Білген Шайыр айтады

Кесік бас

Жүсіпбек Шайхыисламұлының қиссасы

Сөйлейін бір хикая сал құлақты,

Керек сөз тыңдаушыға ынтымақты.

Пайғамбар кереметін есітсеңіз,

Жаратқан құдыреті мол жалғыз хақты.

 

Мекеден Мединеге һижарат қып,

Ислам панарының шамын жақты.

Кұрайыш қабиласына үгіт айтып,

Көп қауым ізгі жолды содан тапты.

 

Мұхаммет Мұстапаның заманында,

Өтіпті бір патша Парансоз атты.

Суретке сол уақытта табынады,

Дінсіз хауым болса да инабатты.

 

Байлаған жұртын сөзге жалғыз ауыз,

Асқан әділ жан екен саясатлы.

Мемлекет дәулеті де келсімді,

Заманға Алла мұндай ұшыратты.

 

Меһырбан патша болды жұртын бағып,

Жұрты бай әділдікпен қолы жағып.

Жалғаншы, ұры, кеззеп тиылыпты,

Біреуді күндемейді біреу шағып.

 

Байлық пен әділдікке тегіс бірден,

Мақтаған басқа хандар белгі тағып.

Жалғыз-ақ кемшілігі кәпірлігі,

Бұзық іс мұнан басқа тапсын нағып.

 

Баласы Парансоздың шаһизада,

Сипаты қызыл гүлдей ақылы дана.

Жеті жаста мектепке мұны берді,

Он жаста он пән ғылым болды ада.

 

Інжіл, забұр, тауратты оқып бітті,

Жалғыз-ақ калам шәріп мұнан таза.

Дүниеге калам Алла жаралған жоқ

Пайғамбар ол уақытта Мадинада.

 

Бұл бала үш кітапты оқып білді,

Оқумен өткізіпті талай жылды.

Үйреніп өнер-білім камал тауып,

Оқиды әр пернемен жетпіс тілді.

 

Гүліндей райханның күн тимеген,

Сақтады тәрбиелеп жас бұлбұлды.

Баланың Шаһисауар атын қойды,

Келіпті әр тұлғасы зияпатлы.

 

Жасынан өнер-білім бәрін тауып,

Шығарған ақылменен әр бір ойды.

Үйреніп өнер-білім қол тапсырды,

Шаһисауар баланы ел жақтырды.

 

Шаһизада он алтыға шыққан жылы,

Хан ерен қуаныш қып қыз айттырды.

Ханша ол да сұлу ханның қызы,

Тамаша тым ләззәтты айтқан сөзі.

 

Келісіп екі бегзат жолыққан соң,

Той қылып тамашамен алып келді.

Кіргізді қыз күйеуді бір сарайға,

Халықты күткізеді бек пен байға.

 

Ханымдар, ханшалар құрмет қылып,

Көп нөкер жиылыпты тамашаға.

Шақырып көп жинады жамағатты,

Ойыншы неше түрлі азаматты.

 

Музыка мен сырнай тартып ойыншылар,

Әртүрлі бастап жатыр әлеметті.

Тойына шаһизаттың жұрт жиылып,

Араққа қанысады жұрт тойынып.

 

Халықтың түн болғанда бәрі де мас,

Ұйықтап жатып қалды бек пен ұлық.

Келіншек ұйықтап тұрып көзін ашып,

Ата-жұрт елін ойлап өңі солып.

 

Қараса қызыл қан боп күйеу жатыр,

Тәнінен бөлек болып бас қиылып.

Әдиса болды екен деп бұған нешік

Талып жерге жығылды жас келіншек.

 

Қараса бас қиылып жансыз тәні,

Тағдыры хан ұлының болған екен.

Есін жиып алғанша жүр арманда,

Ойынға бір түнеген жалғыз таңда,

 

Қызықты ишараттың гүлі солды.

Емеспе осы екеуі шын арманда.

Ханша ой ойлады есін жиып,

Бір дұшпан қылған екен жанын қиып.

 

Қайғының ең тоқтауы сабыр деген,

Көнейін құдіретке мойын иіп.

Бұл істі жас басыма салған екен,

Тартсын деп мен бейшара тірі күйік.

