АТАНЫҢ МЕЙІРІ
Туғаныңда қуанған,
Дүние малын бұланған.
«Есен болса екен» деп,
Алладан медет сұранған.
Қабағыңа қараған,
Жәрдеміңе жараған.
Жолаушы боп қайтқанда,
Сағынып келген даладан.
«Іңгә» деп даусың шыққанда,
Көзінен ұйқы тараған.
Мұнасып атқа міндірген,
Жарастық киім кидірген,
Күншығыс, қыбыла білдірген.
Қарны ашар деп кебаб боп,
Ауқатыңа себеп боп,
Қасыңа азық үйдірген.
Жылап тұрсаң, күлдірген,
Иығына міндірген.
Жерге қимай қоярға,
Етегіне сидірген.
Алпыс екі тамырын,
Басынан Құдай идірген.
Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып, үдеген.
Көркіне көңілі ашылып,
Құдайдан ғұмыр тілеген.
Атаңдай қыбла қамқорың,
Табылмас мына дүниеден.
Мейірбаның жаһанда,
Атаң өлмес болсайшы!
Хасірет қылып көңілге,
Қаза келмес болсайшы!
Атасынан ажырап,
Мүсәпір болмас болсайшы.
«Қыблагөйім, атам», деп
Зар жыламас болсайшы!
АНАНЫҢ МЕЙІРІ ТУРАЛЫ
Тоғыз ай он күн көтерген
Еңбегіңде еті өлген,
Бейнет көрген төтеннен.
Зиярат қылсаң ескеріп,
Кем емес қыбла, Меккеңнен.
Құрметін оның қылмасаң,
Қызметін қылып жүрмесең,
Арамы, залым болғаның,
Ұрғаны Құдай жетеңнен.
Жақсылық қылғын тіріңде,
Жамандық қылма піріңе.
Жазаңды Құдай тарттырар,
Нәсіп жоқ пейіш Меккеден.
Шықпаған жырақ қасыңнан,
Күйзеліп жаны ашыған.
«Іңгәлап» даусың шыққанда,
Көзіңнен ұйқы ашылған.
Қараңғыда сөйлесең,
Таныған, көрмей даусыңнан.
Мейіріңді асқа қандырған,
Мейірбан бар ма осыдан?
Құдай, Пайғамбардан соң,
Көңілі жақын досыңнан.
Қияметке кеткенше,
Өлшеулі ғұмыр өткенше,
Көбелектей айланып,
Пәруана болған басыңнан.
Етегіне сарытқан,
Ерніңе емшек дарытқан,
Қарныңа қорек барылтқан,
Беліңнен батып болған соң,
Жиренбей жуып арытқан.
Жыласаң, шошып оянған,
Мұздай бесік таянған,
Жаныңа жақын саяңнан,
Қызметін оның қылмастан,
Не болар жаның аянған?
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні бұрылған,
Ыстық пенен суыққа
Перзенті үшін ұрынған.
Дүниеде Құдай жаратқан,
Мейірбан қылып бұрыннан.
Жас нәресте күніңде,
Қайырылып келген қырымнан.
Мейірін Құдай түсірген,
Ыстық-суық ішірген.
Құйрық шайнап, май берген,
Құндақтап жөргек жай берген,
Ондай қызмет таппайсың,
Аспаннан жұлдыз, ай көрген.
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Ыңқылдап жатып ауырсаң,
Жарым жасын кемейткен.
Анаң өлмес болсайшы!
Жетімдігін ананың
Бала көрмес болсайшы.
Жетім болып артында,
Қала бермес болсайшы.
Қапа болып көңілге,
Нала кірмес болсайшы.
АҒА ЖӨНІНДЕ
Алдыңдағы санатың,
Жал-құйрығың, қанатың.
Көңілдегі қайратың,
Асқар таудай айбатың.
Басыңдағы дәулетің,
Жауып, қымтап жүреді,
Ашылмайды әуретің.
Арқаңа тамдай сүйеуің,
Үзеңгідей аяқ шіреуің.
Үйдегі ұтын, тіреуің,
Қысылсаң қорғап, сүйерің,
Ағаң өлмес болсайшы!
Қасіреті ініге,
Қала бермес болсайшы!
ІНІСІ ЖӨНІНДЕ
Атың тың боп мінілмес,
Аса бейнет көрілмес.
Тарықтырмас тай-құнан,
Жайласаң қадірі білінбес.
Жылқы ішінде асау тай,
Аста қуат жүрек май.
Қарақара тәжің телпегің,
Қолыңдағы келтегің,
Білінбейді тентегің,
Інің өлмес болсайшы!
Інің өліп көңілге,
Мұңлық келмес болсайшы!
