Білген Шайыр айтады

Жолбарыс мінген Мағзаман

0 , құрметті оқырманым, енді менің «Жолбарыс мінген Мағзаман» атты өлеңімді оқып демалыңыз.

Сөз айтайын аздаған,

Жыр  айтайын аздаған.

Мағзаман жайлы сөз айту,

Таң атқанша аз маған.

Жас кезінен Мағзаман,

Нұр тілеген Алладан.

Мағзаманның ақылын,

Қариялар аңдаған.

Медреседе оқыған,

Білімге ол қанбаған.

Өсиетін тыңдаған,

Байып кеткен жарлы адам.

Әулие болған Мағзаман,

Ақын өлең арнаған.

Дұға оқыса өзендер,

Тасып кеткен арнадан.

Жаман адам шақырса,

Жиреніп одан бармаған.

Суық желді қойдырған,

Қарашада азынаған.

Батыр болған Мағзаман,

Елін жаудан қорғаған,

Жерін жаудан қорғаған.

Атқан оғы жауына,

Барып тимей қоймаған.

Мағзаманның өмірін,

Ұрпақтары жалғаған.

Алтын мақсат жолына.

Күш-қайратын арнаған.

Ілімді сүйген жанымен,

Қанаттары талмаған.

Бай да болған Мағзаман,

Түйесі болған мыңдаған,

Жылқысы болған мыңдаған.

Адал жандар бас иіп,

Өсиетін тыңдаған.

Мағзаманды мадақтап,

Жырау жырын жырлаған.

Мағзаман болған нұрлы адам,

Жаманға көңіл бұрмаған.

Жамандықтан сескеніп,

Жанында оның түрмаған.

Шәкірті болған жүздеген,

Үмітін олар үзбеген.

Медресеге ағылған,

Мағзаманды іздеген.

Мақсаты бар көздеген,

Дұшпаны оны сезбеген.

Шәкірттерін ұйытқан,

Ғылыми терең сөз бенен.

Ой-өрісін кеңейткен,

Адамдарды шөлдеген…

Жолбарыс мінген Мағзаман,

Онан емші озбаған.

Ханды емдеп жазған соң,

Алтын берген қазнадан.

Емші болған Мағзаман,

Би де болған Мағзаман.

Мағзаманның сөздері

Қызыл шоқтай маздаған.

Астына мінген жолбарыс,

Ханнан келген уәзірді.

Талап кете жаздаған.

Өзі әруақты қожа екен,

Ойлары оның таза екен.

Сөз сөйлесе ақылды,

Көңілі дарқан дала екен.

Мағзаман кейде шал екен,

Мағзаман кейде бала екен.

Әруақ қонған Мағзаман,

Емші болған Мағзаман.

Мағзаманды көргенде,

Боталы түйе боздаған.

Мағзаман жайлы сөз болса,

Шалдар әңгіме қозғаған.

Мағзаманның асасы,

Жоғалмаған, тозбаған.

Мағзаманның өмірі,

Ақындардың тыңдасаң,

Дастаны екен жазбаған…

Мағзаман жайлы күйшілер,

Күйлерін тартып толғаған.

Мағзамандай әруақты,

Адам бұл жерде болмаған.

Мағзаманға жаман сөз,

Айтқанның бағы жанбаған.

Мағзаманға емделіп,

Тәуір болған қанша адам…

Сөз айттым міне, аздаған.

Жыр айттым міне, аздаған.

