Асылдың сынығы – сұлтан Жапар Кенесарыханұлы (1832-1880)
Рашид ОРАЗОВ - Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері

ХІХ ғасырдың 50-жылдарында патша өкіметінің Қазақ даласына екі бағыт бойынша: Солтүстік арқылы Шығысты басып өтіп, Жетісуға басып кірсе, Батыс арқылы қимылдаған патша әкімшілігі Арал өңіріне өз бекіністерін сала отырып, Сырдың төменгі бойына орналасуға ұмтылады. Осылайша екі жақтан қыспаққа алған патшалық Ресей қазақ даласының Оңтүстік бөлігін империяның құрамына енгізуге түпкілікті түрде кірісе бастайды. Ал орыстардың бұл басқыншылық саясаты болса жергілікті халықты ғана емес көрші жатқан Қоқан хандығының да наразылығын туғызады. Сондықтан Қоқан хандығы басқыншылыққа қарсы тосқауыл қою үшін әр түрлі айла-әрекеттер мен іс-қимылдарға барады. Сондай амалдардың бір түрі патша өкіметінің билігін мойындағысы келмеген қазақ сұлтандары мен ру басшыларын қарамағына алып, оларға қоныс беріп, әр түрлі қызметтерге тартады. Міне осындай қызметтерді иеленген Кенесарының ұлдары Созақтың маңына қоныстанып, сол жерден қазақ халқының азаттығы үшін өмірін қиған әкесінің жолын жалғастыруға белсене түрде кіріседі. Әкесінің азаттық жолындағы күресін оның балалары жалғастырады. Әсіресе солардың ішінде Жапар мен Сыздық сұлтандар еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресін ерекше өжеттілік пен айбындылық және табандылық арқылы көрсетеді. Жапар мен Сыздық сұлтандардың мұндай қасиет тікелей арғы атасы Абылай ханнан қонса керек. Әкесінің қазасынан кейін, оның күрес жолын жалғастырған ұлы Жапар сұлтан болғандығын архив қорларында сақталған деректер растай түседі.
Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеу еңбектерінде Жапар сұлтанға қатысты мәліметті алғаш Н. Коншиннің зерттеу мақаласынан кездестіреміз. Ал қазан төңкерісінен кейін 1946 жылы Ташкентте кандидаттық жұмыс қорғаған Е. Ділмұхамедов еңбегінде Жапар сұлтанға арнайы тоқталып, әкесінің күрес жолын Жапар мен Сыздық сұлтандар жалғастырғанын нақты архив құжаттарымен көрсете отырып, аталған сұлтандарға қатысты деректердің дені Ташкент архивінде жатқандығын зерттеушілер қаперіне салады. Зерттеуші А. Махаева Жапар сұлтанның әкесі Кенесарымен бірге қырғыздарға қарсы күреске қатысқанын жазады. Ондағы мәліметке қарағанда, Кенесары хан тұтқынға түскен баласы Жапар төрені босатып алу үшін Ағыбай батыр мен Ержан төрені екі рет Орман манапқа елшікке жібереді, содан соң, Орман манап Жапар төрені 6 жолдасымен босатады деген деректерді келтіреді. Аталған мәліметке назар салсақ 1846-1847 жылдары Жапар сұлтан әкесі Кенесарының әскерімен бірге қырғыздарға қарсы күреске қатысып, қырғыздарға тұтқынға түсіп, кейіннен босағанын байқаймыз. Ал архив қорларында сақталған мына құжатта Сібір қазақтарының шекаралық басқармасының қызметін атқарушы подполковник Спиридонов 1847 жылы 28 тамызда Кенесары ұрпақтарының қайда тұратындығы туралы мәлімет жинау үшін, Ақмола округіне мынадай нақты нұсқау берді: бірінші, Сұлтан Көшек және Кенесары ұрпақтары қандай рулармен бірге тұратындығын анықтауды, олардың нақты түтін саны қанша екендігін және Кенесарының қазасынан кейін олардың қайда көшкендігі мен тұрақтаған мекенін анықтауды; Екіншіден, Кенесарының баласы Жапардың жасын және оның қазақтар арасындағы беделін анықтауды; үшіншіден, Жапардан басқа Кенесарының қандай балаларының барлығын, сондай-ақ Саржанның ұрпақтары жайлы олардың қайда көшіп қонатындығын анықтауды тапсырды. Бұл Ресей империясының Кенесары ұрпақтарын әрбір басқан ізін бақылауда ұстау ниетінен туған болатын.
