Сыр-сұхбат

Еңкеймеген екеу

(Әсілхан Оспанұлы мен Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджановтың өмірлерінің кейбір ұқсас сәттері)

Қазақстанның халық жазушысы, драматург Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджанов 70-жасқа толған мерейтойын өткізуге Шымкент арқылы  – Қызылордаға келгенде (1999 ж.) біздерге:  – Есіңде болсын, Шымкентте ұстаз-ғалым, жорналшы, аудармашы Әсілхан Оспанұлы есімді ағаң бар. Ол саналы ғұмырын зар заман ақындарының мұраларын қазіргі жастарымызға жеткізген үлкен тұлға, турашыл, қазіргі заманның «әттегенайларын» елден бұрын сезінген, ойын ашық айтқан, дегенінен қайтпайтын, әм еңбекшіл, пендешілігінен азаматтығы мол, сол ағаңмен етене танысуды есіңде сақта, деген-ді. Кейінірек оның ұлы – суретші, жазушы, этнограф, зерттеуші  Ералы Әсілханұлы Оспановты білгеннен кейін, Қалтай ағамыздың тапсырмасы жадымызда қайта жаңғырып, Әсілхан ағаның қиын да қызғылықты, тартысқа толы, нәтижелері көбіне табыспен аяқталатын істеріне көз жеткізіп, Қалтай ағамыздың өмір тарихына ұқсайтын көптеген жәйттерді зерделей бастадық. Екеуінің де өмірнамасы қазіргі жастарымыз тамсана, тұщына, таңырқап оқитын дүниелер екен.

 

Әсілхан Оспанұлы 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Арыс ауданының Көмешбұлақ аулында дүниеге келген. Бабасы Тұрлықожа ескіше діни сауатты, қажылыққа барған, мешіт имамы болғандықтан, әкесі Оспанқожа да қуғын-сүргін зардабын көп көрген. Бұл ретте Қалтай ағаның әкесі ақын, діндар Мұхамеджанның (Қарамолданың) халық жауы деген жалған жаламен атылып кеткені (1937ж) Қалтайдың студенттік кезі мен кейінгі жазушы драматург болып қалыптасқан уақытындада Кеңестік кезеннің саяси шеңберіне симаған әке шығармашылығы алдын талай кес-кестей бергені еске түседі.

Соғыс жылдары (1942-1944 жж.) Шымкент мұғалімдер институтын, кейін (1948-1955 жж.) ҚазМУ-нің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінің журналистік бөлімін тәмамдаған ағаның бала кезінен оянған құштарлық сезімі оны ғылыми жолға жетелейді. Академия президенті Қ.Сатпаевқа жазған сансыз өтініштерінен кейін 5 перзентін, қарт әке-шешесін қалдырып, 1959 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасына қабылданып, «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері (Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Ергөбек ақындардың шығармашылық қызметі негізінде» деген тақырыпта диссертация жазады. Ұлы Мұхтар Әуезовтің ғылыми жетекшілігімен басталған жұмыс, ол кісі өмірден озғаннан кейін көптеген қиындықтар мен кедергілерге кездеседі.

 

Қалтай ағаның Қызылорда пединститутының 2 курсын тастап, Ташкенттің Өнер институтының бір курсын бітіріп, ақыры Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы (ГИТИС) театр өнері институтын тәмамдап, кезінде шегіншектеп оқығаны ойға оралады.

Әсілхан-аға аспирантураны бітіргеннен кейін 2 жылдан соң, 1964 жылы 14 қаңтарда диссертациялық жұмысын қорғап, (академиктер Қажым Жұмалиев пен Сәбит Мұқановтар қарсы болады) филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Сөйтіп қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет жоғарыда аталған алты ақынның шығармалары ғылыми айналымға түсіп, туған халқымен қауышады. Кейін бұл саладағы ғылыми ізденістерінің нәтижесін жинақтап   20-дан аса кітап бастырып шығарады.

