Қызылорда жақтан түскен арыздар суыт хабарлар жеткізе бастады. Онда «Бас инженер Серік Әбдікәрімов осынша көлемдегі мемлекет қаржысын талан-тараж етті» – деген сөз бар. Бұл маған ашық күні аспаннан жай түскендей әсер етті.
Мұны іліп алған өсекшілер, сот, тергеу, прокуратуралардың жұмыстары бірден қызды. Әр күн сайын Орталық Комитеттің өзінде сөз аңдыған топтың: «И. Әбдікәрімов баласын жеңіл жазамен құтқарып алмақшы» – деген әңгіме-қауғасы кеулеп кетті. Осылай сыңсығаг шағымдар жүйелі түрде түсе бастады. Күн құрғамайды.
Баласы үшін шырылдаған ата-ананың өмірде талайын көріп, тыныштығын тіледік, қолдан келген жәрдемімізді көрсеттік, жұбаттық. Жұрт мені де түсінер. Бірақ тергеу орындары мекеменің құжат-қағаздарын ақтара келгенде кейбір көрсетілген фактілер анықталған. Құрылыс объектілері дер кезінде пайдалануға берілмесе, құнын жеп кететін дерт бар емес пе? Бұл – қылмыс. Бірақ бас инженер болғанына алты ай толған Серік соның бәріне қалайша кінәлі? Қиналып жүріп баламмен сөйлесейін.
– Құжаттарға неге қол қойғансың? Қол қойған екенсің, оған жұмсалған өкімет ақшасы қайда?
– Мен бір тиын да ақша алғаным жоқ, – деп балам түсіндіре бастады. – Алты айлық қорытындыға қол қойдым. Өйтені, әрбір айға бастықтың өзі қол қойған екен. Ай сайын жоспардың орындалғанын көрсеткен, мен соны негізге алдым.
Бала есеп-қисап жұмысынан сүрініп, тәжірибесіздік танытып отыр. Осылайша, менің ізімді бағып жүргендердің темір торына қалайша келіп өзі түскенін сезбей де қалған-ау. Өшіккендер өршелене ұмтылған сайын, күн өткен сайын қыл бұрау ширатыла түсті. Сот пен прокуратураның әділеттен ауытқып, күштінің сөзін сөйлейтінін жақсы білемін, сөйте тұра мен араласпасам да, істің ақ-қарасын ашар деген үмітпен өз өзімді алдап, бой сақтап жүріп алдым. Республика басында жүрсем де баламның тағдырына ара түсуім керек еді, мұным – от басымның құқын қорғау еді ғой. Заң органдарындағы барлық құйтырқылықтардан хабардар болған соң, ешкімге үміт артпай, бұл іске айыпкердің әкесі ретінде араласып, әділетін талап етуге тиіс едім. Мұны жасамағаным бекершілік болды. Балаға қайта сот жүріп жатқан кезде де ақтап жібереріне іштей үміт артқанмын, бірақ іс барысы күткендегімнен кері қарай кетті. Арызқойлардың дүмпүі әділеттен биік шықты. Сөйтіп, екі жылға шартты жазаға кесілді.
…Елге келген соң да отбасымыздан түнерген ала бұлт төбемізден бірнеше айналды-ау. Кәдімгі кәрі ағашты түп-тамырынан аударып тастағысы келетін Сыр бойының аласұрған дүлей дауылы секілді. Жапырақ шашылып, бұтақ сынған шығар, діні аман ғой дейміз. Ендігі тіршілік үшін күрестік, сұрапылдан соң кім бар, кім жоқ деп есімізді жинап, төңірегімізге көз саламыз. Осындайда достықты, елдікті, туысқандықты танисың.. Солар қолтықтап демемесе біздің отбасымызға түскен қиямет бір от басы көтеретіндей ауырмылық емес еді.
