Білген Шайыр айтады

Періштелердің жаратылғаны

Ахуалы хиямет. Үшінші фасыл

Жаратты нұрдан Алла періштені,

Болмаған көптігінде һадсіз[1] саны.

Әуелде бәрі бірден жаратылған

Күнәдан таза қылған Алла оны.

 

Пендедей періштелер нығмет[2] жемес,

Һәм олар еркек пенен қатын емес.

Барлығы Хақ әміріне қайым тұрған[3],

Іс қылып өз пейілімен бір сөз демес.

 

Ұйықтамақ, дүние жимақ жоқ-дүр және,

Алланың һас пендесі бәрі һәмма.

Бір қызмет әр біріне дайын текен,

Әуелден мутиқ[4] болып тұрған аңа.

 

Мұқарраб Хақ қасында төрт періште,

Әр бірі дайындалған әрбір іске.

Олардың әсілі[5] менен тәусиптарын[6],

Зікір еткен кітаптарда бұл рауышта[7].

 

Әуелі Жәбірейіл-дүр рухул-әмин[8],

Осы дүр дайындалған қызметі оның:

Ілгері пайғамбар мен мұрсалдарға[9],

Алланың ап келеді уахиларын[10],

 

Екінші, «Макайыл» деп айтылды біл,

Муәккіл[11] күллі жайдың ырыздығына бұл.

Жердегі шәләләтті[12] өндірмекке,

Қар, жаңбыр жаудырады болса әр жыл.

 

«Исрафил» үшіншінің депті намын,

Осы дүр дайындалған қызметі оның:

Ақырда Хақ әмірімен сүрді тартып,

Дап ұрып һәм тірілтер халықтың бәрін.

 

«Әзірейіл» ат қойылған төртіншісі,

Осы дүр дайындалған оның ісі:

Күллі шәй мақлұқаттың жанын алар.

Құтылмас шеңгелінен ешбір кісі.

 

Айтылған төрт мұқарраб періштенің

Басқа дүр, бұл мақлұқаттан суреті оның.

Мұтабар кітабында тәусит бар,

Зікір етіп, тәуситтерін айтар бәрін.

 

«Жәбірейіл» әуелгінің еді намы,

Сондай қып, сипат қылып айтар оны.

Денесінде алты жүз мың қанаты бар,

Есепсіз әр қанатта көп дүр пері.

 

Әрбірі түсер болса бұл дүнияға,

Жабады жер жүзінің бәрін һәмма.

Алладан басқа ешкім білмейтұғын,

Әр түрлі бір-бірінде рең бар және.

 

Мәлекут періште де бұл Жәбірейіл,

Баршадан сұлулығы артықша біл.

Пазылымен рухул әмин лақап беріп,

Мұқарраб періште қылды раббул жәлел[13].

 

Исрафил періштенің бұл сипаты,

Лақапта «сақып сүр-дүр» болған аты.

Басынан қадамының астына ше,

Құдіретпен жаратылған бар қанаты.

 

Қылының запыраннан[14] бәрі дүрлар,

Мың-мыңнан әр қылында жүздері бар.

Мың-мыңнан әр жүзінде ауыздары

Аузында мың-мың тіл деп қылды ызбар[15].

 

Ілгері саны айтылған ауыз бен тіл,

Қанатпен барлығында жабылған біл.

Әрбірі әр түрліше лебізбенен

Аллаға айта дүрлар һамду таһлил[16].

 

Әр демнен бір періште пайда қылар,

Тасбихты ақырға ше айтып тұрар.

Осы дүр аршы ағланы көтеруші

Краман һәм кәтібін[17] болған бұлар.

 

Исрафил суретінде бәрі бірдек[18],

Әр күні үш мәртебе Исрафил кеп.

Жаһанам азабына назарын сап,

Қалтырап зарын қылып, жылайды көп.

 

Әгарда көз жасынан жерге тамса,

Жеті ықылым жаралған дүние барша.

Нұқ нәби пайғамбардың топанынан

Суменен керек еді толып қалса.

 

Исрафил зарлығына мұндай шама,

Көл, бұлақ, дария, теңіз бәрі һәмма.

Басына Исрафилдың төгілсе әгар,

Бір тамшы тобығына жетпес және.

 

Осындай зарлығымен бұл Исрафил,

Аллаға «күш бергін» деп ашты-ләр тіл.