Зар заман ақындарының бірде-біреуі орта мектеп оқулығына енгізілмегендіктен, Әсілхан аға осы бағытта тынымсыз еңбек етті. Жоғары биліктегілерге бірнеше рет хат жолдайды. Қазіргі Сыр елінің басшысы, халықтың құрметіне бөленіп отырған Қырымбек Көшербаевтың Министр кезінде Майлықожа шығармалары алғаш рет мектеп оқулығына енгізілді. Сондықтан Әсілхан ағаның Қырымбек інісіне деген алғысы шексіз болыпты. Жаны жақсылықтан жаралған іскер басшы Қырымбекке деген Қалтай ағаның да, ағайын-туыстарының да ризашылығы ұшан-теңіз. Өңір басшысы өзі тікелей араласып қазақтың Қалтайының бай кітапханасын Қызылордаға алдырып, облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасынан арнайы оқу залын аштырды. Сөйтіп Қалтайдың бай қазынасы туған елімен қауышты.

Қазір қоғам қайраткері деген жауапты, қасиетті, мәртебелі, мәнді ұғымның дәрежесін түсіріп жібердік. Ол күнделікті кім болса соны мадақтаудың құралына айналып кетті. Әсілхан мен Қалтай ағалардың өмірбаяндарымен жете танысып, оқып біліп, жүрегімізге терең қабылдағаннан кейін – екі тұлғаны да, нағыз қоғам қайраткерлері қатарына жатқызар едік. Сөзімізді дәлелдейік.

Шын мағынасындағы қоғам қайраткері өзі өмір сүріп отырған қоғамның құлы емес, оның қозғаушы күші болуы тиіс. Қоғам қайраткері өзі бел ортасында жүрген қоғамды кері тартатын түйткілдерін біліп, сезініп, оның себептерін тұщынып, тығырықтан шығаратын жолдарын көпшілік сахнасына шығарып отыру керек. Қалтай ағаның кез келген шығармаларын алсаңыз шындыққа негізделген уытты күлкі мен өткен қоғамның келешексіз, кертартпа кезеңдеріне меңзеп отырады.

Ал Әсілхан аға 1986 жылғы ақпан айында, яғни желтоқсан оқиғасына дейін М.С.Горбачевке, онда қазақтардың ұлттық тілінен айырыла бастағанын, орыстану саясатының шұғыл жүріп бара жатқанын, қазақ халқының ұлттық болашағына қауіп төніп тұрғанын, қазақтардың да ұлтшылдық намысы бар екенін дәлелдеп хат жолдайды. 10 айдан кейін көпке мәлім Алматыдағы Л.Брежнев алаңында Қазақ жастарының бас көтеруі жазықсыз жастардың қантөгісімен аяқталып, 1987 жылы ОК арнайы қаулысымен қазақ ұлтына «ұлтшыл» деген жала жапты. Оқу орнында, мекемелерде осы құжатты қолдауға шақыратын арнайы жиналыстар өткізіліп, аталған шара Шымкент пединститутында да өтеді. Партбилетті өтірік қалқан еткендер жастарды айыптап сөз сөйлегенде, Әсілхан аға шыдамай мінбеге шығып бір жыл бұрын Қазақстандағы жағдай жайлы М.С.Горбачевке хат жазып, жеделхат жолдағанын айтпақшы болғанда, институт ректоры, Ә.Омаров: «Желтоқсанда алаңға жастарды осындай доценттер бастап шыққан», – деп жала жауып сөйлетпейді. Жастардың әрекеттерін жақтағаны үшін оған қатаң сөгіс беріліп, жиырма жылдан аса ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірттер дайындаған аға жұмыстан қуылады. Жиналыс барысында Н.Ахметов сияқты азаматтар мен коммунист студенттер сүйікті ұстазын қаншалықты қолдағанмен, ректордың тегеурінді шешімі оларды басып тастайды. Шындықтың салтанат құруы ұзақ процесс екені тарихи шындық. Үш жылдан кейін Әсілхан ағаның  «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (13 қазан, 1990 ж.) «Мен қалай «ұлтшыл» атандым» деген мақаласы жарық көргеннен кейін, Шымкенттегі Олжабай Сүйерқұлов т.б. көптеген азаматтардан, шәкірттерінен  әділеттілікті жақтаған хаттар алады.

