Ғақлиат

Иман-исламның негізі

Бисмиллаһир-Рахман ар-Рахим

Барлық болмыстың, он сегіз мың ғаламның: аспан әлемі, жұлдыз, ай, күн, жел, судың иесі болған Алла табарака уа тағала, сана жетпес ғажайып Жерді жаратқан, оған ие етіп, барлық игілігін пайдалансын деп Жер бетіне Адам Атаны келтірген. Ал біздер, адамдар Алланың жердегі өкілі, шын досымыз. Достықтың ең алғы шарты дос досты мақтан тұтар, дос досқа разылық айтып жүрер, дос досты ешуақытта есінен шығармас болар. Ол үшін кемел ой – келелі ақыл керек. Алла тағаланың бізге, адамдарға, барлық жанды заттан арттырып бергені осы ақыл, барлық қүбылысты, тылсым дүниені сол ақылдың кереметімен ғана тани аламыз.

Дүниені – Алланы тану үшін Адам ең алдымен өзін танымағы керек, осы мағынада кімде-кім өз нәпсісін таныса еш күмәнсіз Алланы таниды. Өз нәпсімізді қалай танимыз?

Алла тағала Адамды төрт нүсқадан жаратыпты. Бірінші – төрт аяқтылар нұсқасы. Екінші – жыртқыштар нұсқасы. Үшінші – шайтан нұсқасы. Төртінші – періште нұсқасы.

Төрт аяқтылардың мақсаты ішпек, жемек, ұйықтамақ, жыныстық қатынас жасамақ.

Жыртқыштардың мақсаты – ұрмақ, сөкпек, өлтірмек, яғни, біреуге зәбір бермек.

Үшінші шайтан нұсқасы – айла қылмақ, айнала жұртты бір-біріне шағыстырмақ.

Төртінші періште нұсқасы – пәктік, тазалық.

Әрбірімізде осы нұсқаның төртеуі де бар: себебі ішпесеңіз, жемесеңіз өмір сүрмейсіз, жыныстық қатынас жасамасаңыз өсіп-өнбейсіз – бұл барлық мақлұққа тән қасиет.

Жыртқыштық қасиет болмаса, яғни ашу-ыза, қайрат болмаса өзіңізді дұшпаннан қорғай алмайсыз.

Шайтандық қасиет болмаса, кез-келген алаяққа алданып, айла-шарғыдан бейхабар қаласыз.

Періштелік қасиет, таза пәк қасиет, – бұл адамдықтың, Аллаға шын достықтың пәк таза қасиеті.

Алғашқы үш қасиетті бойыңызға сіңіріп, ақыл қазығына байлап, нәпсі тосқауылына бой игізіп қана, яғни өз дегеніңізге көндірсеңіз, ұтқаныңыз, олардың әрбірін керекті жерінде, қажет мөлшерде жұмсай білу, міне, бұл нағыз қасиет.

Алла тағаланың жаратқан мақлұқтарын үш дәрежеге бөледі:

1.Хайуандар, оларда ақыл жоқ, нәпсі бар.

2.Адам – онда ақыл да, нәпсі де бар.

3.Періште – бұларда нәпсі жоқ, ақыл бар.

Ақыл дегеніміз Хаққа бойұсыну – белгілі бір қағиданың мәнін пайдалы һәм керекті екенін білген соң оны қабыл алу.

Ал хайуанда ақыл жоқ, ненің пайдалы екенін білгенімен қабылдап алуға қабілетсіз, нәтиже шығара алмайды, белгілі бір жайға, иесінің үйіне бір қүлқын-жағдайға бола, яғни өзінің қарнын тойғызу, жайлы жерде дем алу үшін ғана келеді, екі күн қарны аш болса қашады, басқа дұрыс жер іздейді. Өздігінен ешнәрсе ұқсата алмайды, жеп, шөп дайындай алмайды, үй-жай сала алмайды.