Мағзаман жайлы жыр жазу,

Таң атқанша аз маған…

МАҒЗАМАННЫҢ ЗЫНДАНДАҒЫ АҒАЙЫНДЫ ҮШ БАТЫРДЬІ ҚАЛАЙ ҚҰТҚАРҒАНЬІ ТУРАЛЫ СӨЗ

О, құрметті оқушым. Аспан елінде әйгілі Ақ Шашты Ана деп аталып кеткен көпті көрген, терең ойлы, орта бойлы, ақылды һәм шешен, жүрегінен мейірім шуағы төгіліп түратын қадірлі Ана бар болатын. Сол Ақ Шашты Ана Берік, Серік, Өрік атты үш ұлымен Бұқарадағы базарға мал апаратын болып жолға шығады. Ақ Шашты Ана ақ түйесіне мініп мал айдаған балаларының соңында келе жатады. Елден ұзай бергенде кенеттен Шар деген қарақшының ұрылары шабуыл жасайды. Он төрт қарақшы ағайынды үш жігітке тарпа бас салады. Кенеттен шабуыл жасаған қарақшылардан қорғана алмай қалған ағайынды үш жігіт ұрылармен шайқасып жеңіліс табады. Тұтқынға түседі. Ал Ақ Шашты Ана бала. Бары ұрыс салып жатқан кезде Мағзаманнан көмек сүрағалы түйені желдіртіп, Бұқараны бетке алып, зымырай жөнеледі. Ақ түйеге мініп Бұқараға қарай зымырап бара жатқан Ақ Шашты Ананы көрген Шар қарақшы: «Ойбай, Ақ Шашты Ананы ұстаңдар!…» – деп айқай салады. Екі қарақшымен ізінен қуа жөнеледі. Жүйрік аттар желмен жарысып желіп бара жатқан ақ түйеге әрең дегенде жете бергенде ақ түйе бір Құданың құдіретімен аспанға көтеріле бастайды. Шар айтады: «Ақ Шашты Анаға бұлт көмекке келді! Ұстау керек! Аспандардың адамдары жаны қысылғанда аспанға көтеріледі. Оған бұл көмекке келді!…» – дейді. Қарақшылар Ақ бұлттың үстіне ақ түйесімен көтеріліп бара жатқан Ақ Шашты Анаға садақпен оқ атады. Оқ қаңғырып кетеді. Дәл осы кезде Құданың құдіретімен екі қарақшының аттары сүрініп кетіп, екеуі де омақаса кұлайды. Ақ Шашты Ана құтылып кетеді. Шар айтады: «Ақ Шашты Ана құтылып кетті! Енді бізге қиын болады! Ол қалай болмасын үш ұлын құтқарудың жолын іздейді. Үш ұлын сексен құлаш терең зынданға саламыз…» О, құрметті оқушым! Ақ түйесімен бұлт үстінен түскен Ақ Шашты Ананың Мағзаманға барып айтып түрған сөзі екен дейді:

Ақ Шашты Ана сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-О, Мағзаман, қарағым,

Пірі болдың даланың.

Пірі болдың қаланың.

Пірі болдың Аспанның,

Пірі болдың жас жанның.

Имани жүрек елінен,

Бұлақ болып басталдың.

Әділет іздеп келгенге,

Жан сырыңды ақтардың…

Тұтқында қалды үш ұлым,

Тұтқында қалды үш нұрым.

Тұтқыннан шығып келмесе,

Үзілер менің жұлыным.

Үзілер жаным-шыбыным.

Шыбын жаным үзілсе,

Қас-қағым сәтте құрыдым.

Өле ме менің үш ұлым,

Өмірдің көрмей қызығын.

Мағзаман, балам, көмек бер,

Аспанның мен де қызымын.

Айтайын қазір қарақшы

Шар дегеннің қылығын.

Айтайын қазір қарақшы

Шар деген бетсіз ұрының.

Әлқисса. Ақ Шашты Ана Шар деген қарақшының қылығын Мағзаманға баян қылады. Он төрт қарақшы алты сиыр мен жеті жылқыны, он екі түйені тартып алып, үш ұлын соққыға жыққанын баян қылады. Өзінің ақ түйемен бұлт үстіне шығып аман қалғанын айтады. Ал ұлдарының қайда екенін білмейтінін, мүмкін болса балаларының өмірін аман-есен сактап қалуға көмек қажет екенін айтады. Мағзаман айтады: «Шар деген қарақшы өзінің серіктерімен елдің мазасын алды. Мен Бұқара ханына Шардың қарақшылық әрекеттерін екі мәрте баян Қылдым. Жақында хан ордасынан Шардың қарақшыларын тұтқындауға жазалаушы өскер шығады…» Мағзаманның Ақ Шашты Анаға айтып түрған сөзі екен дейді.

Мағзаман сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

– О, Ақ Шашты анашым,

Іздеген үш баласын.

Қазір бізге данасың,

Қазір бізге анасың.