 

Патшаның уәзіріне білдірейін,

Байқасын жылдамырақ сырын түйіп.

Шыдайын сабыр қылып орнын күтіп,

Көрмеспін еш жақсылық байға тиіп.

 

Қайғыдан ақырында мен өлермін,

Қалармын қайтіп тірі бақытым күйіп.

Шақырып нөкерлерін хабар берді,

Патшаның бауыздалған ұлын көріп.

 

Хан білді, аяғында халық білді,

Бір түнде ұқшатыпты қайран ұлды.

Патша талып жығылып, зар еңіреп,

Адасып ақылынан өзгереді.

 

Таң болды, қайран болды хан мен қара,

Уәзірлер, данышпандар келді және.

Көзі қиып өлтірер адам емес,

Ісіне құдіреттің барма шара.

 

Хан келіп уәзірлермен ақылдасты,

Жалғыз ұл көріп ем деп мен бейшара.

Ренжіткен жоқ едім еш біреуді,

Кетпейтұғын жүрекке салды жара.

 

Тауып бер дұшпанымды уәзірлерім,

Емеспін зұлым патша жеген пара.

Сіздерге сынға бердім осынымды,

Бітірді жалғыз перзент тынысымды.

 

Айырылып жалғыз ұлдан тірі қалып,

Дүние мен қайтемін тірлігімді.

Патша боп бір неше жыл дәурен сүрдік,

Көрмедім жұрттан пиғыл жаман сұмдық.

 

Елу жасты өткізіп рахатпен,

Көріп ем мен бейшара жалғыз кіндік.

Айырылып жас балапан ұясынан,

Шерменде жалғыз түнде болдым мұңлық.

 

Тауып бер дұшпанымды уәзірлерім,

Жасама біреуіңде айла-қулық.

Жауымды таба алмасаң жарлық тыңда,

Қыламын бұл туралы өзім бұйрық.

 

Бұл жөнінде жанымды аярым жоқ,

Сол еді жалғыз балам қанат-құйрық.

Көмдірмей сақтап қойды өлген ұлды,

Шаһизада хан баласы қызыл гүлді.

 

Тойдың арты қан жұтып аза болды,

Қайғырмай қайтып тұрсын жас бұлбұлды.

Тәні сасып денесі шірімейтін,

Оқымалар мәйітке дәрі қылды.

 

Талқан қылып тінтеді шарды қарап,

Патшаның қайғысына жұрт қысылды.

Аямай ақтарады шарды қарап,

Бір нәрсе шығама деп қанды жарақ.

 

Үш күнге уәзірлерім рұхсат бердім,

Жарлығым бұдан қалса басқа тарап.

Үш күнде уәзірлері ханға келді,

Патшаның жүрегіне ақыл толды.

 

Уәзірлер таптыңыз ба дұшпанымды,

Болмаса жарлық айтар уақытым болды.

Енді жарлық қыламын жұртқа жаза,

Құтылдым көпке қылған уақиғадан.

 

Ашулы айдаһардың өзі емеспе,

Қалмайсың бұл жазадан бірің аман.

Әр күнде мойынына шынжыр тағып,

Бересің бұл шаһардан оннан адам.

 

Бай демей, төре демей, пақыр демей,

Таң атып күн шықпастан басын алам.

Әйтпесе өлген ұлдың жазасын тап,

Болмаса бұл қасіретты қайтып жабам.

 

Тұр екен менің қайғым жұртқа батбай,

Әділдік қылып едім пұлға сатпай.

Басыма қайғы күні кез келгенде,

Тоқтарлық қайда кеттің ақыл айтпай.

 

Ашуым жұрттан өкпем тарқамайды-ау,

Әр күнде он адамның басын шаппай.

Көзі қайтып қиды екен жауда болса,

Зұлым туған бала емес жұртқа жақпай.

 

Енді менің дұшпаным осы шаһар,

Жұрт жылатқан жоқ едім түзу айтпай.

Сарғайдым санаменен елу жаста,

Қайғымен күнім шықпай, таңым атпай.

 

Арасынан дұшпаным бір табылар,

Менде бір іс қылайын қарап жатпай.

Жұрттың қаны қашады мұны естіп,

Шаһардың әмір қылды барын жиып.

