Білген Шайыр айтады

«Мұхаммед-Ханафия» дастаны

Өтенұлы Сайыпназар ахун

Мұхаммед-Ханафия (басы, жалғасы бар)

Өтенұлы Сайыпназар ахун

Бастайын Алла атымен сөздің басын,

Сауабы иманды істің болар басым.

Мұсылман әлеміне шырақ еткен,

Мұхаммед Мұстафаның нұр шұғыласын.

 

Мұхаммед бір Алланың  сүйген құлы,

«Дақайық әкпарда» шын айтар мұны.

Бірінші пасылында баяндалған,

Мейірімді, әм қайырымды Алла нұры.

 

Мұхаммед Алла елшісі, ол – данышпан,

Әлемге мұсылманның нұрын шашқан.

Арабта Мекке менен Мәдинада,

Исламның ақ дінінің жолын ашқан.

 

Ақ діннің ашық жария болған кезі,

Арабтар толық таралып толған кезі.

Күңірентіп, азан айтып, намаз оқып,

Басына бақыт құсы қонған кезі.

Күн жұма, айы екен рамазан,
Арабтар оқып намаз, айтқан азан.
Пайғамбардың сүннатын орындауға,
Мешітте қара құрым жиналған жан.

Келіпті аса жұрттан жолаушы адам,
Арнаулы сапар шегіп ұрған қадам.
Алла үшін ақ пайғамбар қабылдасын,
Бар деді өте маңызды бір мүддағам.

Келіпті ат арылтып алыс шеттен,
Жол ұзақ, жортауылдап зорға жеткен.
Қатынын Хайсар патша тартып алып,
Келіпті өш алуға сол себептен.

Жолықты ақ Расулға өзі барып,
Бар сырын баяндады келген алып.
– Румның шаһарынан, патшам Хайсар,
Тыңдаңыз, хабарымды назар салып.

Халқыңды қалаңменен шауып алмақ,
Ислам дінін жойып, ойран салмақ.
Сақадай қырық мың атты әскері бар,
Басқарып келмек мұнда батыр Бардақ.

Расул хабардан соң еткен жиын,
Ол кездер қауіпті екен қилы-қиын.
Пайғамбар деді сонда бір Алла жар,
Ақтайық зор сеніммен Алла сыйын.

Бір Алла қамқор тірлік күніңізге,
Медет берер, өзімізге, дінімізге.
Алланың мұсылманға мейірімі мол,
Бірлік-қуат берейік бір-бірімізге.

Ақ Расул бастады осылай сөздің басын,
Ол кезде мұсылман аз, қауіп басым.
Бірлік, сабыр, сеніммен іс істесеңдер,
Ақ дін үшін кәрі-жасың, бауырласым.

Сол кезде Ғазіретті Ғали тұра келді,
Пайғамбарға ізетпен сәлем берді.
Жан ата, қолыңды жай, батаңды бер,
Хайсарға аттануға будым белді.

Ақ дін үшін, мұсылман бауыр үшін,
Аттанам құрбан жаным, қуат, күшім.
Күйзелді Шаһарярлар, сахабалар,
Ақ Расул бата берді қуанып шын.

Әлі Арыстан дүлдүліне ерін салды,
Зұлпұқар бес қаруын сайлап алды.
Сәт айтып, сапар шекті, жалғыз өзі,
Мәдина дін шырағы артта қалды.

Дүлдүлі дүлей шапты қыза шалқып,
Шапқан сайын дүлдүлдің қарқыны артып.
Күн-түн демей, жортты Ғали батыр,
Қайсарға қаһарланған айбыны артық.

Шері Ғали шегіп сапар белден асты,
Теңіз кешіп, тау асып, шөлді басты.
Дүлдүлдің бабы түсіп, қызған шақта,
Иледі балшықтай ғып қара тасты.

Жануар дүлдүл пырақ жүйрік ерен,
Ғали ер, жалғыз келет, етпей елең.
Есіл-дерті Үрімнің шаһары боп,
Жортады жолбарысша биік-төмен.

Жол шекті елсіз сахара даласында,
Үрім мен Мәдинаның арасында.
Әлі Арыстан бесін оқып қырға шықса,
Үрімнің көзі түсті қаласына.

