Опасыз бұл дүние әуел бастан,
Өтеді пәни жалған кәрі-жастан.
Құдайдың құдіреті қандай күшті,
Тіреусіз жаратыпты жер мен аспан.
Аспанда ай менен күн кезек шығып,
Жарық қып, жер бетіне нұрын шашқан.
Әлемнің он сегіз мың мақлұқаты
Құрғақта, жер мен суда орналасқан.
«Бәрінен адам әзіз» деп айтады,
Ішінде осылардың ақылы асқан.
Сенбеңдер, дүниенің істеріне,
Уақытың бітсе қарамас түстеріңе.
Ісіңе ілгері өткен өкіндіріп,
Ерніңді бастырады тістеріңе.
Бұл дүние кімге жолдас, тұрсаң ойлап,
Тірлікте пенде жүрер күліп-ойнап.
Жақсылар, бір Құдайға құлшылық қып,
Өтерін дүниенің жүргін, ойға ап.
Адамдай әзіз затты жаратыпты,
Ұлт қып неше түрлі таратыпты
«Мұсылман», «кәпір» деген ажырым қып,
Әрқайсысын әр бір дінге қаратыпты.
Көрінер көзімізге дүние шіркін,
Аунаса кетіреді ердің түрін.
Өлмесе баба қайда, ата қайда?
Солардай-ақ өтерміз біртін-біртін.