Ал Қалағаңа келсек, 1986ж. 18-желтоқсанында өнер, мәдениет қайраткерлері Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Е.Рахмадиев, Т.Әбдіковтермен алаңға келіп жастарды ақылға келуге шақырғанмен,  бұларды  тыңдамаған,  жазықсыз жастардың қаны төгілгені белгілі.

Әлемді дүр сілкіндірген осы бір кезеңде Қалтай ағадан артық зәбір көргендер санаулы-ақ шығар. Қалағаңның жалғыз ұлы – Алтай Мұхамеджанов (Ішкі істер Министрлігінің нашақорлармен күрес бөлімі бастығының капитан шеніндегі орынбасары) режиссер, халық қалаулысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ә.Мәмбетовті 17 желтоқсан күні өлімнен құтқарып қалғаны үшін жауапқа тартылады. Түрмеге жабылып, атасы Мұхамеджанның абақтыда көрген азабының дәмін татады. Үш жылдан аса уақытта 6 рет ісі сотта қаралып, ешқандай қылмыстық дәлелдері табылмай, ақталып, қызметіне қайта алынып, полковник шенінде зейнетке шығады. Жалғыз ұлының жазықсыздан жазықсыз істі болуын Қалтай аға мен анасы Фарида жеңгеміздің қанашалықты қинала көтергенін сөзбен жеткізу қиын.

Ал Әсілхан аға болса өз принципшілдігінің, адалдығының ескерткіші болсын деп әділетсіз жазаны алуға өтініш те жасамапты. Алдағыны көрегендікпен болжайтын аға тәуелсіздік таңының да қашық емес екенін сезінсе керек! Жамандық деген ұғымның жақсылық ұғымымен қатар жүретінін ескерсек, қайсар мінезді Әсілхан аға институттан кеткеннен кейін қол қусырып отырмай, бұған дейін жариялаған 8 кітабынан басқа, тағы да 3 кітап жазып, баспаға тапсырады.

Әсілхан аға 1986 жылғы Қазақстан емес бүкіл Одақты дүр сілкіндірген қазақ жастарының әрекетін жақтағаны үшін жұмыстан қуылса, Қалтай-аға 1987 ж. «Правда» газетіне басылған «Бойся равнодушных» деген мақаласы үшін іштен шалатын жағымпаздардың жаласына ұшырады. Ол жайлы Қалағаң: «Келесі жылы октябрь айында «Правда» газетінің тілшісі Т.Есілбаевтың өтінішімен Желтоқсанның туу себептері туралы 20 беттік мақала жаздым. Онда Қазақстанның оқу орындарында халқымыздың өткен тарихы, рухани мұрасы оқылмайтындығын, ел басындағылардың онымен ісі болмағанын баяндадым. … Ал «Правда» газеті Маркс пен Лениннен басқа кім жазса да, өз саясатына жүгіндіріп жариялайтынын журналистер былай тұрсын, кез келген сауатты адам білсе керек, – деп жазыпты. Осы мақала авторлары Қалағаңның машинкаға басылған 20 беттік «Бойся равнодушие» деген мақаласын 1987 жылғы 6 қазанда «Правда» газетінде жарияланған «Бойся равнодушных» деген нұсқамен салыстырып шықтық. Газет Қалтай ағаның көп ойларын бұрмалап, тақырыбын да өзгертіп басқан. Кезінде осы мақала үшін Қалтай Мұхамеджановты жазғырушылардың бірі Әлжаппар аға Әбішевтің өзі мақаланың түп нұсқасымен танысқаннан кейін, Қалағаңмен табысып, ағалы-інілі болып кеткен. Мақалада көтерілген көп мәселелер Әсілхан ағаның бұған дейінгі М.С.Горбачевке жазған хатында айтылады. Сол кездегі ең беделді басылымдардың бірі «Советская культура» газеті (24 желтоқсан, 1987ж) бір нөмерінде «Драматургия Розова, Салынского, Макаенко, Мухамеджанова, Коломийца открыто и страстно выступила против таких массовых явлений в застойный период как злоупотребление властью, карьеризм, коррупция, чвансто, гражданская пассивность» – деп жазыпты. Әлемге әйгілі жоғарыда аталған орыс драматургтерімен Қалағаңның қатар тұруы, оның шығармасының шындығын мойындағандық. Қоғамдағы келеңсіздіктерді әртүрлі дәрежедегі басшылардың «көңілдеріне қарамай шыжғыра» айтудан Әсағаң да, Қалағаң да тайған емес. Сондықтан болар, екеуі де көре алмаушылықтың талай кесапат-кесірін көп тартты.