Қорлығын көріп ұрының,

Қайғыға ана, жанасың.

Он екі құрсақ көтерген,

Аспанның сен де қызысың.

Дүниені бөлеп бесікке,

Тербеткен Ана бірісің.

Қыздарың жырысың,

Ұлыңыздың гүлісің.

Орындалар тілегің

Ауырмасын жүрегің.

Хан алдына кіремін,

Хан алдына кірмесем,

Ертең өзім жүремін.

Әділдікті қолдаған,

Мен де адамның бірі едім.

Аспандарға пір болып,

Осында мен жүр едім.

Ұрылардың беттерін,

Сөзбен өткір тілемін.

Қылыштасса қылыш бар,

Жарқылдаған қылышпен,

Мағзаман жауды қылыштар.

Найзаласса-найза бар,

Көк найзамен Мағзаман,

Зұлым жауды найзалар!

Атқыласа-жебе бар,

Шайқасатын төбе бар!

Сол төбеде ұралыр,

Бүл өмірден жоғалар…

Әлқисса. О, менің ардақты оқырманым. Менің қиссамды оқып жаныңа рухани ләззат алып жатқан боларсыз. Енді Ақ Шашты Ананың тұтқында жатқан үш ұлы Берік, Серік, Өрік атты ұлдарының халжағдайынан хабар тыңдап көрейік. Ағайынды үш жігіт зынданнан босай алмайтынын білді. Тереңдігі сексен құлаш жан – жағы таспен қаланған зынданнан калай босап шықсын? Берік айтты: «Бізді бір құтқарса Бұқараның ханы құтқарады…» – деді. Серік айтты: «Бізді бір құтқарса Мағзаман піріміз құтқарады…». Өрік айтты: «Бізді бір құтқарса Мағзаман піріміздің жолбарысы құтқарады…» – деді. Үшеуі жата берді. Түнде Берік түс көрді. Түсіне анасы аян берді. Сол мезетте зынданның төбедегі темір есігі өзінен-өзі ашылды. Үшеуі де әлдебір құдіреттің көмегімен жоғары қарай көтерілді. Анасы аққу болып ұшып келді. Сонда балаларына Ақ Шашты Ананың сөйлеп түрған сөзі екен дейді.

Ақ Шашты Ана сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-Айдан аппақ Берігім,

Күннен аппақ Серігім.

Жайран қағып жүретін,

Сом алтындай Өрігім.

Зынданға түсіп ұлдарым,

Қайғылы болды өмірім.

Ақ түйе мені құтқарды,

Шақырып аппақ бұлттарды.

Аппақ бұлттар түйемді,

Көтеріп кетті аспанға.

Аспан төрі кең екен,

Аспандардың жері екен,

Мың өліп, мың тірілген,

Қазақтардың жері екен.

Көк аспаны түркінің

Аспандардың төрі екен.

Жер мен Аспан қазақтың,

Ежелден келген мекені.

Аспан деген тайпаның,

Белгілі болды не екені.

Аппақ бұлт-су, ішкені

Жылқының еті жегені.

Аспанға қарап шыңғырып,

Бөрілер неге ұлиды?

Аспандарға жау болып,

Канішерлер құриды.

Аспаным-үйім, мекенім,

Аспандар қорғар бұл үйді.

Бабалар қорғап келген үй.

Еңселі, биік Ұлы үйді!..

Бабалар қорғап келген үй

Еңселі биік Ұлы Үйді!..

Айдан аппақ серігім,

Күннен аппақ Берігім.

Жайраң қағып жүретін,

Сом алтындай Өрігім!…

Мағзаман Пірге жолықтым,

Қамын ойлаған халықтың.

Жолын тосқан асқанның,

Белін басқан жас ханның.

Мағзаман пірге жолықтым,

Қамын жеген Аспанның…

Ол күн болды ғажап күн,

Мағзаман Пір ойлаған,

Қалың қамын қазақтың.

Алдын алар Мағзаман,

Басқа түскен азаптың..

Хан алдына кіреді,

Ханның пейілін біледі.

Хан алдына кірмесе,

Жолбарысын мінеді.

Жолбарысын мінген соң,

Сендерге қарап жүреді.

