Асылдардың асылы
Ол – Сіз үшін жанын беруге әзір…
Ол – Сіз үшін Әзірейілмен де шайқасады…
Ол – Сіз үшін тозақ отына күюге бар…
Ол кім дейсіз бе?
Ол – АНА…
Ана туралы толғанбайтын адам жоқ шығар…
Асылдардың асылы, аяулылардың аяулысы, ардақтылардың ардақтысы – Ана жайлы адал перзент қана шынайы толғанып, тебірене алады…
Ел ағасы Өмірзақ Сәрсенов өз АНАСЫ туралы естелік айтқанда, көзі нұрланып, жан түкпірінен бір ерекше мейірім шуақ шашып тұрғандай болды…
ӨТКЕНГЕ ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ
–…Мені көпшілік «Айтыстың» демеушісі деп біледі. Ондай атақты іздеген емеспін, сондықтан мені олай мадақтаудың еш қажеті жоқ. Айтыскер ақындарды қолдап-қолпаштап жүруімнің өзіндік себебі бар…
Өткен күндер елесіне сүңгіп кеткен болуы керек, Өмірзақ аға бір сәт үнсіз қалды. Бір қазынаның ақтарылатынын іштей сезіп отырмын…
– Менің атам Оспанқожа Мүсәпірұлы өз заманында елді аузына қаратқан ақын, көркемсөздің шебері болған. Әкем Сәрсен де өнерден кенде болмаған көрінеді. Анамның айтуынша, әкем әншілігімен елге танылған, өз ортасында сыйлы, ауылдың құрметті адамы болған екен. Анам Ақжүніс те ақын еді. Ауыл арасында таңды таңға ұрып айтысқа түсетін. Міне, менің айтысқұмар болып, өнерге жақындауыма осы себеп болды. Бұл менің Оспанқожа атамның әруағына бас игенім, кеш те болса, Ақжүніс анамның талантына тамсанғаным. Сондықтан бүгінгі талантты ақындарға демеу болуды азаматтық парызым деп білемін…
Байыптап қарасақ, оң-солын танып үлгермеген жас адам ата-анасы туралы мәнді-мазмұнды естелікке шорқақтау келеді. Жасы ұлғайған сайын адам баласының ата-анаға деген махаббаты бөлектеу болатын сияқты, ерекшелене түсетін тәрізді. Бүгінде жетпістің жалынан ұстаған ел ағасы «әкем», «анам» деп әңгіме айтқанда, көздері жанып, бейнебір бала кейіпке енгендей болды…
– Оспанқожа атамның, Ақжүніс анамның ел аузында сақталған азын-аулақ мұрасын жиып-тердім. Ертерек әрекет еткенімде осы екі құдыретті сөз шеберлерінің рухани мұрасы қазіргіден қомақтырақ болар ма еді?!. Кәсібім мен қызметім басқа болғандықтан, дер кезінде мән бермеппін. Өкінетінім – сол кезде қандай асыл қазынаның қасында жүргенімді сезбеппін, таусылмас кеннің қадірін білмеппін, мән бермеппін, тереңіне бойламаппын. Ертерек қимылдағанымда ғой… Ол кезде үйде ескі кітаптар сақталған сандық бар еді… Оспанқожаның сөзін тыңдап, айтысын жаттап алған құймақұлақ қариялардың талайы тірі еді… Қай айтыста кімге қалай жауап айтқанын, қай айтыста кімнің не дегенін қағазға түсірмей-ақ, көңілінде жаттап қалған анам Ақжүніс қасымда еді… Амал не?..
ХХ ғасырдың басында Бақанас өңірінде Оспанқожа Мүсәпірұлынан асқан білімді, сөзге шешен адам кемде-кем екен. «Оспанқожа айтушы еді», «Оспанқожадан қалған» деген өлеңдер мен нақыл сөздер күні бүгінге дейін ел есінде сақталыпты. «Тұтастықты бөлшектеп, бүлдіру көп, Тарта алмас күнәмізді қара нар да…» Немесе:
«Тар пейілдің түбінде тас болады,
Зерделі адам жас болса да бас болады.
Билік тисе қолына ақымақтың,
Атағын көтере алмай мас болады…»деген тәрізді сан-алуан нақыл сөздері мен өлең шумақтары ауыздан-ауызға тараған.
