Ғақлиат

Бір қайыры бар дүние 1

Мәлік ОТАРБАЕВ

Авторы жоқ кітап

 Тарихи кітапхананың ішінде жүрмін. Көзіме түскен қоңыр түсті кітапты алып қарасам, авторы жоқ екен. Авторсыз кітап бола ма? Қасында тұрған басқа кітапты ашып қарадым. Онда да авторының аты жазылмапты.

Кітапхана қызметкерінен сұраймын:

– Кітаптарыңыздың аты бар, бірақ авторларының аты жазылмаған ғой?

– Дұрыс байқадыңыз, – дейді кітапханашы. – Жазушылардың өздері бізге кітаптарын алып келгенде, ешкім атымызды білмесін деп өтініш жасайды. Сондықтан автордың аты-жөні жазылмаған жинақтарды ғана сөрелерге орналастырамыз.

– Ондай да авторлар болады екен-ау?!

– Болғанда қалай!

– Ғажап… Байқап отырсам, кітаптардың беті шимайланып, шет-шетіне  жазулар жазылған екен. Оқылатын кітап сияқты ғой?

– Оныңыз рас, – дейді кітапханашы көзәйнегін сүртіп. – Бұл жердегі кітаптың барлығы оқылады. Оқылмайтын кітапты қайтарып жібереміз.

– Авторлары белгісіз болса қалай оқылады?

– Міне, мәселенің барлық мәні де сонда. Сіздер шығарманы оқымай, авторларға қарап баға бересіздер. Ал шыныңызды айтыңызшы, бұл әділдік пе?

– Ол да рас шығар, – деймін мен. – Дегенмен, автордың аты қалмаса, біз оны қайдан білетін боламыз?

– Авторлары белгісіз талай аңыз-әңгімелер, ән-жырлар бүгінге дейін  халықтың рухани қоржынында сақталып келе жатқан жоқ па? Елге еңбегі сіңген есімі белгісіз талай әулие-әмбиелер қазір жердің қойнауында жатқан жоқ па?

– Мейлі, оған да келістік. Ал тірі жүрген авторлар бұған қалай қарайды екен?

– Біздің кітапхананың ерекшелігі де осында. Автордың аты-жөнін біз ғана білеміз. Кей кітаптарды сатамыз. Сатылған кітаптың ақысын авторына жібереміз, – дейді кітапханашы. – Бұл жұмыстың жалғасып келе жатқанына талай уақыт болды. Аталарымыздан қалған мұра. Әрі оқытамыз, әрі сатып күн көреміз.

– Сонда ол қандай авторлар екен? – деп сұраймын.

– Нәпсінің тізгінін ұстаған, мақтаудан аулақ жүрген, мансапқорлықты қорлық деп қабылдаған ізгі жандар.

– Олар философтар ма?

– Қалай десем екен. Біз білетін өмірді, өмірдің мәнін жырлайтын жандар.

– Сіз айтқан өмір туралы жазатын қаламгерлер көп. Бірақ олар аты аталмай, есімі ескерілмей қалса, дүниенің астан-кестеңін шығарады. Атақ үшін алысады, даңқ үшін таласады…

– Бұл дүниенің заңы солай, – дейді ол. – Бірақ шынайы шығарма қай кезде де оқыла береді. Тіпті оның авторы беймәлім болса да. Әйтпесе, шығармалары белгісіз авторлар да жоқ емес қой.

– Білесіз бе, – деймін мен. – Сіздің кітапханаңыздан бір кітап алып, оқысам қайтеді.

– Әрине, қуана-қуана береміз. Бірақ кітаптан көп нәрсе үйренемін десеңіз, сіз де өз-өзіңізді іштей дайындаңыз…

Кітап оқып жатып, ұйықтап кеткенімді қарашы…

Түстің өзі де авторы жоқ кітап секілді емес пе?!

Қуанышқа жориық.

 

  «Шаруам қанша!»

 

Осман мемлекетінің патшалары зиялы жұртпен қашан да санасатын.

Атақты Сүлеймен патша Жақия Эфенди дейтін ғұламаға хат жолдап: «Айып көрмеңіз, Ғұсманияның болашағы жөнінде хабар бере аласыз ба?» деп сұрайды. Жақия Эфенди: «Шырағым! Шаруам қанша!» деп үлкен әріппен жазып жібереді.

Сүлеймен патша ғұламаның жіберген екі-ақ ауыз сөзіне аң-таң болып, ештеме ұқпайды. Ақ боз атымен ұстаздың алдына барады. Сөздің мән-жайын сұрамақ болады.