Сендерге қарап жүрген соң,

Шардың өмірі бір елі.

Бір елі өмірі қалған соң

Тоқтайды Шардың жүрегі.

Тоқтаған соң Шардың жүрегі,

Орындалар Ана тілегі…

Әлқисса. О, құрметті оқырманым! Енді он төрт қарақшының басшысы, баукеспе ұры Шар және оның сыбайластарынан хабардар болыңыздар. Шар жасырынып жатып шабуылға шыққан кезде ақ түйемен құтылып кеткен тұтқындағы жігіттердің анасын ұстай алмай қалған баукеспелерге ұрысып, оларға айтып жатқан сөзі екен дейді.

Шар ұры сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-Оңбағандар, қорқақтар,

Істерің сенің осындай.

Жігерім қалай асқақтар!

Мағзаман пірге жолықса,

Төбемізге тас қаптар!

Қаптаған соң көк тастар,

Ажал келіп асқақтар!

Өмір бізден алшақтар!

Ақ Шашты Ана құтылды,

Бұлтқа кіріп жұтылды.

Жауларынан Шар сорлы,

Осылай бүгін ұтылды.

Аспандарға пір болған,

Мағзаман келер Батыстан.

Мағзаманнан қорқамын,

Жебені алып атыспан.

Аспандарға пір болған,

Мағзаман келер Шығыстан.

Мағзаманды көргенде,

Жаулары оның ығысқан.

Қарғысын алған сол пірдің,

Бір-бірімен жұлыскан.

Мағзаман келер Арқадан.

Дұшпандары шайқасып,

Мағзаманнан шаршаған.

Мағзаман келер Құбыладан,

Мағзаманның жаулары,

Бір-бірімен жауласып,

Айтқанын бірінің қылмаған.

Қылмаған соң айтқанын,

Бірінің бетін бірі тырнаған…

ЕМШІ МАҒЗАМАННЫҢ БҰҚАРАНЫҢ ХАНЫ ӘБІЛ ХАНДЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕГЕНІ ТУРАЛЫ СӨЗ

О, құрметті оқушым. Енді Емші Мағзаманның Бұқараның ханы Әбіл ханды қалай емдегенін баян қыламын. Рахаттанып отырып тыңдаңыз. Бұқара ханы Әбіл бірде әділдікті жақтайтын, бірде әділдікті табанымен таптайтын, нөкерлері не десе соны істеп, елдің наразылығын тудырған хан болыпты. Сөзінде тұрақтылық жоқ бірде жомарттық жасап, бірде қалың елге қатыгездік жасап, адалдықтан ауытқып, жамандыққа жол беріп, арамдыққа қол беріп, өзінің беделін өзі түсіріп, елге жаман қасиетімен белгілі болған екен. Бір күні Әбіл хан он-он бес нөкерімен Хиуаны бетке алып, кетіп бара жатса, жол үстінде қарама қарсы келе жатқан иығыңда бір қап жүгі бар, беліндегі белбеуіне сусын қүйылған ыдысы бар жолаушыны көреді.

Келе жатса нөкермен,

Жол үстінде жолаушы,

Иығында – жүк, көтерген,

Анда- санда жөтелген,

Біреу келед жайымен.

Айбынуды білмейді,

Бас тартпайды қатерден.

Хан Әбілді көргенде,

Ханға сәлем бермеген.

Омырауы су бопты,

Маңдайдан аққан терменен.

Су болған соң маңдайы,

Хан Әбілді көрмеген.

Ойламаған бүл адам,

Кездесем деп ханменен.

Әлқисса. О, құрметті оқушым. Бүл жүк көтерген әулие һәм емші Мағзаман еді. Бұқараның ханы Әбіл жаяулатып келе жатқан жолаушының әйгілі әулие, емші екенінен хабары болмапты.

Иығында жүк көтерген,

Келе жатқан жол менен.

Қорықпаған қатерден.

Қорықса егер қатерден,

Жолбарысын әкелген.

Мағзаманға сол кезде,

Хан Әбіл қамшы көтерген.

Жолда түрған Мағзаман.

Жүзінде ашу аздаған.

Мағзаманды тар кезде,

Жолбарысы қолдаған.