Оспанқожа Мүсәпірұлы елуге де толмаған, нағыз кемел шағында кеңестік саясаттың құрбаны болыпты. Кеңестік қызыл қырғында «халық жауы» атанып, 1937 жылы НКВД түрмесінде алғашқылардың бірі болып атылыпты…
Оспанқожа сынды аса білімді атаға келін бола білген Ақжүніс ана қайын атасы туралы естелік әңгімелерді баласына қалдырыпты. Өзін тұтқындайтынын Оспанқожа ата алдын-ала сезіпті. Келініне «мен тысқа тақиямен шығамын, сосын бас киімімді киіп шығуға рұқсат сұраймын. Рұқсат берсе, кейін соңымнан іздеп келерсіңдер, рұқсат бермесе, артымнан іздеп әуре болмаңдар» деп тапсырыпты.
Айтқанындай, кешікпей ауылға екі НКВД қызметкері келеді де, Оспанқожаны тұтқындайды. Оспанқожа үйге кіріп, тымағын киіп шығуға рұқсат сұрайды, бірақ айдауыл рұқсат етпейді. Бәрібір келіні Ақжүніс атасын Іле бекетіне дейін іздеп барыпты. Оспанқожа сол кеткеннен мол кетеді, түрмеге қамалады, көп кешікпей атылады…
– Ол кісіні кімдер тұтқындағанын шешем көзімен көрген. Тіпті, атамды айдап әкеткендердің бірі – Айжігіт Қазанбаевқа кейін өз сіңлісі Ләтипа тұрмысқа шыққан. Анам сіңлісі мен күйеу баласына қырын қарап, жеті жыл араласпай жүріпті. Жүректегі мұзды келер ұрпақ жібіткен сияқты. «Оң-солын айыра алмайтын жас ұрпақ алдында өткенді қозғасам, келер ұрпақ бір-бірімен өштесіп өтер…» деп, анам сіңлісі мен күйеу баласын қабылдапты.
1980 жылдары КГБ мұрағаттарындағы Оспанқожаға қатысты деректермен таныстым. Тігіндіден атамды көрсеткен адамның арызы алдымнан шықты. Текебаев Әбдірахман деген кісі екен. Сол замандағы сауаттылардың бірі еді. Оны да анам Ақжүніс жақсы білген. Бірақ бізге көзтүрткі етпеген. Және сонысы дұрыс болды. Сол Әбдірахман ағамыздың қызы Әлимамен қатар өстім. Ол менің бала кезден досым Дәуірдің әйелі болды… Атамды айдап әкеткен айдауыл Айжігіттің баласы Әшімбекпен де бауыр сияқты бірге өстік. Ең қиын сәтте қасымнан табылды. Өмір бойы сый-құрметіміз жоғалған емес. Осының бәрі – парасат-пайымы биік шешеміздің арқасы деп ойлаймын. Анам ағайынның, ұрпақтың татулығы үшін көп нәрсеге кеңшілікпен, кісілікпен қарайтын. Анамның әруағының алдында менің кері тартқаным жарамайды. Маған да керегі – болашақ ұрпағымның бірлігі. Өткенге өкпе жүрмейді, кейінгі ұрпақтың оған еш қатысы жоқ…
АР-НАМЫСТЫ БИІК ҚОЙҒАН АҚЖҮНІС
Оспанқожаның жалғыз тұяғы Сәрсен кезінде Алматыда халықтың көңілін әнмен демеп, қуат берген, одан кейін екіжылдық КомВУЗ-ды бітірген. Жас маман елге оралып, туған жерге қызмет етуге кіріседі. Әуелі колхоз бастық болады, кейіннен аудандық партия комитетінде хатшы болып жүргенде соғыс басталады. Өз еркімен майданға аттанған Сәрсеннен жеткен үшбу хаттардың бірінде батальон политругы болып тағайындалғаны айтылыпты. Сонан соң хабарсыз кеткен…
Небәрі 31 жасында іштегі баламен жесір қалған Ақжүніс анамыз жалғыздық қасіретін елмен бірге жеңеді. Өзі сияқты қамкөңіл құрбыларының көңілін әнмен жұбатып, жетімдерді жырмен тербетеді. Ақжүніс ана туралы «Естеліктер» жинағында Сайлаубек Байдүйсенұлы былай дейді: «Сұм соғыстың салдарынан 31 жасында жесір атанған Ақжүніс қиындыққа қарамастан, ақындық шабысынан жаңылмай, қайта бойын тіктеп, бауырын жаза, әруақтана түскен-ді. Ел мұңын жүрегімен сезініп, өзін өзгелерден бөліп-жарып қарамай, ақындығын ел қажетіне жаратуға ұмтылғандығы байқалады. Ол бір сөзінде:
«Ел қандай, ерлер қандай, жерім қандай,
Десем де, арылмаған сордан маңдай.