Адамда ақыл да, нәпсі де бар болғандықтан, нәпсіні ақылға жеңгізсе адамдық дәрежесін сақтап қалады, яғни нәпсі керек еткен барлық тілектен керегінше ғана алса, адамдық қасиет сол. Ал нәпсіге бой алдырып, адамдық қасиеттің сырт көрінісін ғана сақтап қалғандарды күнделікті көріп жүрміз. Яғни адам жоғарыдағы төрт қасиеттің ішінен өзіне керегін қажетті мөлшерде ғана пайдаланса періштелік қасиетке, сап тазалыққа, нағыз Алланың достығына жетеді, ал нәпсіге жеңілсе, хайуандық дәрежеге төмендейді.

Періштеде ақыл бар, нәпсі жоқ, яғни өзіне жүктелген міндетті ғана орындап тәпсісін айтып тұрады, сондықтан Адам таза періште бола алмайды. Әу басында оған мұндай жүк артылған жоқ. Жер жүзіндегі барлық игіліктер, тау-тас, өсімдік, кен, хайуандарды пайдалану құқығы тек адамға берілген. Міне, осы қағидадан шығарып, Адам – Алланың жердегі өкілі, осы жердің иесі деп айта аламыз.

Ал белгілі бір жетістікке жеткен адам өз дәрежесін қызғыштай қорғар болар. «Адам болып жаратылу оңай, адам болып қалу көп қиын» деп осыны айтамыз. Міне, рухани тұрақтылық, яғни, «иман» деген ұлы сөз осы қажеттіліктен туындайды. «Иман» сөзі бойұсыну, Хақты мойындау деп күнделікті көп айтылады, бірақ белгілі дәрежеде мұны шешіп бере алмай жүрсек керек, себебі көп адамдармен ашық сырласқан сәттерде олардың түсінігі күңгірттеу қала береді. Ал сол иманға кірудің алғы шартынан саналатын дін қағидаларын үйренуіміз керек. Бірінші өз аузымен айтып куәлік беру:«Лә илаһа – илла Аллаһ – Мұхаммед Расулуллаһ»

(Алладан басқа құдірет жоқ, Мұхаммед оның елшісі) деп. Ғалымдар иманнан бұрын не жақсы деп сұрақ қояды, яғни иман келтіруден алдын жақсы нәрсе бар ма? Бар. Ол Алла тағаланың дәрежесі, қайырымдылығы мен мейірімділігі.

Алла тағаланың қайырымдылығы деп нені айтамыз. Бұл ең алдымен ақыл, сонан соң білім.Үшіншісі – иман. Иә, оқушым Иман неге үшінші болып қалды деп таңырқама, себебі иман ақыл мен білімнің нәтижесі.