«Құған алмайды, аңдушы алады» деген сарас әңгіме, төбе-төбені тасалап ізімізге түскен тобырдың қарауылына балам ілікті. Жас еді демеді, аяған жоқ. Жазық жерден ор қазып, оққанға жыққанша тыным таппады. Оған қарсы заң орындары принципті баға бере алмады. Бұл қауесеттен алдымен Д. Қонаевтың өзі сескенсе керек. Алғашқы үкімнен соң «Әкесінің көмегімен баласына аз жыл кесіліп жатыр» – деген хабар жетісімен осы мәселемен қоян-қолтық араласуды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Мирошхинге тапсырыпты. Бірақ, тапсыру үстінде: «Іс әділмен шешілсін. Ақ-қарасы дұрыс ашылсын. Жаза қылмыстыға берілсін» – деген құдайшылық сөзін ел басшысы айтты деп ойламаймын. Қайта әңгіме қаулап кетпей тұрып, қалай болғанда баланың жазасын көбейтіп беруді көздеген шығар. Осы қауесеттен ел арасында наразылық туып кетеді деп бойын тартқаны даусыз. Осылайша, заң орнындағылар жұмыртқадан жүн қырққандай асқан ыждағаттылықпен қылмыс жинақтап, «қылмыскерді» өз қолдарымен жасады. Ал, ай сайын бітпеген құрылыс арқасында білемдеп ақша жегендер қайда, олар біле тұра еңбексіз ақшаға қалай қол салып алды? Бұл мәселе жабулы қазан күйінде жабуымен қалды. Сөйтсек, бұл өмірде заңнан да күшті бар екен. Ол – лауазымды үргедек басшының үкімі. Бұған көзім Жоғары Кеңесте жүрген кезімде жеткен.
Марқұм драматург Шахмет Хұсайыновтың жап-жас баласына қияметтің қылмысын таңып, онысы нақты дәләлмен анықталмаса да, ауыр жаза берген соттың қиянатына қарап таң қалып едім. Ісімен толық танысқан соң, өз тарапымнан наразылық білдіргенмін. Осылайша, әлгі баланың жазасы бір шама жеңілдеген. Енді сот тарапынан қолдан жасала салатын әділетсіздік менің ұлымның да басына түсті. Жасыратын несі бар, бұл Серіктің өмірде жеген ең ауыр соққысы болды. Оның өмірден өзін-өзі бастауы да осы кезеңнен басталды деп білемін.
Төрткүл дүниеде баланың жанын әкесі мен шешесінен жақсы кім біледі? Ұлым менің көзіме жолдасына жанын жайып салатын ақ көңіл жан көрінуші еді. Осының бәрі өмірдің қалтарыс-қуысында бұғып жататын құлық-сұмдықтарға кезіккенде өзіне оқ болып тигендей. Бұған дейін кездеспеген екіжүзділікке басына іс түскен күні сан мәрте беттесті. Ол өңі теріс айналған жалғаншы дүниені танымай да қалған шығар. Кешегі жолдас – бүгін қас, кешегі жақын – бүгін жат, қым-қуыт тірліктің ара жігін ашып білу мүмкін емес-ті. Балаға бірыңғай жақсылық үйретеміз деп, жаманшылық атаулыны бекер көсетпейді екенбіз, басы қатып, тоқсан жолдың торабында қалған кезде қалай қарай қадам басарын білмей сенделіп қалды. Осының бәрі оның туа-бітті мінезінің өзгеруіне әкеп соқты.
Тағдырдың бұл тауқыметі де аз көрінді… Серік Алматы политехникалық институтты бітірер жылы үйленді. Құдаларымыз Шымкент қаласындағы қарапайым еңбек адамдары, баламыз баласына жарасқасын от басылық сыйластығымыз үзілмей, жекжаттық байланысымыз жақсы болды.
Оқуды бітіріп, елге келген соң, екі немерелі болдық. Келін педагогикалық институтта сабақ береді. Өмір ауанымен өтіп жататын жайшылық заманда бәрі де жақсы ғой, бірақ кім-кімнің де сыналар шағы басына іс түскенде. Серік шартты жазасын алған алмағайып кезеңде келінім өтініш айтты:
– Білім жетілдіруге Алматыға барып қайтайын.
Жұмыс бабындағы тірлік емес пе? Сол мезет Серіктің демеушісі болып жүргенін көңіліміз қаласа да, қарсылық білдірмедік.
