ықтимал.

Айқожа ишан тұлғасы және әулеті Сыр бойында ғана емес, Қаратау, Шу, Әулиеата, Жезқазған, Қарағанды, Батысында Түркіменстанға дейін даңқы жетіп, пір болған. Ол жайлы ел арасында аңыз-әпсана көп. Өзінің ұрпақтарынан тұлғалар арқылы Айқожа әулетінің абыройлы орны мен маңызы қазақ руханиятынан ойып орын алған.

Айқожа ишан 1773 жылы дүниеге келіп, артында ізгілікті аңызға толы тарих қалдырып, артынан сол жолды жалғаған 11 бала, рухани мұра аманаттап, 84 жасында 1858 жылы дүниеден өтеді. 12 жасында Айқожа Бұхарадағы медреседе он жыл оқыды. Кейіннен Ауғанстандағы нақши шайхы Ислам Шайхқа қол тапсырады[19].

Арғы тегі Хорасан Ата – Әбдіжәлел баптан тарайды. Өзі Мәді Диуана қожадан тараған Қожжан, Қылыш, Ғабдрахман, Пірзада қожалардың кіші інісі – Бахмұхаммедтен өрбіген. Айқожа ишанның балалары – Ибадулла мағзұм, Жұмаділла мағзұм, Ибрайым шайх, Мамырайым шайх, Смайыл, Ысқақ қожа, Реметулла қожа, Пірше қожа, Сапар қожа, Мұсахан мен Іскендір қожалар.

Совет өкіметіне қарсы Айқожа ишанның әулетімен Сейдахмет, Оспан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн мағзұмдар, Ата мағзұм, Сәруар ишан, Әззам ишан, Омар, Жапар, Бұрхан, Мәді қожа, Махмұт ишан, Әлмұхаммед ишан, Инаят мағзұмдар көтерілген. Қуғынға ұшыраған, Өзбекстан,Тәжікстан одан асып Ауғанстанға ығысқан. Кейбірі елге келіп, түрмеде жазасын өтесе, енді бірі атылып кеткен. Бұл туралы арнайы зерттеулер жүргізілу керек. Айқожа ишан әулетінен шыққан даңқты перзент, Сәруар ишанның ғана архивтегі іс-құжаттарымен қысқаша таныстырып өттім. Бұл тақырып өте терең әрі тың мәселе.

Төменде, Айқожа ишан ұрпақтарынан Айгүл Уайсованың «Қилы заман: Айқожа ишан әулеті  тарихынан[20]» атты мақаласынан келтірілген үзіндіге назар салыңыз, расында Кеңестік режимнің Айқожа ишан әулетіне жасаған зомбылығының салмағын елестетуге болады:

«Айқожа ишанның немересі Сейдахмет Мамырайым Шайхұлы 1860 жылы туған. Әкесі Мамырайым Шайхтың орнын басқан. 1933 жылы 2 маусымда 73 жастағы қажыны абақтыға қамаған, 1934 жылы 20 ақпанда 59 тараудың 3-ші бабымен 10 жылға сотталған. Шымкент қаласындағы абақтыда қайтыс болған».

«Сейдахмет мағзұмның үлкен ұлы Омар 1887 жылы туылған, 1933 жылы әкесімен бірге 46 жасында абақтыға қамалады. Сол кездегі Қылмыстық кодекстің 58 баптың 3,7,11-тарауларымен кінәлі деп тауып, 6 жылға сотталады. Қарағанды төңірегіндегі абақтыда жазасын өтеп келіп 1950 жылы 63 жасында қайтыс болған».

«Бұрхан Сейдахметұлы – 1891 жылы Қарасопыда дүниеге келген». «1937 жылы 5 қаңтар 58 тараудың 10 бабымен 7 жылға қамалған. Алматының маңындағы Шамалғанда абақтыда дүние салған».

Айқожаның екінші ұлы Жұмаділланың ұрпағы Жақыпов Тажидин  1933 жылы 28 декабрьде тұтқынға алынған. №02686 архив-қылмыстық ісі бойынша, НКВД-ның 1941 жылғы 21 майдағы үкімімен 8 жылға 1940 жылғы 28 августан бастап есептегенде еңбекпен түзеу лагеріне айыбын өтеуге сотталған. Ал 1941 жылы маусымда Отан соғысына кетеді. 1942 жылы жары Күнсұлуға жазған хатында «Мен соғысқа аттанып барамын. Балаларды сақта. Лажы болса, төркінге жет» деген хат жазады. Өзі содан хабар-ошарсыз кеткен». (Дерек беруші: Бақдәулет Таждинов).

