Білген Шайыр айтады

Қысса Мұхаммад Расулы Алланың дар-ул Фанадан дар-ул  бақиға сапар шеккені туралы

Шайхислам ұғылы Жүсіпбек

Ұлыдан қалған ұлағат

Тарихқа ақысы кетіп жүрген бір жыр алыбы Жүсіпбек Шайхислам ұлы. Артында 2000 бетке жуық мұра қалған бул азамат 1916-жылғы Қарқара көтерлісіне қатысып, ел ауғанда Қытай асып кеткен. Қожалар әулетінің Шах Бүзірік (Саблут) атасына жатады, әулеті қытайда өсіп-өніп отыр. Енді екі айдан соң Ұлы Мәуліт айы келе жатыр. Мұсылмандардың бір ірі мейрамы қарсаңында бабамыздың бір дастанын халыққа жеткізуді мақұл көрдік.

Қысса Мұхаммад Расулы Алланың дар-ул Фанадан дар-ул  бақиға сапар шеккені туралы

Мақтау сансыз, санаусыз айттым сана,

Міндетсіз арзы, зікір қылдым дана.

Өзіңе жалбарынып сөз сөйлейін,

Мендей ғарып құлыңа болғын пана.

 

Я-Алла жәрдем бергін қағаз жазсам,

Түзу жолға бастағын жолдан азсам.

Сен бермесең, Һидаяд, таупық, илһам,

Шығарма жазуға сөз жерден қазсам.

 

Я-Алла таупық бергін дінімізге,

Рахмат қыл, өлгеніміз, тірімізге.

Пайғамбардан аз қыса сөз сөйлейін,

Я-Рахман медет бергін тілімізге.

 

Өзіңе жалынамын Қадыр Жаббар,

Қайтемін жалынбасам қалым нашар.

Пәруәрдігер өзіңе жалынғанда,

Медет, илһам берер деп үмітім бар.

 

Дастан қып Хақ Расулден сөз бастайын,

Басқа сөз арасына еш қоспайын.

Екі дүние сәруары расул Алла,

Мақтамай шамам келсе тастамайын.

 

Жиырма үш атасы саушы болған,

Жабрейіл оларға елші болған.

Садық инхад атанған ол Исмағул,

Келеді расул Алла тап солардан.

 

Мұхаммад Қудай досты оның әслі,

Артық дүр бұл ғаламнан оның нәслі.

Екі дүние саруәрі расул Алла,

Шек келтірген оларға жүре алмасты.

 

Расул Алла әлемге бір бәйтерек,

Ұзыны көкке жетер сондай биік.

Алланың хақ хабибі Расулдың,

Бек мақтап сипаттарын айтсам керек.

 

Расул Алла ғаламның паналары,

Жапырағы сая, бал миуалары.

Калима шаһадатты жари қылған,

Шапағат үміт қылар жанның бәрі.

 

Әуелі пайғамбардың нұрын етті,

Он сегіз мың әлемнен бұрын етті.

Алла тағала өзіне досты қылып,

Онан соң оған берді көп үмбетті.

 

Баршадан артық көріп достым деген,

Дос болған соң (құдайға) көп үмбеттің қамын жеген.

Сыпаты рахматы лилғаламан дүр,

Лүлік лама хилхаты илфалак тәжін киген.

 

Достым деп, Қадыр Алла беріпті тәж,

Құдайға достылық пен  барған мехраж.

Шек келтірме жігіттер пайғамбарға,

Өзі мен бір Алланың айтысқан раз.

 

Достым деп Қадыр Алла зинат берді,

Күнакар үмматына шапағат қылды.

Жарандар қулақ салып тыңласаныз,

Хазреті Расулдан бір сөз келді.

 

Не іс болса Жабрейіл хабар берген,

Ғарыш шығып достық пен дидар көрген.

Екі дүние саруәрі шапағатшы,

Еш пенде қор болмайды оған ерген.

 

Сөз сөйлейін Расулдың турасында,

Жабрейіл елші болған арасында.

Пайғанбарға сенбеген кәпір болды,

Еш күман жоқ бол сөздің арасында.