Үрімге күн таласа келді шауып,
Патшадан Қайсар сынды етпей қауіп.
Қала екен, қамалы зор, айнала ор,
Айналып қала қақпасын алды тауып.

Қалаға кірді батыр арқыратып,
Көк темір, мұздай қару жарқыратып.
Ғалидың айбатынан жан шошырлық,
Қарауыл тоқтата алмады, батыл барып.

Гүлістан түсті барып иран баққа,
Дүлдүлін қойды байлап бір дараққа.
«Ғазаттық сапарымның сәтін бер» деп,
Сыйынды намаз оқып, жаппар хаққа.

Бұл түскен Қайсар патша бағы екен,
Сол бақты Ғали батыр еткен мекен.
Қырық мың қол жау-жарағын сайлап алып,
Аттанбақ Мәдинаға шағы екен.

Таң атты, арайланып аспан жерді,
Намазын оқып Ғали түрегелді.
Қараса Бардақ батыр келе жатыр,
Қазан бас, қысқа мойын, түрік ерні.

«Рұқсатсыз кірдің патша гүл бағына,
Ат байлап азар бердің шарбағына.
Жаныңды жаһаннамға жіберейін,
Сыйынып Латманаттың аруағына».

Қолында атбасындай гүрзісі бар,
Ғалидің келді айқайлап, алдына дәл.
Бардақты алып ұрды, батыр бабам,
Осынша қайрат берген ақ зүлжәләл.

Гүрзісін батыр Бардақ тартып алды,
Әдеп таяқ болсын деп басын жарды.
Патшаңа Қайсар атты хабар бер деп,
Қолын байлап, Бардақты жолға салды.

Қайсар көрді жарылған Бардақ басын,
Екі қолы байлаулы сан жарасын.
Ғалидің сен іздеген өзі келді,
Арабтың іздемей-ақ қой Мәдинасын.

Тілеп алған аурудың емі қонбас,
Хан майданға не ермен болдым жолдас.
Барлығы мысық пенен тышқан сынды,
Арыстандай айбарлы Ғали болмас.

Ғалидан қолым сынып, жарылды бас,

Қарап жатқан халықты қыламыз қас.

Дінін жойып,  қаласын ойран етіп,

Халқының ағызбақ ең көзінен жас.

 

Мінекей, жалғаны жоқ бердім хабар,

Жерің мен уақытыңды айт, жауға шабар.

Патшасы өліп, қаласы ойран болса,

Кім қандай бұл соғыстан пайда табар».

 

Осылай Қайсар патша хабар алды,

Ләшкеріне аттан деп дабыл салды.

Сиынып, бір Аллаға Ғали батыр,

Қасқайып, қан майданға жалғыз барды.

 

Қайсар патша жинапты қырық мың қолын,
Жасады қала шетінен майданға орын.
Артында батырлары мен әскерлері,
Келеді өзі бастап майдан жолын.

Қайсар да қатерлі жау екен алып,
Майданға шауып шықты атой салып.
Дүлдүлмен қарсы сонда Ғали барды,
Қан жауып, қабағынан қаһарланып.

Қайырылып сонда Қайсар найза салды,
Ер Ғали қылышпенен қағып алды.
Найза сынып қолына гүрзі ұстап,
Бірін-бірі соққының астына алды.

Мұнан соң гүрзі тастап, садақ тартты,
Батырлар жауығуы шектен артты.
Қанды айқас, ажал шайқас, өлім-өмір,
Сонда да бұзбай-ақ жүр бұлар салтты.

Адамзат болады екен мұндай күшті,
От шашып, қаруынан ұшқын ұшты.
Қара жерде, қайыра алысуға,
Екі батыр жағаласып аттан түсті.

Бір-бірін ерен күшпен жерге ұрады,
Екпінмен бірге құлап, бір тұрады.
Кез келген жерден алып, қағып, шалып,
Бір-бірін жүндей түтіп жұлқылады.

Шері Ғалы жадына алды бір құдайды,
Сыйынып медет және күш сұрайды.
Тең түсіп, екі батыр сіресіп тұр,
Кім шығып, қан майданға кім құлайды.

