Майлықожа

Жақсы болса жұбайың

Майлықожаның термесі

Көштің көркі түйе еді,
Шыңырауға Қауға байлап бақ.
Жетекші келер жылқы мал,
Семізін мініп айдап бақ.
Қой деген мал береке,
Қолайлы қоныс жайлатпақ.
Сиыр, өгіз тоқ қылар,
Түнеген жері айбатпақ.
Шаруа болсаң, мәнісін
Әр қайсысының ойлап тап.
Есектің жолы қатқалақ,
Кетірер есін батқалақ.
Есі жарым баланы
Жарамас сірә мақтамақ.
Шала жүйрік ат бітсе,
Басыңа бейнет таптамақ.
Жақсы асыңды жат жесін,
Жұртың мерей ап қалмақ.
Жаман қоңсың қонақпен
Қосыла жаулар қапталдап.
Қарауыл қойсаң қорқақты,
Жау көрмей қашар аттандап.
Азығыңды азайтсаң,
Аптада ұн қыл батпандап.
Ауызың асқа тез тиер,
Асығыс болып жатқанда – ақ.
Дихан ақылын танысаң,
Көп айдалған тапқа бақ.
Атыңа батса алтын ер,
Атып ұр да, отқа жақ.
Ынтымақ, үлгі іздесең,
Кәриясы басшы топқа бақ.
Жасанған жауды көрсең де,
Әруаққа теріс боқтамақ.
Боқтағаның бей пайда,
Әжет – ті мылтық оқтамақ.
Жарамды ұлдың белгісі,
Жастықтың тұзын ақтамақ.
Өзіңе сыймай шыққан сыр,
Біреуге қиын тоқтамақ.
Тас атқанға ас бермек,
Жарамас кінә сақтамақ.
Жабысар итке ат қояр,
Бөрбасарлап, сырттандап.
Жаман адам зорлықшыл,
Жақын жерге тыртаңдап.
Ажарсыз жігіт қатынға
Алдырар сырын жыртаңдап.
Бақ қонады ұн таңдап,
Қонақ қонар үй таңдап.
Болымы жоқ бозбала,
Бейнеттен қашар бұлтаңдап.
Қас жүйрікке жолықсаң,
Жолда қалмас күй таңдап.
Қазан аттың осалы,
Таты болар қиқандап.
Қас татының жаманы
Қаракеш болар сипаңдап.
Қалбағайлы түйелер
Жүк көтермес салтаңдап.
Аруанадан туған нар,
Көп көтерер талтаңдап.
Түйілсе жаман өкпешіл,
Түйеден бетер қаңқаңдап,
Сиырдан бетер таңқаңдап,
Жаманның сөзін көтерсең
Бір қорқытып алдым деп,
Соңыңнан қалмас жалпандап.
Ат қадірін білмеген
Батбақта қалар салпаңдап.
Ас қадірін білмеген
Ашықпай қалмас аңқаңдап.
Сыпайының баласы,
Талқанға зәрлі, бал таңдап,
Ырыс қалың жігіттің
Қатыны шаруа томпаңдап.
Жаман қатын көп ұйықтар,
Оятсаң араз қоңқаңдап…
Көргенді жерден қыз алсаң,
Атыңды ерттер жүгендеп.
Далаға жүрер уақта
Керектіңді түгендеп.
Түнде көрсең күндіздей,
Көңілің құш – ақ сүймеңдеп.
Көрсетеді көзіңе,
«Былтырғы берген инең » деп,
Құрала берер дүниең көп.
Билікті салсаң соған сал,
Бір сөз айтпа «бұл нең? » деп.
Жаман қатын қаптағы,
Жүніңді тауысар күйбеңдеп.
Аттершіден алғаны,
Айна, тарақ, ірең боп.
«Әлгің қайда?» дер айтсаң,
Бәлеге қояр сүйреңдеп.
Белге соққан жыландай
Амалың құрыр күйреңдеп,
Маңлайыңа салған соң,
Соған күнің қалған соң,
Әркімменен бірдей деп,
Жасырасын күргейлеп.
Қыла ғой деген жұмысың,
Қилаға кетер сүрдей боп.
Ауыл көшсе «ал, алдап»,
Артасың жүгін амалдап
Өзіңе жүкті жидырар
Ол қозғалмас табандап.
Ел жатарда ас жейсің,
Шикі қылса шабандап.