Алайда, білім жетілдірудің соңы аспирантураға ұласты. Екі баланы Шымкент қаласындағы ата-аналарына апарып салды. Бізге немерелеріміз қаншалықты қардар болса, олардың балам үшін орны тіпті бөлек екен. Апта сайын балаларын көру үшін Шымкентке кетеді де қалады. Арып-ашып қайта оралады. Кішкені ұл мен қызын кейінгі кезде көрсеткісі келмеген құдалар қашқақтата бастаған. Осы сәттен от басындағы тірлік кері кетіп, Серікте жан күйзелісі ұлғая түсті. Кей кездері ұйқысыз таң аттырғандай және онысын бізге сездіргісі келмегендей ыңғайын байқап қалдық. Бірақ қиюы қашқан жас отауды қайтадан тікейтіп беру құдіреті біздің қолда болмай шықты.
Баланың осы күйге түсуіне тікелей себепкер екінші жағдай тағы бар. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалған соң Орталық Комитеттің нұсқауы бойынша қалалық партия комитетінің бюросына түсіп, партиялық билетін тапсырды. Өз ұжымында қорғап сөйлеген қарапайым еңбек адамдарының пікірі ескерілген жоқ. Жазасы кесілгесін де өз отбасындағы ауыр жағдай жалғаса берді. Осындай дүбәрә күйде сабасына түсе алмай жүрген бала ауыр қылмыс жасады дегенде жасын ұрып өткендей қаудырадық та қалдық. Әлі күнге дейін тосын оқиғадан соң, өліп тірілгендейміз.
…Баланың еншісі бөлек болғандықтан барлық жағдайдың басы-қасында жоқпыз. Осы кездері заң тарапынан рухани әділетсіз үлкен соққы алып ұнжырғасы түскен баланы тіршілікке қайта қарату қамтығын ойлап жүрдік. Қара жұмысқа көшкені, бақшалық басында қол боста егіншілікпен айналысқанына үмітпен қарадық. Бірақ қырсық қырық ағайынды емес пе?
Сот үстінде анықтағандай Серік саяжай басынан кешкіқұрым келеді. Үй алдында көңілдері түзу болмаса да, бір-бірімен бұрыннан таныс төрт жігіт ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отыр екен. Олардың бірі амандасқан Серікке арақ ұсынады, онымен қоймай қытығына тиеді, қиянұрыс әңгімесі тағы бар. Серік ұсынған арақты ішпей, ақыры отырғандармен қабағы жараспастан кері бұрылып кетеді. Көптің біреуі қапыл қимылдап, құйған арақты ішусіз қалдырған жігітке тарпа бас салады. Сол арадағы масаң жігіттер жабыла ұмтылып, қолына түскенімен аяусыз ұруға көшсе керек. Ауыр соққы басына тигенде бала құлағанға ұқсайды. Көршілердің көз алдында есінен танған баланың басы жарылып, адам танығысыз күйде үйіне әрең кіргені сот процессі кезінде де анықталды. Бұдан кейін ес-түсінен айрылған жігіттің қандай әрекетке қолы барғанын айту қиын, ол санасында саңылау қалған сау адамның жұмысы емес еді. Нәтижесінде ең ауыр жазаға кесілді. Не істеп, не қойғанынан бейхабар бала көпке дейін есін жинай алмай отырды.
Бұл біздің басымыздан өткізген тағы бір қияметіміз еді. Жыландай жылжыған ауыр күндердің салмағын өлшеп-білу мүмкін емес. Шүкіршілік қылып, бұған да бел буу керек-ті. Өйткені, құдайдан басқа сүйеніш қалмады. Тағдырдың салғанына мойынұсынбасқа шара жоқ болатын.
Енді өткен күнге өкініш жүреді, өтініш жүрмейді, болған іске болаттай берік болғаннан басқа не қалды?
Ертеде бір жүз жасаған қариядан:
– Ақсақал, өмір деген қандай екен? – деп сұрапты.
– Шапқан аттың көлеңкесінде тұрғандай бір сәттік сәуледей өте шықпай ма? Соншалық тездіктің ішінде пендеңнің бітірмеген ісі деп көп, жіберген кемшілігі де жетеді. Оның бәрін жиып-теріп қайда апарамыз.Онан да тағдырымызды кейінгі ұрпақтың талқысына салып кетсек, келешектің кәдесіне жарап қалар деген үміт бар. Менің бұл кітапты жазғандағы басты мақсатым осы еді.
Достықта айнымалылық жаман. «Әуелі бастан жанаспа» – дейді ғой дүниеден өткен шайырлар… Әуелі бастан жанассаң ол адамға деген көңілің ақыреттік болсын. Тағдыр жазып әлдекіммен достассаң, оны өле-өлгенше ақтап, адалдап шығу да ердің қолынан келеді.