 

Бір күні Жабрейіл келді жетіп,

Сәлем айтты Аллаңыз құрмет етіп.

Бұл опасыз жалғанда көп тұрмасын,

Рахат көрсін мехнаттан сапар етіп.

 

Хабибим шын дүниеге келсін деді,

Шапағат мубах қылдым білсін деді.

Мехнат,қайғы,жападан қутылады,

Разы боп жан ғазизін берсін деді.

 

Хақ расул Жабрейілден хабар білді,

Хақ сәлемін есітіп күлімдеді.

Мен кеткен соң үмматым не болад деп,

Аһ урып үмматы үшін қайғы жеді.

 

Сол уақта алпыс үшке келген еді,

Өтерін бұрыннан-ақ білген еді.

Құдайым не істесе разымын деп,

Рұхсатын сонда тақсыр берген еді.

Пайғамбар кетпек болды дүниеден,

Шапағат нәсіп қылсын ол дүниеден.

Хақ расул муны есітіп жатқан түні,

Түс көрді сегіз кісі Мадинадан.

 

Түс көріп ертең ерте Сыддық келді,

Әдеппен хақ Расулге сәлем берді.

Үстімде киген жейдем жерге түсті,

Тақсыр-ау бұл не түс деп сұрайды енді.

 

Сол түсін хақ пайғамбар жорыды енді,

Қаратып бір өзіне жүре берді.

Үстіңде киген жейдең жерге түссе,

Сапары бізге ақырет жақын дейді.

 

Онан соң хазрет Омар жетіп келді,

Мендағы бір түс көрдім Расул деді.

Қолымдағы мөһірім екі айрылып,

Мөһірі жерге түсіп ғайып болды.

 

Онан соң бір түс көріп Ғусман келді,

Нәбиге қол қусырып сәлем берді.

Құраным қолымдағы жерге түсіп,

Қағазы пара-пара болды деді.

 

Ғусманым бізге ажал келер екен,

Сахабаға көп қайғы төнер екен.

Мен көшіп бұл дүниеден Сіздер қалып,

Асхабым бөлек-бөлек болар екен.

 

Онан соң Али келді сәлем беріп,

Таң қалды жыйналғанын көзі көріп.

Тақсырлар не себептен жыйылдыңыз,

Бізге дағы білдірші хабар беріп.

 

Ғажайып әр қайсымыз көрдік түсті,

Құдайым бізге салды қиын істі.

Баршасы Расул көшпек нышанасы,

Онан соң бәрі жылап қайғырысты.

Қайғырды пайғамбардың шаһарияры,

Сіз кетсеңіз қайтеміз деп қылды зары.

Худаның бұйырғаны амал жоқ деп,

Күңіреніп отырды баршалары.

 

Али айтты менде бір түс көріп едім,

Боларын бір сұмдықтың біліп едім.

Сауытым өзім шешпей жерге түсті,

Мәнісін Сізден сурай келіп едім.

 

Али балам бұл дәурен өтер дейді,

Бізден кетіп Сыдыққа жетер дейді.

Сауытың киіп тұрған жерге түссе,

Бабаңыз бұл дүниеден кетер дейді.

 

Мұны есітіп батыр Али жылайды енді,

Көл қылып көздің жасын бұлайды енді.

Күшім қалым, қуатым Я-жан баба,

Сіз кеткен соң не ылаж қылам дейді.

 

Бул дүние баяны жоқ бекер екен,

Бул ажал әр кімдерге жетер екен.

Күш қуатың менде еді Али балам,

Мен кеткен соң қуатың кетер екен.

 

Булар мұны есітіп жылайды енді,

Бір түс көріп Расулге Айша келді.

Басыма қара шатыр салыппын деп,

Тәпсірін Хақ расулдан сұрайды енді.

 

Расул айтты, машфақым мейірбаным,

Тәнімнен сапар қылар ғазиз жаным.

Біз өлсек қараңғылық түсер екен,

Басына қара шатыр салынғанның.

 

Сол уақытта Фатима келді және,

Бір түс көріп ішіне толған сана.