 

Бар еді сол патшаның бір уәзірі,

Мансапта өзінен соң тұрған биік.

Аты еді уәзірдің Алдиярхан,

Жан еді жаратылған мақтау сүйіп.

 

Ежелден ата жолдас уәзір еді,

Ашатын әрбір істің сырын түйіп.

Тар жерде патшаға көмекші еді,

Пайдасы қысылғанда неше тиіп.

 

Қан төккен бір адамның кеселі үшін,

Қор болды-ау бір патшаның жұрты күйіп.

Патшаға уәзір камал келді кіріп,

Әдеппен қол қусырып, мойын иіп.

 

Қош камал ханды мақтап ізет қылды,

Отырмай парасатпен тіке тұрып.

Бір күнгі қаһарыңды маған байла,

Келейін жалғыз өзім кеңес құрып.

 

Бір ылаж тауып келіп сізге айтайын,

Салайын сізге тоқтау ойға кіріп.

Ақылым менің тапқан жақпай қалса,

Кегіңді ал бұл шаһардан сонда қырып.

 

Ақыңа жолдастықтың тілегім сол,

Обал жоқ өзімізге білсек тұрып.

Патша бұл сөзіне құлақ салды,

Тең өскен құрбы емес пе ойнап-күліп.

 

Уәзірім шын жолдасым Алдиярхан,

Сөзіңді тыңдайын мен құлақ түріп.

Келгенде басқа пале бәрі зиян,

Әлімше адал едім хан шаһармен.

 

Соның бәрі сіздің де құрметтерің,

Қалмады ақыл-айла менде дәрмен.

Баламды жалғыз туған жау өлтіріп,

Дүниеде қайғы өтер ме бұдан арман.

 

Ертең түсте табылған ақылыңды айт,

Байқайын сіз ұйғарған әмір парман.

Бір күнгі он адамды азат қылды,

Дауа жоқ ақылдыға шын жаралған.

 

Уәзір ертең түске сөз байлады,

Патшаның ырғарына жұрт таралған.

Ашулы айдаһардың өзі емес пе,

Ызғарлы ондай жерге кім бара алған.

 

Байтақты Парансоздың бас қаласы,

Сол күнде бұған құрған масһаласы.

Жазықсыз жалғыз түнде жауы өлтірген,

Патшаның кінәсы жоқ жас баласы.

 

Бір ақыл Алдиярхан таба алмаса,

Бұл жұрттың сонда болар масқарасы.

Сасқанда қиын жерден ақыл тапса,

Жақсының сонда артылар мәртебесі.

 

Жұрт қорқады жанынан үміт үзіп,

Жылайды жан ашыған көзін сүзіп.

Ойланып таң атқанша Алдиярхан,

Пікірдің дариясына әбден жүзіп.

 

Танбайтын ақылдының қожасы еді,

Білгенін жүрегіне қойды сүзіп.

Отырды ұйықтамастан таң атқанша,

Ми тамырдан жүрекке таралғанша.

 

Білімді асқан данышпан адам еді,

Таппайтұғын ісі жоқ шын ойланса.

Бір істі ойлап-ойлап жақтырды да,

Ақылмен жанды аузына қаратқанша.

 

Әуелі иман табар пікір қылса,

Бай болар қанағатлы шүкір қылса.

Уәзір таң атқан соң ханға келді,

Білген сөзін айтуға енді сынға.

 

Тақтың кең, өмірің болсын ұзын,

Таң атқанша ойланып пікір қылдым.

Ұнатсаң бір ақылды ойлап келдім,

Неше жыл ақтайын деп татқан тұзың.

 

Ел-жұртқа обал қылу жарамайды,

Жеткізбей-ақ нахаққа анық көзің.

Ақыр қырдың мұнанда соғыс қылғыл,

Әгар мүмкін бұзарға жұрт мінезін.

 

Бір ақыл сөзге сиса ойлап келдім,

Бұл сөздің сынатайын алтын-жезін.

Бұл жұрттан әскер жиып қолыма бер,

Бәрі де палуан болсын неше мың ер.

 

Қисабы әр шаһардан мың болсын ер,

Әскерге дүние толып қайыссын жер.

Ақыр мұнда қыратын бұқараның,

Бір сапар жолдасының қайласын көр.