ҰЛ ТУРАЛЫ
Ұл дүниенің мұрасы.
Перзентіңнің расы,
Қарқара тәжі жығасы.
Ұлсыздың жүдер бір басы,
Үйде көріксіз тынабсы,
Қыз құлақтың сырғасы,
Мал зейірі тылласы.
Өскен соң көңілі елікпес,
Өзіне мағлұм тұрмасы.
Ол көңілдің шуағы,
Сәске түстің уағы.
Етегі ашық жүрсе де,
Риза болмас бұ-дағы.
Ұл атаның қуанышы,
Ашылған дария, бұлағы.
Өліп кеткен уағында,
Орнында жанған шырағы.
«Пәленшенің ұлы» деп,
Есітер елдің құлағы.
Атаның перзент халындай,
Ақ жүзінің қанындай.
Халің нашар уақытта,
Тапсырарсың малыңды-ай.
Өз көзің көріп тұрғанда,
Көңілің оған нанымды-ай.
Көтерілер көңілің,
Ілесіп жүрсе жаныңда-ай.
Көркіне көңілің ашылған,
Қайратыңды асырған.
Сары алтынның буындай,
Ілесіп жүрсе қасыңда,
Алтын кемер беліңнен,
Ағайын, жақын еліңнен,
Тірлікте қуанышың,
Тірілітпесе де көріңнен.
Ұл орынның иесі,
Өзің кетер керуен.
Сұр бетіңді қызартқан,
Қолыңды ұзартқан.
Сырттансынған дұшманың,
Көкірегіне мұз артқан.
Ұлың өлмес болсайшы!
Ер азамат есен боп,
Мұңын көрмес болсайшы.
ҚЫЗ ТУРАЛЫ
Әр нәрседен лағатты,
Атаның ол бір қажеті.
Қыз қызықты жегжаты,
Қызда жақсы сүймекке,
Перзентім деп жүрмекке.
Жолдастыққа жарамас,
Қасыңда киім кимекке,
Атыңды шауып, мінбекке,
Жасаулары жарасар,
Жалтаңдап көрген қарасар,
Алыстағы жат елдер,
Жекжаттықты қаласар.
Қырдағы жат елдер,
Жегжат болып жанасар.
Тап орныңды баса алмас,
Тамырлыққа мінәсар,
Қызғалдақтай ашылған,
Қырға тұқым шашылған.
Басқа ауылды базар қып,
Ізетін ол бір асырған.
Үштен шашы есілген,
Отарға шыққан отаудай,
Қолыңмен жасап көшірген.
Қияметке кеткенше,
Өлшеулі ғұмыр өткенше,
«Қамқорым, атам-анам» деп,
Ұмытпайды есінен.
Қыз да жақсы перзентің,
Қиырдан салған рабатың.
Қылығы еске түскенде,
Әсел, шекер, ақ қаныт,
Қант, қандалат, науатың.
Қызың өлмес болсайшы!
Ата-ана күйініп,
Мұңын көрмес болсайшы!
ҚАТЫН ТУРАЛЫ БАЯНДАМА КЕЛТІРЕДІ
Әуелі қыздан жақының,
Диқаншылық дақылың.
Бұл дүниенің ішінде,
Бағасы сірә, болар ма,
Жақсы болса қатының.
Салтанатың түзелер,
Тола болар ақылың.
Үй ішінде базарың,
Өзіңнің шырын мазалың.
Қапалығын көңілдің,
Һарсәна қылып жазарың.
Кіреді көркің, ажарың,
Пәс болмас төмен назарың.
Тәрбият таппақ қатыннан,
Жеткенше қашан ажалың.
Өзіңе әбден икемді,
Өзгеден жақын сүйкімді.
Алыстан аңсап келгенде,
Алтай ұсар түлкіге.
Айқасып жатып сүйіссең,
Айға татыр бір күні.
Таудай қайғы қалмайды,
Көңілден кетер пікірі.
Қатын қадірін біліңіз,
Қасиеті бар бір түрлі.
Жақсы болып жолықсаң,
Рахатқа молықсаң,
Жадыңда болсын Аллаға,
Жатсаң, тұрсаң шүкірің.
Жақсы болып жолықса,
Жарың өлмес болсайшы!
Әр пендені айырмай,
Жұбыменен қойсайшы.
Жақсы жардың қылығына,
Тірлікте көңіл тойсайшы.
АҒАЙЫН ТУРАЛЫ
Сағынғанда көріскен,
Айтқан сөзі өбіскен.
Басыңа басы аралас,
Малыңмен малы өріскен.
Жақын жүрсе қадірі жоқ,
Құлын-тайдай тебіскен.
Құн тартсаң, бірдей беріскен,
Аралап көрсең үй-жайын,
Алғандай баһри беһшаттан.