Түс көріп Сізге айтуға келіп едім,

Рұхсат болар-ма екен тақсыр баба.

Расул айтты: айтыңыз жаным балам,

Фатима айтты: тыңлаңыз жаным,бабам.

Түсімде киген күртем дал-дал болып,

Жағасынан айрылып кетті тамам.

 

Бәрімізді жаратқан Жаббар құда,

Ғазизім, көзім нұры жаным пида.

Жағасы күртеңіздің айрылғаны,

Ғаріп болып бабаңнан болдың жүдә.

 

Хасан келді, мен бір түс көріппін деп,

Тамаша ғажайып іс көріппін деп.

Баста бөрік, аяқта кебісім жоқ,

Табаныма тас батып жүріппін деп

 

Мұны есітіп пайғамбар жылады зар,

Мен өтіп, көп дұшпандар зорлық қылар.

Қабырғасы қайысып, басын сыйпап,

Қайтемін Жәрдем берсін пәруәрдігәр.

 

Хұсайн айтты түс көрдім баба дейді,

Бір тақ көрдім жасалған тамам дейді.

Сол таққа мініп Сіз мініп ғайып болдың,

Келмеді бір ұстауға шамам дейді.

 

Бұл дүниен енді бізден қалар екен,

Біздегі жан аманатты алар екен.

Түсіңде таққа мініп көкке ушсам,

Бабаңыз енді дүние салады екен.

 

Баршасы мұны есітіп зар жыласты,

Көзінен қандар ағып төкті жасты.

Тақсыр-ау, Сіз кеткен соң қайтеміз деп,

Сол жерде Хақ Расулмен амандасты.

 

Ол түні аман есен жатты сонда,

Азанды тақсыр Білал айтты сонда.

Хақ Расул сахаба мен бәрі келіп,

Мешітте таң намазын етті сонда.

Оқыды парыз бенен әм сүннатын.

Есіне алып жылайды көп үмматын.

Мінберге шығып отырып, Расул Алла,

Айтады асхабына насихатын.

 

Тыңлаңыз насихатым, асхабларым,

Жасымнан жолдас болған шариярларым.

Бей зарурат қоймаңыз сүннатымды,

Қаза қылма ораза,намаздарың.

 

Тілеңіз жақсы жайды ол дүниеден,

Жыйғызды барлық жанды Мәдинеден.

Өлім деген Құдайдың бір парызы,

Көшетін уақтым болды, бұл дүниеден.

 

Арыздасты жақсы, аман қалыңыз деп,

Көзіңді ғарыптерге салыңыз деп.

Ақыретке барайын қарыз қылмай,

Бар болса менде ақың алыңыз деп.

 

Еш ақымыз жоқ дейді жанның бәрі,

Қасында бірге отырған шахаряры.

Ішінде бір сахаба үндемеді,

Шулады оннан басқа жанның бәрі.

 

Жиғызды Мәдинеден асхабларын,

Ойлаңыз ақыретте азап барын.

Берейін ақыңызды осы күнде,

Ойланбаңыз айта бер ақың барың.

 

Үндемеген сахаба Укаша атты,

Сахаба дәулеті үлкен салтанатты.

Барғанда бір сапарға ұрып едің,

Тақсыр Сізде сол ақым бар деп айтты.

 

Әр қашан уәдеде тұрған Сіз сіз,

Сүйкеніп менің түйем түйеңізге,

Сонда маған бір қамшы ұрғансыз Сіз.

 

Біздағы ақыретке барсақ керек,

Сіздерден реңжімей қалсақ керек.

Сіздерге ақыретке қарыз қылмай,

Берсеңіз сол қамшыны алсақ керек.

 

Сол жердегі отырған жамағат көп,

Еш бірі айта алмады қойыңыз деп.

Пайғамбар Укашаға рұхсат берді,

Болсада қанша ақың алыңыз деп.

 

Қамшыны алып келші Білал барып,

Укаша разы болсын өшін алып.

Пайғамбар айтқанан соң барды дағы,

Қамшыны Білал келді қолына алып.

