Жүсіпқожаұлы Түймеқожаға жазған хаты
Жолбарыс ақын 1861жылы дүниеге келіп, 1924 жылы дүниеден өткен. Түйме қожа Жүсіпқожаұлы 1898 жылы туылып, 1998 жылы әлемнен өтті. Екеуінің арасы 37 жыл. Бірақ Жолбарыс ақын Түйме қожаға хат жазып отырған уақытта Аббас қожа да бақилық болған.
1921 жылдар көлемінде Жүсіп қожа Аббас датқаның хатшысы болған деп, қожа деп, бай деп үш әріптің жігіттері қамауға алады. Үйін хаттап, мал-дүниесін тегіс сыпырып алып, өзін әйелімен бірге Ташкентке апарып қама деп, сол елден шыққан жас милиция жігітке айдатады. Жүсіпқожа «мынау тым жас екен, егде, қарулы бір адам қоссаңдаршы» депті. Жүсіпқожа өте ірі денелі, қуатты адам болған. Бірақ мұндағы жігіттер қолында мылтығы бар адамға не істейді деп сөзін елемейді. Жүсіпқожаны әйелімен айдап кеткен азамат сол кеткеннен жоқ болып кеткен. Жолбарыс ақын хатты Түймеге 1920 жылдар көлемінде жазып отыр. Бұл уақытта 1916 жылы 81 жасында Аббас датқа өз ажалынан қайтыс болған.
Түймеқожа бенде едің туған дараз,
Тағаңнан датқалық нам шыққан ауаз.
Мәртебеңнің ұлықтық сыпатына,
Лайықты қояйын жазып қағаз.
Аббасқожа ағаңнан әлем өтті,
Тәрізі бөтен кісі еді, хан сүйекті.
Аббасқа Жүсіпқожа іні болып,
Датқаның қызын Құдай нәсіп етті.
Аббасқа молда Қошық даңдар[1] болып,
Екеуі шыққан еді хандар болып.
Айдарбек төременен Мәдіқожа,
Қуандық сондай дегдар жандар болып.
Жүсіпқожа қағазға білгір болды,
Түбім бір әм замандас, құрбым болды.
Қожадан қадыр, әділет аударғанда,
Көңіл сүйеу бір ауыс бұл күндері.
Сырдариядан ақыры келдім көшіп,
Үзілді Сырдариядан тұзым нәсіп.
Мың басы бір мархабат қып қойғанда,
Шат болып қайтып жүрдім, көңлім толып.
Ол кісі кетті ахырет сапарына,
Үш ояз қанған еді атағына.
Арт жағынан қыламын шүкірлікті,
Жоспарды қойдым-ау деп қатарына.
Мәжілісім қызық болып күндер барар,
Қапалығым көп еді қабақ жарар.
Біраз жылдар дидарлас жақын халде,
Жүсіпті Жаппар Алла қойды қатар.
Бұл қалай деп қайрылдым оған хайыр,
Түйсігі түп көңілдің болды зайыр.
Артын Құдай қайырлы айласын деп,
Қазаның қысымына қылдым шүкір.
Бірімізге біріміз құйрық, қанат,
Қағазда сол жұмыс кетті ағат.
Дүниедегі бар ісім жай тапқандай,
Құрсант болдым итахат[2] қылған замат.
Бір Жүсіп еді көрген-білген танысымен,
Осыны іздеп тауып ем келісімен.
Жазбаған Құдайға деп әулетімен,
Жалғыз өзі келіскен көңілімнен.
Дегдарлар Аббасбек, Түйме, Мәді,
Мәді тәрзі данаға ел разы.
Түймеде қызметтің ниязы бар,
Ескі аудан, ескі қазан үлкен ұлы.
Тастық қылып жұртынан алғандарға,
Жақсы жандар деген сөз бастан барды.
Жүсіпқожа бізбенен көз тарттырдық,
Ісіңіз қуат бергей жас балдарға.
Енді саған келемін қылмай тағат,
Елде сабыр деген сөз емес апат.
Қожаның ойлағаны тілеуі біз,
Құдайым балалардан қылсын сихат.
Сәл бұрын байтақ еді асыл қадыр,
Жарастықтық қылмады кімді зәрүр.
Көңілімде осылай ойлану жоқ,
Думанға қосылдық деп осы не бір.
Есіл датқа ниетке жетпей кетті,
Қапа болып сол дерттен оңбай кетті.
Ауазаға ілінген көп ақшаның,
Дертке басар біреуін алмай өтті.
Қайырдың даналығы ашық еді.
Пайызы барша жанға нәсіп еді.
Ендігі елдік басы осы екен деп,
Қожада тегіс тоқтап қалып еді.