Ордалы құлан шарбағың,
Оқ қағарың жан-жағың.
Дұшпанға әйбат салмағың,
Қадірін білмей қалмағын!
Хал-қайратың, жәрдемің,
Ағайыннан аз болсаң,
Тістеулі кетер бармағың.
Көп болар қорлық, арманың.
Көп көмегің болмаса,
Күшеймес қонған аруағың.
Ағайының өлмес болсайшы!
Қабырға сүйер халқыңа,
Ажал келмес болсайшы!
МЫСАЛ СӨЗДЕР
Жас уақта көңіл мас болар,
Дұшпан қорқып, пәс болар.
Жауыңның жаны жасқанар,
Кәриелер өтсе дүниядан,
Қара жермен дос болар.
Азаматтан айрылсаң,
Алатауың пәс болар.
Көкірегің қамығып,
Көзіңнен аққан жас болар.
Қайғысыз ішкен қара су,
Қарынға қорек ас болар.
Ынтымақ, үлгі кеткен соң,
Аға мен іні қас болар.
Үлкеннің сөзі ем болмай, кем болмас,
Баладан билеп бас болар.
Береке, қайыр байланып,
Мейірі қатып, тас болар.
Көбейіп закун заң болар,
Қасиет, қадір жоқ болар.
Көп сөйлеген дақ болар,
Қасиет қайыр кем болып,
Аман, есен жоқ болар,
Әйелдер би боп, паш болар.
Карадай құрып қалғаннан,
Отырған орны там болар,
Майлықожа кәминә,
Осы мен сөзі жам болар
Бұл сөздің енді аяғы болды тамам
Жазуға бұдан асып келмес шамам.
Жүзіңді барлығыңның жарық қылып
Жар болғай ақыретте Алла таалам.
Артында тағы бар деп болма алаң
Қол жайып бір дұға қыл баршаң тамам.
ШАРУА БОЛСАҢ
Көштің көркі түйе еді,
Шыңырауға қауға байлап бақ.
Жетекшіл келер жылқы мал
Семізін мініп, айдап бақ.
Қой деген мал береке,
Қолайлы қоныс жайлатбақ.
Сиыр, өгіз тоқ қылар,
Түнеген жері ай батпақ.
Шаруа болсаң мәнісің
Әрқайсысын ойлап тап.
Естектің жолы қатқалақ
Кетірер есін қақпалап.
Есі жарым баланы
Жарамас тіпті мақтамақ.
Шала жүйрік ат бітсе,
Басыңа мехнат таптамақ.
Жаман қоңсың қонақпен
Қосыла жаулар қапталдап.
Қарауыл қойсаң қорқақты
Жау көрмей қашар аттандап.
Азығыңды азайтсаң,
Ақта да үн қыл, батпандап.
Аузың асқа тез тиер
Асығыс болып жатқанда-ақ.
Диқан ақылын танысаң,
Көп айдаған тапқа бақ.
Қатын ақылын танысаң,
Кебеже мен қапқа бақ.
Атыңа батса алтын ер
Айтып ұрып отқа жақ.
Ынтымақ, үлгі іздесең,
Қариясы басшы топқа бақ.
Жасанған жауды көрсең де
Аруаққа теріс-ті боқтамақ.
Боқтағаның бейпайда
Ғазаты мылтық оқтамақ.
Жарамды ұлдың белгісі –
Жастықтың тұзын ақтамақ.
Аузыңа сыймай шыққан сыр
Біреуге қиын тоқтамақ.
Тас атқанға ас бермек
Жарамас кінә сақтамақ
Жапсар итке ат қояр
«Бөрбасарлап», «сырттандап».
Жаман адам зорлықшыл
Жақын жерге тыртаңдап.
Ажарсыз жігіт қатынға
Алдырар сырын жыртаңдап.
Бақ қонады ұл таңлап,
Қонақ қонар үй таңлап.
Қас жүйрікке жолықсаң,
Жолдысыз қоймас күй таңлап.
Қазан аттың осалы
Таты болар қиқандап.
Қас татының жаманы
Қаракеш болар сыйпаңдап.
Қалбағайы түйенің
Жүк көтермес салтаңдап.
Аруанадан туған нар
Көп көтерер талтаңдап.
Тойынса жаман өкпешіл
Түйеден бетер қаңқаңдап,
Сиырдан бетер таңқаңдап.
Жаманның сөзін көтерсең,
«Бір қорқытып алдым» деп,
Кейініңнен қалмас жалпаңдап.
Ат қадірін білмеген
Батпақта қалар салпаңдап.
Ас қадірін білмеген
Ашықпай қалмас аңқаңдап.
Сыпайының баласы
Татқанға зарлы бал таңлап.