Мұхаммед есіне алды өз атасын,
Аттанарда беріп ед ақ батасын.
Содан бері атасын ойына алмай,
Сонда түсінді батыр өз қатасын.

«Я, Кәррар, жар бол» – деді және бабам,
Дүлей күш пайда болды бұрқыраған.
Қайратты Қайсар патша болды мысал,
Тұлыптай қауқары жоқ тыққан сабан.

Қайсарды қалпақ құрам елемеді,
Ғалиды құдай-аруақ демеп еді.
Жығып сап кеудесінен тұрды басып,
Қырғидай жұмарлаған бөденені.

Суырды қынабынан зұлпықарды,
Калима айт, дінге кір деп тілек салды.
Шын сенем Лат Манатқа дегеннен соң,
Қайсардың басын бабаң кесіп алды.

Денесі діріл қағып, жатты тулап,
Үрімнің зар жылады халқы шулап.
Қарақасқа мінген ат бір жас батыр,
Ғалиға қарсы шауып келді зулап.

Келді де ер Ғалиға салды найза,
Таптырмай тар кезеңде бөтен айла.
Денесін найза күші бұрып барад,
Сыйыңды сонда бабаң бір құдайға.

Денесін жөндеп алды Ғали батыр,
Күшіне жас баһадүр болды ғапыл.
Майдандағы қос батыр бірін-бірі,
Гүрзімен дүрс-дүрс ұрып жатыр.

Батырлар алмас қылыш алды қолға,
Бірі шауып, бірі қағып, оң мен солға.
Айқаста сұм ажал тұр бірін күтіп,
Кім түседі жеңілсе ажал торға?!

Батырлар арқаланып, қызды ұрыс,
Тарланнан таппай жатыр, тай жығылыс.
Шаңынан күн тұтылып, ай жабылып,
Көрген жанға керемет болды соғыс.

Жас ноян келбетті жан, тым сымбатты,
Жүзіне көзі түсіп таңырқапты.
Өлімге өндір жасты қимай Ғали,
Қырымен Зүлпұқардың ұрды қатты.

Құлады ат сүрініп, жерді құшып,
Басынан дулығасы түсті ұшып.
Жас батыр бір сұлу қыз болып шықты,
Таралып қос бұрымы жерге түсіп.

Қыз сонда Ханафия – деді атым,
Қызымын Қайсар патша, асыл затым.
Әкемнің ұлы да мен, қызы да мен,
Құнын жоқтап майданда кек алатын.

Сол үшін намыстанып міндім атқа,
Ел болсаң нәпсіңді тый, арың сатпа!
Ғали айтты: – Дініме кір, иман айтып,
Болмаса өлтіремін, басым шатпа!

– Жеңілдім құлап аттан, жер тіредім,
Менің бар саған қояр үш тілегім.
Бірінші қыз боламын Мұхаммедке,
Екінші сізге жар боламын ақ жүрегім.

Адам болжап бола ма алдағы ісін,
Айтайын тілегімнің үшіншісін.
Мұхаммед-Ханафия аты болсын,
Ұл тусам өзіңізден ойлан, түсін.

Әкем Қайсар халқы үшін жанын қиған,
Жетіммін, аманатпын, мен бір мейман.
Нақ осы үш тілегім орындалса,
Ақ дінді қабылдаймын, айтып иман.

Қыз тілегін ұнатты көрмей артық,
Қайсардың бар қазынасын алды артып.
Жауын жеңіп, ай жүріп, ара қонып,
Келді аман Мәдинаға Ғали шалқып.

Жауын жеңіп аман-сау Ғали келді,
Атасына арнап барып сәлем берді.
Келдің бе, арыстаным сау-саламат,
Қорғадың –деді, дінді, туған елді.

Бір-бірлеп көргеніңді айт, балам, – деді,
Көңілім сені ойлап болды алаң, – деді.
Халқыңды, ақ дініңді қорғап қалдың,
Алланың нұры жаусын саған, – деді.

