Майлықожа

Дүниенің жолдас болдық несін біліп

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Жиырма жасқа келгенде бұлақтайсың,

Жиырма бес жанып тұрған шырақтайсың.

Отыз жас ер жігіттің дер кемелі,

Мысалы, көлге біткен құрақтайсың.

Отыздан отыз беске келгеніңде,

Мысалы, байлаудағы пырақтайсың.

Қырықтан қырық беске көлгеніңде,

Мінілмеген байлауда құр аттайсың.

Қырық бестен елуге келгеніңде,

Жүз жастың ортасынан бір аттайсың.

Әзіл сөзден бұрынғы бойды тартып,

Ішінен бозбаланың жырақтайсың.

Елу бестен алпысқа келгеніңде,

Су болған жауындағы тұмақтайсың.

 

Дүниенің жолдас болдық несін біліп,

Мұны ойлап жүрген жан жоқ есі кіріп.

Өлген соң, өз жақының –  төртеу кіріп,

Оң жақта тонап алар шешіндіріп.

 

Жүргенмен дүниеде бірнеше жыл,

Төрт кез мата ғана, еншіңе біл.

Қайғы мен мұң аралас, көйлегіңе

Жеңі жоқ орай салад мойныңа іліп.

 

Кәрілік жаман ауру терлемейді,

«Кісіден алсаң алғын, бер» демейді.

Қазы, қарта, берсең де май менен жал,

Көтінен кейін кетед, өрлемейді.

 

Кәрілік жаман ауру тырысқандай,

«Бер» деген кісіменен ұрысқандай.

Қарғып тұрып кететін шамаң қайда,

Бұрынғы қуат пенен жүріс қандай?!

 

Басыңнан бағың кетіп, дәулет тайса,

Дұшпан боп шыға келед жақының да.

Белден қуат, білектен күшің қайтса,

Айтқаныңды істемейді қатының да.

 

Пендеміз қам сүт емген піскен емес,

Күнәміз таудай болып, кішкене емес.

Күнәні таудай болған көшем десе,

Құдайдың құдіретіне ештеңе емес.

 

Жұмысын дүниенің жүрміз істей,

Жалғаннан жүрміз әлі ауыз піспей.

«Асылы дін, нәсілі шын» деген сөз бар,

Туған жан жер қойнына қалмас түспей.

Өмірінің өткенін білмей қалып,

Нелер өтті арманда бармақ тістей.

 

Көтермей көңіліңді, жүргін, баса,

Барапар дәргәһыңа піл мен маса.

Ақыры келмегендей қылады өлім,

Мейлің Зал патшадай мың жыл жаса.

Дүниеде ешбір адам қалынбайды,

Жарлы жанын, бай қылар малын қайғы.

Ақылы көп ерлердің бір нышаны –

Кеткенге дүниесі тарынбайды.

Намұртты бір шыбынға өлтіргізді

Жұтқызды жерге әмір қып Қарынбайды.

Құдайдың ешкімге жоқ қошеметі,

Байға да, патшаға да жалынбайды.

 

 

КӘРІЛІК

 

Жиырма-отыз ыңыранған барыс екен,

Өлең оған қошемет таныс екен.

Жігітшілік жігіттің байлығы екен,

Жасың қайтып жұлдызың айниды екен.

 

Қырықтан асып кәрілік жуысып жүр,

Жауырынымның арасы қуысып жүр.

Жастығыңда өлең де өнер екен,

Бұрынғыдан қызығы суысып жүр.

 

Дәурен өтер бір күні дүмбірлетіп,

Сұлу сүйіп, жүйрік мін күмбірлетіп.

Елу менен алпыстан асқаннан соң,

Жолдасыңды азайтар бір-бірлетіп.

 

Жетпіс өтіп, сексеннің кірісінде,

Залалкүнәм боласың үй ішіңе.

Саған сырын айтарлық бір адам жоқ,

Тірлік пенен көңілдің тиісіне.

 

Қатыным қартайғанда дұспан болды,

Екеулеп баламенен қысқан болды.

Бір неме келін деген тағы шығып,

Бірі іштен, біреуі тыстан болды.

 

Неғылдым келіп саған тұлданғандай,

Қатыным қартайғанда ұлдан қапды-ай.

Алып кел, тұлдансаң да, сорлы балам,

Жерімде дәрет алған құмған қалды-ай.

 

Көрсетеді кәрілік күнәйіңді,

Қатпар-қатпар қылады шырайыңды.

Тегіндікпен кәрілік келмейді екен,

Қасына ерітіп жүреді уайымды.

 

Кәрілік қояды екен сыбырлатып,

Деміңнен түсіреді тұғырлатып.

Құдитып құбылаға отырғызар,

Аузыңды алаң қойдай жыбырлатып.

 

Аузыңды алаң қойдай жыбырлатып,

Әспі-тәспі айтқызар сыбырлатып.

Желкеңді дүние келіп түртіп тұрар,

Бұлкілдеткен бүргедей жыбырлатып.

 

Біздің өлең санаттың дәптеріндей,

Жүзден асқан кәрінің гәптеріндей.

Қажығаны сөзімнің білінді ғой,

Қатпарланған өзімнің жақ терімдей.

 

Менің де келіспей тұр Майлылығым,

Өлеңімде көбейді айып-мінім.

Замананың толғауын толғағанда,

Елдің қамын ойлаған қайғылымын.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button