 

Қамшыны сонда Укаша қолына алды,

Жиылған жанның бәрі қайран қалды.

Берейін бір жүз тілла қойыңыз деп,

Сол жерде Абу Бакр Сыддық жалынды.

 

Укаша сөз айтамын тыңдап тұрғын,

Азырақ сабыр қылып мойын бұрғын.

Достына бір құдайдың қарыз қылмай,

Жүз қамшы бір қамшы үшін маған ұрғын.

 

Мен жала бекер жана қылғаным жоқ,

Мойнымды жаман іске бұрғаным жоқ.

Ұрмаймын Сізді бекер Абу Бакр,

Сіз мені өміріңде ұрғаның жоқ.

 

Омар айтты көңліңе сабыр салып,

Сабыр қылып ісіңнен кейін қалып,

Маған ұр бір қамшы үшін, бес жүзіні,

Разы болып Расулмен тату қалып.

 

Укаша айтты бенденің бәріде өтер,

Адамды қаза жетсе алып кетер.

Керек десе бір ауыз сөз айтпадың,

Мен саған қамшы ұрамын қайтып бекер.

 

Оспан айтты: Укаша тыңдап тұрғын,

Алланың бұйрығына мойын бұрғын.

Қуданың достысына қарыз қылмай,

Өлшеусіз тойғаныңша алтын алғын.

 

Мойнымды жаман іске бұра алмаймын,

Ақымды алмай бұл жерде тұра алмаймын.

Бермегенде қарыз боп кете берсін,

Қарыз қылып бір тілла ала алмаймын.

 

Али айтты көңліңе сабыр салғын,

Разы болып Расул мен тату қалғын.

Бір қамшы үшін маған ұр бес мың қамшы,

Мың мысқал тағы меннен алтын алғын.

 

Еш кімнен өшімді алмай тұра алмаймын,

Мойнымды жаман іске бұра алмаймын.

Керек десе тиген жоқ қатты сөзің,

Кінасыз тақсыр Сізді ұра алмаймын.

 

Ашудан қайтпаған жан жақсы болмас,

Қайтпасаң ашуыңнан айла болмас.

Қуданың сүйер достын реңжітсең,

Өзіңе ақыретте пайда болмас.

 

Расул айтты Укаша өшіңді алғын,

Бермедің тілегіні жанның бәрін.

Укаша разымын ұрғаныңа,

Мойныма қарыз қылмай ашуларың.

 

Укаша айтты ғапылдар дінін күтпес,

Бір қамшы урғанымы еш нәрсе етпес.

Жалаңаш, тақсыр мені ұрып едің,

Көйлегіңнің сыртынан көңлім бітпес.

 

Бермедің сұрағанға көңліменен,

Дұшпанның ерегіспе тілі менен.

Сахабаның бәріде шуылдады,

Укаша ұрамысың шыныменен.

 

Укаша айтты Сіздер не қайғы жерсің,

Пайғамбар мен пақырдың хақым берсін.

Киімін шешіп еңкейсін маған таман,

Ұрғаным, ұрмағаным көзің көрсін.

 

Мүбарак Расул сонда тәнін ашты,

Бұрын сірә көрген жоқ жалаңашты.

Пайғамбар өшіңді ал деп айтқанан соң,

Жер мен көк, Аршы-Күрсі, Лауқы қалам тітіресті.

 

Мүбарак Хақ пайғамбар ашты тәнін,

Неге ұрсын ерУкаша пайғамбарын.

Мөрін көріп, жаурынын сүйіп алды,

Бұрыннан біледі екен мөрі барын.

 

Жамағат жаурыннан мөрін көрді,

Данышман ер Укаша асқан ерді.

Көргенге дозақ оты арам екен,

Мөрін сүйіп алған соң қоя берді.

 

Көрмекке бұрыннан ол ынтызарды,

Көңліне салды құдай осындайды.

Көргенге дозақ оты арам болып,

Құдайым бәрін бірдей жарылқады.

 

Мөрін ер Укаша сүртті көзге,

Ешкім білген жоқ екен мұнан өзге.