Қолдаған соң жолбарыс,

Жаулары оның зарлаған.

Мағзаман бірақ ешқашан,

Жаман іске бармаған.

Әбіл хан сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-Алдымда не ғып түр шайтан,

Алдымда тұр ғой жын-шайтан.

Қарайды неге тесіліп,

Қарайды маған бұл шайтан?

Түсімде маған осы адам,

Ақыл айтып сөйледі…

Жолымда не ғып тұрсың сен,

Қаһарға мінсем-құлсың сен.

Құл болған соң тұлсың сен,

Тұл болған соң өлісің,

Тарылар сенің өрісің.

Тарылған соң өрісің,

Өлі әруақтың бірісің…

Мағзаман сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

-Әбіл хан-ау, Әбіл хан,

Заман саған тарылған.

Ауырасың сен бүгін,

Тез өтпесең жанымнан.

Мұны қазір сеземін,

Аттамаймын арымнан.

Жын-шайтан ханым мен емес,

Көзіңде түрған құр елес.

Жын-шайтан ханым, өзіңсің,

Түсіңе енсем – ғажаппын.

Құтыларсың сен бүгін,

Әр түрінен азаптың.

Қүтылсаң сен азаптан,

Құтыласың тозақтан.

Құтылмасаң тозақтан,

Нөкерлер саған оқ атар,

Тақтан сені құлатар.

Құлатып сені сол тақтан,

Ойбайлатып жылатар.

Әділ болсаң хан ием,

Халық сені ұнатар.

Ұнатпаса хан ием,

Сүр жебе сені сұлатар!..

Әлқисса. Осы кезде Әбіл хан алмас қылышын қынынан суырып ап: «Басыңды кесем, шайтан!..» – деп ақырады. Жанындағы нөкерлері де: «Басын ал! Басын ал!..»-деп айқайлап қоя береді. Осы кезде Мағзаман отыра қап дұға оқиды. Әбіл хан енді қылышын көтере бергенде қызыл жолбарыс жетіп келіп, Әбіл ханды аттан аударып түсіреді. Екі аяғын шалқалал жатқан ханның кеудесіне қояды. Ханның нөкерлері шалқалап жатқан ханның кеудесіне мініп отырған қызыл жолбарыстан қорқып қаша жөнеледі. Сол кезде Мағзаман жолбарысқа: «Тиме!..» – деп айқайлайды. Жолбарыс кейін шегініп Мағзаманның жанына отырады. Жолбарыстан қорқып қалған Әбіл хан қалш-қалш етіп басын көтеріп Мағзаманның алдында отырады. Мағзаман ханға: «Кет!..»-дейді. Хан орнынан тұрып, атынамінеді де, қашып бара жатқан нөкерлерінің соңынан шаба жөнеледі. Әбіл хан осы оқиғадан кейін әділетсіздікке қарсы боп, өз елін асқан ақылмен басқара бастапты. Жанында жүрген жағымпаздарды қуыпты. Кедейлерге қамқорлық жасапты, халыққа көмек беруді байларға өсиет етіпті. Арадан бірнеше ай өткен соң Әбіл хан қатты ауырыпты. Төсек тартып жатып қалыпты. Бір күні түс көріпті. Түсіне Мағзаман аян беріпті. Қызыл жолбарысына мініп, жортып бара жатқан Мағзаман ханға айқайлапты: «Еліңді әділ билеп жатсың. Осы бағытыңнан ауытқыма, халқыңды имандылық пен адамгершілік қасиеттерге баулы. Ауырдым деп налыма, ауыруыңды өзім емдеймін. Менің Айтқұл деген досым бар, сонымен ақылдас..»-депті. Хан нөкерлерін шақырып Айтқұлды тауып келуді бұйырыпты. Айтқұлға хан болған істі баян қылады. Айтқұл: «Мағзаманды өзім тауып аламын, өзім осында әкелемін…»-депті. Емші Мағзаман Бұқараның ханы Әбіл ханды төсек тартып ауырып жатқан хан сарайында емдеген деседі. Бұқараның ханы құлан-таза айығып кеткен екен.

МЕҢДІБАЙ ӘБІЛҰЛЫ

БЕС ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ I том

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button