Сыр-сұхбат

Шаһхайымның түрмедегі жыры

Мархамет ЖАНАСҰЛЫ ШАҺХАЙЫМТЕГІ

Қаламды бісміллә деп алдым қолға,

Сала көр патша құдай түзу жолға.

Сиынам бір өзіңе жаппар құдай,

Кұтылар бұл бейнеттен шара бар ма?!

Сиынам Адам ата, Хауа анама,

Жалғанда күнәсіз жан жұбана ма?

Барады жылдан жылға желдей есіп,

Мына жалған, баласы мұсылманға.

Сиындым әуелі құдай ауызға алып,

Жаратқан ай мен күнді қылып жарық.

Бере көр өзің жәрдем, хақ тағала-ай,

Шырмалған тор қақпанға біз бір ғаріп.

Сиындым онан кейін төрт періште,

Пендені салар Алла әрбір іске.

Күн туды ер басына ақырзаман,

Шығарын уақыт шешер кім теріске.

Отыз пара құран бар құдай сөзі,

Пенденің неге тояр екі көзі.

Таразы сол жағына ауыр тартып,

Ант ауып мұсылманнан тұрған кезі.

Сиындым Адам ата, Хауа анамыз,

Жаратқан құдайдан соң бір панамыз.

Барады жылдан жылға заман азып,

Баласы мұсылманның не боламыз?

Ақырет, жалған деген екі дүние,

Қызығын бірдей көрсек уайым не.

Күн туды ер басына ақырзаман,

Қолдай көр пайғамбарлар шайх, әулие.

Сиындым көп әулие, сахабаға,

Мұхаммед аруағыңа ата-баба.

Үмметі пайғамбардың қор боп жатыр,

Телміріп күндіз-түні құба тамға.

Сиындым құдай досты Мұхаммедке,

Қара жер, қатты тақтай батты-ау етке.

Кәпірде қор боп жатыр көп үмбетің,

Ұшырап осыншама қасіретке.

Сиындым отыз үш мың көп сахаба,

Кәпірге біз ғаріпті қылма таба.

Үмбеті пайғамбардың қор боп жатыр,

Телміріп күндіз-түні құба тамда.

Сыйындым құдай досты нұр Мұхаммед,

Кәпірде қор боп жатыр көп-көп үмбет.

Қараңғы, кәрiпшілік басқа түсті,

Сақтай гөр мұң зарыңнан сау-сәлемет.

Әубәкір, Ғұмар менен Ғұсман, Әлі,

Тілейді қолдай көр деп жанның бәрі.

Жалғанда біз ғаріпке сәуәпкер бол,

Айырған ақыретті, оң мен солды.

Сыйындық онан кейін ер Құсайын,

Жараттың шаһизат қып бір құдайым.

Мақшарда бар шәйіттің басшысы едің,

Жалғанда себепкер бол деп жылайын.

Тұтқында қор боп жатыр талай адам,

Тілейді рақым қыл деп бір құдайдан.

Салған төсек жақпайтын қайран ерлер,

Қайтіп жанын сақтайды қу тақтайдан.

Аузынан еліне айтқан арызы жоқ,

Мойнында көңілге аян қарызы жоқ.

Телміртіп көрге бізді қамап қойды,

Болмаса көретұғын жарығы жоқ.

 

Жіберген ел-жұртына хабары жоқ,

Өлімге көнбейтұғын амалы жоқ.

Шыбын жан шықпаған соң жатыр бәрі,

Тойып ішер сусыны тамағы жоқ.

Байлауда қорлап жатыр шынжыр тұзақ,

Алланың таңы қысқа күні ұзақ.

Тамсанып тіл жабысып шөлдегенде,

Түкірік ауыздағы кетпейді ұзап.

Тамсанып күн көреміз қу тақтайда,

Сыйынып қуат қылар бір құдайға.

Ет пен қымыз жақпайтын кайран ерлер,

Кез болдық бұйрықша осындайға.

Телмірдік құба тамның ағашына,

Бермесін адамзаттың баласына.

Шоқи ма құзғын-қарға тәнімізді,

Он сегіз бен жетпіс үш арасында.

Құдай-ау құба тамда ажал берме,

Тәнімді көрсете көр кейінгі елге.

Жорға-жүйрік жақпайтын қайран басым,

Бір жатуға зар болдым таза жерге.