 

Естимін бір пайғамбар шықты дейді,

Ақырзаман набиі Мұхаммет дер.

Кереметі бар дейді айтушылар,

Жолдасы сахабамен төрт шаһар  жар.

 

Араб-құрайыш қауымында тұрар дейді,

Рас па, өтірік пе құдай білер.

Балаңды бауыздалған сандыққа сал,

Баралық рас болса сонда жібер.

 

Тауратта болмақ еді бір пайғамбар,

Інжіл, Забур мақтаған ол саруар.

Кім өлтірген болса да тауып берер,

Туысы Меке, тұрағы Медине дер.

 

Әншейін жалған шыққан біреу болса,

Көзіне кең дүниені қылайық тар.

Я болмаса осы жұрт содан өлсін,

Басқа жұрттан қырылса не өсегі бар.

 

Алладан анық келген елші болса,

Жол табар сізге мұнша тартқызбай зар.

Бұл сөзім сізге қалай көрінеді,

Дос едім жаман күнде жаныңа жар.

 

Патша уазіріне жауап қылды,

Уәзірдің бұл сөзі тура болды.

Уәзірдің бұл айтқан ақылымен,

Өлімнен азат қылды тамам елді.

 

Ақылыңның қатасы жоқ бәрі де анық,

Жоқталмаса болмайды жұртқа жарық.

Бар ақылдан айрылған мен бейшара,

Көзді алса ой тұрама күйіп-жанып.

 

Патша жарлығынан қайта қайтып,

Он күнде жиылыпты бас құралып.

Пайғамбарға жүрмек болды барша халық,

Сол қолға басшы болды Алдиярхан.

 

Патша сабыр қылды кейін қалып,

Сонымен қалың әскер жиылыпты.

Санауға қиын-ақ тұр Аллаға анық,

Аямай сарып қылды қазынаны.

 

Жоқталды осылайша ұлдың қаны,

Қаладан патшамен қош айтысып,

Жөнелді әскер қаптап жазираны,

Екіжүз мың сегізжүз болды аскер.

 

Хисабы алып қалған мөлшер саны,

Үш кез сандық **********ышынде түйеге артып.

Патшаның бауыздалған ұлдың тәні,

Туралап араб жұртын іздеп шықты.

 

Жалған болса шабуға анбияны,

Нұр Мұхаммет Мұстафа саруар Әлем.

Көріп сынға алуға аянбады,

Ұшқан құсқа қонуға жер табылмай.

 

Қаптады қалың әскер дүниені,

Бұл халық өзі іздеп келмес еді.

Патшаның жоғалмаса райханы,

Жұмысты сұрау үшін мәселені.

 

Болады Мединеге қандай сауда,

Арада үш ай жүріп бұл әскерлер

Шығыпты Ахат деген үлкен тауға.

 

Сол таудың қол бекінді арасына,

Бір неше шығысыпты саласына.

Жер болжайтын дүрбімен Алдиярхан,

Тауда тұрып көз салды қаласына.

 

Жарқылдап көрінеді мұнарасы,

Көз салды бас-аяқтың шамасына.

Екі айырыла ағатын бұлағы бар,

Ахат пен Мединенің арасында.

 

Бірі ашты, бірі тұшты ағады екен,

Ат қойған қуатыл ислам шамасында.

Тәтті су Медине халқы ризық еткен,

Ашты су алма, құрма жеміс еткен.

 

Расулы мұғжизасымен даңқты болды,

Қойылған қуатты ислам сол себептен.

Дүрбі салып қараса Алдиярхан,

Орманда бір адам жүр жеміс еккен.

 

Одан басқа тірі жан көрінбейді,

Арып-аршып біреу жүр қолда кетпен.

Мойын бұрып қарады Алдиярхан,

Анау жүрген көрдің бе михнат шеккен.

 

Ұрмай-соқпай алып кел жәбірлемей,

Жөн сұрауға керек деп құрмет еткен.

Тобышақ жүйрік атпен төрт палуан,

Екінті мезгілінде келіп жеткен.

 

Сөзінде білімдінің болмас қата,

Төрт палуан келіп жетті ақшам бата.

Төрт палуан қамалап ұстап алды,

Бір мұсылман бейшара болды қапа.