…Елге келгесін де қызметім кеміді деп мұқалған мен жоқ, рұқсатсыз қарыс қадамыңды бақылап отыратын астана шенеуніктерінің кірпияздығынан құтылғаныма шүкіршілік еттім. Бірақ бұған Серіктің басына түскен ауырмалық қабаттасты да, біраз әл-дәрменді алып кетті. Қиын кезеңде ағайын мен дос-жардың қилы көз-қарасы көңіліңде жазулы хаттай жатталып қалады екен. Қайрылмай жүзін бұрып кеткендері бар, азаматқа аяушылық сезімін байқатқысы келмей, әңгімемен көңіліңді демеп жүргенден бар, әйтеуір, қилы-қилы адам табиғатының шегіне шығып түгесе алмайсың. Жаныңа тиген кейбіреулердің пендешілігін тергіштей берсең де майдалық, бірақ сол майдалар жинала келгенде адамның бір тұтас өмірін құрайды-ау.
Соңғы жылдары есепсіз көшеге шыға бермейтіндіктен көбіне үйде қағаз-кітап қарап, ұзағырақ отырамын. Бірде есіктің қоңырауы сылдыр етті. Табалдырықта шүйкедей қара кемпір, қасына жігіт бала ертіп келіп тұр.
– Балам-ай, осы кімнің үйі?, – дейді.
– Кіріңіз, кіріңіз, – Кімде болса ұзақ жолдан келе жатқан жан шығар, отырып аяғын суытсын деп ойладым. Сөй дедім де, ербиіп қалған баласына қараймын. – Қарағым, қысылма. Бері қарай аттай бер. Бұл да қазақтың бір үйі ғой, неге тұрсыңдар?
– Қайтсек екен? – Кемпір апалақтай бастағанда бала шешесін түртіп қалды. Мені шырамытып тұрғандарын байқадым да, қолдарынан жетелеп, аяқ киімдерін шешуге үлгертпестен бөлмеге алып кірдім. Кемпір күйбеждей береді. – Балам, әуре болма. Біз де уақыт қайдан болсын. Осы маңнан бір үй іздеп жүрміз…
– Ол кімнің үйі еді?
– Исатай деген баланікі… Пәмилесін де білемін…
Бала ыңғайсызданып шешесіне қарады.
– Әже, сол кісінің үйіне келдік қой. Бағанағы алған адресіміз дұрыс. – Не дейді?.. Шырағым-ау, сенбісің іздеген адамымыз.. Алла, айналайын-ай! – Кемпір сөз білетін тілге жүйрік елдің адамы көрінеді, ойын жаңылыспай айтып тұр. – Қарағым, бір бұтағым сынып түсті деп еді… Есесін алла жеткерсін… Сонау Қармықшыдан келіп қайтқанда бір шаруам өзіңе кіріп шығу еді. Мені білетініңді, әлде ұмытып қалғаныңды білмеймін.
Қалай ойлансам да, кемпірдің түр-түсі ойымда қалмапты. Онан бері де талай жылдың жүзі өтті ғой.
– Қария, шырамыта алмай отырғаным, айыпқа бұйырмаңыз…
– Не деп айып қылайын?.. Қартайғасын шал да кемпір, кемпір де кемпір, қайсысын тани бересін… Бір көңілімде жүрген түйткіл өзіңе кіріп шыға алмағаным ғана… Оның сәті түсті ғой.
Кемпір қайта-қайта жасаған өтінішіме қарамастан, түс мезгілінде автобустан қалмауын сылтауратып, тамаққа қарамады. Тізесін бүгіп, нан ауыз тиді, құран оқып, дұға қылды.
– Танымағанның айыбы жоқ, қарағым, – деді бетін сипап отырып. – Танымай–ақ осыдан жиырмашақты жыл бұрын сотталып бара жатқан жалғыз ұлымды алып қалып едің. Сол бала шал екеумізді жерге қаратып, түрменің түбінде кеткенде біз кімнің босағасында қаңғырып қалатын едік.
– Қандай жағдай болып еді өзі?