Астым тақтай, болғанда үстім тақтай,

Сарғайдым сары тақтайда ақыл таппай.

Бір құдай сенен басқа қуатым жоқ,

Жатырмын күндіз-түні кірпік қақпай.

Сыйындым жаббар құдай өзіңізге,

Қуат жоқ сізден басқа енді бізге.

Алты ру аты шыққан қайран елім,

Дәм тартып аман-есен көреміз бе?

Тартқаным құба тамда күнде күйік,

Күн-түні көз тартады, тізе ұйып.

Көк майса, қоңыр салқын қайран жерім,

Аралап көрер мекем бір күн жүріп.

Сыйындым Нұр Мұхаммед салауатым,

Бере көр ата-баба шарапатын.

Осында олай-былай болып кетсем,

Шіри ме жер бетінде қайран басым.

Көп сәлем елім-жұртым, кәрі-жасым,

Зарлайды қу тақтайда ғаріп басым.

Аман бол көрмей қалсам қайран елім,

Бір құдай алдымыздан жарылқасын.

Көп сәлем туған әке, атамызға,

Алыңыз қайыр дұға батаңызға!

Жүретін сахарада қайран басым,

Бұрышында құба тамның жатамыз ба.

Көп сәлем туған шеше, енемізге,

Бір Алла басқа салса көнеміз де.

Жүретін гүлдей жайнап қайран заман,

Бұрышында құба тамның өлеміз бе.

Көп сәлем бірге туған ағаларым,

Жаратқан жаппар құдай паналарым.

Денеме шыбын жаным көп боп кетті-ау,

Білмеймін сұм жалғанның не боларын.

Көп сәлем бірге туған бауырласым,

Қу жүрек сөйлемесе ауырларсың.

Бір емшектен сүт емген аға-бауыр,

Ойласам тия алмаймын көздің жасын.

Көп сәлем елім-жұртым, кәрі-жасым,

Зарлайды сары тақтайда ғаріп басым.

Аман бол көрмей қалсам қайран елім,

Бір құдай алдымыздан жарылқасын.

Көп сәлем жақын туған ағайынға,

Заманның көз жетпейді қалайына.

Жаман айтпай жақсы жоқ дегендейiн,

Көңілімнің кірін аршып қалайын да.

Көк аттың көзім түсті тағасына,

Сәлем айт дін мұсылман баласына.

Ауырға еткен тағат қайран елім,

Артымда бір көрінбей қаласың ба.

Қабылтай, Анас, Жанас балаларым,

Не болар кешер алда замандарың.

Барады желдей есіп өмір көші,

Білмеймін сұм жалғанның не боларын?

Көп сәлем дәмдес жүрген ауылдасым,

Жанашыр жақын туған бауырласым.

 

Бар шығар артық ауыс айтқан сөзім,

Құдай кешсе кешірсін кәр қылмасын.

Не болды-ау жиған малым, тіккен үйім,

Сандалып сары тақтайда кетті күйім.

Көрмеген еш нәрсені қатын-бала,

Білмейді алым-берім жалғыз тиын.

Бар еді әрбіреуде алар- берер,

Жоқ еді бізден басқа үйде сенер.

Жас бала, жаман қатын не боп жатыр,

Бола гөр өзің жәрдем пәруардігер.

Жатырмыз құба тамның тақтағында,

Шыбын жан абақтының аптабында.

Тіріде көрмей қалсам көңілге арман,

Бір құдай өзі білер сақтауына.

Мал-мүлкім, жиған-терген бәрі қалды,

Телміріп құба тамда көзім талды.

Құдай салды, біз көндік амал бар ма,

Қинайды ұрып-соғып шыбын жанды.

Мал-мүлкім, қатын, бала не болды екен,

Дүниелік азды-көпті жиған терген.

Атадан ұл, шешеден қыз айырылып,

Құдай-ай осылай ма тозған деген.

Өлерміз ажал жетсе құба тамда,

Кім тояр жарық дүние, атқан таңға.

Мұхаммед пайғамбардың құрметі үшін,

Жәрдем бер біз ғаріпқа құдай тағала.

Құдай-ау, жан жараттың әрбір түрлі,

Беріпсің сөз сөйлеуге қызыл тілді.

Жан салып, топырақтан жаратқанда,

Адамзат әлхамду деп оқу білді.

Оқиын күн туған соң қайран бесін,

Өмірдің Алла білер ерте кешін.