 

Бірі араб, төртеуі пранся,

Сөйлесе тіл білмейді жауап қата.

Ұрмай-соқпай жөнелді ұстап алып,

Қылмады бұл жалғызға ешбір жапа.

 

Байқұсты алып келді қалың қолға,

Қарамас қорқып жалғыз оң мен солға.

Қисапсыз жер қайысқан әскер екен,

Байқады оралғанын енді торға.

 

Халыққа жылы жүзді патша алем,

Алдында қызмет еткен талай адам.

Көре салып арапты ұшып тұрып,

Өз тілінше арапша берді сәлем.

 

Әр тілді Алдиярхан білуші еді,

Жетпіс екі тарихтың бәрін тамам.

Қош қонақ алыңыз деп тамақ берді,

Сөйлей бер білгеніңше жауап алам.

 

Қайсы халық боласың, қайсы шаһар?

Өз есімің кім болар сөйле тамам.

Менде ханның ұлы едім дінге қарсы,

Атақты атым Сұлман жұртым парсы.

 

Мемлекет ел жұртымнан түгел безіп,

Жайымды мен айтайын сіз аңғаршы.

Нұрмұхаммет Мұстапа саруар әлем,

Мен соның жалшысымын құлақ салшы.

 

Бақшада мүлкін күтіп, жеміс бағып,

Кезінде атын әкеп болам малшы.

Медине деген шаһар анау тұрған,

Пайғамбар хақ расұл тақты құрған.

 

Нәсілі араб-құрайыш, руы ашым,

Пайғамбар көлеңкесі ылғи нұрдан.

Өзіне калам Алла аят келген,

Жұртқа шашып Алладан келген пәрмен.

 

Мен соның өз үйінің қызметкері,

Неше дінсіз иманға мойын бұрған.

Сыртынан күндес болып дұшпандары,

Жүзін көріп қылады жанын құрбан.

 

Араб халқы Медине шаһарлықпыз,

Осындай асхабымыз қызмет қылған.

Өзіңіз қонақсыз ба, дұшпансыз ба?

Зор патша көрінерсіз жұртты жиған.

 

Елден бұрын мен көрдім жүзіңізді,

Алланың уағдасында һам бұйырған.

Анықтап мен айтайын ислам дінді,

Бекер емес сөйлеймін ылғи шынды.

 

Ертең біздің жұма күн – үлкен мейрам,

Жұмадан қалдырмасаң көңілім тынды.

 

Ойлама сыр шашар деп мені көріп,

Абайлап байқаңыздар қоя беріп.

Арабта жалған айту екі сөз жоқ,

Тұрсада ең қиыны өлім төніп.

Осындай біздің жұрттар сөзге берік.

 

Уәзір айтты, ақылға сөзің үйлес,

Шарт ақиқи уағдамен қылдым кеңес.

Бұл елге қонақпыз ба, дұшпанбыз ба?

Сырымды Алла білер адам білмес.

 

Қалаңызға кіретін ақыл үйрет,

Боламыз Алла қосса бізде жолдас.

Баян қыл осы ақылдың себебін сен,

Білінді сыр сақтарың әдебіңнен.

 

Таң атпай-ақ жұртыңа кіргізейін,

Жұманың қалдырмайын сауабынан.

Мен бір ақыл айтайын сізге жақсы,

Қырық адам есік алсын жөнін тапса.

 

Дүниені кірген адам ұмытады,

Мешітте хақ пайғамбар уағыз айтса.

Сыртынан төрт есікті алсаң қамап,

Шығармай бізді қырдың енді санап.

 

Бұл елдің бір палуаны мың кісілік,

Сіздерге мұнан басқа болмас себеп.

Уәзірді осылайша нанғызыпты,

Сырын айтып мұһырын қанғызыпты.

 

Тобышақ жүйрік атпен жолдас қосып,

Таң атпай шаһарға жол салғызыпты.

Ертең түсте шаһарға бармақ болып,

Уәзірді уәдемен қалғызыпты.

 

Ер Сұлман күн шықпастан шарге кірді,

Айтпайды даладағы зор қызықты.

 

Бұлардай уағдалы кісі қайда,

Шатылмай сабырлықпен көрген пайда.

Түндегі шыдап қойды шарт бойынша,

Тәуекел неде болса іс құдайда.