Төменде аты аталған қуат-күшті,

«Бердім» деп айтты хабар Раббул-Жәлел.

 

Жеті аспан, жеті қат жер, тау менен тас,

Инсі, жын[19] жаралушы болған ұқсас.

Аспан, жер маһкумында һәрне бар дүр,

Күштерін Исрафилға берді-ләр бәс.

 

Бес жүз жыл Исрафилден кейін Құда,

Микайыл періштені қылды бина.

Басынан қадамының астыға ше,

Қыл біткен запыраннан суретіне.

 

 

Һәм және зүбәржаттан[20] қанаттары,

Әр қылда мың-мың жүз білгін оны.

Жүзінің әрбірінде мың-мыңнан көз,

Исрафил суретінен өзге бәрі.

 

Көзінің барлығымен жылап тұрар,

Күнәһар мөміндерге рақым қылар.

Тілінің барлығымен бір Алладан:

«Бұларды жарылқа» деп тынбай сұрар.

 

Әр қатыра[21] көз жасынан һайиу дана,

Жетпіс мың пайда қылар мәлек және.

Баршасы бір Аллаға тасбих айтар,

Қойылды «Руханиун» лақап аңа.

 

Төртінші муәккіл нам Әзірейіл,

Исрафил суретіндей бина қылды.

Оның да денесінің базылары

Өзгеріп Исрафилден жаратылды.

 

Астында баршасы нұр бір тақты бар,

Аяғын жетпіс мың деп нақыл қылар.

Төртінші қат аспанда қарар алып,

Әуелден ақырға ше онда тұрар.

 

Алты дер Әзірейілдің қанаттары,

Көз бен тіл денесінің тамам бәрі.

Инсі, жын хошы таяр әр мақлұқат,

Күллі шәй әдетінше есеп саны.

 

Мәселен, бір мақұлұққа ажал жетер,

Жандарын мәлекул мәуіт қабыз етер.

Айтылған денесі мен көздерінің

Көрінбей ғайып болып бәрі кетер.

 

Жоқ болмай сегіз көзі тұрар бақып,

Төртеуі төрт мұқарраб мәлек ақы.

Төртеуі арыш көтерген періштелер,

Жоқ болмай тұрмағының ғаламаты.

 

Хадиспен хабар берді Хайрул бәшар[22],

Деп айтты «Әзірейілде алты жүз бар».

Бір жүзі алдында дүр, бірі артында,

Біреуін «солында» деп қылды изһар.

 

Айта дүр оңында деп бірін мұның,

Біреуі астында дүр қадамының.

Басының және бірі үстінде дүр,

Бір іске дайындаған әрбірісін.

 

Әзірейіл оңындағы жүзіменен,

Қабыз[23] етер күн шығыста болса әр жан.

Сол жақтың жүзіменен жанын алар,

Әр мақұлық отан етсе күн басыстан.

 

Арттағы жүзіменен назар салар,

Тозақы кәпірлердің жанын алар.

Жандарын мөміндердің алмақтыққа,

Жүздері алдындағы дайындалар.

 

Бастағы жүзіменен аһле жәма[24],

Ақырда қабыз етер бәрін һәмма.

Һәм және аяқтағы жүзіменен

Жындардың қабыз етер жанын және.

 

Жәннатты бір аяғы басып тұрар,

Тозақта бір аяғы қарар қылар.

Әзірейіл денесінің үлкендігі –

Дүниеде қанша бұлақ, қанша су бар?

 

Басына құйылса да соның бәрі,

Тамызбас жер үстіне бір қатыраны.

Дастарқан мысалында тағамдай дүр,

Алдында бұл дүниенің мақлұқтары.

 

Орнынан мәлекул мәуіт тұрмай әр кез,

Осындай зарлығына айтылды сөз.

Қаласа бір теңгенің мысалындай,

Қолымен айналдырар дүниені тез.

 

Әр түрлі Әзірейілдің тарипларын[25],

Қай түрде алатынын пенде жанын.

Аз уақта инші Алла баян етіп,

Айтамын тәпсілімен кейін бәрін.

 

Жаратты өлімді де Жаппар Құда,

Зарлығы тең келмейді мақлұққа.

Жеті аспан, жеті қат жер баршасына,

Денесін үлкен етіп қылды бина.

 

Жетпіс мың зәнжірменен[26] байлайды оны,

Жаратты бірнеше мың һәм пердені.

Өлімді перде ішіне салып қойды,

Мақлұқтың білмес еді еш бірлері.

