Білген Шайыр айтады

«Артыма жыр, мұра етіп жазған хатым» «Мұхаммед-Ханафия» дастаны

Өтенұлы Сайыпназар ахун

соңы

Алтын тон, зерлі шапан, киген киім,

Алтын аяқ, күміс кесе, ыдыс-бұйым.

Ордада Ханафия құрметіне,

Жасаған жан көрмеген, ұлы жиын.

 

Киінген қырық сұлу қызыл-жасыл,

Тағынған  жаһұт, маржан, ақық, асыл.

Алдыңда бас даяшы, қолда кесе,

Өн бойы толған  қулық, толған тәсіл.

 

Кеседе сары бал бар у қосылған,

Істеген патша айласы  бұл тосыннан.

Қара ниет Ымлақтың соңғы әдісі,

Адамның қаны қайнап, жан шошыған.

 

Хан мен бек қарап отыр анталаған,

Ымлақ отыр екі көзі қанталаған.

Ханафияға кесені, ұсынды даяшы қыз,

Құрметті ас –деді – сізге бұл арналған.

 

Насихат айтып  бабам маған,

Егесінен бұрын ішсем арам маған.

Алдымен ауыз тисін патшаға бер,

Берерсің содан кейін –деді маған.

 

Даяшы амал тапты, сүрінеді,

Кесе сынып, у жерге төгіледі.

Осылай іс істеді, даяшы қыз,

Сүрінбесе, іс  жаман бүлінеді.

 

Төгілген у төсекте жатып, қайнап,

Ханафия мұны көріп шекті айбат.

Қылышын қынабынан суырып ап,

Ұмтылды Ымлаққа, жұртты жайпап.

 

Ордаға салды ойран қаһар шашып,

Дастархан  басы шайқас, болды ашық.

Ханафия жүргенде  қырғын салып,

Ымлақ жасырынып кетті  қашып.

 

Жапырып бірін шауып, бірін жығып,

Көбісі көрден көрге қашты бұғып.

Жол ашып жойқын күшпен Ханафия,

Сытылып, тасқорғаннан  кетті шығып.

 

Бұлаққа барды таудың  бөктеріне,

Қойнауы шатқал, қия тас, өткелінде.

Бар екен үңгір сарай, ажарлы алқап,

Шыдамай Ымлақ патша  өктеміне.

 

Аржағы алқап екен жатқан жйнап,

Дем алды Ханафия атын байлап.

Мұхаммед-Ханафия тұра тұрсын,

Келейік Ымлаққа  енді жайлап.

 

Ымлақ бір ажалдан аман қалды,

Хан мен бек сардаларын жинап алды.

Еркектер атқа мінер  аттансын деп,

Халқына бұйрық беріп, жарлық салды.

 

Жетпіс мың қол жиналды батыр-ұлан,

Жау іздеп, жалаңдаған, салып ұран.

Бір батырды  мыңына басшы етіп,

Жүз сардарға сайлады бір сайыпқыран.

 

Жүздікті  он сарбаздан бөлді топқа,

Тексеріп бес қаруын, бар ма, жоқ па?

Ондықты бір батырға бағындырды,

Қажырлы, қарсы тұрар  атқан оққа.

 

Сайысқан сан майданда батырларын,

Жинады айлакер мен батылдарын.

Қалай да Ханафияны осы жолы,

Кеңесті қалай жеңу, ақылдарын.

 

Әуелі ортаға орап, қоршап алмақ,

Төрт жақтан қабат келіп, тармақ-тармақ.

Лек-лек боп, бірі қуса, бірі қашса,

Күні-түні үздіксіз соғыс салмақ.

 

Айлакер,  тәсілқоймен шын ерлерін,

Алға ұстап, үш қатар ғып мергендерін.

Садақпенен мың оқты жаудырмақшы,

Қаптатып қалың әскер жауынгерін.

 

Пазымды зынданға сап, қамап қойған,

Қанды кек қас дұшпанға кетпей бойдан.

Есіл дерті  Ханафия, қауіпті жау,

Пазымды Ымлақ патша шығарды ойдан

 

Анасына Ымлақ ісі  ұнамады,

«Опасыз, ожар мінез-деді –жады.

Баласы бауыр еті, ақ сүт берген,

Жазықсыз өлтірмекке шыдамады.

 

Анасы жасақ алып атқа мінді,

Зынданға  қызы жатқан бастап жүрді.

Қараңғыда қарауылды бәрін қырып,

Бастығын ұстап алып шәңгекке ілді.

 

Пазымды алып келді Ордасына,

Құтқарған сыйлық берді  жолдасына.

Бірге тұрған антын алып ағасының,

Тапсырды аманат қып қолбасыға.

 

Пазым қыз шашын түйіп, байлап басын,

Сауытымен киіп алды дулығасын.

Құшақтап жан анасын беттен сүйіп,

Көзінің  мөлдіретіп төкті жасын:

 

-Анажан, батаңды бер, ақ сүтің кеш,

Етпесін,  аман болсам, еңбегің еш.

Қандай жағдай болады қан майданда,

Батырмен бір болайын ертелі-кеш.

 

-Шын кештім ақ сүтімді, балам-деді,

Артыңда қайғырумен қалам -деді.

Жарың үшін жаның қи, адал дос бол,

Сонда риза болады анаң-деді.

 

Қоштасып анасымен кетті жүріп,

Тағасымен қалың көпке кетті кіріп.

Ханафияға сұрау салды кездескенмен,

«Жау қайда деп еліме салған бүлік».

 

Түнімен қалың қолды аралады,

Бір хабар Ханафиядан ала алмады.

Биік асу, шатқалдағы бұлақта деп,

Өзінше ақылға сап, шамаалды.

 

Жер қайысқан, қауіпті қалың қолдан,

Тапқырлығымен тағасының өтті зордан.

