Сыр-сұхбат

Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл

 Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды қағазға түсірген жазушы, бауыржантанушы Мамытбек ҚАЛДЫБАЙДЫҢ естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз.

МҰХАҢ ӨКІНІШІ

– Мұхаң сырқаттанып, Москваға емделуге аттанбақ, – деген хабарды естіп, үйіне бардым. Жайдары, жарқын мінезбен қарсы алды.

– Жеңгең Валентина Николаевна  жол жабдығына керек-жарақты іздеп кетті. Шүкір, көңіл күйім жақсы, – деп  біраз өзі жайында шешіле сөйледі. Сырқаты жөнінде бір сөз айтқан жоқ.

– Бауыржан, мен «Абай жолы» эпопеясы желісіне көп оқиғаны енгізе алмадым. Енгізсем, шығарма көлемі    ұлғайып кететін болды.

Соңғы кезде  Әйгерім апамыздың бір  адамгершілігі есіме түсіп, кезінде неге ескермедім деп өкіндім, –  деді Мұхаң  қымбат затын жоғалтып алған жандай қинала қабақ шытып.

– Әйгерім апамыздың ол қандай адамгершілігі? – дедім мен білуге құмартып.

– Саған түсінікті болу үшін оқиғаны түп қазығынан қозғайын. Абай алғашқы ұстазы – менің атам Әуезді ерекше құрметтеген. Құнанбай Бердіқожа бабама Шыңғыс тауының етегіндегі Қыдырдың шоқысы деген жерді еншілеп берген екен. Бертін келе оған Абайдың ерке өскен немере інісі Шәкерім қызығады. Бұл кезде Құнанбай қайтыс болып кеткен. Ағайындыларды бірімен-бірін шатастырмас үшін Әуез атам  Абайға барып:

– Абайжан, маған Бөрліні қи. Ана Қыдырдың шоқысындағы жұртыма ерке немере інің Шәкәрім көз тігіп жүр, – дейді.

Бөрлі Семей қаласына елу шақырымдай жақын.  Шыңғыстың тауы мен Көкшенің тауы аралығындағы жазық.

– Бөрліні не үшін таңдадыңыз? – деп сұрайды Абай.

–  Жүргіншілер күні-түні үзілмейтін жол үсті. Балаларымды Семей қаласында оқытсам, көп қиыншылық шекпеспін деген ойдамын, – дейді Әуез атам.

–  Мен сізден  жазуды үйреніп,  Семейдегі медреседе екі жыл оқыдым. Жақсылығыңызды ешуақытта ұмытпаймын. Көңліңізге тиіп қоям ба деп  Шәкерімнің ниетін сізге  айтудың ретін таппай жүр едім, – деп  Абай   Әуез атама Бөрліні береді. Атам ертеңіне жаңа мекеніне көшіп қонады.

Ол заманда  көшпенділердің салты бойынша ауыл арасындағы  мәселені әйелдер шешкенін, Бауыржан,  өзің жақсы білесің. Әйгерім апамыз нөкерімен бес құлынды биені жетекке алып келіп:

– Аға, бізге қоңсы болғаныңызды құттықтаймын. Желіңізге мына бес құлынды биені байладым, – деп Әуез атамның көңілін аулаған екен. Әйгерім апамның осы асыл адамгершілігі туралы алда жеке шығарма жазсам деген ойдамын, – деді Мұхаң тебірене сөйлеп.

Ұлы суреткер ағамыз ол ниетіне жете алмады.

 

                МҰХАҢНЫҢ БАҒАСЫ

Баяғыда Мұхаң, Мұхтар Әуезов маған:

– Ғайыптан ғайып әдебиет институтында оқығаныңда, сенен маршал- жазушы шығар еді, – дегені бар. Мен:

– Әдебиет және искусство деген сөзді естіп жүрмін.  Искусство жасанды деген сөз.  Ондай нәрсеге онша жақындамайтын кісімін. Өйткені өз пікірін айтатын адам жалған нәрсеге ешуақытта да жоламайды, жолауы да  мүмкін емес. Оған бет бейнесін өзгертіп, ойын қисайтып,  бүгінгі күн саясатына бейімделіп, біреудің қытығына тиіп қалмайын,  қате пікірін қолдай салайын деген жарамсақтар ғана барады. Мен ондай адам емеспін, – дегенімде:

– Сен майданда қандай жеңіске жетсең, әдебиетімізде де сондай жеңіске жеттің. Мен енді маршал болғаныңды қалар едім,  – деп шын ағалық тілектестігін білдірген еді.

– Мұха, шенде тұрған ештеңе жоқ.  Менің бекінген шебімді жауға бермегенімді  білесіз.  Түсініңіз, менің шебім – шындық.

