Білген Шайыр айтады

«Жақсы асыңды жат жесін»

Артында ұшан-теңіз сөз қалдырған Майлықожа Сұлтанқожаұлының соңғы кезде табылған Әз Төленің ұрпағы Момынбек датқаның бәйбішесіне арнаған өлеңінде біраз тарихтың, шежіренің басын шалып өткен екен. Қолға түскен жәдігерлікті халыққа ұсынып отырмыз. Соны мен қатар Майлықожа Терме (ұлттық пәлсапаның) өнерін жетік меңгерген ақын деп бір термесінде жіберіп отырмын.

КҮРЕСКЕР АҚЫН

– Бауыржан, заманымның кең құлашты, кең тынысты эпопеясын жазсам деп Оңтүстік Қазақстан облысын таңдап алуымның себебін сен білесің бе? – деді Мұхтар мені сынай сұрақ қойып. Мен біраз ойланып:

– Әулиелері көп өлке деп таңдадыңыз-ау, Мұха, – деп едім:

– Дәл таптың. Оңтүстік Қазақстан рухани бай өлке. Онда лайықты бағасын ала алмай жүрген тарихи тұлғалар көп. Солардың ең ірісі – Майлықожа ақын. Мен оның өмір жолын, шығармаларының көркемдік, философиялық ерекшеліктерімен танысқанымда таңғалғаным – Абай мен Майлықожаның дәуірі бір болғанымен ойлары өздерінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Науаиның ойларымен туысып жатыр. Мұны ғалымдарымыз салыстыра зерттесе, көп сырдың бетін ашар еді.

Менің әдебиет зерттеушілерімізге көңілім тола бермейтіні – олар құбылыстың сырт көрінісін қызықтауға әуес. Төрдегі сандықтың ішінде не барына мән бермей, тек сандықтың сыртқы сұлулығына сүйсініп мәз. Өмірде бір-бірін көріп, тілдеспеген Абай, Майлықожа, Науаи бір-бірімен қалайша туыс?  Мұның сырын кім ашады?

– Әлбетте ғалымдарымыз ашуға тиіс, – деген маған:

– Тиіс деп айту оңай, оны  іске асыру қиын болып тұр, – деп Мұхаң қинала қабақ шытты. –  Біздің зерттеушілеріміздің ізденуі аз ба, әлде дарын қуаты жетпей ме, әйтеуір кібіртіктеу басым.

Менің қабылдауымша, Оңтүстік өлкесінде бодандыққа қарсы күрескен ержүрек, ойы жүйрік, тілі өткір Майлықожа ақындай ақын некен-саяқ. Кейбіреулер оның дінді жырлағанын айып санайтындай. Кез келген творчество иесі заманына қызмет етеді емес пе? Ғалымдарымыз заман талабы солай болғанын неге ескермейді?

Майлықожа ақын тіршілік дүниесіндегі барлық мәселені дінге, ертең жауап беретін ақтық күнге алып келіп, адамдарды адал, әділ, бір сөзбен айтқанда адам болуын қалаған. Бұл тәрбиенің ең басты мақсаты емес пе? Мұны дүниеқоңыз, озбыр жандар елеп-ескере ме? Елеп ескеру былай тұрсын: «Е, қойшы соны. Сандырақтаған біреу», –  деп қолын сілтей салуы ғажап емес.

Осы күрделі құбылыстың астарына үңіліп, Майлықожаның ұстаздық бейнесінің сырын ашуға талпынып жүрген ғалымдарымызды кездестіре алмадым. Майлықожаның «жақсы асыңды жат жесін» деген тәрізді философиялық ойлары өте мол.  Сен, Бауыржан, «жақсы асыңды жат жесін» деген ақын сөзінің ішкі сырын қалай түсінесің?

– Мұха, адал еңбектің бағасын білетін үлкен психолог, терең ойшыл, өте сауатты, жомарт адам ғана «жақсы асыңды жатқа бер» деп айта алады. Менің түсінігімде Майлықожа дәл сондай ақын.

Әдебиет зерттеушілеріміздің таяздығы, сылбырлығы жөніндегі пікіріңізге қосылам.  Мұха, кім кімнің де еңбегіне баға бергенде, жұртқа сол еңбек иесін ғана танытып қоймайсың,  өзіңді де танытасың.

Майлықожа ақынның біраз шығармаларымен мен де таныспын. Ол кісінің негізгі тақырыбының бірі – отаршылдыққа қарсы күрес. Келесі тақырыбы – ел ынтымағы. Менің бабаларымның бірі – Байзақ датқаның балалары – батыр басы Ақолда мен  Райымқұл екеуінің арасындағы алауыздық – қан төгіске бастай жаздағанда, яғни Райымқұл Ақмолданы өлтірмек болғанда Майлықожа ақын араға түсіп:

– Бір дұшпан екеуіңді жанып жүрме,
Дұшпанның айтқанына нанып жүрме.
Болатты болатқа сап, қан ойран ғып,
Араңнан жем айырып алып жүрме», – деп, (басқа  өлең жолдарын ұмыттым) екі жағын жарастырған.