Мәдинадан көп жүріп Үрім бардым,
Қайсарға дінге кір деп хабар салдым.
Дініме кірмегенсін басын кесіп,
Елін шауып, шаһарына ойран салдым.

Қайсар қызы Ханафия жетім қалып,
Алдыңа қазынасымен келдім алып.
Үш тілегі бар екен батыр қыздың,
Атаңа айтам деп тұр өзі барып.

Қыз келіп сәлем берді Пайғамбарға,
Датым бар сізге айтатын – деді, арма.
Әкемнің басын кесіп, елім шауып,
Қаламды талқандады, амал бар ма?

Ақ Расул, жетіммін мен, көңілім алаң,
Бар менің сізге айтар үш мүддағам.
Біріншіден, тілегім сізге қояр,
Өзіңе ақыреттік бала болам.

Жойылсын бастан қайғы, көңілден шер,
Қан майданда сайыстым, ұстасып бел.
Патима күндес болсын екіншісі,
Ғалиға әйел болуға батаңды бер.

Үшінші үмітім мен тілегім бұл,
Өтпесін өкінішпен өмірім құр.
Ұл тусам өз атыңмен, атымды қой,
Болайын өзіңе үммет, Құдайға құл.

Жан ата, үш тілегім қабыл болсын,
Иман айтып, дінге кірем болмай сарсаң.
«Алдыңғы екі тілегің дұрыс балам,
Соңғысын Алла білер, қайдам, қалқам».

«Қабыл ал үш тілегім, ақ Пайғамбар,
Тілегімде мақсат пен мұратым бар.
Болғанда қиямет қайым, мақшар күні,
Атымыз екеуміздің бір аталар».

Алладан осы кезде уаһи келді,
Жәбірәйіл Пайғамбарға хабар берді.
Үш шартын Ханафия қабыл ал деп,
Жәбірәйіл ғайып болып, көкке енді.

«Алдыма Алла аманаты келдің, балам,
Айтқан үш тілегіңді бердім, балам.
Ұрпағың қасиетті көп болады»,
Осылай нышан берді хақ Тағалам.

Расул Ханафияны ертіп алып,

Үйіне Ғазареті Ғали келді барып.

Патима болған жайды болжап білді,

Жүзіне әкесінің назар салып.

 

Ханафия кәлима айтып, дінге кірді,

Қайғы кетіп, бақыт қонып, шат боп күлді.

Пайғамбарға қыз болып, Ғалиға әйел,

Қасиетін Алланың танып білді.

 

«Ей, балам, бақыт қонды басыңызға,

Ханафия қалады қасыңызда.

Көңілін күндесінің қалдырма еш,

Тең болсын, киген киім, ішкен асыңыз да.

 

Күндес сыйла, ақыретте сауабы мол,
Риза боп періштелер жайып тұр қол.
Патима әйел пірі ақырда – деп,
Бір Алла жарылқап тұр өзіңді зор.

Әлі Арыстан құп алды болған сыйды,
Қалдырмай сахабаның бәрін жиды.
Мұхаммед қолын жайып, бата беріп,
Ғазірет Оспан Құтпа оқып, неке қиды.

Парыз екен әке ақылын мақұл алған,
Үлкен сыйлау, үлгі боп содан қалған.
Балиғатқа жеткен соң қыз балаға,
Шын сүндет, сауап екен, ерге барған.

Сөйледі Бибі Хадиша анаң былай:
«Әр кезде мейірім салсын патша құдай.
Екеуің де баламсың, бақытты бол,
Сүріңдер бірге өмір бұдан былай.

Әр кезде тату жүріп, болыңдар тең,
Бірліктің ұйытқысы бол, Патима сен.

Үлестен киім-тамақ, күлкі-шаттық,
Болғанда сыбағаңның үлесі кем.

 

Ханафия үлестің көбін алсын,
Ренжіме, өзіңде азы қалсын.
Әйелдің ері – пірі, ерің сыйла,
Қарағым, мол сауапқа жолығарсың».

Патима анасына айтты сөзін:
«Бір Алла сабыр берсін, еттім төзім.
Атамның айтқан ақылы, парыз бізге,
Болайын Ханафиядан төмен өзім».