Ауазаға ілінген көп ақша, Аббас датқаның Ташкенттік Ивановқа сол кездегі Тасқұлақ суының бас жағынан екі-үш жүз гектар жерді сатып алып, адырда мал соңында жүрген ағайынын әкеліп орналастырмақ болып берген кепілдік ақшасы. Бірақ ел арасындағы алаауыздық, Аббас датқа бар қожаға басшы болып кете ме деген қауіп бар деп, аяғымен жүрген малды кесекке айырбастамаймыз деп келмей қойған. Аббас датқа елдің өз пайдасын білмей қауесетке еріп кеткеніне қапа болып, тірліктен қол үзіп отырып қалған. Ивановқа берілген ақшаны да іздемеген.
Әбдірахманға хат
Әбдірахман – Молда Қошықтың немересі.
( Молда Қошық – Нарбек – Әбдірахман)
Аман-есен болдың ба,
Әбдірақман қарағым.
Үш жүз түгел аңлаған,
Атаңның озған дерегін.
Бұл уақытта біледі,
Ақылыңның зерегін.
Перен туған ай мақсат,
Дабысың шыққан ер едің.
Жолшы, жолдас алысқандар,
Дұшпаның аспас өр едің.
Қайың сүйек, ай Рахмет,
Жүрегің түкті бөрі едің.
Молда Хұсайын, қул Қадырбек,
Жалайыр өскен сыр едің.
Әулеттері датқаның,
Бәрің де заман сыры едің.
Саламат Құдай сақтаса,
Жолықсам барып дер едім.
Атаң халықты бақтырған,
Орын алдың төрінен,
Жоғары-төмен сөз қылған,
Әбүйірге кез қылған,
Заманыңнан әрқалай,
Мәртебесін оздырған.
Бағдарын солай оздырдың,
Нәсілің дегдар бек едің,
Басында озық боп едің.
Ақын қожаның сөзінде,
Әбдірахман бала-ақ деп,
Көңілінде болса талап деп,
Әсілден болған сен едің,
Су аяқ сұңқар тұған деп.
Аңладым осылай дегенін,
Құлақтарың сезгенді,
Бұл қожаңның жөнелін.
Ақыретке аттанды,
Ықырар болып жатқан-ды,
Әзіз Төле тұлпардың,
Орнына барсам деп едім.
Өтеді дүние бір күн деп,
Бұзылмайды ісі кімнің деп,
Дидарласпақ ғанибет,
Көрейін аты құрсын деп,
Сырдан бермен талап қып,
Амандаспақ жақсылар,
Менің де іздеп келгенім.
Қырық мың ләшкер ерткені,
Молда Қошық датқаны.
Ай батқандай жауласып,
Ғам шаһары шыдатты,
Он екі бірдей қақпаны.
Қарсыласқан қазыны,
Әбүйір болды жапқаны.
Талайларды түңілтіп,
Тоз-тоз қылып шапқаны.
Қырқысып бақыт тапқандай,
Озған екен бақтары.
Аузында елдің сөз болған,
Жүрген, тұрған, жатқаны.
Атын айтпай болмайды,
Қырғыз, қазақ сырлары.
Қоңырат елде Қанайдың,
Озып шыққан даңқтары.
Тұрлыбек пен Нарбекті,
Аққан, тамған мақтады.
Иліге алмай алмастай,
Тасқа салса қайтпады.
Тұрлыбек, Нарбек атанып,
Алашқа қалды аттары.
Қоңырат пен Қаңлы, Шанышқылы,
Екеуіне матасып,
Мәртебесі кең болып,
Бұлтқа басы жеткендей,
Мың басы Орал шыққанда,
Шашылмай даңққа жатпады.
Дәстүрді хандай оздырып,
Молда Есенбай ғазиз боп,
Атасын ертіп жасур[3] боп,
Көп жүрсе күнә улғаяр,
Үйілді бізге дағдарып,
Дүниеге көңілі шаппады.
Ермекбайдың көңілінде,
Қияметтің қалды дақтары.
Лашындай Ерматқа,
Сыпаның еді тапқаны.
Күле сөйлеп іс тұтып,
Халыққа болған жаққаны.
Қаңлыдағы Есіркеп,
Адамның құрмет мәрттары.
Сақылық нәпар артқаны. пейіл
Нұрымбет бидің балдары,
Ұсынып туған жатқаны.
Тік турып мейман баққаны.
Елге басшы ерлерді,
Ажал келіп саптады.
Жұртты ұстаған бектерім,
Дүниені жай қып құшпады.
Қолжазбалардан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы
[1] атақты, даңқт
[2] төзімділік
[3] ер, батыр