– Сұраған соң жауабымызды бердік. Сөзімізді ұқпаған ақылға обал, – деп қайырады ғұлама.

– Айып етпеңіз, бірақ айтпағыңыз не екен? – деп патша анық-қанығын білгісі келіп сұрап қоймаған соң, ғұлама сөзінің мән-жайын ашып айтады:

– Әділетсіздік күшейіп, зұлымдық жайылатын болса және оны естіген жұрт «Шаруамыз қанша!» деп немқұрайлық танытатын болса, келешегің күңгірт. Қойды қасқыр емес, қойшының өзі жеп қойса және оны көргендер үндемей жүретін болса, болашағың бұлыңғыр. Қарияның тартқан қасіретін, жетімнің шеккен жапасын, жесірдің жанға батқан зарын тау мен тастан басқасы естімейтін болса, міне, сол кезде нағыз бәлекеттің көкесін көресің. Ұрпағыңнан ештеме қалмайды. Қазынаңды жел ұшырып әкетеді. Әскерің бағынбайтын болады. Елді елдіктен ажырататын боласың!

«Шаруам бітті!» дегеннің шаруасы бітеді.

«Шаруам қанша!» дегеннің шаруасы қолдан кетеді.

Әділетсіздікке селқос қарайтын кісі түпкі түбінде өзі әділетсіздіктің құрбаны болады.

Түбі қайырлы болсын!

 

«Әулие иттер»

 Анадолы жеріне арнайы сапармен келген қазақтың көрнекті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлымен бірге әлемге әйгілі Кападокия жеріне қарай ат басын бұрдық. Жол-жөнекей Невшехирге қарасты Қажы Бекташ ауданында орналасқан иісі мұсылман қауымға жақсы белгілі Қажы Бекташ Уәлидің кесенесіне кіріп шығуды ұйғардық.

Қажы Бекташ Уәли – Ясауи ілімін Анадолы жерінде жалғастырған бірден-бір ғұлама. Бекташи сопылық мектебінің негізін қалаған жан. Халық оны Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті деп біледі. Сондықтан да шексіз құрметтейді. Пір тұтады.

Әулиенің кесенесіне кіріп, тағзым еттік. Мешіт пен медресені аралап көрдік. Ойшылдан қалған ойлы сөздер ағашқа ойылып жазылып, медресенің тас қабырғасына ілініп қойыпты.

– Не деп жазылған екен? – деді Бексұлтан аға. – Қазақшалап оқып бермесең, біз түрікше түсінбейміз ғой.

Мен сөзбе-сөз аударып, қазақшалап түсіндіре бастадым.

«Ренжісең де ренжітпе;

Ізде де, тауып ал;

Мұратыңа сабырмен ғана жетесің;

Зерттеу – сынақтың нақ өзі;

Не іздеген болсаң да әуелі өзіңнің ішкі дүниеңе үңіліп қара;

Еліңе, тіліңе, беліңе ие бол;

Білімді адам – таза әрі тазартушы;

Білімдінің алғашқы белгісі – әдептілік;

Адамның ажары – сөз сұлулығы;

Әйел баласын міндетті түрде оқытыңыздар;

Өз нәпсіңнің шамасы келмейтін міндетті өзгеге жүктеме;

Ешбір елді және адам баласын айыптамаңыздар;

Ғылымнан бастау алмаған жолдың аяғы қараңғы;

Қараңғылықта білім шамын жаққандар қандай бақытты;

Қас-дұшпанның өзі де адам баласы екенін естен шығармаған жөн;

Нәбилер, әулиелер – адамзатқа тартылған Тәңірдің сыйы;

Бір болайық, ірі болайық, тірі болайық!»

– Аты азбайтын, тоны тозбайтын қандай ғажап сөздер! Әрбір лебізі – інжу-маржан екен, – деді ағамыз ойға батып.

Сөйтіп, әулиенің табаны тиген жерді көріп, медресенің ауласынан шықтық та, көлігімізге қарай беттедік. Кенет алдымыздан бір топ арландай-арландай иттер жолымызды кесіп өтті.

– Байқа! – деді Бексұлтан аға. – Мынау иттерің бос жүр ғой, қауып алмасын!

– Әулие жердің «әулие иттері» ғой, аға, – дедім мен әзілдеп. – Бұлар қауып алмақ тұрмақ, үре де алмайды. Шындығында, ешкімді қауып алмауы үшін бұларға бір мезгіл дәрі салып отырады. Құйрығын бұлғандатқаннан басқа ісі жоқ.

– Е-е, иттігінен айырылған десеңші. Ит екеш, ит те өз болмысынан ажыраса қиын ғой. Бұдан асқан қасірет бар ма өзі?! – деді ағамыз басын шайқап.