Осы әулеттен Махмут мағзұм нақақтан-нақақ жалған жала жабылып, мағзұм 1933 жылғы репрессияның қармағына ілінді. Содан КГБ-ның жасырын өткен мәжілісінде адам нанғысыз айыптар тағылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Осылайша, сындарлы шақта сыныққа сылтау себеп болып, әп-сәтте саяси тұтқын атанды. Не керек, жазықсыз жанға жабылған 10 жыл уақыт та өте шығады. Алайда, яғни, 1943 жылдары Ұлы Отан соғысы болып жатқандықтан, үкімет мағзұмның діни ілімінен сескенді ма, тағы да сегіз жыл қосып береді. Тағдыры Сібірге байланған Махмут мағзұм араға 18 жыл салып туған жері Жаңарыққа табан тірейді. Бұл 1951 жыл болатын. Қалған саналы ғұмырын дін исламның асыл құндылықтарын насихатталуына жұмсаған мағзұм, 1982 жылы ақыреттік сапарға аттанады. Зираты «Қарасопы» мазарында». Міне қарап отырсаңыз, қазақ діни тәжірибе тарихында үлкен орны бар Айқожа ишан және әулетінің шежіресі осылай тұжырымдалған. Сондықтан бұл тақырып, әлі ашылмаған ақтарар беттері көп. Оған кешегі кеңестік атеистік зобалаң кері әсер етті. Енді ғана «қуғын-сүргін» құрбандарын ақтау мәселесі қолға алынып келеді. Ақтау құбылысы тарихи санамызды тарихи таным-әдіснамамызды да түбегейлі өзгертті. Болашақта қазақ діни тәжірибесі және дәстүрлі ислам тынымы аясында үлкен кешенді жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қорытынды. Айқожа ишан туралы деректер аңыз әпсана түрінде тарихи санада сақталған. Соңғы кездері ғылыми конференциялар, зерттеулер, экспедициялар ұйымдастырылуда. Айқожа ишан ұрпақтарынан  Қ.Омаров арғы атасы  жайлы ел аузынан жиналған «Он дерек» келтіреді. Біте маңыздысы Айқожа ишанның «Хан Кенесары көтерілісіне» қолдау көрсеткені туралы дерек. Оны аңыз бойынша «құдалық» сұхбаты ретінде келтіреді. Оның артында әрине сол кездегі Хан Кененің  қазақ даласы екіге айрылған тұстағы нақшбандия тариқатының Айқожа тұлғасының негізінде қолдауы деп түсіну керек. Екіншісі, Айқожа ишанның білім алу үдерісі туралы да аңызбен көмкерілген деректер бар. Бірақ Айқожа кездейсоқ емес, арнайы жүйелі түрде Сыр бойымен Бұқара арасындағы дәстүрлі діни байланысты көрсететін тұлға. Себебі Айқожаға ауылдағы ұстазы, бұдан әрі Бұқараға оқуын жалғастыруын талап етеді. Айқожаның Ауған барып, нақшбанди шайхына қол беруінің артында да бұрыннан қалыптасқан рухани арнаны табуға болады. Себебі Айқожамен қатар ол жерде «ижазат» алған қазақ даласынан шыққан муридтер болған. Кұлболды, Марал, Қосым ишандар. Осы төрт ишан Кенесары мұратына көңілін қосқан төрт шынар десе де болғандай. Мұны да қазақ хандығы тарихының ашылмаған ақтаңдық беттері де қабылданылу керек. Жақында Кенесары ханға арнайы сыйға тапсырылған «Марал ишан» Құраны табылды. Бұл да көп нәрсені аңғартса керек. Айқожаға бала кезінде Абылай ханның пірі «аузына түкіріп, бата беруі» де, Арқаның «мың жылқы» сыйы да сол кездегі Сыр бойы қожаларының ішіндегі Айқожа тұлғасының және оның әулетінің қазақтардың қабатындағы тарихи, саяси, рухани орны мен рөлін көрсетуге жарайды. Бұл әулет туралы зерттеулер енді ғана қолға алына бастады. Қазақ рухани тарихындағы ақтаңдақ беттер уақыт өткен сайын аршылып, келер ұрпаққа аманат болып қалатыны айғақ.

 

Әдебиеттер мен дереккөздер тізімі:

 