 

Зәнжірдің һәр бірінің ұзындығы –

Жүргендер жетеді-дүр бір мың жылы.

«Музаккар уә-л-му-аннас» атты бір кітапта,

Зікір етіп осы түрде айтар мұны.

 

Аспан мен жер үсті-астында әр нәрселер,

Ай мен күн, дию, пері, инсі жындар.

Дүниені мекен еткен ұшар құспен

Әр түрлі төрт аяқты мақлұқтар.

 

Бұлардың барлығының санынша бәс,

Өлімнің денесінде бар еді бас.

Екі көз, әр басында ауыз, құлақ,

Қолы мен денелері оған ұқсас.

 

Төрт мың жыл денелерден бұрын Құда,

Аруағын пенделердің қылды бина.

Әруақтан қанша ілгері құдіретімен

Ырызғысын дайындады мақлұғына.

 

Ырыздықтан ілгерірек һәм үш мың жыл,

Жаратты құдіретімен өлімді бұл.

Өлім һәм бина болған кездерінде,

Бір мәрте сапқа тартып қышқырды[27] біл.

 

Ғарышта мәлейіктер бұны естіп,

Көңілінде қорқандығы һадден өтіп.

«Я, Алла, қорқынышты ауаз не?» деп,

Сұрады дәргаһынан[28] арыз етіп.

 

Алла айтты: «Өлім еді ауаз қылған,

Өзімнің құдіретіммен жаратылған.

Қолынан бұл өлімнің шарап ішер,

Күллә қай дем алушы болса-ләр жан».

 

Өлімнің періштеге көрінгенін,

Сөйлескен Әзірейілмен арзы халін.

Топырақты жерден алған бір фасылда,

Аз уақта білдіремін айтып бәрін.

 

[1] Һадсіз /а/ – шексіз, шамадан тыс.

[2] Нығымет, ниғмат /а., тат/ – бақыт, бақытты өмір; шапағат; сый; рақым; жарылқаушылық; жақсылық; шарапат; қайыр; байлық; береке; игілік; ырзық; тамақ, ас, ауқат.

[3] Қайым /а/ – тұратын, көтерілген, жоғарлатылған, түзу.

[4] Мутиқ, Мұтиғ /а/ – мойынсұну; мойындау.

[5] Әсілі /д/ – асылы, түп тегі.

[6] Тәусип- сипат, сипаттау, баяндау мағынасында.

[7] Рауыш /п/ – тәсіл, әрекет, қалып.

[8] Рухул-әмин, Рухил әмин /а/ – сақтаушы; байқаушы; қараушы рух.

[9] Мұрсал /а/ – елші, уәкіл жіберілген.

[10] Уахи /а.п/ – сендіру; сыр ашу; дауыс; үн; мұхаммедке жәбірейіл арқылы келген Алланың бұйрықтары, жарлықтары.

[11] Муәккіл /а/ – бір нәрсеге жауапты, өкілетті.

[12] Шәләләт – мәтін бойынша «өсімдікті» деген мағынада қолданылған.

[13] Жәлел, Жәлил /а/ – үлкен, ұлы, қадір; зор; данышпан; айбынды; сәулетті; ардақты; мәртебелі; сүйікті, қадірлі; қымбатты; атақты; тамаша; маңызды; Алла тағаланың 99 есімінің бірі.

[14] Запыран – сары түсті гүл. Мәтінде сары түсті мағынасында қолданған.

[15] Ызбар – ашу, ыза, қаһар.

[16] Таһлил, Тахлил /а/ – ашылу, тарқалу; талдау, тергеу, тарату.

[17] Кәтіп – хатшы.

[18] Бірдек – бірдей.

[19] Инсі, жын – адам мен жын.

[20] Зүбәржат /а/ – жасылдау түсті, жылтыр, асыл тас.

[21] Қатра /а/ – тамшы.

 

[22] Хайрул башар – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар.

[23] Қабыз /а/ – алу, ұстау, қамау.

[24] Аһле жәма – ақыл иесі деген мағынада.

[25] Тариплары – қолжазбада тариплары деп жазылған. Негізінде тариқлары «жолдары» деген мағынада болу мүмкін.

[26] Зәнжір – шынжыр.

[27] Қышқыру /т/ – айғайлау.

[28] Дәргаһ /п/ – салтанатты сарай; құдай үйінің дарбазасы; табалдырығы.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button