 

Тасылым түс болғанда айтқан азан,

Табылар қиямет күн үлкен жазаң.

Уәзір қырық палуанмен шаһар кірді,

Қалада көрінбейді жалғыз адам.

Бір жан қалмай мешітке жиылыпты,

Бөлек жоқ түнде айтқан уақиғадан.

 

Мешіттің әр есігін оннан алды,

Бұл сырдан хабары жоқ жақсы-жаман.

Сүйретіп қылыштарын қарап тұрды,

Әскер көп Мединені шыр айналған.

 

Қырық палуанмен есікті алды байлап,

Соғысарға орны жоқ бары құржан.

Сырттан дұшпан алғанын тұрды танып,

Пайғамбар намаз оқып уағыз айтқан.

 

Тыңдады сахабалар мейірі қанып,

Салауат ол мұһырбан әзіздерден.

Сабырлы саспайтұғын бәрі батыр,

Дүниеге қайта келмес олардай жан.

 

Сандықты екі адамға көтерткізіп,

Мешітке кіріп келді Алдиярхан.

Расұлдың көркін көрді бұлар қанша,

Жұмысын іздеп келген еңбек жанса.

 

Уәзір пайғамбардың көркін көріп,

Әуелі салем берді мұсылманша.

Сәлемін хақ пайғамбар алайка алды,

Уәзір сырт айналып тұра қалды.

 

Уәзір сонда сөйледі жөніменен,

Жұмсақ тіл әдеп сақтап оныменен.

Алдында пайғамбардың биғат айтып,

Арабтың сөз сөйледі тіліменен.

 

Пайғамбар ақырзаман сіз бе дейді,

Дұшпан деп бізден күдер үзбе дейді.

Инша Алла сол кісіңіз біз боламыз,

Керекпіз біз қалайша сізге дейді.

 

Әуелі осылайша сөз ашылды,

Көп қауым қарап тұрды үндемейді.

Келгем жоқ бұл араға бекер текке,

Дұшпандығым және жоқ қуған кекке.

 

Я, Мұхаммет мен сізден сөз сұрайын,

Дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе?

Бір Алла бәрімізден жан алады,

Бақидан пани дүние таралады.

 

Бұл сөздің мағынасын сұрасаңыз,

Дүниеде өлі көп деп саналады.

Пайғамбар жүзің жарық туған айдан,

Я, тақсыр сөз сөйлеймін әрбір жайдан.

 

Дүниеде өлі де бар, тірі де бар,

Мөлшерін хисап қылып алдың қайдан.

Алланың шын құлымыз нәпсі тисақ,

Дүниеде мал-дүниені халал жисақ.

 

Сауда өлік, тірі де өлік, бәрі де өлік,

Қыламыз оның үшін жоққа хисап.

Сұрайды тағы жауап екінші жол,

Далада қалып еді неше мың ер.

 

Дүниеде тау менен тас, дариялар,

Пайғамбар расул Алла қайсысы мол?

 

Өзгерер пәни болып жер менен көк,

Ақырда бір бұзылмай қалмайды тек.

Сырапылдың сүрінен талқан болар,

Дүниеде оның үшін дала-жер көп.

 

Бір нәрсе айнымас та, өзгерілмес,

Әлемде ұқсасы жоқ оған теңлес.

Әуелі, ақыры жоқ жалғыз өзі,

Өзіне теңлес тауып екі болмас.

 

Айтқаның жаратушы жалғыз Алла,

Ақыл, қару, қайрат, күш бәрі анда

Мәнісін білмесеңіз мен айтайын,

Барша әлем бір Алланың парменінде.

 

Келіп ем сізді іздеп ел тараптан,

Пайғамбар айтып бердің ар жауаптан.

Сұраймын тағы бір іс тақсыр сізден,

Екі нәрсе айнымас бір қалыптан.

 

Ол нарсе айнымайтын күн менен ай,

Құдіретімен жаратқан Жаппар Құдай.

Алыстан бізді іздеп келген болсаң,

Ісің бітіп болады көңілің жай.

 

Сұраймын тағы жауап хақ пайғамбар,

Исламның шам-шырағы мыллатқа жар.

Алдыңа алып келген сандығымда,

Пайғамбар білемісіз не нәрсе бар?