Осы шараға орай тікелей тапсырма алған Ақмола округінің аға сұлтаны полковник Құдайменді 1847 жылы 23 қазанда төмендегідей жауап жолдады: сұлтан Көшек пен Кенесарының ұрпақтары Ағыз Қалқаман болыстығының биі Бұланбай және Садырбек бастаған 60 түтінмен, Әлеке Байдаланың Сүйін Хожақанов бастаған 70 түтіні, Қарауылдың Балтабек пен Шалақұт бастаған 100 түтіні, Шұбыртпалының Маныбай мен Ағыбай бастаған 70 үйлі түтіні, Байторы Теменгі болыстығының биі Кенже Тәттімбетов бастаған 30 үйлі түтіні және төлеңгітттері мен Жекебатыр Шонқұт бастаған 90 үйлі түтінмен бұл күндері Созақ пен Түркістан қаласының аралығында Қаратау тауының етегіне қоныстанғандығын; Кенесарының баласы Жапардың жасы 15-те қазақтардың арасында беделінің жоғарылығын баяндай отырып, Кенесарының одан басқа да екі ұлын көрсетіп, Тайшық 13-те, Ахмет 9-да, Саржаннан бір бала қалғандығын, ол Қошқарбай 12 жаста деп көрсетеді. Яғни, Жапар 1832 жылы туылған болып шығады. Бұл жерде Құдайменді тек Күнімжаннан туған үш ұлды ғана көрсетіп, ал Жаңылдан тараған ұлдарды айтпаған. Сонымен қатар, Тайшық пен Ахметтің жастарын көрсеткенде қателікке ұрынған. Кезінде бұл жөнінде Ахмет Кенесариннің еңбегінде 1847 жылы Кенесары қаза тапқанда Тайшық 20 жаста, Ахмет бес жаста деп көрсеткен болатын.
Ал бұдан әрі Жапар сұлтанның өміріне қатысты Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасындағы құжаттарда 1850 жылғы 11 қыркүйекте Жапар мен Қошқарбай Саржанұлы бастаған 900 адам осы жылғы жаз айында Сібір генерал – губернаторлығына қарасты Тоқа Байбасшы болыстығынан жеті мәрте алты мыңдай жылқыны барымталаса, Қаракесек Байбасшы болыстығы ауылдарынан да жылқы барымталады дейді. Ақмола округының басшысы Сібір шекаралық басқармасына берген мәліметінде Кенесарыұлы Жапар мен Саржанның балалары Байменді, Иса бастаған 140 адам мамыр айының 19-ында Айтқожа Қарпық болыстығынан 2400 мал барымталап, осы болыстықтан бірнеше адамды жаралап, олар Шу бойына қарай кетті дей отырып, соңынан әскер шығаруды өтінеді. Ал, шындығында Кенесары ұрпақтары Ресей билігі қарасты ауылдардағы әкесі Кенесарының отаршылық басқыншылыққа қарсы күресінде оны қолдамаған қазақ сұлтандары мен билер ауылын үнемі барымталап отырды.
Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасының 1851 жылғы 6 маусымда берілген мәліметінде «Ташкент билігіндегі сұлтан Кенесары Қасымовтың баласы Жапар өткен наурыз айында 500-дей адаммен Сібірге бағынышты Көкшетау округінің Бағаналы болыстығына қарасты Қадыр бидің 2000 жылқысы мен мыңға жуық түйесін барымталап кетті. Қадыр би Жапардың соңынан 200-дей адамды өзінің екі ұлының басқаруымен аттандырды. Барымташылар мен қуғыншылар арасында атыс болып, одан Қадыр бидің бір баласы өліп, біреуі жараланды».