Ер жігіт аман келіп есік ашса,
Сәрсенім қайта ортаға оралғандай…» – деп, ойын тереңге тартып, ел азаматтарын сүйген жарынан бөліп-жарып қарамай, назды сөздің сазына бөлеп, елін де, өзін де жұбатып отырудан жалықпайды…
Сәрсен от ойнаған ортадан оралмады. Ұтқыр ұйымдастырушы, сонау алыстағы ауылдан іздеп келіп, мұқтаждарын айтып, сабылып жататындарға қол ұшын беруге асығып жүретін асыл азамат Сәрсеннің Ақжүніске ғана емес, ауыл-аймағына, ел-жұртына құрметті, қадірменді болғанын осыдан танимыз. Сәрсен Оспанқожаұлының жолын адал жар, ақын-ана ғана емес, елі де зарыға күткендігін байқаймыз. Ал Ақжүніс ерінің осындай адамгершілігін айшықты ақындығымен биіктете білді…»
– Анам ақын еді. Онда да ағып тұрған ақмылтықтың өзі болатын. Талай рет шаршамай-талмай, сөзі сарқыл-май, әні таусылмай, таңға дейін айтысқанын елдегі көзкөргендер әлі жыр етіп, тамсанып айтады. Қағазбек деген қызылсөздің көрігін қыздырған ақынмен бір таң айтысқанын бала күнімде өзім де көрдім. Онда сөз қадірін, жыр қуатын қайдан білейік. Аңдығанымыз – сөз емес, мәмпәси, науат, бауырсақ болған шығар. Тіпті, сол түні үйге қашан қайтар екенбіз деп тықыршығаным санамның бір түкпірінде сақталыпты. Кейін өзіме ең керектісі – дәл сол кештегі дастарханның дәмі емес, анам айтқан айтыстың мәні боларын білсемші…
Өмірзақ ағаның ең үлкен өкініші осы. Анасының аузынан шыққан асыл сөздерді дер кезінде ешкім жинап үлгермепті.
– Ол заманда айтыс кейінгі кездегідей жиі өтпейді, бейнетаспаға басылмайды. Сарайдың төресі мен сахнаның төрі бұйырмайды. Кіммен кім айтысарын жеребе тастап анықтап, жеңімпазды жюри айқындамайды. Өз өнерін өлтірмеген халық жиын-тойларда өнерге бейім өнерпаздарды қиқулап, қошеметтеп айтыстырса керек. Кейбір шешендер ойда жоқта сөз қағыстырып, содан ұшқындаған сөздер әрі қарай алаулаған айтысқа ұласып кететін…
Шын мәнінде, аяулы Ақжүніс анамыздың ел аузында сақталған айтыстарынан ол кісінің нағыз суырыпсалма, ақмылтықтың өзі болғаны байқалады Әсіресе, ел есте сақтап, ауыздан-ауызға жеткен «Ақжүністің Сәдіғұлмен айтысы», «Ақжүністің Құлахметпен айтысы» – ақын-ананың ұшқыр ойды кестелі сөзбен өрнектейтін, тыңнан түрен салатын тапқыр айтыскер болғанын аңғартады, шешендіктен де кенде болмағанын көрсетеді.