Қоштасты, қосағыңмен аман бол,-деп,

Тағасы өткізіп тұрып, қатер жолдан.

 

Асуға шатқалдағы  ертелетіп,

Пазым ару бұлаққа келді жетіп.

Тұлпары Ханафияның кісінеді,

Жануар егесіне хабар етіп.

 

Таң атып,  қызыл алау  күн де шықты,

Пазым ару іздеп тапты  адал жұпты.

Ханафия қуанды, шат-шадымен боп,

Шын достан, көргесін адалдықты.

 

Пазым шықты адалдықтың түрмесінен,

Ханафия шығармады күнде есінен.

Қыраттың төбесінде жол бар екен,

Шығатын жасақтың  нақ іргесінен.

 

Сәске түс қалың әскер сеңше ағылған,

Қоршады Ханафияны үш жағынан.

Қанды айқаста  қай жағы жеңілсе де,

Айырылар батыр бастан, хан тағынан.

 

Ханафия шығады  шың басына,

Батырдың жау таң қалды тұлғасына.

Жердегі жетпіс бес мың қоршаған жау,

Бабаңның таласып тұр, бір басына.

 

Я, Алла жар бола гөр, жаппар игем,

Құлыңмын шын берілген, Алла деген.

Алла жалғыз, мен жалғыз, дұшпаным көп,

Жас едім, майдан көріп жетілмеген.

 

Қасымда Асан-Үсен көкем болса,

Төрт жағым  түгелінен  жауға толса.

Қырғидай қырар едім, қырғын салып,

Жайратып жауды жасап, қанды жоса.

 

Қасымда ақ Расул бабам болса,

Алланың әр мейірімі маған болса.

Жояр ем, жер бетінен кәпірлерді,

Малікайдар, Мәлік, Сағит ағам болса.

 

Қасымда Ғазірет Ғали атам болса,

Атамнан алған асыл батам болса.

Жайпар ем шөпке тиген қалың өрттей,

Төрт бұрышы дүниенің  жауға толса.

 

Қасымда қалың араб халқым болса,

Жарқыраған жасыл туы қарқын болса.

Майданда  мақтандырып тұрар едім,

Шаттанған халқым болып, шарқым болса.

 

Аруақтанар Мәдина қаласы жоқ,

Арқа сүйер мұсылман баласы жоқ.

Жазым болсам, ит пен құс жеп кете ме?

Мүсәпірмін Алладан басқа панасы жоқ.

 

Деп, Ханафия жалбарынды Жаппар аққа,

Сиынып бабасына мінді атқа.

Тас жолмен тасадағы  барды бабаң,

Жартастың жанындағы соңғы сапқа.

 

«Аллалап» Ханафия  ұран салды,

Қалың жау, алға қарап қапы қалды.

Бүйірден ойламаған жауға тиіп,

Сасқан жау сапырылысып естен танды.

 

Жау күткен қарсы алдымнан келеді –деп,

Қоршауға еріксізден енеді –деп.

Үш жақтағы  қойылған сұр мергендер,

Жаудырып ажал оқты береді-деп.

 

Кезеніп  садақ тартып алға  созып,

Тұрғанда дабылдатып, арқа қозып.

Жасақтың  жауға тиді ең шетінен,

Жау састы, араласты, быт-шыт тозып.

 

Сасқанын қалың жаудың пайдаланып,

Ішіне қалың топтың кірді барып.

Ымлақтың сардаларын салды қырғын,

Екі қолына,  екі алмас қылыш алып.

 

Қамаса жарып шығады найза ұрып,

Гүрзімен батырының басын жұлып.

Тұр екен бір биікте патша туы,

Ұмтылды тұлпарының басын бұрып.

 

Ымлақтың інісі екен ту ұстаған,

Майданда ешкім батып жуыспаған.

Ту ұстай ма, тұлпар мініп, қан майданда,

Сенімсіз сезікті адам туыспаған.

 

Алдымен Аждаһа батыр басын шапты,

Бастаған батыры өліп, ту құлапты.

Төбеден төмен түсіп, зыта қашқан,

Батырдың көзі шалды Ымлақты.

 

Бастысы  патша қашып, ту құлады,

Үрей туып, қалың қол құр жылады.

Ханафия қайда болса, шу да сонда,

Қызыл қан жүрген жерін шу қылады.

 

Әдісі соғысының болмай дұрыс,

Кәпірге жойқын өлім болды ұрыс.

Батырды мергендері қалай атар,

Құйынша құбылады мың құбылыс.

 

Созылды соғыс соңы кешке дейін,

Лек лоблып, бірде алға , бірде кейін.

Күн батты қараңғы боп, бабам қайтты,

Өшіккен Ханафия  да тас боп мейір.

 

Келеді құр сүрдері сүйретіліп,

Қалғандай бар денесі күйретіліп.

Жыртылған үсте сауыт, дене жара,

Үлгерді үңгір-сарай үйге кіріп.

 

Уайымдап отыр еді ару Пазым,

Майданда болды ма деп батыр жазым.

Аттан алып сүйемелдеп отырғызды,

Өмірдің  кім біледі көбін-азын.

 

Қан жұтып қан майданнан шаршап қайтты,

Алыпты ауыр-жеңіл жарақатты.

Сауытын үстіндегі шешкен кезде,

Жарақат жанға батып көп қинапты.

 

Ем жасап жарақатына қия шөптен,

Тоқтатып аққан қанға дәрі сепкен.

Ту құланды атып ап, кәуап қып жеп,

Тынықты дамыл алмай жүрген көптен.

 

Ханафия оянды, жауы ойға түсіп,

Қан тоқтап, жара тәуір, қайтқан ісік.

Ат дайын, қару дайын, асы дайын,

Қалмайды қан майданда кідіріс қып.