– Түсінігің дұрыс, Бауке. Қазақтың трагедиясын Абайдан кейін терең ашып жырлаған Майлықожа ақын. Мәскеуден емделіп келген соң, бұл тақырыпты шындап қолға аламын.

– Аман-есен емделіп, елге сауығып оралыңыз, Мұха, – деп қоштастым. Бұл менің Мұхаңды соңғы рет дидарласып, сырласқаным екен…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ, жазушы, бауыржантанушы.

 

Майлықожаның Жаныс  Момынбек бидің бәйбішесі Айғанымға жазған хаты

Баянын дүниенің көрдің барлап,
Қағазды амандаса жаздым арнап.
Айғаным сөйлей келдім аулыңызға,
Адамсыз жұрттан озған бағың парлап.
 
Жасыңнан жарқын жүрсің Қыдыр көріп,
Қартайдың бектік пенен нәзір көріп.
Жаныста Сүйеубекке келін болдың,
Қоңыратта Елқондының қызы болып.
 
Төркінің ол Қоңыраттың Жаманбайы,
Мүлкімен Орта жүздің алған жайы.
Басына билік мұрас кеткен Жаныс,
Он екі ата бәріде қадам жайы.
 
Басына билік мұрас келген Жаныс,
Сыйқым, Ботбай, Шымыр ел боп төрт Арыс.
Дулатта Әз Төленің орны бөлек,
Үш жүзден озғандағы даңқың таныс.
 
Дулаттың өз басына нұр бораған,
Айтады осылайша білген адам.
Нұрдан құры қалған Суан дейді,
Нақ жарты жауабы құры қалмаған.
 
Әр кімге сырттан қарық болған дабыс,
Бәріде сол мінездің кетпес алыс.
Ботбай батыр, Шымыр бай, Сыйқым сырлы,
Басында дуа кеткен биі Жаныс.
 
Жаныста Жарылқамыс, Жанту болар,
Төртінші Қожамберді пайдаланар.
Бесінші Құдайберді би атанар,
Жолында Әлібектің алтау болар.
 
Би өткен жетінші ата Әзіз Төле,
Булардан қалған дәулет дүние көне.
Төленің назары ауған Қожамжар би,
Дербісәлі тоғызыншы бидің жоны.
 
Үлкен ұл Дауылбайда қала берген,
Үй үлкен Кежебайдың тамам елден.
Қожамжар бата берген Сүйеубек би,
Бағы озған бабасының бала күннен.
 
Он бірінші би өткен Момынбекті,
Қай жаққа оның созса қолы жетті.
Айғаным арманың жоқ апа Сіздің,
Жұптыңыз Момынбек датқа болып өтті.
 
Болдыңыз жалғыз қызы Елқондының,
Келін боп Сүйеубекке келген жерің.
Алтайы Тұрсынбектей бала тумас,
Әлі арман қылар елі үлкендігін.
 
Шолып байқап мінбардан Жүсіп өтті,
Қалды ел арман қылып Тұрсынбекті.
Еш бір бала жоқ еді бұл суретті,
Сымбаты мен тудыда жастай кетті.
 
Аяулы бір бала еді Нақыпбекті,
Тұрсынбек тұған еді бастап көпті.
Баланың Сізден тұған аяғы еді,
Қасымбек, жұрт билеген Жақыпбекті.
 
Қасымбек екі баланың ата-анасы,
Қабыл тұрақ оның Халық арасы.
Адастырған уақтында айдай асып,
Тұрады екен ішінде қап таласы.
 
Тұлпар бақ тұқым қуған Төле дәулеті,
Қасымбек Сыйқым елде болып өтті.
Қоңыратта қозғалмас бақ Абылайда,
Оның бақ,бұлт сипат асын жанап өтті.
Алаштан асқан еді Әшір қалды,
Жадынан Құдайтала жиып алды.
 
Бал таттым талай-талай бармағыңнан,
Сөз айттым барлық жерде әруағыңнан.
Сізді мен жалғыз апам деп санадым,
Апамсыз көп қарасқан мал жағынан.
 
Тапсырған бір сөзіңізді алғанда би,
Қоңыраттың нешесінен көргенбіз сый.
Сәлемнің құрметі үшін соны ұмытпай,
Қарасқансыз жіберіп пайдадан сый.
 