Ар мен намысты қашанда биік қоя білген Ақжүніс ана ошақтың отын өшірмей, түтінін түзу ұшырды. Сүйген жары – Сәрсенінің қара шаңырағын сақтап қалды. «Жалғызым» деп өбектеп жүріп Өмірзағын ержеткізді. Ол кісі қолы ашық, ақкөңіл жан болған екен. Сұрапыл соғыс жылдары күн-түн демей еңбек еткен, соның арқасында ешкімге алақан жаймаған. Әркез «барға – қанағат, жоққа – салауат» айтып отырады екен. Жоқшылық пен таршылық екі бүйірден қысқан жылдары маңайдағы көршілер мен ағайындар Ақжүніс ананың үйіне жиі бас сұғатын. Жалғыз сиырдың сүті мен қатығы аш құрсақ жүрген талайларға талғажау болыпты.
Іштарлық, арсыздық, қатыгездік дегенді қойсаңшы… Арызқой ағайынның бірі «бұл қызыл әскердің отбасы емес, жәрдемді заңсыз алып жүр» деп домалақ арыз жазыпты.
– Соның кесірінен анам бірнеше ай көмектен қағылды. Дегенмен, анамның пысықтығы мен еңбекқорлығының арқасында аш қалмадық. Анамның өзі бертінде, өмірден өтерінде «елімнің қуанған кезін де, қиналған кезін де көрдім» дегені бар…
Елмен бірге қуанып, елмен бірге қайғырған Ақжүніс ана «көппен көрген ұлы той» дегенді жалғызының құлағына жастайынан құйды. «Жалғыздан қалған жақұтым, бесеуіне бермейтін, бас бармағым, бақытым…» деп, күдіз-түні жалғызының тілеуін тілеген Ақжүніс ананың салмақты да салиқалы сөздері Өмірзағының болашағына берген батасындай еді. Ананың ақ тілегі қабыл болып, жалғыз тұяқ ер-азамат боп жетілді…
– Маған ештеңеге қадалып қарауға, қағазды шұқшиып көп оқуға болмайды, дәрігерлер тыйым салған. Өйткені бес жасымда соқыр болып қалғаным бар. Ол заманда қызылша деген ауру бар еді. Бүкіл ауыл-аймақты жайпап өтіп, жас сәбилерді баудай қырып, ата-ананы зар қақтыратын. Мен де қызылшамен ауырыппын. Бет-аузыма, бүкіл денеме қаптап шыққан қызылшадан анамның арқасында жазылыппын, бірақ екі көзім көрмей қалды. Сонда анамның соқыр баласын жетектеп, танымайтын Алматыдан таныс тауып, дәрігер іздеп жүргені күні бүгінге дейін көз алдымда. Бақанастан қалаға шығу үшін қаржы керек. Қайран анам, ауыл аралап, жолға жетерлік тиын-тебенді қалай жинағаны да есімде…
Бақанастық Хасен деген кісі Алматыда тұрады екен. Бақанастан кім келсе де, соның үйіне түнейтін көрінеді. Әркімнен сұрап жүріп Ақжүніс ана сол Хасеннің үйін табады. Одан қаладағы көз дәрігерін тауып, баласын соған тапсырады.
Қанша күн емдегені есінде жоқ, тек есінде қалғаны – көзіндегі ораманы шешіп, «ал, көзіңді аш» дегені.
– Бес жасар балаға да жарық дүние керек екен. Сол сәттен бастап өмірге деген құштарлығым артты, жарық сәулеге деген іңкәрлікті сезіндім. Сол үшін анама мың алғыс! Анамның табандылығы, өжеттігі, қайсарлығы болмағанда, мен ауылда соқыр болып қала берер ме едім, кім білсін?!.
Анам екеуміз дос болдық. Жесір әйел, жетім бала боп күн көрдік. Анам мені «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсірді. Ешқашан бетімнен қаққан емес. Студенттік өмірді бір фуфайке, бір керзі етікпен бітірсек те, колхоз бастықтың баласы сияқты жүрдік, өйткені көңілім тоқ болды. Ол заманның балалары – барға қанағат ете білдік, уақытпен келістік, «менің киімім осы бомазый шалбар, осы фуфайка, мына керзі етік… былғары етік деген болмайды, оған қолымыз қысқа…» деп, өз жағдайымызбен келістік. Былғары етік киген ауқатты адамдар да болды, әрине, бірақ, менде неге сол жоқ деп, соған бола торығып, сол үшін анамыздың құлақ етін жемедік. Анам көңілімді бай қылып өсірді. Жалғыз бала болғандықтан шығар, қолымнан қаққан жоқ. Ауыл арасында айтыстарға қатысып, жүлде алып жүретін. Байдың қызы болған екен. Мінезді кісі еді. Жақсы мағынасындағы паңдығы да, тәкәппарлығы да болды. Бірақ кішірейетін жерінде кішірейе де білетін.
