Ғақлиат

Дін мен этика

Этиканың проблематикасы жамандықтан қашып, жақсы болған іс әрекеттерді жасау болып табылады. Ал дін болса, «киелі» нәрсеге негізделген байланысқа сүйенеді. Сонымен қатар, тарих бойынша дін мен этиканың тақыраптары арасында тығыз байланыс көрінеді. Көптеген діндерде – діни әмірлер мен этикалық тақырыптарды бөліп қарау да мүмкін емес. Ерекше айтуымыз керек болған нәрсе – әр діннің өзіне тән түсінігі болған. Этикалық әмірлер де діни әмірлер секілді үкім етуші сипаттарға ие. Осы тұрғыдан алғанда этикалық әмірлер де, діни әмірлер секілді қасиеттілікке ие. Сонымен қатар, дін мен этика  арақатынасы жайында төрт түрлі тұжырымды алға тартқан.

а) Дінтанушы ғалымдар мен дінге сенушілердің көпшілігінің пікірінше, дін –  этиканың ажырамайтын бір бөлшегі. Дін мен этиканың арақатынасын алғаш рет философиялық талдаудан өткізген немістің атақты философы Имануил Кант – Құдай мен адамды этикамен байланыстырады. Канттың пікірінше қоғамда абсолютті және мәңгі мораль заңы бар. «Неге ұждан адамды осыншама билейді?» дей отырып, этиканың себепкерлігімен адамның дінге баратындығын білдіріп, жаңа көзқарас айтқан.

ә) Жоғарыдағы көзқарастан басқаша пікір, Ислам ғалымдары тарапынан айтылған. Олардың пікірінше, дін мен этика тек қана бір-бірінен бөлінбейтін бөлшек қана емес, сонымен қатар екеуі бірдей. Христиан теологтарының қатарынан Мартин Лютердің пікірлері де осыған ұқсас. Ал Маклердің пікірінше, дін – этиканың пайда болып, дамитын жері. Шынында, Мұхаммед пайғамбар да:«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім»  деген [26, 4187].

Ислам ғұламалары этиканы – Құран Кәрімнен бастау алатын теологиялық және рационалды этика ретінде қарастырады. Бұл этика бастауын және негізгі ұғымдарын Құраннан алып, ой таразысынан өткізіп, қоғамның қажеттіліктері мен ғылыми ақиқаттарға сай түзететін жүйе. Ислам – этика саласында ғылымның, өнердің және философияның қамтамасыз ете алмаған кемшіліктерінің орнын толтырған.

Мухаммад Абдулла Драз – этика ілімін – амали және назари деп екіге бөледі. Оның пікірінше, Құран осы екі тұрғыдан да, қажетті әмірлерді кемшіліксіз түрде ұсынған. Құран Кәрім тарих бойы шашыраңқы болып келген этикалық жүйелерді бір арнаға тоғыстырған. Бірақ бұл Құранның ең басты және негізгі сипаты емес. Ақиқаты сол, Құран аталмыш ұғымдар мен ержелерді бір-бірімен жақындастырып, араларындағы кереғарлықты жойып, тұтас бейнеде жарыққа шығарған.

Сол себепті, Ислам ғұламаларының пікірінше, этикалық жүріс-тұрыс ережелері өзінің бастауын діннен яғни, оның қасиетті кітабы болған Құраннан алады. Мәселен, «әр сәби ислам рухымен туылады» деуі арқылы, әр адамның тумысынан күнәдан таза және тең болғандығын білдірсе, «Алла әділдік және ихсанмен әрекет етуді әмір етеді» деумен басқа адамдармен қарым-қатынас жасау барысында әділдік пен ихсанды басты назарға алуымызды бұйырады. Сонымен қатар, басқа бір адамға зиян тигізбеу, жалған сөйлемеу, ұрлық жасамау, адам өлтіруден аулақ болу, біреудің ақысын жемеу секілді этикалық әмірлерді Құраннан таба аламыз.

Қорыта айтқанда, Ислам ғұламалары этикалық міндеттерді Алланың және пайғамбардың алдындағы хақылар, тұлғаның өзінің алдындағы хақылар,  отбасы, ұлты және барлық адамзат алдындағы хақылар ретінде бөліп қарастырады. Этиканың теориялық тақырыптарына қатысты, «жақсылық пен жамандықтың» Алладан келетіндігін, оның уахи арқылы жақсы деген нәрселерінің жақсы, ал нашар деген нәрселерінің жаман болғандығын қабылдай отырып, жақсы мен жаман айырмашылығын діни әмірлерге сүйене отырып бағалайды.