 

Сиынып бір Алланы ауызға алды,

Бір Алла, мейірім төгіп, назар салды.

Айырықша қуат бітіп, айбаттанып,

Таң сыз бере жауына ойран салды.

 

Жау жағы жатқанында жаңа тұрып,

Қарсыдан қапы қалдырып салды бүлік.

Білгенін Ханафия істеп жатыр,

Қылыш шауып, найза салып, гүрзі ұрып.

 

Жау састы, апақ-сапақ араласты,

Ұран салып, тұлпарға қамшы басты.

Қасқырдай  қойға тиген Ханафия,

Түсірді домалатып, талай басты.

 

Шығармай бір Алланы әркез есте,

Күн шығып болған кезде ұлы сәске.

Жау өлігі жайрап жатты төбе болып,

Қалың жау ыдырады десте-десте.

 

Ханафия  жүр шайқасып дамылдамай,

Кейде ортаны жарады, кейде жанай.

Мергендер қатар-қатар атып жатыр,

Атқанмен қапы қап жүр тигізе алмай.

 

Сапырылған сан ұрыс, қырғын қатты,

Кеш болып, қызыл шапақ күн де батты.

Ханафия жараланған, жаны аман,

Үңгірдегі үйіне келе жатты.

 

Алладан қайырым ет деп медет сұрап,

ойға алып, уайым етіп, Пазым жылап.

Ханафия қан майданда не болды деп,

Отыр екен көңіл жарым, ойы құрақ.

 

Батыр аман келіп, аттан түсті,

Сөйлесті  майдандағы болғна істі.

Екі рет жау қоршаған  қиын кезде,

Бір батыр шепті ашып, ара түсті.

 

Жақсылығын сол батырдың еске алды,

Бұл кім деп қан  майданда қайран қалды.

Тарыққанда Тағам шығар  тапқан  амал,

Ант бергенін анасына ойға салды.

 

Ханафияны ем-дом жасап, күтті мықты,

Үшінші күн тас үңгірге түнеп шықты.

Алланың мейірім-қуат арқасында,

Үш күнде, үш рет жау туын жықты.

 

Отырған Пазым күндіз шыңға шығып,

Тілек тілеп Алладан, көзінің жасын сығып.

Тағасы келіп сөйлесті Пазымменен,

Тал түсте айбынбастан қорқып бұғып.

 

Сөз тыңда,  туған жиен қарындасым,

Анаңа берген антым, шын расым.

Екі рет Ханафия қамалғанда,

Айламен аштым қоршау қабырғасын.

 

Нақ ертең мың батырды таңлап алмақ,

Ымлақ патша басқарып, өзі бармақ.

Үңгірінде қамап ап, таңға жақын,

Өлтіріп екеуіңді ойран салмақ.

 

Сол мыңнан мен-дағы алдым орын,

Көріп кел деп жіберді, үңгір жолын.

Шатқалдағы тар жолды қарауылдап,

Жатады күндіз-түні менің қолым.

 

Ертең түн қараңғылық түскен кезде,

Төмен түс тар жолменен түспей көзге.

Бұл менің  соңғы істеген жақсылығым,

Мейлің сез, жақсылықты мейлің  сезбе.

 

Тағасы құпия сырын, құпия айтып,

Ізінше сезік алдырмай, кетті қайтып.

Алланың  бұл да болса жарылқауы,

Тар жерде жәрдемдесті тілмен байытып.

 

Батырға сыр айтуға бата алмады,

Бірақ та сабыр тауып жата алмады.

Жасықтық, жамандыққа ары бармай,

Сау басын  саудаға сап сата алмады.

 

Сізге бір тілегім бар, батыр -деді,

Айтарсың дұрыс көрсең ақыл-деді.

Бұлақта өзіңе арнап тығып қойған,

Жасырға сауыт-сайман жатыр-деді.

 

Осы түн қараңғыны пайдаланып,

Киінсең сауыт-сайман тауып алып.

Сасыған тас  үңгірде тығылғанша,

Әрірек тынығайық, бұлақ барып.

 

Ақылмен түсіндірді жөнін біліп,

Екеуі жасырынып кетті жүріп.

Заттарды тауып алып, шат боп қалды,

Пазымда қандай ақыл-білімідлік.

 

Таң атпай тас үңгірге  Ымлақ барды,

Алды артын алты қабат қоршап алды.

Шабуылдап, үңгірге кіріп барса,

Адам жоқ, іші бос тұр, қайран қалды.

 

Қуады бұл екеуін ізіменен,

Қас жауы Ханафия, қызыменен.

Бұларға  нағыз қауып, туды қатер,

Қылыштың жүргендей –ақ жүзіменен.

 

Қос шаһизат жатқан екен бұлақтағы,

Майдан төбе басындағы, қыраттағы.

Қарасын Ханафияның көріп Ымлақ,

Жинады бар әскерін жырақтағы.

 

Қоршау жасап, сақина сап қылады,

Атой беріп, алыстан шапқылады.

Қоршауды бірте-бірте қысып келіп,

Мергендер оқ боратып атқылады.

 

Ханафия таң намазын оқып алды,

Сауыт киіп, тұлпарға әбзел салды.

Пазымды тау ішіне жіберді де,

Майданда  тәуекел деп жалғыз қалды.

 

Жаратқан, жаппар ием, ақ Тағалам,

Сыйынып, жалбарынып ауызыма алам.

Жан бабам, ақ Расул шапағат ет,

Қалың жау қамауында қалды балаң.

 

Осылай құлдық ұрды құдіретке,

Көз салып, көп ойланды, майдан шепке.

Ата-анам, туыстарым жазым болсам,

Кездескей  Ту қасында  қияметте.

 

Тұлпарға осылай деп қамшы басты,

Аллалап қалың жаумен араласты.