АҚЖҮНІС АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ
«Шын қамқоршым – ел-жұртым болсын аман…» деп, не көрсе де елмен бірге көруді мұрат санаған ақын Ақжүніс, ана Ақжүніс сұрапыл соғыс жылдарының қиындығына қасқая қарсы тұрып, тағдыр-талайы ұсынған ауыртпалықты ер-азаматқа бергісіз төзімділікпен жеңіп шыққан еді. Ақжүніс ананың сөзге шешен суырыпсалмалығы да, анау-мынауыңды екі ауыз сөзбен сілейтіп салатын ақындығы да, қазақ қызына лайық батылдығы да, қазақ әйеліне тән адалдығы да, жалғыз перзентінің жолында өмірін құрбан етуге дайын аналық ақ пейілі де ауыздан ауызға көшіп, бүгінгі күнге жетті. Ел ақындары Ақжүніс ана туралы жыр жазып, күйшілер күй арнады. Мысалы, ақын Шөмішбай Сариевтің өлеңі Ақжүніс анамыздың қазақ әйеліне тән келбетін көз алдымызға әкелсе, Секен Тұрысбектің күйі сезіміңді тербетіп, жүрегіңді жылылық бесігіне бөлейді. Ана әлдиі құлағыңа келеді. Өмірзақ Сәрсенов «Ақжүніс» күйі туралы былай дейді: «Күйден әулие әжелеріміз бен алып аналарымыздың кіршіксіз таза жүрегінің лүпілі сезіледі. Мейірім мен адалдықты, өмірге деген шексіз махаббатты жырлайтын, мәртебесін мәңгілік сақтауға үндейтін ана өтініші көңіл тербейді».
«Көппен көрген ұлы той… Не көрсең де, еліңмен көр…» деп жиі қайталайтын ана сөзі адал ұлдың құлағында мәңгі жатталып қалды. Өнерлі атаның қанымен, өнегелі ананың ақ сүтімен дарыған өнерге деген құштарлық, өмірге деген сүйіспеншілік Өмірзақ Сәрсеновті биік тұғырға көтерді. Ол жастайынан жұрттың жүгін мойнына артып, елдің қамын күйттеуді дағдыға айналдырды. Кезінде КСРО Жоғарғы кеңесіне екі рет, ҚазКРО Жоғарғы кеңесіне бір рет депутат болған Өмірзақ Сәрсенов республиканың ғана емес, одақтың саяси-қоғамдық өміріне белсене араласты. Кеңестер одағы тұсында ел мен елді, жер мен жерді, дала мен қаланы жалғап тұрған алтын көпір – «Казпотребсоюзды» талай жылдар бойы адал басқарды. Онан кейін Қазақ тұтынушылар одағының тізгінін ұстаған Өмірзақ Сәрсенов бүгінде «Бақанас» ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тұтыну корпорациясының төрағасы ретінде ауылдағы ағайынның басын қосып, кәсіпке үйретіп жүрген жайы бар. Ақжүніс ананың ақ батасы дарыған Өмірзақ аға қазақтың ұлттық ән-жыр, терме-күй, айтыс өнерлеріне қолдау көрсетуден жалықпайды. Осындай меценаттығын бағалаған қазақ оны «Атымтай жомарт» атап кеткен. Ол кісінің тағылымға толы өмір жолы мен өнегелі істерін бір мақала ауқымына сыйғызу мүмкін емес. «Ақын да емеспін, жазушы да емеспін» десе де, өмірден көргенін, көкейіне түйгенін «Өз өлшемім» атты еңбегінде бейнелі баяндайды. Таусылмас қазынадай тереңнен тартқан сайын, ақтарыла беретін түпсіз қазына сияқты, әңгіме-шежірені жақсы айтады…
Шаңырақтың құты, ырыс-берекенің басы болған Ақжүніс ана соғыстан қайтпаған сүйікті жардан қалған көз – Өмірзағының ел азаматы, ел ағасы болғанын көзімен көрді.