Сөзімді оқытыңыз молдаларға,
Сыйлаған сөз өзімнен соңғыларға.
Аман-есен болыңыз Айғаным апа,
Талапкермін әлбетте бір бараға.
 

Сирек қолжазбалар қоры;-Тапсырған Қазанғап Байболов10 апрель 1934-жыл

Араб әріпінен аударған Сейтомар Саттарұлы

 

ЖОЛДАС БОЛСАҢ ЖАҚСЫМЕН

Термеден біраз қозғайын,
Шешендер білер сөз жайын,
Дүние тұрмас қалпында,
Адамзат қалмас тозбайын,
Азаптан қорқар жан жақын,
Жан барында – мал жақын!
Артымда сөзім қалсын деп
Бастады сөзін Майлы ақын.
Өзбек те қазақ тіліміз,
Оқығандар біліңіз,
Бұл өлеңді оқыған
Бізге дұға қылыңыз!
Айуанның сыртта аласы,
Адамзаттың ішінде,
Белгісіз дағы қарасы,
Бір-ақ елі жер дейді
Өтірік шынның арасы.
Пайым қылмай болмайды
Жақсы менен жаманды,
Құлақ салсаң жақсылар
Айтайын біраз хабарды.
Жолдас болсаң жақсымен
Көңілің қара табады,
Қоңсылас болсаң жаманмен
Көңілді қара жабады,
Күміспен мысты қаптасаң
Сыртына зеңі шабады,
Шөп үстіне шоқ түссе
Қыза- қыза жанады
Зейініңмен пайымда
Қардан қанша ағарды?
Бұрынғы істі нақыл қып,
Пайымда соңғы адамды,
Көлеңкесі түспейды
Паналасаң наданды,
Тебініп талар аяғың
Сұлу деп мінсең шабанды,
Дастарқаның байланар
Қасыңа алсаң сараңды,
Етексізге дес тисе
Айырмас сауап-обалды.
Өсекке бейім боласың
Жолдас қылсаң шоғалды,
Әңгімеге қанбайсың
Үлпетке алсаң доғалды,
Жақсы деп мақтап болмайды
Әуелден заты жаманды.
Дән мазасын бермейді
Қаптағанмен сабанды,
Ғаріпке қылған қайырдың
Көп болады сауабы,
Кісіге  қылсаң қиянат
Ансан болмас жауабы!
Тау басында жел жүрер,
Жол үстінде ел жүрер,
Мына жатқан қара жер
Кезегімен жеп жүрер!
Әкесі кетсе орнына
Баласы нәубет кеп жүрер,
Орнында бар оңалар,
«Құдайға шүкір» деп жүрер.
Аңның қуы сауысқан
Қулықтың бәрін тауысқан
Өлексе жеуге зор болар.
Көк сұңқарды көргенде
Ілейін деп келгенде
Бұтаға келіп қорғалар,
Ағайынын алдаған
Ақыры бір күн қор болар,
Аңды көрсе жолбарыс
Шаппаққа қарсы оңдалар,
Қатты жерге қақ тұрар,
Қайратты ерге бақ тұрар,
Мың күн көрген қызықты
Бір күнгі өлім сап қылар,
Жақыннан күдер үзгендер,
Туғанын ұрып жат қылар.
Жылқыдан күдер үзгендер,
Биесін сатып ат қылар.
Жақсы болса ағайын
Көңіліңді шат қылар,
Жаман болас ағайын
Айқай-шу қылып маңайын
Өзін-өзі мат қылар,
Көпті көрген қария
Ақылы бейне дария
Көкірегін хат қылар.
Мұны да айта кетейін
Жаман жардың белгісі
Ерте жатып ерінен
Қалың көрпе жаптырар,
«Пәленшенің көкесі,
Шаншу тиіп қалды» деп
Байына отын жақтырар,
Анық сәске болғанда
Ұйқыдан көзін ашып ап,
Бұрымдарын қасылап,
Шыға салып есіктен,
Адамдай істен кешіккен
Жақын жерді қақ қылар.
Сезікті түлкі секірер
Сенімді сайға бекінер,
Қара малда қасиет көп
Өлгенін көрсе өкірер,
Азамат ұлдың белгісі
Алысты жақын келтірер,
Асыл қылыш кетілер,
Шарыққа салса жетілер,
Талапты туған ер жігіт
Әр жұмысқа бекінер,
Жылдам шапқан жүйрік ат
Аяғанын мертілер,
Жорға дүние тоқталмас
Жол тартқандай селкілдер,
Ауада нөсер көп болса
Айдын көлдер көлкілдер,
Көлге біткен көк жекен
Жел соққанда желкілдер,
Көкірегің қамықса
Көзіңнің жасы мөлтілдер,
