Майлықожа

Майлықожа мұрасын насихаттаушылар  

Айтқожа Мамытбекұлы – термеші. Ақын мен туысқан Есеханның немересі.
Асан Майлықожаұлы (1864-1921) – Асан негізінен діни сарында өлең жазған. «Зар заман» ақындары санатына қосылады, біраз өлеңдері сақталған.
Асан молда Әсілбекұлы (? Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жартөбе ауылы, 1964 жылы сонда) – Өз заманындағы Ислам қағидаларының білгірі, халық мұрасын жинаушы, сауатты адам болған. Оңтүстікте өмір сүрген Майлықожа, Асан, Жолбарыс, Исабек, Ысқақ ақындардың мұраларын жинап, қалдырған қолжазбалары сақталған.
Әбдімүтәліп Исабекұлы (Әбуше) – термеші, бабасы Майлықожа, әкесі Исабек ақындардың ең таңдаулы негізгі шығармаларын әдебиет зерттеуші Әсілхан Оспанұлына ауызша жатқа айтып жаздырған жан. Өкінішке орай шамамен қырықтар шамасында дүниеден өткен.
Әсілхан Оспанұлы (1924 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Көмешбұлақ ауылы, 2005 жылы Шымкент қаласы) – Ғылым жолындағы алғашқы қадамын 1947 жылы облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде Майлықожаның «Қасқыр» атты мысалын жариялаудан бастайды. Әсілхан өзінің бүкіл саналы өмірін ХІХ-ХХ ғғ. жасаған күнгей ақындарының өнері мен өмірлерін зерттеуге арнаған. Олардың сапында Оңтүстiк Қазақстан аймағының алты бiрдей ақиық ақыны – Мәделiқожа Жүсiпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы және олардың ізін суытпай басқан Ысқақ Құлыншақұлы, Жолбарыс, Асан, Исабек Майлықожаұлдары, Сауытбек, Ақбөпе ақындар бар. Ғалымның елеулі ғылыми еңбектеріне «Қаратау атырабының ақындары» монографиясы (1983 ж.), «Қаратау шайырлары» атты жоғары оқу орындарына арналған көмекшi құрал кітабы (1991 ж.) жатады. Одан бөлек «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары» (1962 ж.) және «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары» (1963 ж.) хрестоматиялық жинақтарды құрастыруға қатысқан. Майлықожаның «Нақыл» (1972 ж.), Нұралының «Сауда ишан» (1974 ж.), Мәделiқожаның «Әдiлет деп…», Құлыншақтың «Өсиетiм», Ергөбектiң «Сағындым дауысын ботаның» атты шығармалар жинақтарын (1991 ж.), Майлықожаның төрт бiрдей кiтабын – «Нақылият», «Дүние-ай», «Тымсал», «Қара сөз» жинақтарын 1993-1994 жылдары, сондай-ақ, Мәделiқожа, Құлыншақ, Жолбарыс, Асан, Исабек, Ергөбек, Сауытбек, Ақбөпе ақындардың шығармаларынан құралған «Семсер сөз» (1995 ж.), Майлықожаның «Әмiр Әмзе» (1996 ж.) кiтаптарын (жиыны 20 кітап) құрастырып, баспаға әзірлеген. 2005 жылы Әсілханның құрастыруымен «Майлықожа» атты көлемді жинағы жарық көрді.
Байболов Қазанқап (1891, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауд. Ұзынбұлақ ауылы – 1945, сонда) – халық ақыны. Балалық шағында Бекасыл мектеп-медресесінде оқып, Сайрам, Шымкент медресесінде білімін жетілдірген. Аққұм ауылындағы мектепте ұстаздық етеді. Жасынан халық ауыз әдебиеті үлгілерін бойына сіңіріп өседі. Әуелі жыршылық жолына түсіп, суырып салма ақындық өнеріне жетілу үстінде қисса-дастандарды жатқа айтып жүріп, өзі де жанынан өлең шығарып машықтанады. Ақын – ел ішінде айтылып жүрген халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинастырумен де айналысқан.
Бибатыр жыршы – Қоңырат елінің Алғи руынан шыққан жыршы. Майлықожаның дастандарын кейінгі кезде ел арасында орындап жүрген шәкірттері болған адам. Мәселен, сондай шәкірттерінің бірі, Қазығұрт тауының етегіндегі Атбұлақ ауылында өткен жыршы Көпжасар Көлбайұлы өз ұстазынан ақынның «Әбділлә бала» дастанын үйреніп, әдебиетші Құралбек Еркөбекке жатқа айтып жаздырған.
Диваев Әбубәкір Ахметжанұлы – Қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларын ыждағаттап жинап, зерттеп, жариялап көп еңбек еткен ғалым, профессор. Ол кісі Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт жақтарынан тапқан мұраларын Қазан, Мәскеу, Ташкент, Омбы қалаларында шығып тұрған газет-журналдарда, ғылыми жинақтарда жариялап отырған. Олардың қатарында «Этнотрафическое обозрение» (Мәскеу), «Материалы для статистики Сырдарьинской области» (Ташкент), «Дала уәләяты» (Омбы), «Түркістан уәләятының газеті» (Ташкент), т.б. бар. Бұларда оның Майлықожа ақынның айтуынан жазып алған ертегілер, аңыз әңгімелері, «Шора батыр» хикаяты бар.
Ешан Әмірханұлы – Майлықожа ақынның қолтаңбасы деп танылған Әмір Әмзе қиссасының түпнұсқасын сақтаушы. Сарыағаш ауданының Жаңатұрмыс ауылының тумасы. Ол кісінің баласы Ұлқожа Ешанұлы аталған дастанды әдебиет зерттеушісі ақын, аудармашы Тұрсынәлі Айнабекұлына табыстаған.
Жүнісмолда Сайфийұлы – Сарыағаш-Жаңатұрмыс ауылынан. Ақынның көптеген жырларын жиып сақтаған. Қолжазбалары Түркстан-Түркология ҒЗИ-институтында сақтаулы.