  1. Vinkent Montayl, Sovet Mûsılmandarı, (aud: Mete Çemberli) Stambûl, 1992.
  2. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары). Т.33. Архив құжаттарындағы Түркістан облысының шерлі тарихы. 1918-1954 жж. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құрастырушылар: Х. Тұрсын (жауапты редактор), Д. Кенжетаев, Г. Шардарбекова, Л. Динашева, З. Әділбекова, Р. Хазретәліқызы./Жалпы редакциясын басқарған Е. Қарин. – Астана,  – 392 б.
  3. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) = Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий (20-50 годы ХХ века). Т. 14: Антирелигиозная политика советского государства и репрессии против духовенства в Казахстане. Сборник документов и материалов. Составители тома: Д.Т. Кенжетаев, Б.М. Сатершинов, М. Төлеген, Ю.В. Шаповал / Под общ. ред. Е.Т. Карина. – Астана, 2022. – 306 с.
  4. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) = Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий (20-50 годы ХХ века). Т. 25. Архив құжаттарындағы Түркістан облысының шерлі тарихы. 1918-1954 жж. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құрастырушылар: Х. Тұрсұн (жауапты ред.), Г. Шардарбекова, Л. Динашева, З. Адилбекова, Р. Хазретәліқызы және т.б. / Жалпы редакциясын басқарған Е.Т. Қарин. – Астана, 2022. – 342 б.
  5. Кенжетай Д. К 90 Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты жəне дін қызметкерлерінің қуғындалуы. Монография. – Алматы: «Арыс» баспасы. 2022 жыл. – 160 б.
  6. Копию обв. заключен. по делу «АК-ишана» том 1 л.д.
  7. ИБАДУЛЛАЕВ САРВАР, III том. 309-бет
  8. САРЫХОЖАЕВ Жамғұр еңбегін қараңыз, ІІІ том, 97-бет
  9. Ибраһим БИҒАЛЕВ кітабы, ІІІ том, 283 бетті қараңыз
  10. Пок. ИРАЛИЕВ Бердәлі, 239-т., III том
  11. ТІЛЕУБЕРГЕНЕВА Құтымбай, III том, 200-б.
  12. БАЙБЕКОВ Сәдуақас басылымы, 1У том, 246-бетті қараңыз
  13. ТАСПУЛАТОВА Примкула, том IV, л.д. 22
  14. АСАНОВА Исхака, том ІІ, л.д. 289
  15. Әмір Мәжитов. «Аманат». Қызылорда, «Тұмар» Баспасы, 2007 Жыл, 147-159 бб
  16. «Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін тарихы архив деректерінде» тақырыбына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. –Түркістан. 25 қараша 2022. 132 б. (109-118 бб)

 

 

 

[1]    Vinkent Montayl, Sovet Mûsılmandarı, (aud: Mete Çemberli) Stambûl, 1992.

[2] Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары). Т.33. Архив құжаттарындағы Түркістан облысының шерлі  тарихы. 1918-1954 жж. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құрастырушылар: Х. Тұрсын (жауапты редактор), Д. Кенжетаев, Г. Шардарбекова, Л. Динашева, З. Әділбекова, Р. Хазретәліқызы./Жалпы редакциясын басқарған Е. Қарин. – Астана,  2022. – 392 б.

[3]  Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) = Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий (20-50 годы ХХ века). Т. 14: Антирелигиозная политика советского государства и репрессии против духовенства в Казахстане. Сборник документов и материалов. Составители тома: Д.Т. Кенжетаев, Б.М. Сатершинов, М. Төлеген, Ю.В. Шаповал / Под общ. ред. Е.Т. Карина. – Астана, 2022. – 306 с. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның материалдары (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары) = Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий (20-50 годы ХХ века). Т. 25. Архив құжаттарындағы Түркістан облысының шерлі тарихы. 1918-1954 жж. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құрастырушылар: Х. Тұрсұн (жауапты ред.), Г. Шардарбекова, Л. Динашева, З. Адилбекова, Р. Хазретәліқызы және т.б. / Жалпы редакциясын басқарған Е.Т. Қарин. – Астана, 2022. – 342 б.

[4] Кенжетай Д. К 90 Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясаты жəне дін қызметкерлерінің қуғындалуы. Монография. – Алматы: «Арыс» баспасы. 2022 жыл. – 160 б.

[5] Ибадуллаев Сарвар том ІІІ л.д. 295.

 

[6] Подробно см. Копию обв. заключен. по делу «АК-ишана» том 1 л.д.

 

[7] қараңыз: пок. ИБАДУЛЛАЕВ САРВАР, III том. 309-бет

[8] қараңыз: пок. ИБАДУЛЛАВ Сарвар, III том, 300-бет

[9] қараңыз: пок. ИБАДУЛЛАЕВ Сарвара ІІІ том, 301-бет

[10] САРЫХОЖАЕВ Жамғұр еңбегін қараңыз, ІІІ том, 97-бет

[11] қараңыз: пок. ИБАДУЛЛАЕВ Сарвара, III том, 319-бет

[12] Ибраһим БИҒАЛЕВ кітабы, ІІІ том, 283 бетті қараңыз

[13] қараңыз. Пок. ИРАЛИЕВ Бердәлі, 239-т., III том

[14] қараңыз пок. ТІЛЕУБЕРГЕНЕВА Құтымбай, III том, 200-б.

[15] БАЙБЕКОВ Сәдуақас басылымы, 1У том, 246-бетті қараңыз

[16] см. пок. ТАСПУЛАТОВА Примкула, том IV, л.д. 22

[17] см. пок. АСАНОВА Исхака, том ІІ, л.д. 289

[18] ИБАДУЛЛАЕВ САРВАР, III том. 309-бет

[19] Әмір Мәжитов. «Аманат». Қызылорда, «Тұмар» Баспасы, 2007 Жыл, 147-159 бб

[20] «Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін таирхы архив деректерінде» тақырыбына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. –Түркістан. 25 қараша 2022. 132 б. (109-118 бб)

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button