Қоя берсең бұл көңіл
Қыдырып тынбай тентірер,
Жүгірген аң, ұшқан құс
Бір тамаққа жем тілер,
Есі жарым белгісі
Жетпесті қуып ентігер,
Қапылдықтың белгісі
Өткен іске өкінер,
Өмірің бір күн өтілер,
Қара жердің астына
Қарайған пенде бекінер.
Тауда тарлан ақырар
Дауысын сезген қалтырар,
Тас мұрынға ұялап
Таза сұңқар шақырар,
Бейдәулеттің торына
Қарқұс түсіп жапырар.
Қыстасаң үзір құмда бар,
Көктесең ыраң жымда бар,
Шаруалықтың белгісі
Көшіп қонса қуналар.
Кәрие кімде- хат сонда
Айтқан сөзін тыңдаңдар,
Өтірікшіде өкініш көп
Сөз таптым деп жыламаңдар,
Өз қадірін кетірер
Оныменен кімді алдар?!
Ажал деген алып бар,
Жылдан басқа жыл келіп
Жаңаланар халық бар,
Бұл дүниенің қалпы бар
Өлшеп берген өмірге
Адам байғұс тартынар,
Ішпей- жемей қалтырар.
Ашты- тоқты болса да
Байлы-жарлы болып жүрсе де
Тәуекелге тән берер
Азамат туған мәрт ұлдар,
Сағым қолға ілінбес
Айдалада жалтырар
«Қай күні ажал келед?» деп
Қауіп үстінде жан тұрар,
Бейнет көрген жігіттің
Рақаты артылар,
Міне қойса тай тулар,
Баса мінсе жай тулар,
Бұрынғы мен соңғыда
Осылайша айту бар.
Анадан туып жаралдық,
Қараңғыдан жарыққа
Бұл да мәлім халыққа,
Шүлдірлеп жүріп еңбектеп
Тіліміз шыққан аныққа,
Балалықтың шегі бұл
Бір жасыңнан он бес жыл,
Бұ да баста тұрмайды,
Адамды өмір алдайды,
Өмірі қысқа адамдар
Он беске де бармайды,
Балалықтан өткен соң
Жігіттік дәурен келеді,
Қызыл ала киініп
Барын бойға жиынып
Қыз-бозбала өседі,
Бұ да баста тұрмайды
Бір күн өтер жиылып,
Түрлі дәуір беріпті
Пендесіне бұйырып.
Жігіттік дәуір өткен соң
Кісілік дәуір келеді,
Отыз-қырықтың ішінде
Пенденің толар кемелі,
Құлақ салсаң жақсылар,
Адамзаттың дәуірін
Төрт ықлымға бөледі,
Өмірі қысқа адамзат ,
Бұған да жетпей өледі.
Кісіліктен кеткен соң
Кәрілікке жеткен соң
Раса мүшел жеткені,
Қызғалдықтай қуарып,
Дәуірінің біткені,
Жастықта көрген қызығың
Көңілге елес сағым боп
Ә дегенше өткені
Бойыңдағы әл кетер
Түрлі дақыл, дән кетер,
Бетіңдегі нұр кетер,
Сұлу-сымбат түр кетер,
Ақсақ қойдай аяңдап
Артыңнан өлім бұл жетер.
Жастық дәурен-жазға ұқсас,
Үш ай өтер қыс болып
Жер бетінде күш болып,
Құрт-ашарат қырылып
Жерден рақат түріліп,
Жабусыз малдар жайына
Жүре алмайды бұрылып,
Қыс та өтер, жаз болып,
Адамзат, айуан мәз болып,
Үйрек ұшып қаз қонып
Жаңбыр жауып,сел ағып,
Жаһан гүлдер саз болып,
Екі-үш айлық өмірі
Бұ да өтеді аз болып.
Жаз мысалы жаннаттай,
Жаңбыр жауып құрғатпай
Миуалы көгеріп,
Жаһан руаж болмақтай.
Жаз өтіп күз болған соң
Миуаның ұшар гүлдері,
Бұлбұлдың тоқтап үндері.
Жердің кетіп ажары,
Ағаштың ұшып түрлері,
Онан кейін қыс түсер
Бұдан өтсе ілгері,
Баяндап күз де тұрмайды
Адамның өмірі сондай-ды,
Кәрілік дәуір жткен соң
Жастығы қызық болмайды.
Көпті сүйер ақ пейіл
Ішке пікір ап қалмай,
Жақсымен болсаң сұхбат
Ағарып таңың атқандай,
Сыпайы сөйлер әдеппен
Көп сөзіне мақтанбай,
Байлық баян етпейді
Жыртық қалтаң аққандай!
Ақынның мұрасын зерттеуші Сейтомар Саттарұлы. Сарыағаш қаласы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button