Оқиын бес намазды қаза қылмай,

Оқымақтың бәрі де құдай үшін.

Оқуда жанға пайда әуелі иман,

Кезінде бір күн қалар ептеп жиған.

Күнінде бетін ашып бір көретін,

Қайтейін отыз пара қайран Құран.

Дәретпен оқыр едім дәлел қайрат,

Бұлбұлдай қызыл тілім жатыр сайрап.

Көзімнен бір құман су бұл-бұл ұшты,

Жатырмын құба тамда сорым қайнап.

Оқыр ем ерте намаз күн шығармай,

Ағады көздің жасы сел жаңбырдай.

Жұрт жиылып құрметтеп салған мешіт,

Мұкамәл-Құран кітап бәрі қалды-ай.

Оқитын бесін намаз түс ауған соң,

Бес намаз жанға пайда құдайдан соң.

Жатырмыз құба тамның зардабында,

Кәпірдің айтқан сөзі бұл болған соң.

Оқитын күн батқан соң екінтім-ай,

Қамалып құба тамда бекіндім-ай.

Уақытын бес намаздың ойлағанда,

Көл қылып көздің жасын өкiндiм-ай.

Оқылмай ақшам қаза болды бізден,

Бір Алла не көрсетсең әмір сізден.

Қалайша бүйтіп діннен айырылдық деп,

Аламыз бар ашуды екі көзден.

Жашиық, онан кейін үтір, уәжіп,

Телмірдім терезеге мойын созып.

Тіккен үй, салған мешіт бір көре алмай,

Жатырмыз құба тамда азып тозып.

Қолдай көр ата-бабам ер Байтайлақ,

Сыйындым қазақ ұлтым, он екі абақ.

Киместі кіргізбейтін қайран басым,

Шешпесті құба тамда жүрміз талап.

Қамалып құба тамда болдық ғаріп,

Шіркін-ай, шығар ма едім жүрек жарып.

Түлкідей қырдан қашқан қайран жүзім,

Солды ғой абақтыда ашып-арып.

Құдай-ау, молла деген ат беріпсің,

Кәпірден мұсылманды саухат көріпсің.

Қалайша мұндай іске мұқтаж болдық,

Қолдай көр төрт періште тексерушім.

Кез болдық мұндай жолға барыс жылы-ай,

Жылаймыз күндіз-түні ешбір тынбай.

Жаза көр көздің жасын қабылдыққа,

Атыңнан айналайын жаббар құдай.

Сабақ көріп, «Иманшарт» қолыма алдым, «

Әптиекті» қасиеттеп жолға салдым.

Онан соң Құран кітап қатар оқып,

Айырып ақ-қараға көзім салдым.

Атым Амбы, Қазірет баласымын,

Аузына керей, абақ қарайтұғын.

Алладан бұйрық солай болды ма екен,

Кәпірдің шыбын жанға таласуын.

Алтайда туған жерім Ертіс, Қыран,

Қолыма он жасымнан алдым Құран.

Жүрегімнен кетпейтін бір арманым,

Сарымешіт, атам салған Жәміш имам.

Көре алмадым ажы атам мүбарагін,

Өлмесем дәмім тартып бір барармын.

Амал жоқ ажал тағдыр алып кетсе,

Қалам ба бұйрығынан бір Алланың.

Мен келдім осы бетке дәмім тартып,

Жылаймын бір Аллаға құлдық айтып.

Жалғыз-ақ ат-атағым, абыройым,

Әйтпесе менің жаным кімнен артық.

Істеген ісім ақ еді, Аққа құдай жақ еді.

Пәрмен берген батасы, Мұсылманға бақ еді.

Сәлем де Шеруші атаң адамына,

Барады көзім жетпей заманыма.

Сөйлемей көңіл кірі ашылмайды,

Көңілдің кірін ашпай қаламын ба.

Қоймасын ораза мен намаздарын,

Оқытсын балаларға қағаздарын.

Кәпірден үкім келсе, кім көнбейді,

Жатыр ғой мұқтаж болып сабаздарың.

Сәлем де Қабылтайым, Анасыма,

Құранның болған жүйрік қарасына.

Тапсырдым мен сендерге аманат деп,

Сала жүр көзің қырын Жанасыма.

Көп сәлем туған шеше анамызға,

Жаратқан құдайдан соң панамызға.

Қатем болса кешіңіз құдай кешсе,

Көре алмай құба тамда қаламыз ба.