«Сен құрыттың мені» дер,
Тағы өзіңді жамандап.
Деміңді зорға аларсың,
Өліп талып шамалдап.
Жақсы болса қатының,
Ер егізің – жақының …
Жан – денең де жай тауып,
Тола да болар ақылың.
Өзіңе керек жұмыстан,
Көрмейсің істің қапылын.
Сол секілді әйелдің
Алтынға беріп болмайды
Шаштарының әр қылын.
Жаман болса қатының,
Ұқсайды тілі шешекке,
Ызаға толар қос өкпе.
Әр жұмысты қылғанда,
Жолықтырар кесетке.
Жамбасың үйір боп кетер
Жастағы қатты төсекке.
Қаншама жақсы сөз айтсаң,
Алмайды оны есепке,
Арманда өтер өмірің-
Артылғандай есекке.
Жақсы қатын жігіттің,
Кесектен соққан кентіңдей,
Дүниенің тұйық ментіндей.
Сары майға былғаған
Алуа, шекер, жентіндей.
Шоқтығы биік ат мінсең,
Көкпарда көңілің еркіңдей.
Шолпан жұлдыз жар алсаң,
Кіргізеді көркіңді – ей.
Қызықтықпен өткен күн
Болмай кетер бір күндей.
Алғаның жаман жолықса,
Нетесің дүние шіркінді – ей?!
Қатының жаман жолықса
Халық ішінде қатты дақ,
Қыз алманққа саған бақ.
Сондай жаман боп тұрып,
Сөйлеуін қоймас шалықтап.
Қамшыңды берсең қолына,
Тапсырмас қайтып анықтап.
Тапсыра алмайсың ешнәрсе
Бұрыннан сырын алып қап.
Өз отанын болған соң,
Кете алмайсың қалықтап.
Содай сірә күн болса,
Мың қой қырқып жүн болса,
Арқан, тұсау, қап, жазы-
Базардан сатып алып бақ
Оныңды да тоздырар,
Сандыққа құлыптап салып бақ.
Жұмсаудан жағың таласын,
Ісінің көріп шаласын.
Бір желеуді айтады,
Көре тұра нанасын.
Тағы да өзі сыр берер,
Анығына қанасын…
Ақырын құдай оңда де
Бар үзірі сол – дағы,
Тауып берсе баласын.
Алғаның жаман жолықса,
Үйіңнің іші шаң болар,
Ісіңнің бәрі қан болар.
Сол әлімен тұрмайды,
Киім таңдап таң болар.
Әңгіме – жанжал тоздырар,
Өзгеден өзін оздырар
Жиынға киер жібекті,
Тезек теріп тоздырар.
«Қай жеріңнен тойдым?» деп,
«Не көрсетіп қойдың?» деп,
Тағы өзіңді жазғырар.
Айтқанына қоғам боп,
Дүнием болсын соған деп,
Үстінде болар жан – тәнің…
Қатыны жақсы адамдар,
Тез қартайып қарымас,
Өтетұғын өмірге,
Қатыннан жақын табылмас.
Іші – сырты тең сұлу,
Әйел емес, үр деңіз,
Ондай үрге жолыққан,
Ол үзірде жүр деңіз.
Бас, бәдені жарасқан,
Әйелдің аты бір деңіз.
Сол секілді жар бар
Үр құшқанмен тұр деңіз.
Іші – тысы тең жаман,
Қап – қара батпақ лай – ды,
Оған душар болғандар
Өкінішпен жылайды.
Тілеу тіле, жігіттер,
Жақсы қылсын жұбайды.
Алғаның жаман жолықса,
Нетесің дүние шұрайды?
Алған жары жігіттің
Қап – қара болса кескіні,
Айдан ап – пақ сұлудың,
Тең келмес оған ешбірі.
Қара қойдан оза ма,
Мақтасаң ақ ешкіні?
Алдымдағы жақсылар,
Жаман қатын жігіттің
Тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.
Жақсы қатын жігіттің
Адам қылар жаманын,
Ұшқыр қылар шабанын

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button