Исабек Майлықожаұлы (1895-1935) – Ірі ақын болған, көптеген мұрасы сақталған.
Көпжасар Көлбайұлы – Майлықожа ақынның «Әбілда бала» дастанын, баска да шығармаларын ел арасында орындап келген жыршы.
Қалқожаұлы Жүсіпқожа (шамамен 1850-1930 ) – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында туып-өскен. Жүсіпқожа Қоқан билігі кезінде Датқалыққа сайланған Аббас (Аппаз) қожаның хатшысы болған. Өз заманында Майлықожамен замандас, бірге жүрген адам болғандықтан Жүсіпқожа жазып қалдырған Майлықожа өлеңдері түпнұсқаға жақын деп санауға негіз бар. Жинаққа Жүсіпқожа жазып қалдырған ақынның өлеңдері дерліктей енгізілді. Жүсіпқожадан Түймеқожа, одан Аспандияр (Дияр), Ахмед есімді екі ұлы болған. Әулеті бар.
Қанахин Өтебай – Майлықожа ақынның қара сөзбен баяндаған «Шора батыр» хикаятының үрдісін жалғастырып, халқымыздың «Қобыланды батыр» жырын қара сөзбен баяндап бастырған белгілі жазушы.
Қысыраубек Амантаев (1925-2002 жж.) – Ордабасы, Шұбар-шама, Қаратаудың күнгейіндегі ақындардың мұрасын ең бір жүйелі түрде жиып, хатқа түсіріп, академияға тапсырған ардақты азамат.
Мәжит Ілиясқаров – Оңтүстік Қазақстанның Жұмат Шанин атындағы облыстық театрының көрнекті әртісі. Қазақтың жоғарғы білімді тұңғыш режиссері Аскар Тоқпановтың түлегі. Баспасөзде қазақ мәдениетінің уәкілдері туралы ойлы мақалалар жазған. Жамбыл облысына сапары барысында, Майлыкожаның «Ноғай мырзаға» арнау жырының бір нұсқасын жазып алған.
Мәкен Полатқожаев – қазақтың аса көрнекті ақыны Өтебай Тұрманжанов пен бірге Майлықожа ақын шығармаларын жинап, «Жаңа әдебиет» журналында жарияласқан адам.
Нұрманов Темірхан – Сарыағаш ауданы Ынтымақ (Жартытөбе) елді-мекенінің тұрғыны. Термеші, ақын.
Сәрсенбай Қайыпжанов – Жамбыл облысының Меркі ауданының азаматы. Майлықожа ақынның «Ноғай мырзаға» арнау өлеңін Жұмат Шанин атындағы облыстық театрдың әртісі Мәжит Ілиясқаровқа жатқа айтып жаздырған.
Сейт Омар Саттаров (1943 жыл) – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тумасы.Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы. Белгілі шежіресі. Майлықожа мұрасын жинау, дәріптеу, жарыққа шығару ісінде көп еңбек еткен. С. Саттаров 1995 жылы Қарабастауда Майлықожа ақынның күмбезін тұрғызу ісіне белсене ат салысты. 2009 жылы ақынның 175 жылдығына орай Түркістан қаласында Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ-да «Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар дәстүрі» атты халықаралық ғылми теориялық конференцияның ұйымдастыру шараларына тікелей араласып, конференция құрметіне өзінің жеке мұрағатындағы ақын шығармаларын жинақ етіп құрастырды (Майлықожа. Шымкент, 2009). Сонымен бірге 2010 жылы ақынның Астана қаласында ҚР Президентінің мәдениет сарайында Майлықожаның терме кеші қарсаңында, «М. Сұлтанқожаұлы. «Терме-толғау» кітабы Алматыда «Ата мұра» баспасында жарық көрді. Мәдени мұра жобасы бойынша-қолжазбалар негәізінде 24-кітап берген. Соның ішінде 74-75-томдары Майлықожа еңбектері. Ел ішінде Жүсіпқожаұлы қолжазбасын сақтаушы Түймелиев Ыбраһым, Асылбекұлы Асанқожа қолжазбасын сақтаған Әбжәмілұлы Рүстем, Шөкенов Сейтқазы, Саийфев Жүнісмолда, Тұрсынәлі Айнабеков, Датқа ұлы Кайфиддин, Ергөбек Құралбек секілді азаматтар мен тығыз байланыста болып, Майлықожа шығармаларының мемлекеттік мұрағаттар мен қолжазба қорларында сақталуына зор үлес қосты.
Тәжіхан Әуезұлы – Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының тұрғыны. Сарыағаш, Ордабасы аудандарында жерге орналастырушы болып қызмет істеген. Майлықожа ақынның «Қашыр-құшыр шайнайтын қайран тісім» деген және тағы басқа шығармаларын жатқа айтып жаздырған кісі.
Тұрсынәлі Айнабекұлы – Сарыағаш ауданының құрметті азаматы аудармашы, ақын, термеші, әдебиет зерттеушісі. Онтүстік Қазақстан облысының өткендегі айтулы ақындары Мәделіқожа, Майлықожа, Ергөбек, Жолбарыс, Асан, Исабек ақындардың шығармашылығын толықтыруда мәдени мәні зор қызмет аткарып келе жатқан зиялы жан. Өз шығармашылық қызметінің нәтижесін айтқанда, ол кісінің – «Қауыснама», «Диуани хиқмет – даналык кітабы» аудармалары, «Сәйітнама» сынды шежіре кітаптары арқылы оқырманға таныс. Мұхаммед (С.Ә.У.) пайғамбарымыздың немере інісі Әзіреті Әлі Әбутәліпұлының сезімтал өлеңдерін шешендік сөздерімен қазак жұртшылығын облыстық «Оңтүстік Қазақстан», қалалық «Шымкент келбеті» газеттері арқылы тұңғыш таныстырған.
Тұрсынов М. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны.
Мұнан сырт Майлықожа мұрасын ел ішінде дәріптеп жүрген бір қатар ақын, термеші, жыршылармен қатар, қолжазба мұраларын сақтаушылардың есімдері:

