Майлықожа атының арыз-шағымы
Аты арықтап мінуге жарамай қалғанда тынықсын деп Майлықожа оны Сарыағаш маңындағы Жартөбе деген жердегі ағайындарына тастап кетеді. Қайта айналып соқса, аты бұрынғыдан беттер боп кетіпті. Сонда ақын атының атынан былай деп арыз-шағым айтыпты:
– Тоғайдың қарауылы Омар еді,
О да мені мінуге құмар еді.
Күнімен көкпар шауып сабылдыртып,
Түнімен тақым, көңілі тынар еді.
Мінбеген бұл тоғайда Әбіл қалды,
Мазам жоқ мен көкпарға шабылғалы.
Тоқымы бұл саяқтың құрып кетсін,
Адырайтты міне-міне қабырғамды.
Амалсыз сатқан сол атты өзі де қимай, оны қайдан, қалай алғанын атына баяндапты:
– Айналайын тақсыр-ай,
Самарқанға барып ең.
Тәліп боп мені алып ең,
Қолайы келген жерлерде,
Қайырып көкпар салып ем.
Жаман жерге тұс қылып,
Тақсыр-ау, сізге не қып ем?!
Сол атын сатқаннан соң тағы көріп, атына және былай дегізіпті:
– Аяқтан айырмайды кісенімді,
Береді тақсыменен пішенімді.
«Әйелдердің отынын жеп қояр» деп.
Шешесіне тапсырады ол сенімді.