Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны
Қарқаралы, Қазылық
Жатушы едің жазылып.
Жазғытұрым болғанда
Бауырыңнан ел көшкенде
Көптің жолы сүрлеу боп,
Қалушы еді қазылып.
Жатып қалған жас қозы,
Жайылып қой болған тау.
Егізімнің сыңары
Жайылып қой болған тау.
Бірін сойса той болар,
Қалған бірі – Балқаш боп.
Бағлан қозы қой болар.
Сойғанының терісі
Жөнін білген шеберге,
Бір өзі бір бой болар.
Елей білмес жаманға,
Ел құрып кеткенде,
Ала шолақ иттерге
Көкпары болып тартылып,
Не ермекке той болар.
Қарқаралы қайран тау,
Тиюші еді пайдаң тау.
Пайдасының белгісі,
Ойымда тұрған өлкесі.
Өлкесінің белгісі
Шаңырағым, уығым,
Үйде бақан, сырығым,
Ат ұстайтын құрығым.
Қазаныма қақпағым,
Желі бір соғар тоқпағым.
Арба, арыс, белдігім.
Ел қыстауға келгенде
Сиыры бір жатар шілігім.
Ат жүре алмас аралдым,
Ішінде бұғы, маралдым.
Бұғы да марал жатқан жер,
Мергендер таңдап атқан жер.
Мерекеге батқан жер.
Бай төбеті аңқылдап.
Байсал тауып үрген тау.
Баласы қаздай байпаңдап,
Бәйбіше дәурен сүрген тау.
Әкем бір күйеу болған тау,
Шешем бір келін болған тау,
Ақ бүркеншік салынып ,
Ала берен киген тау.
Кетейін деп кетпедім,
Төңірегің толған жау.
Сайында қопа қамысым,
Тамам бір жұртқа танысым,
Мынада кәпір зорлықтан
Қалдың-ау, есіл қонысым.
Боранда малым ықпаған.
Үйімді дауыл жықпаған.
Шағыр бір жусан изендім,
Сенен де кетіп күйзелдім.
Байлаулы атқа пішенім,
Матаулы атқа кісенім.
Ат арқандар қазығым,
Балаларға азығым.
Кетейін деп кетпедім.
Кәпірден болды жазығың.
Он екі қазылық, он түнек
Есіл, Нұра екі су
Еңкейіп онан бетің жу.
Біріңде шекер, бәрің бал
Қай біріңді айтайын.
Бетеге, көде, жауылша ,
Шулап тұрған бәрің бұл
Кетейін деп кетпедім
Алып кетті кәпір қу.
М.Әуезов. Шығармаларының толық жинағы, 6-том (әңгіме, зерттеулер, пьесалар 1927-1933 Алматы 2014 267-268 бет
Мұхтар Әуезов студенттік шағында Күдері қожа деген ақынның осы өлеңін ауыл қарттарынан жазып алып, «таң» журналының 1925 жылғы 4 санында «Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген атпен жариялаған (99-102-бб). Одан кейін 1927 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Әдебиет тарихы» «оқулығында «Сыршылдық салт өлеңдері» бөлімінің «Ел салтындағы шер өлеңдер» қатарындағы қоштасу өлеңдері ретінде Күдері қожаның осы өлеңін талдай келіп, толық мәтінін жариялайды…
Қоштасу өлеңінің авторы Күдеріқожа Күшекұлы – ХІХ ғасырда өмір сүрген белгілі қазақ ақыны. Ол 1820 жылы Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туып, 1858 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы маңында дүниеден өткен. Бұл өңірге жас кезінде бала оқыту мақсатымен қоныс аударып, Қарқаралы жерінде қалып қойған. Оның Ұлбике деген ақын қызбен айтысы халыққа кеңінен белгілі, көптеген жинақтарға енген.
Өлеңнің шығу тарихына келсек, М.Әуезов «Әдебиет тарихында» осы шығарма жайында жазылғандай: «…соңғы өлең елдің шаруашылығына, елдің іргелі елдігіне залал келтірген кемшілікті айтады», …Мынада кәріп зорлығы, ел күйзеулігінің себебі, қазақы елдіктен шығарған қиянаттың шеті көрінеді. Мұнда жалпақ елдің қамы айтылады» (1991.31-б) Мұхаң осы қысқа талдауында «ел күйзеулігінің» астарын сол кездегі озбыр саясат салдарынан ашып айта алмағанымен, өлең мәтіні заман шындығын айқын көрсеткен. ХІХ ғасырда Ресей патшалық үкіметінің отаршыл әскерлері Сарыарқа жерінде, оның ішінде табиғаты әсем, жер сарасы – Қарқаралы аймағына баса-көктеп кіргенде, абдырап есі шыққан халық тау-тасты паналап, бейшара хәлге душар болады. Ел басына түскен осы қасіретті халқымен бірге тартқан Күдеріқожа өзінің Қарқаралы тауымен қоштасқан өлеңінде зар заман ақиқатын нақты бейнелеп берген. М.Әуезов жариялаған өлең нұсқасының басты ерекшеліктері: өлең ұйқасы үйлесімділік тауып, көркем дік қасиеті ерекшеленіп тұрған кесек туынды, Ресейдің отаршылдық сяасатын көркем тілмен кестелеген.
М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына байланысты осы өлең жайында «Қазақ әдебиеті» газетінің 1997 жылғы 5 тамызындағы санында жарияланған фольклортанушы –ғалым, филология ғылымының докторы, профессор С. Садырбайұлы «Бір өлеңнің тарихы» деген мақаласында аталған туындының осы нұсқсынан басқа екі нұсқасы бар екендігін тілге тиек етеді. Біріншісі М.Әуезов нұсқасы болса, екіншісі – түрлі жинақтарда жарияланып жүрген қысқа түріндегі нұсқа да, ал үшіншісі – көрнекті ақын Мариям Хакімжанова осы «Таң» журналынан латынша әріпке көшірген, бірақ анағұрлым толықтырылған нұсқасы, бұрын еш жерде жарияланбаған. Осы нұсқаның толық мәтінін С.Садырбайұлы өз мақаласының соңында келтіріпті. Томға ұсынылған өлең мәтіні журанлдың түпнұсқасы бойынша сол күйінде еш өзгеріссіз жаряиланып отыр. (348-349)
М.Әуезов. Шығармаларының толық жинағы, 6-том (әңгіме, зерттеулер, пьесалар 1927-1933 Алматы 2014 (348-349)