Бір сұмдық соғыс болды қанды қырғын,

Күңіренді жердің беті, аспан асты.

 

Дем алмай үш күн, үш түн қанды кешті,

Болғанда төртінші күн, мезгіл кешкі.

Ханафия қансырады, қайрат қайтып,

Бір білмей, бірде біліп, ақыл есті.

 

Құдайым құдіреті қандай күшті,

Көк дауыл, жерді  жайлап,  көкті құшты.

Күн тұтылып, жұлдыз шығып, тас қараңғы,

Қой тастар, қой басындай аспанға ұшты.

 

Алға басқан аяқты кер кетіріп,

Қара құйын, соқты дауыл жел лепіріп.

Зұлматтың сұрапылды сойқанынан,

Жер тұрды бесіктей боп тербетіліп.

 

Зілзала жер шайқалып бүктеліп,

Ойылып, астан-кестен  сүре  түртіп,

Жиырылып бейне  айдаһар, созылады,

Қара тас қақ жарылған тілік-тілік.

 

От шашқан, найзағаймен, қатер-қауіп,

Ағылған сел от-ылай, құлай ауып.

Жарықтан жалын шығып, жайпап жерді,

Күңіренген дыбыс шығады, ауық-ауық.

 

Тас селі  басты әскерді еткен тұрақ,

Көбісін ыстық ылай, көміп сылап.

Шыңғырған, ыңырсыған жаралы әскер,

Ойпатқа отты лайға, жатыр құлап.

 

Зілзала, қырылған жан, әскер мен аң,

Көргендер ақылы айнып, бұған аң-таң.

Аспаннан жауып жатыр түрлі нәрсе,

Тас пен құм, балық-бақа, шаян, жылан.

 

Тұлпары үш аяқпен шоқаңдаған,

Үстінде Ханафия қансыраған.

Тас үңгірге тартты тұлпар беттеп,

Ат басын жетектегендей, бейне адам.

 

Ханафия айырылған қуат-естен,

Найза жарып, денесін қылыш кескен.

Бір денеде жетпіс жерден  жарақат бар,

Шұрық-тесік, садақтың оғы тескен.

 

Тұрғандай Әзірейіл, ажал күтіп,

Тынысы тарылуда, демі бітіп.

Бір уақыт есі кіріп, көзін ашып,

Келеді  ат үстінде, жалдан тұтып.

 

Тұлпары ақсай басып келеді алып,

Үстінде Ханафия естен танып.

Үңгірге шайқалақтап кірді тұлпар,

Жануар кісінеді дыбыс салып.

 

Есітіп ат дауысын Пазым келді,

Қансыраған Ханафия көрді ерді.

Жануар адамдай-ақ дізе бүгіп,

Батырды түсірген соң  түрегелді.

 

Нақ сол кез, жер қозғалып, тау жарылды,

Үңгірдің жау жақ ауызы тарс жабылды.

Осындай бір Алладан медет болып,

Әуре боп, іздеген жау көп сабылды.

 

Үңгірдің екінші жақ тау бетінде,

Таң болар іс құданың құдіретінде.

Үңгір тесік құламаған, аман қалған,

Бұл таудың арғы беті, ең шетінде.

 

Ханафия қатер халде естен танып,

Пазым сеніп, Аллаға отыр анық.

Шыбын жан шырқыраған, жатыр шықпай,

Сырылдап кеуде демін, әзер алып.

 

Жаратқан жанның  бәрін Жаппар құдай,

Сыйынамын, бір өзіңе жылай-жылай.

Ақ Расул, жаным бабам шапағат ет,

Деп Пазым жалбарынды енді былай:

Сыйындым жылап өзіңе,

Жаратушы бір Құдай.

Ақ Расул жан бабам,

Отырмын мұңлық мен жылай.

Перзентің жатыр қатерде,

Отырам қалай жыламай.

Арабтың қалың халқы жоқ,

Демейтін келіп, бас құрай.

Ғазіреті Шері атаң жоқ,

Болса іс болама осылай.

Асан-Үсен ағаң жоқ,

Жан-құрбан болар шыдамай.

Кереметінен бір Алла,

Күн нұр шашты шырадай.

Кәраматыңмен  Ай-Жұлдыз,

Тұр ғой жерге құламай.

Құдіреті күшті Құдайым,

Бір өзіңе жылайын.

Дәулет бердің мынадай,

Кешре гөр, бір Алла.

Қалса ісіміз ұнамай,

Жалынамын, жан бабам,

Қалай тұрам медет сұрамай.

Бибі Патыма пірім қолдай гөр,

Тұрғанда туым құламай.

Жаратушы құдірет,

Алланың досы Мұхаммед.

Тас үңгірде тарықтық,

Біз ғаріпке  жәрдем ет.

Әбубәкір Сыддық пен,

Омар Фарих ғазірет.

Оспан, Зункурайынмен,

Құран Кәрім  рахым ет.

Алла Арыстан атаған,

Атам Ғали бер медет.

Денемде ауыр жарақат,

Басымда қайғы-қасірет.

Өлтірем деп өшікті,

Ымлақ патша пәлекет.

Бір басымда  мың зұлмат,

Әкем салған әрекет.

Жазмышыңа мың құлдық,

Ақ дін үшін шаһит ет.

Жаратушы бір Алла,

Мұсылманның панасы.

Алланың досы  Мұхаммед,

Ақ діннің асыл данасы.

Нұрларыңнан жаралған,

Мен мұсылман санасы.

Қыршын жанды қимаққа,

Көрінді ажал  қарасы.

Жазылуға жәрдем ет,

Арыстанның жарасы.

Көрінуге жаза гөр,

Мәдинның қаласы.

Бибі Қадиша қамқор бол,

Аналардың анасы.

Бибі Патыма қолдай гөр,

Қасиетің артық дарасы.