Екеуін бірдей көрді Әлі Арыстан,
Екі ана ерін сыйлап, жан салысқан.
Шат болып Ханафия, бақыт орнап,
Құтылыпты қалың қайғы, дағдарыстан.

Әлі менен Ханафия болды жұпты,
Патима Ханафияны сыйлап күтті.
Арада күн менен ай уақыт өтіп,
Анамыз ақ жарылқап болды жүкті.

Қайғының Ханафия бәрін қуды,
Ақылды ана болды аты шулы.
Босанды күні жетіп аман-есен,
Айбары арыстандай бір ұл туды.

Жүретін Ғали жүдеп жалғыздықтан,
Ғазатқа талай рет жалғыз шыққан.
Ханафия ұл туды деп естігенде,
Дос қуанып, сескеніп, дұшпан бұққан.

Аллаға шүкір етіп, иді басын,
Шаттанып Әлі арыстан қуанғасын.
Асан – Үсен артына қара ерді деп,
Қуантпақ болды батыр Ұлы атасын.

Ғали барды қуанып Пайғамбарға,
Жан ата, назарың сал шат хабарға.
Босанды Ханафия, ұлды болдың,
Мен сізге келіп тұрмын қуантарға.

Пайғамбар қуанғаннан өзі барды,
Баланы «Алла жар» деп қолына алды.
Мұхаммед – Ханафия деп атын атап,
Дауыстап үш қайтара азан салды.

Баланың түрін көрді алдына ала,
Ғажайып көркем сұлу көрсе бала.
Ақ дінді қорғау үшін деді Расул,
Жаратқан күшті етіп Ақ Тағала.

Күн сайын, айдан артып бала өсті,
Балуан дене, адуынды, апай төсті.
Отты көз, орақ мұрын, қалың қабақ,
Айбарлы, түсі суық, болды сесті.

Ғалидың бала үйренді әр өнерін,
Үйренді сым-арқанда дар өнерін.
Шапқан аттың үстінде шалт қимылдап,
Үйренді батырлықтың бар өнерін.

Үстінде шапқан аттың, садақ атты,
Гүрзі ұрып, қас қағымда, қылыш шапты.
Жығады күрескенде жан шыдатпай,
Батырды, палуандарды таңырқатты.

Ханафия шықты төрттен бес жасқа,
Күш шыдатпай қылышын ұрды тасқа.
Сайыстың сан өнерін түгел білді,
Қарамай, қызық ойын, ішер асқа.

Алты жасқа аман-сау батыр шықты,
Алып күшті, қайсар мінез, батыл мықты.
Асан, Үсен ағаларымен күрескен жоқ,
Басқадай батырлардың бәрін жықты.

Қызу қанды, киме мінез, іске батыл,
Шүйілсе, орнатады замана ақыр.
Жау жүрек, мыңнан жалғыз сескенбейді,
Тым зерек, әрі ақылды, әрі батыр.

Әлі жүр шүкір етіп, бір Аллаға,
Бақылап әр қадамын, сырттан баға.
Жас батырға үлгі-өнеге беру үшін,
Ер Башар тәлімші-ұстаз болды аға.

Ер Башар баласы екен ғалым Наруан,
Бойында қасиет көп сан алуан.
Мұхаммед-Ханафияны оқытады,
Өнерге әрі батыр, әрі палуан.

Әр білімге жол салып із етеді,
Мінезің артық-кемін түзетеді.
Бір жаққа бірде кетіп қала ма деп,
Мұхаммед-Ханафияны күзетеді.

Ханафия қаһарлы тейі қатты,
Үйреніп сан өнерді, оқып жатты.
Беліне бес қаруын сайлап алып,
Ерттеп әкел-деді ол екі атты.

Екі тұлпар ерттетіп алып келді,
Беліне бес қаруын салып келді.
-Атаңнан серуенге рұқсат ал,
Болмаса өлтіреді анық мені.

«Атаңның маған қойған талабы зор,
Рұқсат сұрасаңыз береді ол.
Деп Башар тәлім-тәртіп жайын айтты,
Рұқсатсыз жібермеймін айтарым сол».