Ұлтым дегенде ештеңеден аянып қалмайтын Әсілхан ағаның айтпасқа болмайтын ұлтжандылық бір ерлігі – Өзбекстанда оқып, білім алып, әскер қатарына қабылданып, Ұлы Отан соғысы жылдары Генерал-майор әскери лауазымы мен Кеңес Одағының Батыры атағын алған Сабыр Рахимовтың қазақ екендігін дәлелдегендігі. Шыңырауда қала жаздаған шындықты шығару үшін көп ізденіп, баспасөз арқылы мәселені халық талқысына салып, қазіргі Қазығұрт ауданындағы туыстарымен кездесіп, құжаттар жинап Қазақстан, Өзбекстан үкіметтерінің алдына мәселе қойып, Сабыр Рахимовтың қазақ екендігін жанкештілікпен дәлелдеп, 1972 жылдың                            9-мамырында «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, «Лениншіл жас» газетінің                     6-маусым күнгі сандарында С.Рахимовтың әкесі қазақ екенін елге жария етті. Генералдың майдандас досы, әрі жары Құралай Әлібиқызы Натуллаевамен байланысып, туыстасып кетті. Аға еңбегінің тағы бір жемісі – Шымкент қаласындағы әскери колледжге Сабыр Рахимовтың есімін беруге белсенді атсалысуы. Бұл ретте де қазақтың аяғына тұсау боп жабысатын пендешілік пердесі Әсілхан ағаны да айналып кетпепті. Егемендіктен есі кеткен өзінің кейбір шәкірттерінің баспасөз бетінде Сабыр Рахимовтың қазақ екенін дәлелдеуде «аянбай» еңбек еткендерін жариялауы, аталмыш оқу орнының 30 жылдық мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырылған Әсілхан ағаның жасаған еселі еңбектерінің оқу орнының басшысына телінуінің куәсі болғаны қандай аянышты десеңізші !

Әсілхан ағаның ұлтжандылығын айтқанда, өзінің құжатын әдейі 3 рет өртеп, сонша рет 100 сомнан айыппұл төлеп, Оспанұлы деген фамилиямен төлқұжат алғанының өзі не тұрады. Батыр Бауыржан ағамыз бірде сол кездегі «Жұлдыз» журналының бас редакторы Әбден Сатыбалдиевке Әсілхан ағаны нұсқап: – Сен мына кісіні білесін бе? – дегенде, ол: – Ия жерлесіміз, жас ғалым, – депті. Оның жауабына қанағаттанбаған Баукең көзінен от шаштыра: – Сен оны білмейді екенсің. Мен – Бауыржан Момышұлымын, ол – Әсілхан Оспанұлы, ал – Сен Сатыбалдиевсің», – депті. Осы бір үш ауыз сөз батыр Бауыржанның Әсілхан ағаға риясыз көңілінің көрінісі іспеттес.

Әсілхан Оспанұлы көркем аударма саласында да көп еңбек сіңірген. Атап айтсақ, Өзбек (А.Қаһһар), Түрікпен, Әзербайжан, Әрмән, Грузин, Венгер, Румын, Болгар, Ағылшын, Шотланд халықтары жазушыларының шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде сөйлетіп «Анар» және «Тарту» атты ұжымдық жинақ шығарған. Ал Қалағаң болса, шетел, қырғыз, өзбек, орыс авторларының өлеңдері мен әдеби әм драмалық шығармаларын сөйлеткені тарихи шындық.

Қоғамдағы келеңсіздіктерді әртүрлі дәрежедегі басшылардың көңілдеріне қарамай шыжғыра айтудан Әсілхан-аға да, Қалағаң да тайған емес. Сондықтан да болар көреалмаушылықтың, қызғаныштың талай кесапаттарын көрген қос тұлға қайыспай, еңкеймей, қақтығыстың қайрағымен жігерлерін жана түскен сыңайлы.