Көрмесем де мың құлдық,

Ханафия мейірман.

Қақ айырылған қанасы,

Лә Иллаһа Иллә Аллаһу,

Мен мұсылман баласы.

 

Пазым сиынды осылай аққа жылап,

Қасында Ханафия жатыр құлап.

Құдайдың құдіретіне қыл тамаша,

Маңырады бір бұрышта марал лақ.

 

Тас үңгір буаз марал жатағы екен,

Ежелден ата қоныс еткен мекен.

Толғақтың қатты қысқан әсерінен,

Қашпапты адамзатты көріп бөтен.

 

Тәлтіректеп бірде құлап, бірде аунап,

Адамға жақындайды омыраулап.

Ханафия қасында қисалақтап,

Лақ жүр, анасы тұрды аулақ.

 

Шыдамай анасы кеп баласына,

Мейірленгенде ағады сүті саулап.

 

Қос қодан аққан сүтке қолын тұтты,

Уыз сүт, шипа дәрі болды құтты.

Аузын ашып тамызғанда таңдайына,

Қарпытып Ханафия екі-үш жұтты.

 

Қанағат, Алла  мейірім панасына,

Қуанып, қуат кірді санасына.

Шипа ет, Дәуіт, Ұлықпан пірлерім-деп,

Батырдың жақты уыз жарасына.

 

Пазымның ақ тілегін Алла берді ,

Ханафияға қуат кіріп, есі енді.

 

Шама жоқ қимылдауға, қозғалуға,

Азырақ көзін ашып, тілге келді.

 

Сауықты сағат сайын бері қарап,

Бір Алла мейірім нұрын төкті қалап.

Ханафия қалпында жата тұрсын,

Елінен сөз сөйлейік қалың араб.

 

Қозғайық, елінен сөз қалың араб,

Қайғырып Ханафияны жүрген қарап.

Хабар жоқ, аттануда араб халқы,

Іздеген құм мен шөлді, тауға тарап.

 

Пайғамбар мешітте еді жұма күні,

Күңіренген  қайғылы халық шығады үні.

Алладан Жәбірейіл мен уаһи келіп,

Айырықша бір жақсылық болды міне.

 

Лек-лек болып арабтар, жиналды ағып,

Отырды ақ Расул жүзін бағып.

Ишарат қып, жоғары қолын соғып,

Ғалидың арқасынан қойды қағып.

 

Алладан жанға Уәһи келді балам,

Жәбірейіл жаңа хабар берді, балам.

Сүйінші Ханафия тірі екен,

Сақтапты сан қатерден ақ Тағалам.

 

Мұсылман бауырларым, шаттаныңдар,

Марафат берді Алла, мақтаныңдар.

Ғали ер сахабаларды түгел жинап,

Әбубәкір, Омар, Оспан аттаныңдар.

 

Ләшкерді Ғазіреті Омар өзің басқар,

Ислам жасыл туын Гәкаша ұстар.

Әбубәкір орныма Имам болып,

Жағдайдың ішкі-сыртқы жолын нұсқар.

 

Ей, Шерім ақылға кел, қиын шақта,

Назарың сал Ханафия  жүрген жаққа.

Қазатта өлтірсең қазы, өлсең шаһит,

Я, Алла  мұсылманды өзің сақта.

 

Арабтың бір батыры, атағы бар,

Сәдуақас, Әбілмәжін, Мәлғаждар

Ер Башар, Кәрәп пенен Мәлік, Сағит,

«Көкжал» батыр аталған Мәлікайдар.

 

Қайғырып Асан келді атасына,

Қол жайды рұқсат сұрап батасына.

Жан Ата, жалбарынам, жаным құрбан,

Алла ісі, Ханафия қапасына.

 

Жан  құрбан, ақ дін үшін, Алла үшін,

Бауырым Ханафия, қайрат күшім.

Атажан, атттанамын, рұқсат бер,

Дертінен жанып барад, сыртым-ішім.

 

Мұнан соң Үсен келді, рұқсат сұрап,

Мөлтілдеген көз-жасын  төкті жылап.

Жан бабам, Ханафия қайғысына,

Жер басып қалай жүрем, қалай шыдап.

 

Атажан, ұйқым арам,  күлкім арам,

Ойым ойран, қиялым қырық тарам.

Қайғысынан қан жұтып Ханафия,

Аттанам рұқсат бер, мен де барам.

 

Сиынып бір Аллаға марапаттап,

Аттанды отыз үш мың араб қаптап.

Іздеді ізін кесіп Ханафияны,

Су кешіп, шөлді басып, тасты таптап.

 

Іздеді талай жерді, көп шаршады,

Мәліғайдар жау ұстауға, ел барлады.

Тау кезген бір аңшыны алды ұстап,

Өзге жан ол өңірден таба аламады.

 

Аяғын, қолыменен қойша байлап,

Қорқытып Мәлікайдар қылыш қайрап.

Хабарын Ханафия сұрап еді,

Бишара бір жан үшін жатыр сайрап.

 

Жылады бола гөр деп Латманат жар,

Қалада Ымлақ  деген патшамыз бар.

Соғысып соныменен бала батыр,

Өліпті Зордан, Аждаһа, Ханзаңғар.

 

Зілзала, жер шайқалып, соқты дауыл,

Сел қаптап, отты ылай, қара бауыр.

Хан майдан атыс-шабыс, айқас-шайқас,

Қайсысы болса-дағы халі ауыр.

 

Мен кімнің көп білмеймін досын, қасын,

Барым  осы, кессең де міне басым.

Араб батыр дейді  жұрт атын білмей,

Әурелеп мен сорлыны не қыласың?

 

Әбубәкір, Ғазіреті Омар, Ғазіреті Оспан,

Ғали мен жиын жасап, басын қосқан.

Мәлікайдар батырды жаушы етіп,

Ханафияда кезі екен хабар тосқан.