1851 жылы Ақмола округінің Мойын Алтай болыстығының болысы Өтебай Бабықовтың 3 наурызда берген мәліметінде 2-нен 3-не қараған түнде Ақтау бекінісіне Кенесары Қасымовтың баласы Жапар шабуыл жасап, оның болыстығындағы қазақтар мен өзінің малдарын барымталап кеткендігін баяндап, барымташылардың соңынан қарулы жасақ шығаруын өтінеді. Сол күні подполковник Шрамов жүзбасы Рыбин бастаған 25 казакты Жапардың соңынан қууға аттандырады. Казак-орыс отрядына көмекке Өтебай Бабықов пен би Қосыбай Бабықов бірнеше жергілікті қазақты қосқан. Олар отрядтарға жөн сілтеп, барымташылардың уақытша аялдаған жерін тауып береді. Рыбин бастаған жасақ екіге бөлініп, жылдамдата Жапардың ізіне түседі. Жапар мен жүзбасы Рыбин бастаған әскер арасында атыс болып, атыс кезінде Рыбин әскерінен 1 адам жараланады. Ал осы қақтығыс кезде Жапар жараланып, қолға түседі. Жапар сұлтанды Ақтау бекінісіне әкеп қамайды. Тұтқынның Жапар Кенесарин екенін анықтау үшін оның немере апасы, Батырбай Тоғынов сұлтанның әйелі Ұршықты (Уршак деп көрсетілген-Р.О.) алдырады. Ол кісі тұтқынның шын мәнінде Жапар екендігін куәландырады. Тұтқынға дәрігерлік көмек көрсетілген. Жапардың жасы сол кезде 19-да деп көрсетілген. Кезінде 1840 жылы Өтебай Бабықовпен Кенесары Қасымов арасында да қақтығыс болған болатын. Архив қорларындағы құжаттарда 19 жасар Жапардың жеке басының ерлігін, батылдығын, сабырлылығын көрсетеді. Бір топ жігітті басқарып, батыл қимылдауы, жаралы болса да, жолдастарын құтқарып, жалғыз өзі жау қолына түсуі, одан жауап алған тергеушілерге қайсарлықпен жауап беруі, барлық кінәні тек өз мойнына алып, бірде-бір серігінің атын атамауы, оның өз әкесі Кенесарыдан кем түспейтін тарихи тұлға екендігін айғақтай түседі. Жапар сұлтанның жарасы жазылғаннан кейін, осы жылы Ақтау бекінісінен Омскіге қарулы жасақпен аттандырады. 1851 жылғы 1 тамызда Сібір корпусының басшысы Гасфордтың әскери министрге жолдаған мәліметінде Жапардың қазақ даласында өте қауіпті адам екендігін айтып, бізге бағынышты елге үнемі шабуылдап, мазасын алды. Жапарды Омбыда емес Березов қаласында тұтқында ұстау керек деп көрсетеді. 1853 жылы 1 мамырда Сібір корпусы командирінің Орынбор генерал – губернаторына жолдаған №184 құпия хатында «сұлтан Кенесары Қасымовтың балалары Ташкенттен 500-дей жасақпен шығып, Орынбор ведомствосына қарасты Досбол бидің ауылына қарай бет алғаны туралы кедендік басқармадан хабар алдым. Сондықтан өзіңізге қарасты елге абай болыңыз деп ескертеді». Осы жылғы 7 мамырда Орынбор шекара комиссиясына берілген мәліметте «Ақмешіттегі әскер ішінде Кенесарының ұлдары: Тайшық пен Оспан, Саржанның балалары: Қошқарбай мен Иса бар, бірақ олардың нені басқаратыны белгісіз деп көрсетеді». Аталған деректерге қарай отырып, Кенесары балаларының отарлық билікке қарсы күресіп, олардан Ақмешітті қорғағанын көреміз.
1854 жылы 3 шілдеде Сібір корпусы командирі әскери министрге «Қоқандықтар Кенесары мен Саржан балаларына қаратаулық қазақтармен бірге Сібір даласына шабуыл жасауды ұсынды» деп хабарлаған. Жапар сұлтанның Сібір абақтысынан қашып шығуы жөнінде Ә. Диваевтың жазып алған «Бекет батыр» атты жырда: «…Бекет батырды өзінің жан жолдасы Шернияз Орынбор генерал-губернаторына алдап ұстап береді. Орынбор генерал-губернаторы Бекетті Сібірге айдады. Сол кезде Бекеттің жасы 33-те болған. Бекетпен жолығу үшін сегіз мың сом ақша жинап, Бекеттің болат кездігін алып, артынан іздеп әйелі шығады. Сібір жерінде айдауда жүрген Бекетті көрген әйелі құдайы айтып бір жылқы сойып, қазы айналдырып ішіне Бекеттің болат кездігін салады. Сонымен бірге хат жазып бір адамнан Бекетке жолдайды. Хат пен кездікті алған Бекет батыр ешкімге сыр бермей түнде қашуға дайындалады. Түн жарымда ел қалың ұйқыға кеткен кезде жалғыз Кенесары төренің ұлы Жапар төре ояу жатады. Бекеттің қашуға даярланып жүргенін күні бұрын білген Жапар төре Бекет батырға: «әй батыр, Құдай біледі, сен бүгін кетесің! Егер де кетпек болсаң, мені бірге ала кет» – деп екеуі аяқтарындағы шынжыр кісенді болат кездікпен ашып, бірге қашып шығады». Осылайша Жапар Сібірдегі айдаудан Бекет батыр екеуі бірге қашқан.