Күнәмды мен ғарыптың кеше гөргін,

Бір талай сөз қайырдым тақсыр Сізге.

 

Қалған жоқ еш адамда өшіңіз деп,

Байлаулы мен бендеңді шешіңіз деп.

Аяғын пайғамбардың құшақтады,

Күнәмды тақсыр менің кешіңіз деп.

 

Қуаныш Укашаның тапты  жаны,

Ол жерде жарылқады тәңрім оны.

Ол қылғанын көңліне кек ала ма,

Он сегіз мың әлемнің мейірбаны.

 

Мешіттен сонан үйге қайтып келді,

Жанына ауыруы батып келді.

Бұрын мөрін көрмеген халайықтар,

Расулдың мөрін көріп айтып келді.

 

Құдайым Әзрейілге жарлық етті,

Достыма сәлем айтып барғын депті.

Достың досқа келетін уақты болды,

Рұхсатсыз кірмегейсің барсаң депті.

 

Құдай айтса Әзрейіл тұрсын нағып,

Сөйлес деп жауап қылды есік қағып.

Фатима қарсы шықты сөйлескелі,

Есікте кім екенін көрді барып.

 

Сонда тағы Жәбрейіл келді дейді,

Есікте Әзрейілді көрді дейді.

Бұл жерге не себептен келдіңіз деп,

Жабрейіл, Әзрейілден сұрады енді.

 

Әзрейіл айтты сонда Хақ парманын,

Бұл жерге мен айтайын келген мәнім.

Расулге рұхсатсыз кіре алмаймын,

Алармын рұхсат берсе ғазиз жанын.

 

Мұны есітіп Жабрейіл қылды зары,

Жылады періштенің баршалары.

Жабрейіл даусы қатты шығып еді,

Есітті адамнан басқа жанның бәрі.

 

Жылады құрт-құмырсқа, жер менен көк,

Тау мен тас, су мен ағаш, жануар көп.

Құданың барша мақлұқы қылды зарды,

Пайғамбар жер жүзінен кетеді деп.

 

Мұнан соң Жабрейіл үйге кірді,

Расулға жылап келіп сәлем берді.

Жылап келіп сәлемді бергеннен соң,

Неге жылап келдіңіз достым деді.

 

Сіз үшін көп әңгіме құрамын дер,

Мойнымды Сіз тарапқа бұрамын дер.

Дүниеде жыламаған жан жоқ екен,

Мен қайтып тағат қылып тұрамын дер.

 

Қараса үш адам тұр сөйлес қылып,

Фатима сәлем берді оны көріп.

Бәрінің жүзі көркем қайран қалды,

Кім сіздер деп сұрады қарсы келіп.

 

Біз келдік пайғамбардың дәулетіне,

Қарайды Фатиманың келбетіне.

Микаил, Исрафил мен ол Әзрейіл,

Көрінді бір жақсы адам сүретінде.

 

Үшеуі сонда тұрып әлік алды,

Сөйлейді қуанышты жақсы халды.

Пайғамбар құда досты қандай екен деп,

Көргелі келіп едік деп айтып салды.

 

Жарқыным құлағың сал мына сөзге,

Хұп тәуір көрінесің көзімізге.

Расулдың көңлін сұрай келіп едік,

Кіруге рұхсат бар ма енді бізге.

 

Тағыда айтты бір келген арабымыз,

Алыс жерде болады тұрағымыз.

Хақ Расул рұхсат берсе енді бізге,

Көңлін сурап қайтатын бейшарамыз.

 

Фатима айтты бишара түсіңіздер,

Сабыр сақтап тұра тұр, беймәлім жер.

Ұзақ жолдан келдің бе арабылар?,

Деміңді алып бұл жерде тұра тұрғыл.

 

Тіліне бекер жанның ермегенбіз,

Расулды көптен бері көрмегенбіз.

Жүзін көрмей қайтуға әмір жоқтур,

Бұйрықсыз біздер бекер жүрмегенбіз.

 

Фатима мұны есітіп қайтып келді,

Расулға жылдам барып хабар берді.