 

Қуанып Мәлікайдар келді батыр,

Хабарын Ханафия берді батыр.

Деген соң,  араб батыр, бала батыр,

Шығар деп Ханафия, сенді ақыр.

 

Осы кез бар әскерді тынықтырды,

Басқарып Әбубәкір мәжіліс құрды.

Қалайша Ханафияны аман  сақтау,

Амалын неше түрлі қарастырды.

 

Мұнан соң ойын айтты Ғазіреті Омар,

Жауды қоршап алайық, жатқанда олар.

Қала мен аау арасын бөлу керек,

Ханафия қайда тауда болар.

 

Арабтар топ-топ болып бөлінеді,

Әр топтар жұбын жазбай көрінеді.

Қоршады қалың қолын Ымлақтың,

Күткені қанды майдан  өлім еді.

 

Жастанып, ұйықтамады қара тасты,

Барлады, сақтық сақтап, дос пен қасты.

Қарағым Ханафия қандай халде?-деп,

Шеріні Ғазіреті Ғали қиял басты.

 

Таң да атты, тау ауасы салқын болып,

Батырлар барлады, жау артын шолып

Оқып боп, таң намазын дайындалды,

Жасауға Ымлаққа жойқын жорық.

 

Аллалап тау жағынан салып ұран,

Астында қара тұлпар қаққан бұлаң.

Жапырып жаудың шебін, бұзып-жарып,

Баһадүр Асан екен салған ылаң.

 

Пайғамбар жасыл туын, келіп сүйіп,

Атасына  сәлем берді, басын иіп.

Хабарын Ханафия естіген соң,

Майданға қайта кірді, жауға тиіп.

 

Осы кез қала жақтан айқай шықты,

Зор айқас, қанды соғыс, болды мықты.

Аллалап, ақ боз атты бір баһадүр,

Ымлақтың шабуыл жасап, туын жықты.

 

Салады бұл жас батыр, қырғын қатты,

Ымлақтың қалың  қолын ыдыратты.

Аллалап туды танып, бұрылып тез,

«Ханафия, Ханафия» деп келе жатты.

 

Үсендей батыр екен келе жатқан,

Ақ Расул туын сүйіп, түсіп аттан.

Әбубәкір, Омар, Оспан, Ғазіреті Ғали,

Үсенді  көріп олар, етті мақтан.

 

Екі жақ әскерлер тұрды сапқа,

Арабтар салауат деп тұр ғазатқа.

Дін үшін, өлтірсе-қазы, өлсе-шаһит,

Сыйынып, жалбарынды, Жаппар хаққа.

 

Ымлақтың Таймас деген інісі бар,

Адам түсті, алапат, ол – айдаһар.

Ол-дағы бөтен елде патша екен,

Жіберген қысылғасын Ымлақ хабар.

 

Майданға жаңа ғана келіп жеткен,

Талайды жекпе-жекте әлек еткен.

Аяғы керік мінген сүйретіліп,

Диюдай денесі жүн, түскен көктен.

 

Мойнына қамыт киген, шынжыр байлап,

Аузынан көбік шашып, тісін қайрап.

Шынжырмен  төсін ұрып, қызыл қан ғып,

Елеріп, шегіп айбат, тасты шайнап.

 

Керігін әрі-бері жорғалатып,

Шикі ет жеп жүр, қанын сорғалатып.

Көзінің жауын алып, көбісінің,

Қойыпты қорқақтарды қорғалатып.

 

Әбубәкір қо басқарған бас Имам бар,

Баласына мұсыман бір Алла жар.

Таймасқа жекпе-жекке шығу үшін,

Сұранды Ғазіреті Омар, Мәлікайдар.

 

Омарға оң сапар деп бата берді,

Қайтарды Мәлікайдар қайсар еді.

«Аллалап» арыстандай айбат шегіп,

Таймасқа Ғазіреті Омар жетіп келді.

 

Ғазіреті Омар айбарлы түсі суық,

От ашып екі көзі келді жуық.

Айбаты арыстандай арындаған,

Қан жауып, қабағынан, қаһар буып.

 

Адам да болады екен мұнда сұсты,

Таймастың сасқалақтап зәресі ұшты.

Кәпірлер ұны көріп зар жылап тұр,

Ғазіреті Омар батыр алып күшті.

 

Таймастың гүрзісі бар алпыс батпан,

Ожыраңдап Омарға келе жатқан.

«Аллалап» Ғазіреті Омар қарсы шапты,

Жалбарынып, жәрдем сұрап Жаппар Хақтан.

 

Керігін келді Таймас  тақап, бұрып,

Жіберме жақындаса Омарды ұрып.

Тұлпардың адуынды  қарқынымен,

Гүрзісін қолындағы алды жұлып.

 

Екеуі екі жақтан келіп қалды,

Омарға Таймас бұрын найза салды.

Бұл жерде  періштелер медет етіп,

Найзасын Ғазіреті Омар ұстап қалды.

 

Екі батыр етті егес жағаласып,

Керігі қойма тасты аңғырт басып.

Құлады есер Таймас  аударылып,

Сүрініп керік кеткен омақасып.

 

Алыпты көп жарақат, жарып басын,

Сылтып жүр, ұстап алып оң жанбасын.

Шу етіп, кәпір жағы зар жылады,

Жартастан Таймас тайып жығылғасын.

 

Шауып кеп, Ғазіреті Омар тұрды қарап,

Шаттанды мұны көріп, қалың араб.

Сол кезде күн де батты қараңғы боп,

Екі әскер, екі жаққа кетті тарап.

 

Арабтар намаз оқып, мінді атқа,

Сыйынып таң атқасын жаппар Хаққа.

Ер Гүкәша Жасыл туды жоғары ұстап

Жылжыды мұсылмандар  майдан жаққа.