Жапар сұлтан 1869 жылы Перовскіде тұтқынға қайта түсіп, қамауға алынады. Мұнда Жапар сұлтанның ақыл-есінің дұрыстығын тексеру мақсатында Перовскідегі лазаретке жатқызылып қатаң бақылауға алынады. Жапарды туыстарымен кездесуге рұқсат берілгенімен де, мұның барлығы қадағаланады. Лазаретте Жапармен кездескендердің ішінде анасы мен қайын атасы Бабәлі сұлтан, оның баласы Жәңгір келгені көрсетіледі. 11 шілде де Жапар сұлтанды госпиталға жақын жерде тігілген өз үйінде тұруға рұқсат берілсе, 22 шілде де уез бастығының бұйрығымен қайта лазаретке көшіріледі. Ол дәрігерлер мен әскерилердің қатаң бақылауына алынады. 5 тамызда Перовскі уезінің басшылығына Жапардың таңғы серуен кезінде лазареттен қашқаны туралы мәлімет жетеді, бірақ уез басшылығы бұл хабарды жасырып тек 29 қазанда Сырдария әскери губернаторына хабарлайды.
1869 жылдың күзінде Перовскідегі лазаретке жатқызылған Жапар сұлтан одан қашып шығып, Амударияның сол жағалауындағы Шураханнан қашық емес жерде тұратын інім Сыздыққа келеді. Жапар сұлтан інісі Сыздықпен табысқан соң Сыздық оны Хиуаға жеткізіп, ханның қабылдауына алып барады. Хан Жапарға шапан жауып, 600 теңге беріп, және өз есебінен үйлендіруге тапсырма береді. Бұл 1870 жылдың наурызы болатын. Бір аптадан кейін ханның рұқсатымен Сыздық Жапарды өзінің қасына алып жер береді және үйлендіреді. Хиуада Жапар бір жылдай тұрып 1871 жылы ақпан айында Бұхарға кетеді. Бұхарада Жапар сұлтан тұтқындалып бес айдай бір үйде қамауда болып, ауруына байланысты босатылады. 1871 жылы тамыз айында Жапар сұлтан Хиуа жеріне қайтып келіп, Мыңбұлақтағы Бесбұлақ пен Тұзқұдық аралығындағы Ашықұдыққа келіп орналасады. Бұқан тауында Жапар Пірәлі, Қарабай, Тампыш және т.б. билермен кездеседі. Олар Жапарға ақшалай 50 тіллә, 3 түйе, 1 жылқы беріп көмек көрсетеді Осы жылы тамызда Тамдыға келген Сырдария облысының әскери губернаторы Голочаев Жапарды ұстауға бұйрық береді. Досмұхамед би Жапарға інісі Көбесіннің үйіне жасырынуға ақыл қосады. Жапар өзін ұстауға келгендерге Сыздық сыйлаған алтын қылыш, 1 түйе, 3 жылқы мен 200 тіллә ақша беріп құтылғанын айтады.
1872 жылы қаңтардың 11 күні Жапар Шымкент уезіндегі бауыры Ахмет сұлтанға күндізгі сағат үштің кезінде келеді. Шымкент уезі бастығының сол күні Сырдария облысы әскери губернаторына берген мәліметінде: «Менің кіші көмекшім зауряд сотник Кенесариннің үйіне оның туған ағасы Жапар Кенесарин келгені туралы ақпарат алғаннан кейін, оны тұтқындап алып келу үшін сотник Иванов бастаған 3 казакты жібердім. Олар Жапарды тұтқындап басқармаға жеткізді. Сонымен бірге Шымкентке Жапар сұлтанмен Бұқан тауы арқылы бірге келген Тұмар Мамбетовті де ұстап Шымкенттегі түрмеге қамадым». Кейінен Жапарды Ташкент түрмесіне қамайды үш жылға жуық уақыт Жапардың өзінен және оны білетіндерден жауап алу арқылы тергеу жұмыстарын жүргізеді. Ондағы мақсат нағыз Жапар ма әлде авантюрист Жапар ма деген ниеттен туындаған.
Міне, осылайша ұзақ жылға созылған тергеу барысында алынған нақты мәліметтерге сүйенген генерал-лейтенант Г.А.Головачев 1857 жылы Жапардың Тобылдағы ауруханада өлгендігі қате екендігіне көзін жеткізеді. Осыдан кейін Жапар Кенесарыұлына қатысты тексеру ісін доғарады. Жапар сұлтаннан Түсен, Абдраман атты екі ұл тараған. Абдраманнан – Нақыпбек, Зарап, Шарап, Ақып, Еркін атты бес ұл өрбиді. Нақыпбектен Қабыл. Ал Зараптан – Сейітбек, Темірбек тараса, Ақыптан – Мақсат, Мақсұт атты балалар бар. Бүгінде Жапар сұлтаннан тараған ұрпақтар Арыс бойында тұрады.
Қорыта айтқанда Жапар Кенесарыұлы отарлық билікке қарсы шығып, тағдырының он сегіз жылын Сібір жерінде айдауда өткізіп, одан қашып шығып, туған жеріне келгенде Жапардың әр басқан қадамы бақылауда болғанын деректер нақтылай түседі.





