Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

Заман да заман, замана

Шортанбай Қанайұлы

Заман да заман, замана,

Кейін келер заманда,

Асқар таудай әкеге,

Ұл қышқырған замана.

Қылсаң жұмыс бітпейді,

Күн қысқарған замана.

Бай қайырып байланып,

Түн қысқарған замана.

Арғымақ ат тасырқап,

Тағалы болған замана.

Мәстек-жабы жалданып,

Бағалы болған замана.

Бұрынғы арық семіріп,

Денелі болған замана.

Бұрынғы семіз арықтап,

Кенелі болған замана.

Кімде тамақ бар болса,

Дегені болған замана.

Сусыз жерге су түсіп,

Сусылдап келіп қу түсіп,

Қоғалы болған замана.

Кейін келер заманда,

Ұл сыйламас атасын,

Қыз сыйламас анасын.

Арам сідік болған соң,

Атасы бермес батасын.

Қыз он беске келген соң,

Жотам сенен кем бе деп,

Салыстырар шүйдесін.

Қайран да халқым, қайтейін,

Күнәға сөйтіп батасың.

 

Түсі сары, көзі көк,

Дінсіз келіп билейді,

Түбінде сонан татасың.

Кейін келер заманда,

Кедейлердің қатыны,

Қылымсыған немесі,

Қызыл көйлек киеді.

Өзінің байын менсінбей,

Көрінгеңді сүйеді.

Осы мінез болған соң,

Дозаққа пенде күйеді.

Ендігінің сөзінде,

Қай ақыл бар жүйелі.

Бұрынғы бидің тұсында,

Шананы мінді күймелі.

Айтып-айтпай немене,

Өткен күн қайтіп келер ме?

Қайран да халқым, қайтейін,

Айғыр айтып сойсаң да,

Бұрынғы заман келер ме?

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button