 

Я,  Алла мұсылманды өзің сақта,

Бұл соғыс ия даққа, ия баққа.

Самұрық екі басты туын тігіп,

Шалқиып Ымлақ патша отыр тақта.

 

Таймас тұр, қан майданда күркіреген,

Қасында қалың дүрмек дүркіреген.

Тас шайнап кешегідей  көбік шашпай,

Қаңғырған қасқыр секілді «өлік жеген».

 

Сақтасын, мұсылманды бір құдайым,

Мәлкғайдар, Хасан, Сағит, ер Хүсейін.

Сәдуақас, Мәлік, Карәп, Әбілмәжін,

Малікайдар жекпе-жеккке тұрды дайын.

 

Алдына Әбубәкір  Ғали келді,

Имамға туды сүйіп сәлем берді.

Таймаспен жекпе-жеке бата алып,

Орнынан тізе бүккен түрегелді.

 

Үстінен сауыт орнына киген шекпен,

Сәлде орап басына жасыл тектен.

Ғали Арыстан қаһарланған, қаны қашып,

Адамдай айбыны зор түскен көктен.

 

Түнеріп түс бұзылып, қайғылы істен,

Кезінде батыр Ханафия еске түскен.

Төрт бұрышын дүниенің жайламақшы,

Алла берген айырықша  қайрат күшпен.

 

Майданға қанды қырғын, шыққан бабаң,

Айқаста не алыпты, жыққан бабаң.

Көбісі дінге кірген дос-жар болып,

Бахастың басын жерге тыққан бабаң.

 

Оқып боп, Ғазит-жиһат ол дұғасын,

Ғали ер тартты сонда нұғырасын.

Дауысына жер қозғалып, тау шайқалды,

Әсері Зілзаладан болды басым.

 

Ер Ғали тартты екінші нұғырасын,

Естіген таң қалдырды досын-қасын.

Атамның дауысы ғой деп Ханафия,

Көтеріп алды жерден дереу басын.

 

Мұны естіп Пазым еңіреп кетті,

Қос қолмен, алақанмен жапты бетін.

Атаң келді деген соң қиын шақта,

Жалбарынды шат етіп құдіретті.

 

Ей, Пазым жасыңды тый, батпа мұңға,

Қарашы тау басына шығып шыңға.

Ақиқат атам даусы, не нышан бар,

Есіткенім өтірік пе, әлде шын ба?

 

Пазым көрді Пайғамбар жасыл туын,

Екі жақ, мұсылман-кәпір, айқай-шуын.

Сүйінші, сүйінші –деп еңіреп келед,

Әл кеткен қуанғаннан, босап буын.

 

Жүгіріп  бірде сүрініп, бірде құлап,

Қуанып, бірде күліп, бірде жылап.

Сүйінші,сүйінші –деп кемсеңдеп тұр,

Ар жағын айта алмайды жыламсырап.

 

Ханафия шақырды бермен кел деп,

Көргеніңді жасырмай айтып бер деп.

Арабтар кәпірлерді  қоршап алған,

Жасыл ту жарқырайды, көкке көлбеп.

 

Жер жарып, салған ұрап, Аллалаған,

Ислам нұрын құйды Алла маған.

Қос батыр Асан-Үскен көкем шығар,

Хан майданда Ханафиялап ұран салған.

 

Бір кәпір жеке кеп тұр, мінген керік,

Дабылдап, атойлап тұр ерте келіп.

Атам тұр, дүлдүл мінген, ту түбінде,

Көргесін жан атамды кеттім еріп.

 

Бір Алла мейірім-шапағат ектен шығар,

Хабар беріп  періште кеткен шығар.

Ғазіреті Ғали бабамыз қолды бастап,

Біздерді құтқаруға жеткен шығар.

 

Астына арқыратып  дүлдүл мінген,

Үстіне қызыл қоңыр шекпен киген.

Білегінде Зұлпықар, бата алып,

Атам тұр арыстандай қабақ түйген.

 

Пазымның естігенде мына сөзін,

Теңселді билей алмай батыр өзін.

Өн бойын бір дүлей күш буып, кернеп,

Қалшылдады Ханафия етпей төзім.

 

Қырандай Ханафия шүйілді енді,

Атылар арыстандай түйілді енді.

Белге асып, бес қаруын мінді атқа,

Денеден дерті кетіп жеңілдеді.

 

Алланың мың  шүкірлік құдіретіне,

Үңгірден шықты батыр жер бетіне.

Көргесін араб қолын, жасыл туын,

Арқаланды, аруақтанып тербетіле.

 

Ойлады Ханафия Ғазат істі,

Уақытты көп алдырмай шалт кірісті.

Жиналған көп кәпірдің ту сыртынан,

Батырың төте жолмен келіп түсті.

 

Бақыты Пайғамбардың жасыл туы,

Арманы атасымен жолығуы.

Ғазіреті Ғали бата алып тұрғанын кезде,

Жан айқай кәпірердің  шықты шуы.

 

Кемедей келе жатқан суды сызып,

Қақ бөліп, қалың жауды, жарып-бұзып.

Аллалап Ханафия салды ойран,

Күш буып, арқаланып алған қызып.

 

Жауды жапырып, майданды тіліп келет,

Бірін шауып, бірін найзаға іліп келеді.

Есіл-дерті атасы, Асан-Үсен,

Тұрғанын ту қасында біліп келеді.

 

Халқын көріп қайраты қайнап жатыр,

Артында жау өлігі жайрап жатыр.

Кәпірдің қалың легін быт-шыт қылып,

Келіп шақты дәл қасынан  Таймас батыр.

 

Ханафияға қарсы ұмтылды «Аллалаған»,
Сол Аллаң не істейді-деді, маған.

Батырлар бастап кетті қанды айқас,

От шығып қос қарудан жарқылдаған.