Үш адам көңліңізді сұрап келген екен,

Рұхсат сурап тұр деп айтып келді.

 

Жабрейіл пайғамбарға айтты сонда,

Мен келгенде тұр еді есігіңде.

Сізге қызмет қылғалы келіп еді,

Әзрейіл үш періште осы күнде.

 

Әй-балам арабы емес құдай білер,

Біз білсек үшеуіде періштелер.

Микаил, Исрафил мен Әзірейіл,

Бәріде бір құдайға жұмыскерлер.

 

Әй-балам есік ашқын үйге кірсін,

Пақырдың жай мәнісін көзі көрсін.

Достына әр не қылса разымын,

Қудайым не қыларын өзі білсін.

 

Үшеуін шақырған соң келді кіріп,

Отырды хақ Расулге сәлем беріп.

Бір Алла сәлем деді дегенен соң,

Фатима ішін тартты мұны көріп.

 

Бір Алла сәлем деді тақсыр Сізге,

Барғыл деп бұйрық қылды үшеумізге.

Хабибім үмматы үшін қайғырмасын.

Келді деп айып қылма енді бізге.

 

Есітіп сонда Расул жылайды зар,

Үматыма рахым қыл пәруәрдігәр.

Атасы өліп үмматым жетім қалды,

Тапсырдым бір өзіңе қадыр жаббар.

 

Әзрейіл дейді жылап пайғамбарға,

Бір ажал келмей қалмас баршаларға.

Падшаһм Сізге бар дем әмір қылды,

Әмірін тұтпай тұруға амал бар ма.

 

Құданың қарсылық жоқ парманына,

Жете көрмес қай бір жанда арманына.

Хасан менен Хұсайын кіріп келді,

Боларын бір сұмдықтың біліп келді.

 

Көзінің жасы ағып зар-зар еңіреп,

Балқыған қорғасындай еріп келді.

Қасына шақырып ап сүйді бетін,

Бұлардан қалар менің жұрағатым.

 

Сіздерден менің нәслім болар дейді,

Сыйлаңыз екеуінің асыл затын.

Қалыңыз екі ұғлым аман-есен,

Бұл екеуіне көніңіз мені десең.

 

Кім бұларға көнбесе разы емеспін,

Бұларға сыйыныңыз қайғы жесең.

 

Бұлар жылап отырды, таң кеп атты,

Білал тұрып Салат-деп азан айтты.

Абу Бакр имам боп оқысын деп,

Сахабалар ұйысын деп жарлық айтты.

 

Мешітке сахабалар жүрді дейді,

Сыддық имам болғалы тұрды дейді.

Қараса Хақ Расул жоқ өз орнында,

Қарасып сахабалар көрді дейді.

 

Сыддықтың бәрі келді қастарына,

Мешітті жылап көтерді бастарына.

Бәрі жоқтап Расулды қайда екен деп,

Бетін жуды көзінің жастарына.

 

Расул мұны есітіп білді дейді,

Есітті дауыс қылған елді дейді.

Али мен ибн Аббас екеулері,

Көтерісіп мешітке келді дейді.

 

Асхабқа Расул сонда болды имам,

Отырып намаз қылды хайр айла нам,

Сахабалар жыласып ұйып тұрды.

Қысқа-қысқа сүремен қылды тамам.

 

Көтеріп тағы үйіне келді алып,

Амандасты асхабын жиып алып.

Мәдинада әйел-еркек бәрі жылап,

Есігінің алдында тұрды налып.

 

Баршасы зар жыласып төкті жасты,

Сахаба сол уақытта жаман састы.

Сүйікті сахабаның бәрі келіп,

Расул мен кезек-кезек амандасты.

 

Барша жұрт сол уақытта жылады зар,

Ұшқан құс, жүгірген аң, жан-жануар.

Жыйылып Мәдинаны төңіректеп,

Жыйылып жұп жазбастан тұрды олар.

 

Сонда Расул сөйледі насихатты,

Құлақ салып тыңдаңыз Ай-үмматым.

Сыддыққа айтты сәлемде үмматтерге,

Үлкен-кіші, кәрі-жас жамағатым.