Еңкеймеген екеуді жоғарыда қоғам қайраткері деп атап өттік. Сол ойымызды толықтыра түсейік. Өткен ғасырдың 70-жылдары Арал проблемасының шиелініскені соншалық, ол жерден  халықты көшіру жайлы мәселе көтерілгенде Әсілхан-аға, бір-екі отбасына жағдай жасайтындығын жария етті. Қазақстанның біршама жерлерінің Өзбекстанға өткеніне өзінің дәлелді, дәйекті қарсылығын да білдірді. Ленинградтағы эрмитаж директоры Пиотровскийге хат жазып, қасиетті Тайқазанды Түркістанғка қайтару мәселесін алғаш рет көтергенде Әсілхан-аға! «Игорь полкі жайлы сөзді» аударған И.Шкляровскийге «Далалықтарды (біздерді) жабайы» деп суреттегені үшін «Правда» газеті арқылы наразылық пікірін жеткізіп, қателіктерін мойындатты. Шымкенттегі Рубенштейн көшесіне А.Байтұрсыновтың есімін беру кезіндегі ересен еңбегі тағы бар. Әсілхан-аға өзінен гөрі ұлтының жоғын жоқтаған, қиындықтарға қайыспаған, турашылдығымен тұғырын биіктеткен қайсар тұлға еді.

Ал Қалтай ағаға келсек, оның кез келген драматургиялық шығармалары қоғамдағы кездесетін келеңсіздіктерді ащы күлкімен келемеждегендіктен, жоғарғы деңгейдегі басшылардың көңілінен шықпайтыны белгілі. Кезінде экономикасы қарыштап дамыған Түрік елімен тікелей байланысқа шығып халықаралық «Заман –  Қазақстан» газетін, тәуелсіздік жылдарында «Түркістан» газеттерін ашуы, оның қоғам қайраткерлігінің бір көрінісі болса, туған ауылы «Шіркейлідегі» орта мектепке жерлесі, ақын Әбіраш Жәмішовтің есімін алуға атсалысқаны, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін дәлелдесе керек.

Еңкеймеген екеулер ұлы Мұхтарды ұстаз тұтқан тұлғалар. Әсілхан ағаның Қазақстан күнгейінде  әдебиет тарихына енгізілуін күтіп жатқан Мәделіқожа, Майлықожа, Құлыншақ, Мұсабек, Нұралы ақындардың шығармаларын зерттеуге арналған диссертациялық жұмысының ғылыми жетекшісі де Мұхтар Әуезов болған.

Әлішер Науайдың 500 жылдық мерекесіне (1949 ж.) құрамында С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Ғ.Слановтар енген Қазақ делегациясын Ташкентке М.Әуезов басқарып келеді. 14 жасында Мұхаңның латын әрпімен 1935 жылы жарық көрген «Тас түлек» атты пьесалар мен әңгімелер жинағынан бастап, кейінгі шығармаларымен де  таныс Қалтай-студенттің Мұхаңмен бұл жолы тікелей сәлемдесуіне жүрегі дауаламапты. Атақтары жер жаратын жазушылардың ішінен жерлесі әрі ағасы Асқар Тоқмағанбетов Хамза театрында өтетін мерекелік шараға студент Қалтайға билет беріп, соған қатысу мүмкіндігіне ие болыпты. Бірақ өз сөзімен айтсақ: «Ол кездегі өзіме лайық мода-гимнастерка, галифе-шалбар, солдат бәтеңкемен театр партерінің екінші қатарында үлде мен бүлдеге оранғандардың ортасында (Құдай басыңа салмасын) кірпішешеннің үстінде жалаңаш отырғандай, қашан салтанатты кеш өткенше әбден берекем қашты» – деп жазады. Ұлы Мұхтардың түпсіз терең білімі мен тапқырлығының куәсі болып жиынға қатысқан Қалтай студент: «Мұхаң сөзі маған бәрінен асып түскендей әсер етті. Өз орнына келе бергенде Осман Юсупов ұшып тұрып,  Мұхаңның сөзіне риза болғаны сонша айқара құшақтап алып бетінен қайта-қайта сүйгені әлі көз алдымда….. Сонымен ол сапарда Мұхаңа қол беріп сәлемдесуге дәті бармай дидарын көріп, сөзін тыңдағанымды мол дәулет, зор қанағат санап қайтқан сол кездегі «Сорпақ байың» мен боламын»- деп жазыпты.