– Бауыржан, сенің еңбектерің, жазған кітаптарың, айтқан ақылды, қанатты сөздерің, ойлы мақал-мәтелдерің адам баласы таусылғанша  бағасын жоғалтпайды, – деді Мұхаң күлімсірей қолымды алып…

 

                          КҮРЕСКЕР АҚЫН

– Бауыржан, заманымның кең құлашты, кең тынысты эпопеясын жазсам деп Оңтүстік Қазақстан облысын таңдап алуымның себебін сен білесің бе? – деді Мұхтар мені сынай сұрақ қойып. Мен  біраз ойланып:

– Әулиелері көп өлке деп таңдадыңыз-ау, Мұха, – деп едім:

– Дәл таптың.   Оңтүстік Қазақстан рухани бай өлке. Онда лайықты бағасын  ала алмай жүрген тарихи тұлғалар көп. Солардың ең ірісі – Майлықожа ақын.  Мен оның өмір жолын, шығармаларының көркемдік, философиялық ерекшеліктерімен танысқанымда таңғалғаным – Абай мен Майлықожаның дәуірі бір болғанымен ойлары өздерінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Науаиның ойларымен туысып жатыр. Мұны ғалымдарымыз салыстыра зерттесе, көп сырдың бетін ашар еді.

Менің әдебиет зерттеушілерімізге көңілім тола бермейтіні – олар құбылыстың сырт көрінісін қызықтауға әуес. Төрдегі сандықтың ішінде не барына мән бермей, тек сандықтың сыртқы сұлулығына сүйсініп мәз. Өмірде бір-бірін көріп, тілдеспеген Абай, Майлықожа, Науаи бір-бірімен қалайша туыс?  Мұның сырын кім ашады?

– Әлбетте ғалымдарымыз ашуға тиіс, – деген маған:

– Тиіс деп айту оңай, оны  іске асыру қиын болып тұр, – деп Мұхаң қинала қабақ шытты. –  Біздің зерттеушілеріміздің ізденуі аз ба, әлде дарын қуаты жетпей ме, әйтеуір кібіртіктеу басым.

Менің қабылдауымша, Оңтүстік өлкесінде бодандыққа қарсы күрескен ержүрек, ойы жүйрік, тілі өткір Майлықожа ақындай ақын некен саяқ. Кейбіреулер оның дінді жырлағанын айып санайтындай.   Кез келген творчество иесі заманына қызмет етеді емес пе? Ғалымдарымыз заман талабы солай болғанын неге ескермейді?

Майлықожа ақын тіршілік дүниесіндегі барлық мәселені дінге, ертең жауап беретін ақтық күнге алып келіп, адамдарды адал, әділ, бір сөзбен айтқанда адам болуын қалаған. Бұл тәрбиенің ең басты мақсаты емес пе? Мұны дүниеқоңыз, озбыр жандар елеп ескере ме? Елеп ескеру былай тұрсын: «Е, қойшы соны. Сандырақтаған біреу», –  деп қолын сілтей салуы ғажап емес.

Осы күрделі құбылыстың астарына үңіліп, Майлықожаның ұстаздық бейнесінің сырын ашуға талпынып жүрген ғалымдарымызды кездестіре алмадым.  Майлықожаның «жақсы асыңды жат жесін» деген тәрізді философиялық ойлары өте мол.  Сен, Бауыржан, «жақсы асыңды жат жесін» деген ақын сөзінің ішкі сырын қалай түсінесің?

– Мұха, адал еңбектің бағасын білетін үлкен психолог, терең ойшыл, өте сауатты, жомарт адам ғана «жақсы асыңды жатқа бер» деп айта алады. Менің түсінігімде Майлықожа дәл сондай ақын.

Әдебиет зерттеушілеріміздің таяздығы, сылбырлығы жөніндегі пікіріңізге қосылам.  Мұха, кім кімнің де еңбегіне баға бергенде, жұртқа сол еңбек иесін ғана танытып қоймайсың,  өзіңді де танытасың.

Майлықожа ақынның біраз шығармаларымен мен де таныспын. Ол кісінің негізгі тақырыбының бірі – отаршылдыққа қарсы күрес. Келесі тақырыбы – ел ынтымағы. Менің бабаларымның бірі – Байзақ датқаның балалары – батыр басы Ақолда мен  Райымқұл екеуінің арасындағы алауыздық – қан төгіске бастай жаздағанда, яғни Райымқұл Ақмолданы өлтірмек болғанда Майлықожа ақын араға түсіп:

– Бір дұшпан екеуіңді жанып жүрме,

Дұшпанның айтқанына нанып жүрме.

Болатты болатқа сап, қан айран ғып,

Араңнан жем айырып алып жүрме», – деп, (басқа  өлең жолдарын ұмыттым) екі жағын жарастырған.

– Түсінігің дұрыс, Бауке. Қазақтың трагедиясын Абайдан кейін терең ашып жырлаған Майлықожа ақын. Мәскеуден емделіп келген соң, бұл тақырыпты шындап қолға аламын.

– Аман-есен емделіп, елге сауығып оралыңыз, Мұха, – деп қоштастым. Бұл менің Мұхаңды соңғы рет дидарласып, сырласқаным екен…

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button