– Мені атам не себептен жібермейді,
Тұтқындай қолға түскен шідерлейді.
Сөзді қой, алдыма түс, серуендейміз,
Кейіннен білсе атам, білер мейлі.

«Батырым кейіс берме болып аса,
Өте көп атаңыздың дұшпан-қасы.
Жапанда бір дұшпаннан жазым болсаң,
Жұлынар Зұлпықардан Башар басы».

Ханафия ашуланып атқа мінді,
Кекетіңді кейіппен кейіп күлді.
Башардың бақытына нақ сол кезде,
Ғали ер дарбазадан ішке кірді.

Аттан түсіп атасының қолын алды,
Рахмет айтып атасы шат боп қалды.
«Іш пысты, дала барып серуендейін,
«Жан ата, батаңды бер» – деп айтып салды.

– Жан балам, толған жоқсың кәмалатқа,
Шырағым тілімді ал, мінбе атқа.
Артымнан аңдып жүрген дұшпаным көп,
Қарағым, қатты сақтан, қатер шақта.

– Ажал келсе тұра ма пенде өлмей,
Қимаймын деп отыра ма жерге көмбей?
Кешікпеймін келемін бүгін қайтып,
Кеулімді қапа етпеңіз рұқсат бермей.

Сақтасын қайда жүрсем паруардігер,
Тағдырыма не жазды Алла білер.
Кешікпеймін келемін бүгін қайтып,
Өтінемін, атажан, батаңды бер.

Балаңның Ғали тыңдады сөзін тосып,
Тұрса да сыр бермеді, көңілі шошып.
«Шырағым, кештен қалмай қайтып кел»,-деп,
Қасына ер Башарды берді қосып.

Ақылын Ғали айтты баласына:
– Ер Тұрпақ тұрады Қатқа қаласында.
Қолын ал, досыма бар, сәлем беріп,
Серуендеп кел Сахара даласына.

Жортсаң, жолың болсын балам – деді,
Көңілің көрінгенге болмасын алаң – деді.
Шырағым, әр уақта сақ болғайсың,
Жар болсын жаппар Алла саған – деді.

Қос батыр, қос тұлпарды жолға салды,
Заулатып Тұрпақ Қатқаға жетіп барды.
Сәлемін әкесінің табыс етіп,
Батырдың Тұрпақ Қатқа қолын алды.

-Мұхаммед-Ханафия өзім атым,
Бабам Расул, әкем Ғали асыл затым.
Шешем Ханафия, Қайсар патша қызы,
Ғалимен қан майданда соғысатын.

Әкемнен ұрықсат алып, Сіз деп келдім,
Әкемнің досы екенсіз, іздеп келдім.
Танысып болғаннан соң қайтам үйге,
Атама тез келем деп уәде бердім.

Құрметтеп қол қусырып қойын сойды,
Жасады сән-салтанат сыйлы тойды.
Жүк артып, түйеге қымбат асыл,
Қайтарды Ханафияны абыройлы.

Ғалидың қадірледі баласын бек,
«Қалауыңды, мүддеңді айт аласың» деп.
– Ертең қайт, бүгін қонып Шаһизадам,
Алдың кеш, неге асығып барасың, – деп.

Үйіңе жете алмайсың бірталай жер,
Досым ед, әкең Ғали майдандас ер.
Қылмасын жолда қастық аңдыған жау,
Асу бел, жол қауіпті, сахара шөл.

– Атамыз сізге сәлем бер деп еді,
Сәлем бер де, кешікпей кел деп еді.
Уәде құдай аты екі етпеймін,
Уәде бұзған шайтан ісі дер еді.

Қол алып, қош айтысып түсті жолға,
Беті Мәдина бұрылмай оңға-солға.
Келеді Башар жолды барлап-бастап,
Жүк ауыр, керуен жылжып келед зорға.

Ханафияны ұйқы қысты ырғалақтап,
Қалғып-мүлгіп ат үстінде бұлғалақтап.
Шайқалып, оңды-солды маужырайды,
Ашады кейде көзін сасқалақтап.

Ат үсті ұйқы басты елжіретіп,
Қалмастан еріп келед теріс кетіп.
Башарға «жүре бер» деп көшті алып,
«Аз ғана көз ілдіріп,  алам жетіп».