Есіме ештеңе түсіре алмай, өткенді ойға алып, сұрыптап тұрмын, бірақ жиырма жыл бұрынғы үздік-жұлық көңілде қалғандардан бұл кісілерге қатысты оқиғаның жұқанасын да таба алмаймын. Көмекке кемпірдің өзі келді.
– А-а, мына баланың әкесіне қатысты жағдай. – Қасындағы боз баланы нұсқады. – Жасында жайында қарап жүретін бе еді? Қазіргі келінімізді қол жетпестей алып қашты ғой… Арты үлкен дауға айналып, ешкімнің келісімін алмай, әлімжетік жасаған деп осы баланың нағашылары қуып келіп алып кетпей ме баяғы. Кемпір-шал екеуміз ойбайлап қала берейік. Олар ауданға жеткесін сотқа бермей ме?
– Сірәсі, келініңіздің жасы балиғатқа толмаса керек-ті. – Ойыма сарғыш тартқан суреттерден көмескі байқалатын бейнелер секілді бір оқиғалар түсе бастады.
– Қайдағы балиғатқа толмаған? Он алтыдан асқан қыз жас болатын ба еді. Шал «келін түсір, келін түсір» – деп қақсап қоймағасын, бір түнде баламыздың жасап жүрген бүлігі. Ойбүй, сөйтіп жүргенімізде ауылға қызыл жағалы милициялар келіп, баланың қолын артына қайырып, алды да кетті. Енді қайда барамыз? Кемпір-шал жер тоқпақтап қала берейік… Жалынып қазіргі құдама барамын, ол қандай еді заманында, маңына адам жүргізбейтін. Мал-дүниесі өзіне жететін. «Кімді басынап жүр. Құдайдың баласы болса да, көріп алайын» – деп мұртын ширатып отып.
Мен кемпірдің сөзіне еріксіз күлдім. Себебі, оқиғаны осы арадан бастап толық есіме түсірдім. Бұл кісілер сол кездің өзінде алпыстың ол жақ бұл жағындағы адамдар еді, әлі күнге дейін автобусқа мінуге жарап, ақылынан алжаспай, сөзінен жаңылыспай, қалаға келіп жүргеніне қайран қаламын. Кемпір білген үстіне біле түссін дей ме, оқиғаның түйірін түсірмей тәппіштеп, баяндайды.
– Жылап-еңіреп шалға келдім. Құрыдық дедім. Ана құда дегенің, қазіргі мына баланың нағашысы ғой, азуын айға білеп отыр дедім. Балаға кешірім жасамақ түгілі бізбен сөйлесетін емес…
Ертеңіге шал екеуміз жазған автобусқа мініп, аудандағы милицияға барайық. Заң-зәкүнін сұрап көрсек, біздің басымызға төгіп жіберді. Үш күн жүргенде амал-айламен балаға кірдік. Жақ жүні үрпиіп қамауда отыр.
– Неге жоладың бәлекетке деп, мына баланың әкесіне айтам ғой баяғы. Онан да әйелсіз неге өтпедің?..
– Өзі келісіп еді, – деп мырыңдайды.
– Мілитсаңа сөй деп айтападың бе енді, келісті деп…
– Айттым ғой. Қыз әкесінен қорқып, сөзінен айнып кетіп тұр.
Шал екеуміз бікшеңдеп милитсаңа барайық. Бірі екіншісіне жұмсайды, екіншісі орныда отырмайды, ерең дегенде біреуінің етегінен ұстап, жалынып жатырмыз-ау.
– Мілитса-у, айналайын, біздің бала қой аузынан шөп алмайтын сүмелектің өзі ғой… Қайтесің. Тіпті, мына шал қақсамағанда келіншек алу да оның ойында жоқ… Екеуі келіскен екен, кейіннен қыз бетбақ сөзінен айнып кетіпті дейміз. Бізді тыңдайтын мілитса болсайшы. Жылап-еңіреп көшеге шықтық.
Есіме толық түсті. Мен кеңседен үйге қарай аудандық милицияның алдындағы жолмен өтетінмін. Назарым ағаш түбіндегі арық суына бетін жуып жатқан кісілерге ауды. Әңгімелерін сонадай жерден құлағым шалып келеді. Күбір-сыбыр сөйлесіп, кемпір әлденені айтып жылағандай ма, шал оған оқтын-оқтын жекіріп қояды. Бұлардың милицияға қатысты қиын шаруамен жүргенін сезген соң, жайлата басып жандарына таядым.
