Әзіл
Жарықтық, әкеміз Нұрмахан қожа (1900-1975) әзіл, қалжың дегенді түсінбей-ақ кетті. Бәлки, түсінгісі де келмеді-ау… Үлкен шешеміз, Сара Серікбайқызы Құлыс Кете, Мырза аталығынан. Ертерек қайтыс болған. Ол кісіден Зибаш апам туады, қазір жиендеріміз бар. Өз анамыз, Төлеу Төремұратқызы (1925-2014) Шөмекей, Қаратамыр аталығының, Семетей тайпасынан. Төрт ұл,бір қыз дүниеге келеміз. Сонда біз, Сыр бойындағы Кете, Шөмекей деген қалың елге түгел жиен болып шығамыз. Өнер мен өлеңге деген құштарлығымыз да, нағашыларымыздан келген деп көңілдерін марқайтып отырамыз.
«…Екі енені тел емген,
Күпшек санды күреңмін,
Төсімнен тартса жетпейтін,
Жуандықтан айылы…»-деп, Базар жырау жырлағандай, біздің де нағашы жұртымызға алғысымыз шексіз! Өзім, қолдарына су құйып қызметін жасаған: Әбдірауық Тұрмағамбетов, Батыр Тәйімбет Көмекбаев, Қасқыр Нәметшаев, Машарап Әлиев, Тілеген Әбдікешов, Асан Мақсұм,Әлиакпар Жұматаев, Әдіқалық Үмбетбаев т.б.(соңғы үш кісі 1975ж. әкеміздің намазын шығып, жылдық асында қатым құранға қатысты) Қаратамырдың басты кіслері: Төремұрат көкем Жиенбаев, Қанатша Мыңжасаров, Өтемұрат Орақов,Оспан Қыйсықов, Аппаз Сәріков, Әлқуат Қайнарбаев, Табан Барысов т.б.бұл кісілердің барлығы сол заманның ауыртпалығын көріп, от пен оқтың астынан шыққан жанкешті азаматтар еді. Алла,барлығын иман сауабынан жарылқасын!
Әңгіменің басына оралайық. 1973 жыл. Мектепті бітірген соң, кезекпен ауыл ақсақалдарынан бір мал сойып бата алатын кәдеміз бар. Кезек біздің үйде. Ауыл ақсақалдарын түгел шақырып шәй-суын беріп болып, үлкен асқа үзіліс жасап үлкен кісілер дәрет алуға сыртқа шығып жатыр. Әкем де сол кісілерге ілесті. Сол кезде, әңгімені Құлыс Әжібай нағашым алды-ау!… Ол кісінің отырған жері ойран-топыр күлкі. Сөзіне сүйеу болып Жанай ақсақал қосылды. Бұл екі кісі отырған жер, мереке думан. Өзім де, бұл кісілердің әңгімесін тез жаттаймын…
Жанай ақсақал:
– Әй, Әжібай! Осы қожа, сенің жездең. Ішің жарылып бара жатса, қазір келгесін әзіл айтып көрсей. Не дер екен? Тыңдайық,-деді.
Онда, Әжекең:
– Әй,әй… Жәке! Мені қанды ауызға итермелеме. Қожаға әзіл айтып өле алмай жүрмін бе?! Өзің айт,- деп жатыр. Осы кісілер бірдеңені бүлдіріп алмасай кетті деп отырмын… Сырттағы кісілер де ішке кіріп жайғасты.Төрде Сәт молла, Молдабай молла, Машарап молла бастаған үлкен кісілер. Әкем сол кісілердің ортасында таспиғын тартып бар екені, жоқ екені белгісіз отыратын әдетіне басып, өзімен-өзі отыр. Біздің әкем келгеннен бағанағы әңгімелер тыйылып, тыныштық орнады. Әкем сол кісілерге айт-айтпа деп жатқан кезін көрген емеспін. Ол кісілердің өз әдебі солай қалыптасқан.
Сол әдепті бұзып Әжекең:
– Оу, Қожеке!?- деп, дуыстауы сол еді, қапыл отырған әкем:
– «Жау, қырылып қалды ғой!?» -деп, аузына бірінші түсетін үйреншікті сөзін айтып, шошып кетті. Оған жұртта күліп жатыр. Біздің әкемнің онымен де шаруасы жоқ, бар зейінін Әжекеңе бұрып:
– Ләббай, Әжеке тыңдап отырмын!- деді.
– А, тыңдасаңыз, Сізден сұрағымыз бар? Ел болғасын құда-жегжат, нағашы-жиен, жезделі-балдызды туыстығымыз болады. Ортамызда әзіл-қалжың сөзіміз бірге жүреді. Оны айтайық десек, үлкен кісілер қожекеңнің алдында әзіл айтпаңдар деп тоқтау салып қойды. Біздің ішіміз жарылып бара жатыр. Бұның рауяты қалай болады? Соны білгіміз келеді?-деп тоқтады.
Әкем сұрақты толық түсініп, еңсесін көтеріп жайланыңқырап отырып, таспиғын тартып үндемей қалды… Бұл кісінің қадесі сол, жедеғабыл жауап бермейтінді… Әлден соң, уақытта әкеміз:
-Әжеке!-деді. Жұртта барлық назарын ол кісіге аударды.
– Я, Қожеке тыңдап отырмын. Айта беріңіз.
-Айтса. «Ә»,- дегеннен кейін, «зіл»,- деген сөз тұр-ау! Сол сөз, адамның басына кемдік әкеледі. Айтқан әзілге сыпайының сырты риза болғанымен «зілі» ішінде қалады. Сол зіл, «налаға» айналса ұрпағыңа кесірі тиеді. «Наланың» түбі «қарғысқа» ұшыратады. Біреудің «наласынан»,»қарғысынан» сақта дейтініміз сол. «Әзіл- апат келтіреді»-деп, атам қазақ соны айтса керек. Олай болса әзіл, қалабай-қалжың әңгіме жасы келген адамға жарасымсыз, шайтанның желігі болып шығады ғой, Біз білген жер, Әжеке осылаай!-деп, тоқтады. Жұрт үнсіз қалды. Әжібай нағашым, сылқылдап күліп:
– Ой, жарықтық Қожекем-ай! Жанай екеуміздің ермегімізді де құрттыңыз-ау!-деп, көпшігіне шынтақтап жантая кетті… Жезделі, балдызды екі кісінің әңгімесі осылай аяқталды… Ақ күмістей ұзын сұлу сақалын саусағымен салалап, Сәт молла:
– Екеуіңіздің де сыбағаңыз толық болды-ау!-деп, қолын жууға оңтайланды….
А.Н.Алматов