Қор етіп ұйықтап кетті аттан құлай,
Жар болсын Ханафияға патша құдай.
Ер Башар жүре берді көш жетектеп,
Артына қайырылып қарай-қарай.

Ханафия демін алып, ұйықтап қалды,
Асығыс атқа оянып мініп алды.
Манаурап жол бағдарын барлай алмай,
Желе шауып, бет алып кете барды.

Шабады қараңғы түн таң атқанша,
Көп шапты ертеңіне күн батқанша.
Ат шаршады, өзі де әлсіреді,
Ел қайда, қайда барад, шапты қанша?

Бір кезде құмды дауыл соқты дүлей,
Ыспа құм, ысылдайды, құйын үдей.
Ысырып, ышқынады бейне айдаһар,
Құм боран, ақылды алып беріп үрей.

Құм айдаһар жылжиды ширатылып,
Қалғандай қалған дүние қиратылып.
Ыстық жел, құрғақ ауа, жан күйзелген,
Тек жаны шықпай келед, қинатылып.

Ыспа құм, тірі сүлде, белден асып,
Барлығып, ат омбылап, омақасып.
Таңдай кепкен, тамшы су жоқ, теңселеді,
Жан үшін, жылжып келед, жанталасып.

Тұлпары Ханафияның қалды құлап,
Жануар бір кісінеп жатты сұлап.
Жүгенін сыпырып ап басындағы,
Атының басын сүйеп отыр жылап.

«Жаратқан жаппар бір Алла,

Жол азабын тарттырдың.

Жүрген сайын жүдетіп,

Азабын жолдың арттырдың.

Аңқам кеуіп, әл кетіп,

Құлайын деп қалт тұрмын.

Бабам Мұхаммедке жасынан,
Жетімдік зарын тап қылдың.
Анам Бибі Патманы пір етіп,
Атамды Шері, мәрт қылдың.
Асан – Үсен көкемнен,
Адастырып, жат қылдың.
Ханафия анамның,
Қайғымен көзін, тат қылдым.
Алланың досы бабамның,
Көңілінен кетпес, дақ қылдым.

Жарылқа өзің Жаппар хақ,
Құдіретіңе құлдық, сап қылдым.
Құтқара көр, Құдайым,
Бір өзіңе жылайын.
Ата-анам айтқан ақылды,
Айнымасқа, ант қылдым.
Жаратқан Алла сыйындым,
Зарыма мейірім саласың.
Бабамды Мұхаммед, сағындым,
Ақ діннің ұлы панасын.
Бибі Қадиша анам, сағындым,
Анамның ұлы анасын.
Бибі Патыма анамды, сағындым,
Аналардың  ұлы данасын.
Атамды Ғали сағындым,
Баһадүрліктің дарасын.
Ханафия анамды, сағындым,
Жарып шыққан қанасын.
Қанатынан қайрылып,
Ата-анадан айрылып.
Жаңа жазған жарасын.
Дір ордасын сағындым,
Мекке, Мадина қаласын.
Шадиярларды сағындым,
Аллаға арналған санасын.
Асан-Үсен көкемді сағындым,
Көзімнің ақ-қарасын.
Ұстазымды сағындым,
Сабақтың берген саласын.
Жан қысылды жан-бабам,
Шапағатыңның көрсет шарасын.
Бір Аллаға қиын ба?
Көл қылса құмның арасын,
Шын тілесең жан бабам.
Алладан уаһи аласың,
Шырылдаған шыбын жан,
Бахилық болып барасың.
Расул сүйген ақ денем,
Қалайша құмда қаласың.
Мұсылман етсем деп едім,
Арабтың байтақ даласын.
Қорғасам деп ем қожа боп,
Мұсылманның баласын.
Бір Алла өзің жарылқап,
Ажалдың тоқтат таласын.
Пазылыңмен мүсіркеп,
Қабыл қыл Ханафия наласын.