 

Пайғамбар әрбір сөзге шамасы бар,

Мұсылман шын жауапқа нанасыздар.

Бір түнде бір адамнан бауыздалған,

Парансоз патшаның баласы бар.

 

Сандықтың өзін таптың білгендей-ақ,

Әр істі ада қылдың көргендей-ақ.

Ғайыптан хабар бердің мұғжизамен,

Бір Алла жәрдем беріп жаратқан хақ.

 

Тағы да тақсыр сізге өтінгенім,

Әр істі қисынына келтіргенін.

Басында жұрт қысылған бір іс еді,

Осыны расул Алла өлтірген кім?

 

Айыбын бетке басқан болар қиын,

Келмейді айтпасыма тағы күйім.

Бір түнде бұл баланы бауыздаған,

Қасыңда мына тұрған қара киім.

 

Бұл бала ағасының баласы еді,

Жұмысы патшалыққа таласы еді.

Мойынына анықталмай қайдан алсын,

Хан мұны баласына балаушы еді.

 

Жабысты бек зор пәле жуандарға,

Біз келдік жұмыс бітсе қуанарға.

Айғақсыз, пәтуасыз сөз болмайды,

Пайғамбар сөзіңізге куәң бар ма?

 

Пайғамбар анық сөзбен барын тектер,

Сөз келсе расына дұшпан кектер.

Баласы патшаның асыраған,

Бар еді сарайында екі кептер.

 

Көргершін өлтіргенде көріп тұрған,

Шырылдап рақым етіп төніп тұрған.

Анығын құста болса айтып берер,

Сұралық көп алдында болған сырдан.

 

Баян қып мүшкіл сөзді енді тарат,

Парансоз қарап тұрды қамап араб.

Мешіттің терезесін ашып қойып,

Пайғамбар бармағымен қылды ишарат.

 

Қас  сәтте шарапатқа белгі тағып,

Рақымет алетын көрді бағып.

Періште Жәбірайыл дайын қылды,

Құс кірді терезеден қанат қағып.

 

Расұл айтты көк кептер келдіңіз бе?

Куәлік береріңді білдіңіз бе?

Хан ұлын қандай адам бауыздады,

Баян қыл көргеніңді енді бізге.

 

Адамша жауап берді куә болып,

Бұл бала дұшпанынан миы толық.

Қара киген ағасы бауыздады,

Шырылдап төбесінде тұрдық төніп.

 

Ылаж бар ма біздер құс, бұлар адам,

Бек рақымсыз іс қылды ұнамаған.

Жасынан тәрбиелеп асыраған,

Айырылдық тақсыр, расул, шаһизаттан.

Анықтап мойынына салып еді,

Бөгелді қара киген онан жаман.

 

Бұйырды хақ пайғамбар екі құсқа,

Жұмыс бітті барыңыз орныңызға.

Я, тақсыр көріп білген уақиғамыз,

Сөйледік құдіретпен келіп сізге.

 

Жөнелді екі кептер қанат қағып,

Бұл сөзді күнәлы адам тұрды бағып.

Үш айлық жерден құс кеп сөйлей ме екен,

Пайғамбар сиқыршы екен таңғажайып.

 

Сөз айтты пайғамбарға ұрыспенен,

Расұлды шабайын деп қылышпенен.

 

Уәзір ол адамға ашуланды,

Денеңнен төккізем деп қызыл қанды.

Саған тиген кісі жоқ тұр жайыңа,

Қара кісі секілді бетің жанды.

 

Сөзім бар пайғамбарға жайыңа тұр,

Саспасаң анықталып ашылар сыр.

Ол адам қорыққанынан қарап тұрды,

Пайғамбарға уәзір айтты сөйле тақсыр.

 

Адамнан сыр ашылмас сізден бөлек,

Ақиқат анық берген Алла көмек.

Пайғамбар куәң бар ма мұнан бөлек,

Ой алсын айыбынан болса зерек.

 

Жиылған парсы, араб зор мәжіліс,

Ғажайып сыр ашылып болған бір іс.

Жанында жалалының қанжары бар,

Шақырды расул Алла сөйле қылыш.

 

Заты темір бір жансыз мақұлықты,

Пайғамбар кел куәм деп шақырыпты.