 

Әлем аруы

 

Рузвельт таққа қонып, еліміз облыстарға бөлінген жылы Бельгияда «Әлем аруы» байқауы өтеді. Сұлулық сайысына түскен түріктің қызы Кериман Халис «Әлем аруы» атанады.

Бұл оқиға Ататүрік басшылық еткен Түркия үшін де, Осман мәдениетін арқалаған Анадолу халқы үшін де «сұмдық» жаңалық болды. Сол кездегі түрік басылымдары «Түркия әлемдік мәдениетке қосылды!» деп бүкіл әлемге жар салды.

Алайда Батыс олай ойламады. Еуропаның ниеті басқа-тұғын. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Түрік қызына атақ берместен бұрын байқаудың қазылар төрағасы бүй деген екен:

«Қадірлі қазылар алқасының мүшелері!

Бүгін Еуропа халықтары үшін үлкен қуаныш. Ғасырлар бойы әлемге үкім жүргізген исламдық мәдениет тоқырауға түсті. Бұл – біздің жеңісіміз. Бүкіл мұсылман әйел қауымының өкілі, түріктің қызы Кериман Халис тыр жалаңаш күйде атақ үшін жанталасуда. Бұл қызды жеңісіміздің тәжі етіп қабылдайық, оны «Әлем аруы» етіп сайлайық. Одан да сұлу қыз бар ма, жоқ па, біз үшін ол маңызды емес. Өйткені бұл жолы біздер сұлулық ханшайымын таңдамаймыз, жеңісімізді тойлайтын боламыз. Бір кездері Францияда сахналанған биге қарсы шығып, бүкіл Еуропа жұртына сес көрсеткен Сүлеймен сұлтанның ұрпағы бүгін бізден атақ сұрап отыр. Сондықтан болашағымыз үшін осы бойжеткенге тоқталайық. Жеңіс құтты болсын!».

«Әлем аруы» – елге абырой әпере ме, мерейімізді өсіре ме? Қазақты жер-жүзіне мазақ етіп танытудың қажеті қанша? Дүниеге паш етемін десең, әне – әдебиетіміз, міне – мәдениетіміз менмұндалап тұр емес пе?!

«Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің, үшіншісі – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын»  деген Бауыржан Момышұлы атамыздың сөзі шынға айналғаны ма?

Бір күні қазақтың қызы анау-мынау емес, Бүкіл әлемнің аруы атанды десе таңғалмаймыз. Өйткені Батыстың есебі – бүтін, Шығыстың есебі – шығын.

Ұлылардың ұрпағы ұсақталғанына ұялмай, жұтаңданғанына қайғырмай, енді қайырсыздануға көшкені ме?

 

Кімнен қорқады?

 Анадолуда ауыздан ауызға тараған Мысырдың бұрыңғы «патшасы» туралы мынандай бір «қисса» бар:

Бір күні әйгілі «патша» уәзірінен сұрапты:

– Айтшы, кәне! Менен бұрынғы «патша» Насер мықты ма, әлде мен мықтымын ба?

– Әрине, сіз мықтысыз! Оның себебін айтайын, – деп уәзір сөзін дәйектей түседі. – Насер Израильден қатты қорқатын, ал сіз қорықпайсыз.

– Ал ендеше, Әнуар Садат мықты ма, мен мықтымын ба? Осыны айтшы, кәнеки!

– Сөзсіз, сіз мықтысыз! Өйткені Әнуар Американың көлеңкесінен қорқатын.

– Жөн-жөн, – деп арқаланған «патша» тағы сұрайды: – Ал мынаған не дейсің, Мұхаммед пайғамбардың замандасы, халифа Омар мықты ма, әлде мен мықтымын ба?!

– О не дегеніңіз… Шүбәсіз, сіз мықтысыз!

– А? Қалай сонда?

– Өйткені Халифа Омар Алла тағаладан қорқатын, ал сіз қорықпайсыз, – деп уәзір «патшаның» делебесін одан сайын қоздырады…

Сонда осындай мықтылардың «мықтылығына» шынымен де сенесіз бе? Паһ, паһ…

Пайғамбардың парасаты, әулиенің қорқынышы мен ғұламаның уайымы қайда қалды? Бұ дүниенің есебін түгендемеген адам, о дүниенің қисабын қалай береді?

Көптің көзі көреген болса, сол мықтыларды аяуы керек. Өйткені, ешкім аспаннан түспейді, ішімізден шығады. Түріктің ақыны Тәуфик Фикрет айтқандай, «Адамзат осылайша адасады; өз пұтын өзі жасап, өзі табынады»…

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button