Жан серігі тұлпарға,
Қарап еді бұрылып,
Төрт аяғы дірілдеп,
Жатыр екен ұрынып.
Алты күн болды су, отсыз,
Қаларға жақын қырылып.
Шықпай-ақ жатыр шыбын жан,
Қос өкпесі ұрылып.
Әзір ажал аузынан,
Жатқан жай бар жырылып.
Ханафия келді қасына,
Жан далбаса сүрініп.
Тартпасын тартты атының,
Жатыр екен бүгіліп.
Тұлпарменен қоштасты.

Бұл не деген ірілік.
Жан серігі тұлпардың,
Асты ыстық құм шарпыған.
Үстінде күн күйіп тұр,
От үріп, аңызық қарпыған.
Басын жапты тұлпардың,
Жабуымен артылған.
Қалың етіп үстін орады,
Алды менен артынан.
Тұлпары жатыр тұра алмай,
Өзгермей талған қалпынан.
Нашарлаған қан кеуіп,
Шөлдің қысқан зарпынан.
Асты-үсті жанған от,
Сүйегі тұлпар балқыған.
«Қош бол», деді, – тұлпарым,
Маңдайынан сипап парқынан.
Тапсырдым деп Аллаға,
Алдына қарай қалқыған.
Бір белестен бір белес,

Сусыма құмға малтыған.

Қанша жол жүрді, кім білсін,

Қанша алға қамтыған.

Кісінеген ат дауыс,

Естілді анық аңқыған.

Есалаң сезім ескермей,

Қалқыған қалде  қалпыған.

Тұмсымен түртті жануар,

Тұлпары келіп артынан.

Бабаң жылап жіберді,

Қуанғаннан салтынан.

Құшақтап мойнын жылады,

Зарыққанның зарпынан.

 

Бір Аллаға мың шүкір,

Келді тұлпар пырағы.

Бойына бітіп ен қайрат,

Көзінің жанып шырағы.

Бірте бірте ашылды,

Құм басқан көзбен құлағы.

Тұлпары келіп алдына,

Кесе көлденең тұрады.

Басына салып жүгенді,

Атына мініп шығады.

Атына мініп алғасын,

Алладан медет сұрады.

Борасынды құм дауыл,

Атасы мұның жел екен.

Құм суырған, құм құйын,

Атасы құмды  бел екен.

Көлбей жатқан көк теңіз,

Атасы сағым шөл екен.

Сағымнан туған  мұнар бу,

Су емес сағым шөл екен.

Тамшы су жоқ, тірлік жоқ,

Сахара аңызақ жер екен.

Алладан артық шебер жоқ,

Сусыз өмір өлі екен.

Бір Алланың мол екен,

Пазылы мен Кәрімі.

Сәті түсіп оңалды,

Сапарының  салымы.

Бір күн, бір түн жорытты,

Және күннің жарымы.

Айнала шағыл қызыл құм,

Бетке ұрған ыстық жалыны.

Жеті күн болды су, от жоқ,

Тұлпардың аш қарыны.

Шыдағанмен аштыққа,

Шыдатпай шөл қарыды.

Баяу тартып аяғы,

Басылды тұлпар арыны.

Ханафия  қажып әл кетіп,

Әлсіреді дарыны.

Еңсесі түсіп езіліп,

Саябырланды сарыны.

Құлауғ а жақын теңселіп,

Қан кеуіп, тыныс тарылды.

Талықсыды әл кетіп,

Тамшы су болмай бағына.

Осы кезде Ханафия,

Аллаға жетті шағымы.

Бір қара бұлт басына,

Көлеңке болып жабылды.

Дымқыл ылғал бүріккен,

Жанға шипа табылды.

Салқы самал бір ауа,

Мұздай суық ағыны.

Әл кіріп  ат пен адамға,

Қуанып жүрек жарылды.

Қуаттанып тұлпары,

Басты аяқты қарымды.

Кездесті асу биік құм,

Шығамын деп сабылды.

Шығым шыңға қараса.

Көзіне дүние шалынды.

Өтенұлы Сайыпназар ахун – 1810 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданы, Қараөткел елді мекенінде дүниеге келген. 1873 жылы қайтыс болған. Зираты Сырдария  өзенінің бойындағы Иіркөл деген жерде.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button