Алла тағала адамды Жердің бетінде жаратты. Адамдардың түр-түсінің әрқилы болмағы біздің негізіміз – топырақ. Топырақ бір текті болмайды: қаттысы, жұмсағы, өнімдісі, құнарсызы, кеңге бай асылы бар. Міне, осы топыраққа Алланың үкімімен қырық күн жаңбыр жауды, сол қырық күннің 39 күні қайғы мен уайым жаңбыры болды, бір-ақ күні шаттық жаңбыры болды. Мұны әркім өз басынан аңғарса керек, бір күннің өзінде шаттықтан ой басым жатады. Алла тағала адамға жер бетінде ғұмыр кешуді бұйырды. Уақытынша жәннатқа кіргізгендегі мақсаты – жәннатты көзімен көрсін дегені. Адамға жан (рух) Алланың әмірімен, Алланың құзырымен келіп кірді. Жерден жаратылғандықтан дене (тән) жерде қалар, рух (жан) құзыр иесі Аллаға қайтып барар. Яғни Алла жаратты, Аллаға қайтып барамыз. Алланың әмірімен адамға барша дүниедегі болмыстың кілті берілді. Бұл – ақыл. Адам өмірінде үш нәрсе ғайып – яғни ешкім дәл бір уақытты таңдап өмірге келмейді. Екінші, ата-ана ғайып, ешкім әке-шешені таңдап алмайды, кімнен туылдыңыз, сіздің әке-шешеңіз – сол. Үшінші өлмек ғайып, әрбір жан иесі (адам) өзінің өлетінін біледі, бірақ қашан өледі, қалай өледі, білмейді. Ғайып – тағдырға мойынсұнбақ деп осыны айтсақ керек. Ал басқа ақыреттік дүниені ақылмен таныса болады. Ақыл кемелденуі үшін көрген-білгені тиянақты, парасатты болмақ керек. Жақсы құлықты, көркем әдепті, таза тәбетті отбасында тәрбиелен-ген адам баласы осы парасаттылықты бойында сақтап, өзіне сіңіре алса, бұл оған өмірлік азық, рухани тұрақтылық қалыптастыруға себепші. Керісінше былапыт сөзді, қолы таза емес отбасында тәрби-еленгендер тазалықтан, рухани түрақтылықтан аулақ өседі. Кімде-кімге ұрпақ келешегі қымбат болса, осы қағидаларға бойұсынуы керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға с.ғ.с. бір әйел келіп: «Иә, Алланың Расулы, мен баламды қай кезден тәрбиелейін» дегенде, Расул: «Балаң неше жаста?» деп сұрапты, әйел 6 айлық болды дегенде, 6 айға кешігіпсің, алайда, жақсы тәрбиелеуге әрекет ете бер депті. Себебі сәби дүниеге келген күнінен бастап белгілі бір уақытта ұйықтауы, оянып тамақтануы, үстін құрғатып ойнауы секілді барлық әрекет бір жүйеде болса, соған дағдыланып тұрақты іс-әрекет қалыптасады, тегінде сүтпен біткен мінез деп осыны айтса керек. Керісінше уақтылы дем алмаса, тамақтануында тұрақтылық сақталмаса беймаза болып өседі. Ал ашуланшақ, беймаза адамда әркез ақыл үстемдік ете бермейді. Демек адамда ақыл үстем болу үшін ең алдымен ұстамды мінез керек. XII ғасырда емір сүрген араб ойшылы ибн Рушд: «Қарсыласқан затқа ғана сүйене аласыз, қарсыласпаған затқа сүйене алмайсыз», – дейді, яғни – сіз қамысқа сүйене алмайсыз, діңі жіңішкелігінен ол таяныш болмайды. Ал діңгегі зор ағашқа сүйене аласыз. Себебі: діңі қатты, тамыры тереңде. Табанды адамды халық арасында жұрт діні қатты деп айтады, ағаштың діңгегін діні дейміз. Демек тәрбие дегеніміз осы діңгек екен, ендігі мәселе сол діңгекті қалай жетілдіруде. Өзіміз кез-келген мәселеден таяныш іздегенде, осы діңгек бізге сүйеу бола алады екен. Бұл ағаштың озегі жақсы жетілуі үшін жас шыбық кезінде қорғап, суарып, оғаш біткен артық бұтағын кесіп, түзу өсуі үшін тәрбие етіп жолға салар болар. Міне, бұл айтылғандар ақылдың беретін жемістері.

Енді ақыл өз дәрежесінде қызмет етуі, мағыналы өмірге жол керсетуі үшін білім керек, ол білімнің Алла жолынан адастырмауы шарт. Ақыл – парасат, ілім – керемет болады. Үш түрлі білім баспалдағы бар, біз осы илмул Яқин, айнул Яқин және Хаққул Яқин сөздерінің мағынасына тоқталып өтейік. Арабша «Яқин» деп – бір нәрсеге қатты сенуді айтады. Илмул Яқин ілімге сену мысалы жанған от күйдіретінін білеміз. Екінші айнул Яқин, толық білім, яғни  тәжірибе етіп сену. Мен өзім сынап көрдім, от шын мәнінде ыстық екен, күйдіреді. Үшінші басқыш Хаққул Яқин – анықтап сендім – мен отта жандым, оттың жандыру күшіне мүлде сендім, бұл Хаққа жету ілімі. Ілім дүниенің барлық тылсымын ашатын кілт, ақырет азабынан құтқаратын құдірет, өмірдегі барлық анау не, мынау неге бұлай деген зерделі адамның сұрағына жауап.

Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. айтты: «адам опат болған соң оның жақсы-жаман амалдары тоқталады, енді үш амалы қалады. Олар: жасаған садақасы; мешіт құрса, ағаш отырғызса, көпір салса немесе ілім қалдырса және бұл амалдардың жұртқа пайдасы тиген болса және жақсы перзент ата-анасы опатынан соң олардың ақысына дұға етіп тұрса». Расул Әкрам айтты: «Білгеніміз жөн, дүние және ақыреттік барлық жамандықтары надандықтың нәтижесі. Алла тағала Адам Атаға сегіз қасиет берді: егер осылардың 4-і кімде болса, ол жәннат халқынан болар. Бірінші, жарқын жүзді. Екінші, шын сөзді. Үшінші, сыпайы көңілді. Төртінші, қолы ашық, қайырымды. Егер кімде төмендегі төрт қасиет болса, ол – дозақ халқынан; жүзі ызғарлы, жаман тілді, үшінші мейірімсіз, төртінші бақылдық». Расул с.ғ.с. бұйырды: «Дүниенің тұрақтылығы төрт нәрсеге байланысты: әуелі ғұламалардың ілімі, екінші ел билеушінің әділдігі, үшінші байлардың қайырымдылығы, төртінші бұқараның (халықтың) дұғасы.

Ғұламаның ілімінсіз (ғамамуннас) қарапайым бұқара қор. Егер бұқара дұғасы болмаса байлар да қор. Егер ел билеушінің әділдігі болмаса адамдар бөрінің қойларды жегеніндей бір-бірінің етін жер еді. Пайғамбарымыз с.ғ.с. бір кісінің жылап, иә, Құдай жүзімді жарық қылғай, ұлы кештерде маған рахмат ет, қауіпті «жайларда өзімді жалғыз және қорғаусыз қалдырма» деп дұға қылып отырғанын есітеді.

Пайғамбар с.ғ.с. оған айтады: «Сенің бұл сұрап отырғаның ғүламалардың несібесі, егер көңілің осы сипатта болсын десең, өзіңді ғалымдардың мәжілісіне алып бар. Әрбір ақылы кемел адам ғалымдарға қарай асығады. Егер ешнәрсе жаттап қала алмаса қапа болмасын, сол азғана үйренгенінің өзінен сауап табады».

Пайғамбар с.ғ.с. бұйырды: «Қиямет күні төрт топ адамдар есеп-қисапсыз, азап көрмей жәннат есігіне жиылады. Бірінші, өз іліміне амал етуші ғалымдар. Екінші риясыз және пасық ойсыз қажы амалын орындағандар. Үшінші күпір амалдар етушілермен Алла үшін күресте құрбан болған шәһидтер. Төртінші өз малын Алла жолына сарп еткен сақылар. Олардың әрбірі алдын бейішке кіруге ұмтылар, Алла тағала үкім шығару үшін дүниеде не амал қылғандарын сұрап білуге Жәбірейілді жұмсайды.

Бірінші шәһидтен сұрады: дүниеде не амал қылдың, пейішке бұрын кіруге неге ұмтылдың деп. Ол айтты: Алла разылығы жолында фиса-билиллаь ШӘҺИД болдым. Кейін ғалымнан сұрар: не іс қылдың деп, сонда ол айтар: «Иә, Алла мен қандай ілімге де сақының қайырымдылығы арқасында жеттім». Алла тағала рас айттың, ей, ғалым деп ніда етер. Пейіш есігін ашыңдар, әуелі сақы кірсін, онан кейін басқаларға жол беріңдер. Яғни, сақының иманы кәміл, ол Алла жолына, Алланың дәрежесіне қайырымдылық жасап, ғалымның алаңсыз жүмыс істеп, Алла жолын ашуына, халайыққа ілім шашуына жағдай жасады. Демек, ілім (Нұрани) Нұрлы болып көпшілікке пайдалы болса, Алланың рахметіне лайық, осы тараптан тақуа дінді сақтаушы, сопы дінді таратушы ғалым деп дәріптелінеді.

Иман-жүйесін – «Шар кітаптан» алып, басқа кітаптар мен толықтырып түзеген Сейт Омар Саттарұлы

Басы. Жалғасы бар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button