 

Үммат болса Хақ әмірін түсін деді,

Парыз, уәжіп әм сүннат ісін деді.

Кім сүннатым тұтпаса уммат емес,

Дінін күтіп мұратқа жетсін деді.

 

Зорлық қылып кісі хақын алмасын деп,

Ақыреттен қапыл болып қалмасын деп.

Ораза, намаз тағадат қабыл болсын,

Аузына арам асты салмасын деп.

 

Жалғаннан ақыретке сапар қылдым,

Тапсырдым бір Аллаға баршаларын.

 

Тәнімды бұрын ашқан Али жусын,

Ибн Аббас құмған мен суды құйсын.

Өзге қалған шаряр, асхабларым,

Иман айтып тұсымда қарап тұрсын.

 

Онан соң сөйлемеді дүние сөзін,

«Үмматым-Үмматым» деп жұмды көзін.

Дүниенің гауһар шамы өшіп кетіп,

Зар қылды үмматына басқан ізін.

 

Сол уақытта бул дүниенің кетті сәні,

Он сегіз мың ғаламның мейірбаны.

Оң қолы мен көтеріп, жүзін сыйпап,

Уа дариға үматым деп шықты жаны.

 

Пайғамбар алпыс үште сапар қылды,

Дүниенің опасызын өзі білді.

Өлім деген Алланың парызы деп,

Алланың тағдырына мойынсұнды.

 

Расулды Али арыстан өзі жуды,

Ибн Аббас үстіне суды құйды.

Ай мен күн мен жұлдыздар жарық болып,

Бір айдай қараңғы боп күйіп тұрды.

 

Хақ Расул сапар қылды дүйсенбі күн,

Күйік боп білінбеді күн менен түн.

Содан бері дүниеге бәле толды,

Пайғамбар жер жүзінен кеткенен соң.

 

Пайғамбар жер жүзінен кеткенен соң,

Дүниеге бәле толып болды қран.

Әм қайғыға толтырды сахабасын,

Ағызды қасірет пенен көзден жасын.

 

Періште бұл дүниеге сыймай кетті,

Оқыды Хақ расулдың жаназасын.

 

Жаназасын оқысып көрге қойды,

Топырағы бұйырған жерге қойды.

Расулге дүр мен маржан, жауһар шашып,

Пейіштен хор қыздары қылды тойды.

 

Аяғы бұл қысаның болды тамам,

Салауат дуға қылар білген адам.

Әр кітаптан көрдімде өлең қылдым,

Мұнан артық сөйлеуге келмес шамам.

 

Екі қыса шығардым пайғамбардан,

Құдай безер уәдеден тайғандардан.

Құдай рахым, пайғамбар шапағат қыл,

Көп қуған күнасыны мен бір надан.

 

Аралап тұзын таттым талай жердің,

Кітаптан әуелі оқып, нұсқа көрдім.

Бастыруға Қазанға жібергін деп,

Ахмед Кәрім ноғайға жазып бердім.

 

Әуелі кітаптардан көрдім ізін,

Расулдың қыса қылдым екі сөзін

Пайғамбарды өлең қып жазамын деп,

Күнәкар болдым ба деп қорқам өзім.

 

Расулден шапағат тілеп жаздым мұны,

Бар шығар мендей асы неше қулы.

Рахман рахим ғапу қылып  бұл  күнәмды,

Я-Расул шапағат қыл махшар күні.

 

Нұсқасын әр кітаптан көріп едім,

Көңілім оқығанда еріп едім.

Ары-бері өлең қып жазап алып,

Ахмед Кәрімге бастыр деп беріп едім.

 

Тамам қып бұл сөзімді болған жерім,

Расулдың менхражы мен өлген жерін.

Оқыған жан мағанда дуа қылғын,

Обал-сауап арасын білгендерің.

 

Жазғалы бұл қысыны қалам алдым,

Жақсылардан мен дуа дәмелендім.

Шайхислам ұғылы Жүсіп бек деп,

Сол үшін де кітапқа атым салдым.

 

Қолжазбалардан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button