 

Гүрзімен отыз батпан Таймас ұрды,

Ханафия  қаймықпай қарсы тұрды.

Періштелер  дарытпай қанатымен,

Қорғады Ханафиядай батыр ұлды.

 

Тағы да Таймас келіп найза салды,

Найзасын Ханафия шауып жарды.

Мұнан соң қанжар ұрды, қылыш шауып,

Шайқаста барлық қару қирап қалды.

 

Қос қолын Таймас келіп, салды белге,

Қаймықпай Ханафиядай қаһарлы ерге.

Сол кезде керігінен жұлып алып,

Таймасты Ханафия ұрды жерге.

 

Сындырды сығып-сығып қабырғасын,

Денесінен тез жұып алды басын.

Кәпірге лақтырды бөлшектерін,

Екіге екі аяғын айырғасын.

 

Ханафия  кезек  күтіп тұрды қарап,

Жау жақтан жан шықпады етіп талап.

Үш рет  дабыл ұрып, атой салды,

Қуанды ұран салып, бүкіл араб.

 

Арабты таң қалдырған «Жұмбақ батыр»,

Кәпірге салып жатыр заман ақыр.

Таймасты тайталаста быт-шыт етіп,

Аяңдап туға қарап келе жатыр.

 

Пайғамбар туын сүйді аттан түсіп,

Үсті жара, денесі кеткен ісіп.

Ұмтылды «Жан ата»-деп жайып құшақ,

Шері Ғали құшағына алды қысып.

 

Ханафиям,  мақсатым, мұратым-деп,

Қайғырып, бүкіл халқың жылады кеп.

Ақ діннің  қорғаушысы, баһадүрім,

Алладан  амандығыңды сұрадым көп.

 

Бауырына Ханафияны басып тұрды,

Қуанып Имам нұры тасып тұрды.

Періштелер салауат айтып, жерге түсіп,

Есігін Ғаршығаала ашып тұрды.

 

Үш батып, үш  шықты күн Алла сақтап,

Үш рет ай мен жұлдыз шықты аппақ.

Табысқан ата-бала құрметіне,

Аспанда періштелер тұрды қаптап.

 

Ер Хасан  бауырым деп келіп шауып,

Тебіреніп жер шйақалды ауық-ауық.

Жер мен көк, жан-жануар елжіреді,

Аспаннан бір Алланың нұры жауып.

 

Осы кез Үсен келді бауырымдап,

Көтерген қайғы-қасірет ауырын нақ.

Екі әскер  қимылдамай  тоқтап қалды,

Болса да қызған майдан, дауылды шақ.

 

Қатерлі оқиға болмас, мұнан озбақ,

Төрт батыр қозғалып тұр, шерін қозғап.

Күн мен ай, жан-жануар жадыраса,

Періштелер діріл қағып, тұрды боздап.

 

Мәдинаға Расулге Жебірейіл келді,

Төрт батыр табысқанын айтты енді.

Қаланың халқын жинап  ақ Пайғамбар,

Қуаныш хабарды айтып бата берді.

 

Жаздым сөз жанабыңа жамағатым,

Бабамның балалық шақ хикаятын.

Баяндап, бағзы заман батырлығын,

Артыма жыр, мұра етіп жазған хатым.

Оқыған жан ойына алып біз ғарыпқа,

Дұға оқып, айтса арнап, салауатын.

Мұраты мақсатына дақыл болып,

Екі дүние бірдей көрсін рахатын.

Атам Ғали мұсылманның Ұлы Имамы,

Арабтың Ұлық тегі, асыл затым.

Анам – Ханафия, Хайсар патша қызы,

Сіңлісі Бибі Патыма саналатын.

Мұхаммед-Ханафия батыр бабам,

Ұрпағымыз сол кісіден таралатын.

Кіші атам Садыр шейх, Құл Қожахмет,

Меккеге зиярат ғып, көкке ұшатын.

Дуана Қажы Мәді қожа аталықтан,

Қалдан-Серен кәрматынан қан құсатын.

Баласы Қожжан, Қылыш дүр Пірзада,

Бақмұхаммед әрі әулие, әрі хәкім.

Абылай Қасымының тәлімгері,

Қожжанның екінші ұлы Заман ақын.

Мен өскен Диуанадан жеті ұрпақ,

Заман ақын немересі аталатын.

Баласы Өтен қожа, Сайыпназар,

Аллалап азан айтып қойған атым.

Мұхаммед-Ханафия дастанын қалап,

Ойға алып отызымда  еттім талап.

Тебіреніп тұп нұсқасын жазып едім,

Ата тек, аруақ сыйлап, тілінде араб.

Ұғымды ұрпақтарға іс болсын деп,

Аудардым халқым үшін қазақшалап.

Сары қымыз, шырын, шұбат бірге тұрса,

Кім ішер қара көже яки шалап?

Құнды жыр деп ғұламалар бағалады,

Аударып әргі-бергі  мәнін қарап.

Тұстасым ду көтеріп, марапаттап,

Қадіреп, қасиет тұтып алды қалап.

Жыр еттім Әбу-Сина, Абу-Аристы,

Тілімен Фердаусидің парсы-араб.

Сәтімен тәуір шығып, тәржімасы,

Талаптылар тәбәрік деп алды сұрап.

«Қияметнама» қинала жаздым шағатайша.

Ана түрік тілімді құрмет балап.

Қиынның қиясына құлаш ұрдым,

Қиялдың кекілін сүзіп, жалын тарап.

Деген ғой зәрредайдан жарылқаймын,

Бір Алла рақым етсін, сауап санап.

Дастанның Басы мен Жалғасын мына сілтемеге өтіп оқуға болады:

«Мұхаммед-Ханафия» дастаны

Бір Аллаға қиын ба қайырым қылса?

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button