б) Дін мен этиканың арақатынасына қатысты айтылған тағы бір көзқарастың жақтаушылары – бұл екеуінің түгелдей бөлек және бір-бірімен байланыссыз болғандығын айтады. Бұл тұжырымға сай – дін мен этика арасында кейбір түйісу нүктелері болуы мүмкін.  Ондай жағдайда этикалық дін немесе діни этика жарыққа шығады. Осы өзгешеліктің өзі олардың негіздеріндегі айырмашылықты көрсетуге жеткілікті. Эпикуршылар мен киниктердің этикалық доктриналары, орта ғасырдағы материалистердің этикасы, әлеуметтанушылар мен табиғат философиясының бірқатар өкілдерінің этикалық түсініктері дінмен байланыспайды.

в) Дін мен этиканың арасындағы қарым қатынас жайындағы соңғы көзқарас – олардың тығыз байланыстығын айтады. Иоахим Вахтың пікірінше, теория мен практиканың және дін мен этиканың арасын бөліп қарастыру қиын. Анри Бергсон теориялық этика жайында: «ешқандай түсінік жауапкершілік және жауапкершілікке ұқсас нәрсе жарыққа шығара алмайды. Теория – жақсы болуы мүмкін, бірақ оның соншалықты маңыздылығы жоқ. Сол себептен де біз оны үнемі қабыл ете бермейміз. Бірақ оның бойында тебірентерлік дүние болса, маған әсер етіп, оған сай әрекет етемін. Бұны мәжбүр болғандығым үшін емес, қарсы келе алмайтын бейімділікке сүйене отырып жасаймын» дей отырып, философиялық этиканы жоққа шығарады.

Жахит Таниолдың пікірінше, этиканың қағидаларының бастауын іздестіру мен этиканың бастауын іздестіру бір нәрсе. Этика мынаны жаса, мынаны жасама дегендей әмірлер береді. Осындай этикалық әмірлерде үш элемент болады. Біріншісі – әмірді беруші, екіншісі – берілген әмір, үшіншісі – әмірді орындаушы. Әмір етілген нәрселер ұрпақтан ұрпаққа өзгеруі мүмкін, бірақ әмір беруші өзгермейді. Егер әмір діннен бастау алса, оның басында – Құдай бар, ал егер этика берсе – оның басында қоғам тұрады. Дін мен этиканың бірге болуы, этиканың діннен бастау алуын қажет етпейді. Бірақ дін – әртүрлі әмірлермен қатар, этикалық әмірлерді де ұсынады. Ғасырлар бойы дін мен этика қатар болып келгендіктен, бірқатар ғалымдар ол екеуінің біртұтас екендігі жайындағы қорытындыға келген. Мәселен, христиан дінінде Исаның ең үлкен әмірі – «бір бетіңнен шапалақ алған жағдайда, екінші бетіңді тос» дейді. Таниолдың пікірінше осы әмір ғасырлар бойы крест жорықтарына кедергі бола алмаған. Ал енді Құдайдың парыз еткен әмірлерін орындамаған адам, этикалық әмірлерді одан да жеңіл түрде жоққа шығара алады.

Бірақ кейбір ережелерге дін араласпайды, ал кейбір ережелерге заң мен этика араласпайды. Мәселен, намаз оқу, ораза тұту әмірлері дінге қатысты. Оны жасамаған жағдайда сізді заң да, этика да кіналай алмайды. Ал енді қажеттілігіңізге сай банктен қарызға ақша алып, кепілге үйіңізді қойсаңыз, қарызыңызды өтей алмай қалған жағдайда, құзырлы орындар баспанаңызды сатып, қарызыңыз осылайша өтелген болады. Бұндай жағдайда сіздің қарызыңызды өтемей қою ниетіңіз жоқ болғандықтан, этика сізді айыптамайды.

Дін мен этика бастауы әртүрлі болса да, бірқатар жағдайларда ортақ сипаттары да бар.  Мәселен, екеуі де өз қағидаларына шүбә келтіргенді хош көрмейді. Өйткені дін мен этика саласында күмәнға орын жоқ [29, 117 б.].

Қорыта айтқанда, Ислам ғұламалары – этиканың дінмен – теориялық та, практикалық та тұрғыдан байланысы бар екендігін айтады.

Қуаныш Тоқсанбайұлы, дінтанушы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button