Майлықожа

Ырысы қалың жігіттің

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Рысы қалың жігіттің

Қатыны шаруа томпаңдап.

Жаман қатын көп ұйықтар,

Оятсаң араз қоңқылдап.

Амалыңның жоғынан

Ұмтыласың оңқаңдап.

«Бермен жат» деп сен айтсаң,

Ол теріс қарар бұртаңдап.

Қырық жетімнің малы деп,

Қырық ханымның жаны деп,

Сенен жақын қаны деп,

Бір ентігіп жортаңдап,

Басыласың шоңқаңдап.

Көргенді жерден қыз алсаң,

Атыңды ерттер жүгендеп.

Далаға жүрер уақытта

Керекті ісің түгендеп.

Түнде көрсең күндіздей,

Көңілің хошуақыт сүймең деп.

Көрсетеді көзіңе

«Былтырғы берген айнаң» деп,

Құрала берер дүниең кеп.

Билікті салсаң соған сал,

Бір сөз айтпа «бұ нең» деп.

Жаман қатын қаптағы

Жүніңді тауысар күймеңдеп.

Аттаршыдан алғаны

Айна, тарақ ерең боп.

«Әлгің қайда?» деп айтсаң,

Бәлеге қояр сүйреңдеп.

Белге соққан жыландай,

Амалың құрыр киреңдеп.

Маңлайыңа салған соң,

Соған күнің қалған соң,

Әр кімменен бірдей деп,

Жасырарсың көзге елеп.

Қыла ғой деген жұмысың,

Қилыға кетер сордай боп.

Ауыл көшсе «ал-алдап»,

Артысып жүгін амалдап,

Өзіңе жүгін жиғызар

Ол қозғалмас табандап.

Ел жатарда ас ішесің,

Шикі-пісі шабандап.

«Сен құрттың мені» дер,

Тағы өзіңді жамандап.

Деміңді зорға аласың,

Өліп-талып шамалдап.

Хатының жаман жолықса,

Халық ішінде қатты дақ,

Қыз алмаққа саған бақ.

Сондай жаман боп тұрып,

Сөйлеуін қоймас шалықтап.

Үйің, мүлкің боған соң,

Қаша алмассың қалықтап.

Қамшыңды берсең қолына,

Тапсырмас қайта анықтап.

Ондай сауда күн болса,

Мың қой қырқып жүн болса,

Қарама оған ұл болса,

Арқан, тұсау, қап, жазы

Базардан сатып алып бақ.

Оныңды да тоздырар

Сандыққа құлып салып бақ.

Жұмсаудан жаңың таласың,

Ісінің көріп шаласын,

Бір желеуді айтады,

Біле тұра нанасың.

Тағы өзі сыр берер

Анығына қанасың.

Жібітпесең амал жоқ,

Бұйым салғыш шанашың.

«Көтінен Құдай оңла» деп,

«Ырыссыз бақыр болма» деп,

Бар Қызырың сол-дағы,

Туып берсе баласын.

Ада болмас айтқанмен

Жаман қатын кеңес-ай.

Құдай басқа салған соң,

Соныкі мақұл не десе-ай.

Үйренген соң адамның

Білмей кетер денесі-ай.

Жақсы менен жаманның

Бірдей дейді немесі-ай.

Арқалаған адамның

Басында сенер көзісі-ай.

Бұрынғы мен соңғының

Айтыла жүрген сөзі осы-ай.

Жақсы болса қатының

Ер егізің жақының.

Арғымақ таңлап мінгендей,

Сарыпай сыйлап кигендей,

Сүйсінер көңілің, тақымың.

Жан тәніңде жай тауып,

Толы болар ақылың.

Өзіңе керек жұмыстан

Көрмейсің оның ғапылын.

Үстіңдегі көк бұлт,

Қоңыр даңғыл салқының.

Алтынға беріп болмайды

Ол секілді әйелдің

Шаштарының бір қылын.

Айтқаныма қоғам деп,

Дүние болса соған деп,

Үстіңде болар жан-тәнің.

Жаман болса қатының,

Ұқсайды тілі шешекке,

Ызаға толар қос өкпе.

Әр жұмысты қылғанда,

Жолықтырар кесетке.

Жамбасың үйір боп кетер

Жастығы қатты төсекке.

Қанша жақсы сөз айтсаң,

Алмайды оны есепке.

Арманда өтер өмірің,

Артылғандай есекке.

Үйіңнің бәрі шаң болар,

Ісіңнің бәрі хам болар,

Сол халмен тек тұрмай,

Киім таңлап паң болар.

Әңгіме, жанжал қоздырар,

Аузымен өзін оздырар.

Жиынға киер жібекті

Тезек тасып тоздырар.

«Қай дүниеңнен тойдым, – деп,

Не көрсетіп қойдың?» – деп,

Өзіңді келіп жазғырар.

Дүние, мүлкің әбігер

Қай ісіңді мәз қылар.

Ақылы жоқ сұлудың

[1] қатар ажары.

Әр ісіңді көргеннің

Бір бәсейер назары.

Сөзі болмас мазалы,

Өтімсіз оның базары.

Көрік берсе де Құдайым,

Кем қасиет қылса азалы.

Ақылы жақсы әйелдің

Қап-қара болса кеспірі.

Айдан аппақ сұлудың

Тең келмес оған ешбірі.

Қара қойдан оза ма,

Мақтасаң ақ ешкіні.

Іші нұрлы болмаса,

Не пайда сыртқы кескіні.

Жақсы қатын жігіттің

Кепкіден соққан кентіндей,

Дүниенің толық бетіндей.

Шырындығың арылмас

Шырыннан қылған жентіндей.

Ойыңдағы жұмысың,

Өзге жерге барылмас.

Қатыны жақсы адамдар

Күштен кетіп қарымас,

Маламат сөз дарымас.

Өтетұғын дүниеге

Қатыннан жақын табылмас.

Жақсы қатын ерге дос,

Сол туысқан бауырлас.

Тілеу тіле жақсылар,

Алған жары жігіттің

Ақылды болсын бес күні.

Жаман қатын жақсы ердің

Тайдырады табанын,

Тар қылады заманын.

Жақсы қатын жігіттің

Адам қылар жаманын,

Ұшқыр қылар шабанын.

Қойдың орны қоңырсып,

Қорасы батпақ паданың.

Қатынның сөзі таусымас,

Қоялық енді қағанын.

[1] Мәтін түсініксіз

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button