Пайғамбардың карамын естісеңіз,

Қынынан қылыш тулап атылыпты.

 

«Лаилаһаиллаалла Мұхаммад Расұл Алла» деп,

Иман айтып сол темір сөйлейді енді.

 

Тыңдап тұр көп халайық құлақ салып,

Бұл темір қандай жауап берер анық.

Иіліп тік шаншылып тұрғандай бар,

Әмір қылса қиын іс қылғандай-ақ!

 

От лаулап бұл қылыштан жалын шығып.

Дұшпанды рұхсат берсе қырғандай-ақ!

Расұл айтты қылышқа бері келші,

Анығын көп алдында айтып берші.

 

Хан ұлын қандай адам бауыздады,

Анығын көп алдында айтып берші?

Сонда қылыш сөйледі жөніменен,

Бұрынғы болған істің жолыменен.

 

Менің ием баланың өз ағасы,

Бір түнде бауыздады меніменен.

 

Я, тақсыр сайманымын қолына алған,

Оның үшін айтпаймын сізге жалған.

Күш мұнан, кескен менмін деді қылыш,

Бұл бала осылайша бауыздалған.

 

Уәзір қайран қалды байқап сөзін,

Інжіл, забұр, тауратта мәлім өзі.

Айғақтың ең үлкені үш куәлік,

Я, тақсыр айтыңызшы енді бірін.

 

Пайғамбар жауап берді халайыққа,

Бір түрлі таң болғандай ғажайыпқа.

Жауабын көпке әшкере баян қылсын,

Тірілтіп өлген ұлдан сұрайық па?

Бұл бала қылмыстыны айтып берсе,

Жаланы қылмыстыға жабайық па?

 

Біләл менен Сұлманға тұр деп айтты,

Көтеріп ол сандықты кел деп айтты.

Өлікті жуындырып кебінге орап,

Әкеліп көп алдына қой деп айтты.

 

Біләл, Сұлман сандықты алды сонда,

Әмір қылған жеріне барды сонда.

Бұйырған сөз бойынша жуындырып,

Көтеріп көп алдына қойды сонда.

 

Жаназа оқып сандықтың ауызын ашты,

Расұл саруар әлем көрді басты.

Пайғамбар түкірігін жағып еді,

Тән мен бас бұрынғыдай қиюласты.

 

Жұрт білді расұлдың мұғжизасын,

Шын артық қылған Алла мәртебесін.

Бір жүз бір күн өлгелі болған екен,

Оятып сұрамаққа уақиғасын.

Пайғамбар қолымен ишарат қылып еді,

Көзін ашып көтерді жігіт басын.

 

Орнына келсе керек кесілген бас,

Жөніне өстіп тосын айтылған сөз.

Сөзіне куәгердің иланбайды,

Енді сіз көргеніңді айтыңыз сіз.

Бұрынғы күнәлінің күнәсін кеш,

Пайда жоқ қапаланған ашудан еш.

 

Жығылды қара киген жігіт сонда,

Кебісін пайғамбардың алып қолға.

Алланың шын достысын көріп көзбен,

Орын жоқ жер мен көкте паналарға.

 

Бала айтты абайсызда осы ағам,

Қолына қылыш алып үйге кірген.

Рақымсыз іс қылып аямай-ақ,

Қылышпен салып кетті келген жерден.

 

Қылышпенен шапқанда көзімді аштым,

Мойынымды қылыш кесіп жанталастым.

Өлік қалдан басқаны білмейді екем,

Одан кейін есімнен мен адастым.

 

Осымен барша жұмыс тамамланды,

Тіріліп өлген бала аман қалды.

Сол уақытта мұның бәрі дінге кіріп,

Жұртына Парансоздың иман салды.

 

Мұсылман бұрын өзі Алдиярхан,

Расұлдың жұртқа жақты айтқан сөзі.

Алтын шапан кигізіп хан ұлына,

Бұл жұрттың иман табар келді кезі.

 

Пайғамбар көп тапсырды халайыққа,

Әлгі адам себеп болды мұсылманға.

Мақшарда әулиенің бірі болып,

Берілді хақтан бата әлгі адамға.

Қолжазбадан аударып дайындаған Сейіт Омар Саттарұлы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button