– Талай рет жалғыздықтың тауқыметі мен зарын көрдім. Сондықтан өз кіндігімнен өрбіген бес баламды бар бақытым деп білемін. Әрине, анамның тірі кезінде бес баланың салмағы да менің мойнымда емес, сол кісінің мойнында болғаны рас. Анам екеуміз бір-бірімізді қатты жақсы көрдік, ерекше құрметтедік. Өмір бойы жанымда, өзіммен бірге тұрды. Анам мені ғана емес, менің балаларымды да ержеткізіп, өсіріп, менің жүгімді барынша жеңілдетіп барып, өмірден өтті. Немерелерінің азамат болып, атқа мінгендерін көрді, бірақ шаңырақ иесі болғанын көре алмады…
«Апасының баласы» болып өскен, Өмірзақ аға «балам» деуге анасының әруағынан аса алмай, «інім» деп айтатын Сағиятолла Сәрсенов бүгінде «Ақ жол» партиясының қатарында Парламент Мәжілісіне сайланған ел қалаулысы. Шарапат, Ләззат, Әният, Мариналар да – кірпіш дүниенің тетігін тауып қаланған, өмірден өз орнын тапқан, өз істерінің білікті мамандары, әрқайсысы бір-бір үйдің отағасы мен отанасы.
Ал Өмірзақ ағаның қуанышы мен қайғысын қатар бөлісіп жүрген Екатерина жеңгей – сүйікті жарының әрі ақылшысы, әрі көмекшісі.
Ақжүніс ана келінді қас-қабақпен тәрбиелесе, бес немерені асты-үстіне түсіп, бағып-қақты. Олардың азамат болғанын көрді. Тағдырына мың қайтара шүкіршілік еткен Ақжүніс үшін бұдан асқан бақыт та жоқ еді…
Ақжүніс ана1997 жылы қайтыс болды. Жер жәннаты Жетісу өңірінің қасиетті Бақанас жерінен топырақ бұйырған АҚЖҮНІС кесенесіне бүгінде ұрпақтары жиі атбасын бұрып, тағзым етеді. Бұл кесене Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты тарихи ескерткіштер қатарына қосылған ерекше ғимарат, сәулет өнерінің жетістігі десек, артық айтқандық емес.
КӨКЕЙДЕН КЕТПЕЙТІН ҚОС ОҚИҒА
Адам баласы түзу жолдан таямын десе, аяқасты. Ондай сәтте қасыңнан қандай адам табылары да белгісіз. Жақсы адам табылса, қол ұшын созып, тұңғиыққа батып бара жатқан жеріңнен суырып алады. Жаман адам балшыққа одан әрі батыра түседі. Ал АНА деген құдірет қай кезде де, қандай ауыр сәтте де перзентінің жанынан табылатын ең адал, ең сенімді дос. Қиындықтан құтқарудың сан-алуан жолдарын білетін де – АНА…
Өмірзақ аға о баста инженер, бригадир болып жұмыс істегенімен, кейіннен сауда саласына ауысады. Сол кезде бір шаруада саудагерлермен шатысып, істі болады. 30-40 шақты ішкі істер министрлігінің адамдары келіп, ауылды бір-ақ күнде түгел жауып тастайды.
– Ана дүкен де жабылған, мына дүкен де жабылған… Мекеменің бәрі жабық, бәрі жерде тек органның адамдары… Бір ай ауылға тексеру жүргізді. Сонда таңертең жұмысыма кетемін, конторға келемін. Күнде бірі кіріп, бірі шығып, сабылып жататын адамдардың бірі де жоқ. Ол кезде жора да көп, жолдас та көп, ағайын да көп, туыс та көп. Құдайдың құтты күні анау да, мынау да хабарласады, жұмысыма іздеп келеді… Содан бір ай бойы кешке дейін өлі тыныштық орнады, не қоңырау болмайды, не ешкім бас сұқпайды, жалғыз өзім состиып отырамын. Сөйлесетін бір адам жоқ. Таңертең келемін, кешке кетемін. Бір күн… екі күн… үш күн… бес күн… үйге де адам соқпай қойды… Біздің үй аялдама сияқты болатын – ары өткен, бері өткен адамдардың бәрі біздің үйге бас сұқпай кетпейтін.