Көп сәлем үйде қатын-баламызға,

Хат-хабар аман деген аламыз ба.

Құдайдан ақ жүректен шын тілесем,

Босанып бұрынғыдай боламыз ба.

Сарғайып сары тақтайда сандаламыз,

Ісіне құдіреттің таң қаламыз.

Аз айтып, көп айтқанмен амал қанша,

Құдайдан рақым болса бір барармыз.

Жатыр ғой талай адам жапа тартып,

Кәпірдің жақсы-жаман дәмін татып.

Ақыры  «дүрэм»   заңның арты қандай,

Қорқамыз жатқаннан соң жанға батып.

Еліне сәлем айтты Қылыш молла,

Қор болды-ау ғазиз басы ғарып жолда.

Aтанған аталары Мешіт-ғалым,

Данышпан аты шыққан оң мен солға.

Қазіреттен бата алып болған имам,

Наданның зәлім менен аузын тыйған.

Береке, бақ қайтпаған заманында,

Жақсының басын қосып бәрін жиған.

Сәлем де Қажат пенен Қабасым-ай,

Ғазиз бас ғарып жолда қаласыңба-ай.

Жамандық жалғыз тиын қыла көрме,

Атамыз мұсылманның баласына-ай.

Адам жаны адамнан артық болмас,

Арылтып көңіл кірін айтып болмас.

Наданға ғылым, оқу үйретпесе,

Пәндеде ақыл, сабыр, тағат болмас.

Дін жолын айырмаңдар шариғаттан,

Ақылы атамыздың біздерге айтқан.

Бұрынғы пайғамбардың заманында,

Талай ер біздей болып жапа тартқан.

Тіріде қу тамаққа жиған керек,

Өлген соң жаның үшін иман керек.

Жаныңды дін жолына құрбан етсең,

Қор қылмас ақыретте құдай білед.

Ағалар ақыреттің жолын ойла,

Ешкімге мына жалған бермес пайда.

Жатыр ғой өлмеген соң шыбын жаным,

Менің де бұрынғыдай күнім қайда?!

Жатырмын шықпаған соң шыбын жаным,

Кәпірдің күнде болжап құба тамын.

Зар болдым беті-қолды бір жуғанға,

Бола көр, өзің жәрдем пәруарім.

Елге сәлем айт дедi ер Мұрсәли,

Атанған аталары Eшенғажы.

Жасынан аты шыққан қайран сабаз,

Бiлiндi-ау, дүниенің қатты зары.

Сөйлейді бір Аллаға тәуекел деп,

Осындай біз ғаріпке бердің дәулет.

Ей, Алла не қылсаң да ықтиярмыз,

Ер жігіт үйде туып, түзде өлмек.

Көптен көп сәлем айттым қайран елім,

Сағындым сарай жазық жүрген жерім.

Ел мен жұртты жатырмыз бір көре алмай,

Шынымен кез келді ме мұндай өлім.

Көп сәлем үйде шеше ғарыбым-ай,

Көрсеткен ай мен күннің жарығын-ай.

Топырақ өз қолымнан салар ма екем,

Тұтқыннан рақым болып жаппар құдай.

Көп сәлем үйде қалған алғаным-ай,

Жеткізер кімді Алла арманына-ай.

Шыбын жан бір күн ауру, бір күні сау,

Бұрышында құба тамның зарладым-ай.

Айтамыз сұрағанда ықтай-жалдап,

Сенбейді шыныңды айт деп бізді алдап.

Жал тауып жан сақтаудан қайыр кетті,

Болмаса бір Алладан қолдау сауап.

Онан соң сәлем айтты Тапал ағаң,

Мешіт сап Қажекберді қойған имам.

Пендесі қашып қайда құтылады,

Жаратқан бір Алланың бұйрығынан.

Дариялар тартылып саздай болды,

Жұмыртқасын жайын жеген қаздай болды.

Ішіндегі жайыны жерде қалып,

Күйкентайдан қорыққан торғай болды.

Өзен сулар тартылып бұлақ болды,

Биік таулар жаншылып құлап болды.

Арғымақтың адымы қарғадай боп,

Аузына қотыр түскен лақ болды.

Нар теректер жығылып балдыр болды,

Тас бастаулар тартылып тандыр болды.

Сегізге сексендегі шалдар келіп,

Құзғындай пейілі арам жандар болды…

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button