– Ау, жол болсын сіздерге. Арықтың суына шайынғанша, бір үйге кіріп демдеріңді баспадыңдар ма?
Екеуі бірдей бетіме жалт қарады да, кемпірдің көзі сығырайып тұрып, жылап жіберді.
– Айналайын, жуынатын су таппай жүргеніміз жоқ, баламыз сотталайын деп жатыр. Басымыз қаңғырғасын қайтейік.
– Не жағдай өзі? Алдымен жайласып отырып әңгімелесейік, – деп екеуін үйге әкелдім. Болған жағдайға жата жастана қаныққан соң, ертеңіне аудандық ішкі істер бөлімінің бастығын шақырып алдым. Қыздың әкесін де танимын, жекешелерден мал қабылдайтын агент еді, ауқатты адам. Қызы мал төлдетуге совхозға көмекке жіберіледі де, сол арада баламен сөз байласады Бірақ әкесінің кәрінен тайсалған қыз бастағы берген сөзінен айнып отыр. Екі арада біреудің жалғыз баласы шынымен-ақ сотты болмақшы.
– Баламен сөйлестің бе? Өзі қандай екен? – деймін милиция бастығына.
-Жұп-жуас біреу, Исеке. Аузынан сөзі түсіп тұр. Қыз зорлап алып қашты деп ойламайсың оны. Бірақ қызы түскір уәдемді берген жоқпын деп ұстататын емес
– Ал, енді жұмыстарыңды адалдап істеңдер. Үлкен қылмыскер түгілі кішкене қыздың шындығына жетпей жүрсіңдер… Әлі де тамырын басып көріңдер, – деп қайта жұмсадым.
Бір аптадан соң баланың аман-есен аулына қайтқанын, қыздың шындықты мойындағанын, барлық мәселенің ушықпай басылғанын естігенмін. Содан кейін қанша уақыт өткені есімде қалмапты, милиция бастығы кездесе қалғанда:
– Исеке, баяғы қыз алып қашамын деп сотталып кете жаздаған баланы ұмытқан жоқсыз ғой? – дейді.
– Иә, не болды?
– Аманшылық. Сол соттасып жүрген қызын тағы алып қашыпты
– Әйтеуір, бәрі тыныштық па екен?
– Тыныш болғанда қандай. Құдалар бір-бірінен кешірім алып, құйрық бауыр жескен көрінеді.
Енді мына кемпір жиырма жыл бұрын етегі жер сыпырып жалғыз баласы үшін зар жылап жүрген жан екен ғой.
– Шал қайда?
– Кетті ғой қойын бағып. – Кемпір қолын бір сілтеді. – Дүние салғалы қашан. Осының қызығын күтіп жүр екен ғой байғұс. Көп ұзамады. Шүкір ғой, қазір бес немерем бар… Тек, баяғы бір заманда шарапаты тиген жанның баласында бір жағдай болыпты дегесін келгенім… Біз секілділерге істеген қызметім зая кетті деп ойлама, қарағым…
Көненің көздері осы кісілер ғой, біліп айтады. Кейде көңілім құлазыса: «Алдымнан адам жылап шықпасын деп бәйек болушы едім. Соның өтеуі қайда екен?» – дегендей сан-сапалақ жолға түсіп кететінім бар-ды. Оным да күпірлік екен. Халық бар ғой… Бір қуанатыным маған көрсеткен ілтипаты үшін емес, елдік дәстүрді, бауырмалдықты жоғалтпай сақтап қалғандығы еді.
Болар іс болды, өкінгенде қолдан келер пайда жоқ. Үлкен-кіші қайғыңды бөле көтерді. Рахмет! Бүгінге дейін күллі қазаққа қамқор деп білетін, өзіммен жарты ғасырға жуық таныс, әрі бір кезең қатар жұмыс істеген астанадағы ағамыз бен басқа да тұз-дәмдес болған лауызым иелері қиын кезде әділетін айтпаса да, көңілдерін білдіріп, жөнімен қайырласуға жарамады. Елде бар қазақы сыйластықтың рәтін көрген де сол азаматтар емес пе еді?
Исатай Абдікәрімов. Көргеніңнен көп екен көрмегенің 1992-жыл. Алматы. (Қысқартылып алынды)