Содан не істеймін?.. Кешке келемін де, бір бөтелке арақты ішіп аламын. Ол мен үшін ұйқы дәрі сияқты болды… ішіп аламын да, ұйықтаймын. Арада оншақты күн өткенде бір бөтелке аздау көрінді, екі бөтелке ішетін болдым. Соның бәрін көріп, біліп жүрген анам бір күні: «Әй, балам, бері кел, отыршы, – деп қасына шақырды. – Сені жұрт «бүгін жауып тастайды екен, ертең жабады екен… түрмеге отырғызады екен…» деп шуылдап жүр. Елдер айта береді ғой… Бірақ сенің мына тіршілігің маған түсініксіз. Жетім бала сияқты, келесің де, бір бөтелке арақты жалғыз ішесің. Соңғы уақытта екі бөтелке болып бара жатыр. Айналайын, мен осы әулетке келгелі сенің үлкен әкеңде бар болып тұрып – жоқ болып қалған, екі рет құлап, екі рет көтерілген. Өз әкең де солай болған… Үлкен әкеңді халық жауы деп атып тастады, өз әкең соғыстан қайтқан жоқ. Сенің жаның солардан артық па? Өлетін болсаң, тыныш өлші, айналайын! Сотталатын болсаң, тыныш соттал. Әйтпесе, біздің берекемізді кетірмей, мына арағыңды қойшы!.. Кім сотталмай жатыр? Азар болса, бес-алты жыл отырып келерсің… мен ұл таптым деп жүрсем, шұлғауға жарамсыз шүберек тапқан екем ғой!..» – деді.
Сол сөзі жеткілікті болды. Бұл 1971 жылғы оқиға еді.
Екінші оқиға – Ақжүніс ана дүниеден озарынан бес-алты жыл бұрын, 90-шы жылдардың басында болған әңгіме.
– Мен ол кезде «Казпотребсоюздың» бастығымын. Бір сіңлісі бар еді, сол әпкеміз менің жұмыс орныма келіп: «Әй, Өмірзақ, шешең 100 жасайды дейсің бе? Қалаға әкелдің де, төрт қабырғаға қамап қойдың… «Олай-бұлай болып кетсем, елге апарып қой» десе, әкеміздің, шешеміздің жатқан жерін елде білетін мен ғанамын. Сондықтан, мен саған сол кісілердің жатқан жерін көрсетейін…» деді.
Мен анаммен қалжыңдаса беретінмін. Содан кешке үйге барғанда анама:
– Сіз бір жаққа жол жүрейін деп жүрсіз бе? – дедім.
– Не боп қалды?
– Білмеймін, төркіндеріңіз сіздің әке-шешеңіздің жатқан жерін көрсетемін дейді… ауылға апарып қой дейді… ана жақтан хабар келіп қалды ма?.. – дедім сабырлы қалпымды бұзбай.
– Сандала береді. Саған кеп жүрген Түгел ғой, шамасы… – Кім келіп, ол әңгіменің кімнен шыққанын да біліп отыр.
– Саған қайбір жылы да айтып едім ғой… Кейін мені бәлен жерге апарып қой дейін-ақ. Бүгін сенің жағдайың бар, бастық боп жүрген шағыңда ол қолыңнан келер. Ал тура мен өлген кезде сенің жағдайың оған келе ме, келмей ме, бір құдайға аян. Мені айтқан жеріме апаруға шамаң келмей қалса, қалған тірі өмірің құсамен өтеді ғой, «анамның аманатын орындай алмадым» деп. Қазір жасым бәленбайға келді, сені әжептәуір бастық деп естиміз ғой, сонда шешең өлгенде ұлтарақтай жер таба алмасаң, онда несіне бастық болып жүрсің?!.» деп, сөзінің соңын әзілге сүйегені бар…
Осы екі әңгіме көкейімде мәңгі жатталып қалды…
Әңгімелескен
Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ
«Ақжүніс-Астана» журналы. 2012 жыл