Қалекеңнің ұлы Мұхтармен екінші рет кездесуіне Москваның А.В.Луначарский атындағы театр-өнер институтының 5-курсында оқып жүргенде (1953 ж.) сәті түсіпті. Ол кезде Мұхаң МГУ-дың профессоры болып орналасып, филология факультетіне ұлттар әдебиетінен дәріс оқып жүрген кез екен. Кафедра меңгерушісі Г.И.Гоянның ұсынысымен М.Әуезовтің драматургиясы жайлы диплом жұмысын жазуға рұқсат сұрау үшін «Москва» қонақ үйіне іздеп барады. Бұл уақыт «Социалистік Қазақстан» газетіне «Профессор Мұхтар Әуезов ескі қателіктерінің шырмауында» деген үлкен мақала «Правдадан» бастап орталық газеттердің бірсыпырасында бой көрсетіп жатқан кез еді. Қалағаң бұлардан хабардар болса да, Мұхаң драматургиясынан диплом жазғысы келетінін айтқанда: «Шырағым олай болса жас бала екенсін, диплом дегенге кез-келген тақырып жарай береді, қазір мен туралы жазып абырой алу қиын, заман жөнделсе көре жатарсыңдар» – деп шығарып салады. Заманның отты жалыны лаулап тұрғанда студент Қалтай Әуезов шығармашылығы жайлы жұмыс жазғанда не боларын алдын-ала болжаған ұлы Мұхтарға Қалағаң өмір бақи ризашылығын білдірумен өтті. Сол уақыттағы аласапыран сапырылыстар кезінде «халық жауы» ретінде әкесі атылып әлі ақталмаған жас бозбала Қалағаңды Мұхаң бір «ажалдан» алып қалады.

Мұхаң тарапынан әкелік, ұстаздық қамқорлығын Қалағаң үшінші рет 1959 жылы ақпан айында қойылған «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайлар кезінде ерекше сезінеді. Бұл туралы Қалағаң: – «Екі-үш күннен кейін осы спектакльге арналған көрермендер конференциясының қортындысы жарияланған «Лениншіл жас» газетінің арнаулы беті Мұхаңның «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласымен ашылды. Дуалы ауыздан шыққан ұлы ұстаздың киелі батасы әлі күнге дейін менің өнер жолымдағы құбылнама болып келеді», – деп жазыпты.

Сонымен Ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовтен дәріс алуы, оның ұлылықтан бастау алатын қолдауын көруі, ұлының ұлылығын ұлықтауы өмірден еңкеймей өткен екеуге тән қасиет болатын.

Сөзіміздің соңында айтарымыз Қалтай-аға көзі тірісінде еңбегінің нәтижесін көріп, талай марапаттарға ие болды. Оның рухын ұлықтау әлі де жалғасын табуда. Ал Әсілхан аға өткен өмірінде тек төс белгілермен кеудесін көмкеріпті. Ағаның іске асырған игі істері марапаттың барлық түріне келетінін ескеріп, өлшеусіз еңбегін кейінгі жастарға үлгі ету үшін, атын мәңгілікке ұлықтау мақсатындағы іс-шараларды ұйымдастыруды Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласы басшыларының үлесіне қалдырдық. Бұл ұсынымыздың оң шешім табатынынада сеніміміз мол.

Мақаламызда аты әлем шарлаған Қалағаңды Әсілхан ағадан кейін қойып неге баяндаған деген сауалға айтарымыз: Қалағаңның өзі көзі тірісінде: «Анау Әсілхан аға тұрғанда біздің төрде отыруымызға жол болсын», – деген ілтипатын өмір бойы ұстанымынан шығармай өткендігінің куәсіміз. Сондықтан біздер де еңкеймей өткен екеудің силастығы мен сырластығына шүбә келтірмеуді жөн санадық. Аға мен іні осындай ақ болсын!

 

    Қазбай Құдайбергенұлы – Қорқыт ата атындағы  ҚМУ профессоры,

    Күнімжан Құдайбергенова – «Қорқыттану және өлке тарихы»

                            ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button