Жатқа айтушылар – Жолбарыс Майлықожаұлы, Мәлік Батырқожаұлы, Орынбек Рахымбеков, Рахманберді Мейірбеков, Арынқожа Мырзаев, Орынхан Бархатов, Қарсыбай Ақтаев, Мыңбай жыршы, Сейітбаттал жыршы, Ергеш жыршы, Жәкен Омаров, Махышев Сабыр, Әзім Полатбеков, Жүсіпов Сүлеймен, Нышанбай Шардарбеков, Тайлақ Әбажұлы,.

Қолжазба сақтағандар: Жүсіпқожаұлы Түймеқожа, Шөкенов Сейтқазы, Сыдықов Омарқожа, Абдқадыров Ермекбай, Тұрсынәлі Айнабеков, Сманов Шағырбай, Аширов Ешентай,Түймелиев Испандияр, Түймелиев Ахмед, Құралбек Жолдасұлы Ергөбек (Түркістан обл. Қазығұрт ауданы), Түркістан қаласының тұрғыны Керімбеков Кенжебек, Арыс ауданы Монтайтас ауылының тұрғыны – Абдраймов Мұрат, Ағыбайұлы Ереген.

Шежіреші, жазушы Сейітомар Саттаровтың 2018 жылы Алматыда жарық көрген «МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫНЫҢ ТОЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ» атты кітабынан алынды.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button