Ясауи мұрасы

Алла деген бәнденің, жайын жәннатта көрдім!

110-хикмет

Алла деген бәнденің, жайын жәннатта көрдім!

Хор қыздары қоршаған, кәусәр алдында көрдім.

“Фазакрун” Зікірін айтқан құлдар дәйімі,

Жүмлә жора-жолдасын, пейіш төрінде көрдім.

 

Күні-түні ұйықтамай, Хақ зікірін айтқандар,

Періштелер жолдасы, ғарыш үстінде көрдім.

Қайыр-саха қылғандар, жетім көңілін алғандар,

Шәдиарлар жолдасы, кәусәр аузында көрдім.

 

Қази болған ғалымдар, пара жеген залымдар,

Ондай залым жайларын, Нар сахарда көрдім.

Мүфті болған шерменде, жалған пәтуә бергендер,

Ондай мүфті жайларын қыл көпірінде көрдім.

 

Алқадан безіп кеткендер, қаза намаз еткендер,

Шәйтанменен бір жерде, дәрік асфалда көрдім.

Залымдарды зұлым еткен, момындарды ығыр еткен,

Жүзі қараны махшарда, қолын артында көрдім.

 

Құл Қожа Ахмет кең ашты, дүрр гәуһарын шашты,

Тыңламаған бұ сөзді, ғафләт ішінде көрдім!

 

111 -ХИКМЕТ

Ниет қылдық қағбаға, разы болғыл достарым!

Өлсек те, біз келсек те, разы болғыл достарым!

Ниет қылдық кағбаға, хақ Мұстафа раузаға,

Нәсіп қылғай баршаға, разы болғыл достарым!

Риза болғыл өзіме, жақсы-жаман сөзіме,

Өткіл қарап жүзіме, разы болғыл достарым!

Достар бізді жоқтағай, пасықтар көп ұйықтағай,

Мешіт жаққа соқпағай, разы болғыл достарым!

 

Сырдан болды ишарат, мұндақ қылдық ғимарат,

Достар қылғай ғибадат, разы болғыл достарым!

Қағба сарай көшелік, залымдардан қашалық,

Ұл мен қыздан безелік, разы болғыл достарым!

Тіл қатқанмен қарар жоқ, момын өлсе сұрар жоқ,

Жегеніңде адал жоқ, разы болғыл достарым!

 

Кешті құлың жанынан, халықтың шықты санынан.

Достар барғай соңынан, разы болғыл достарым!

Қожа Ахмет жұм көзіңді, есіткей достар сөзімді,

Риза болғыл достарым! Риза болғыл достарым!!!

 

112-хикмет

Неше жылғы меһірбаным, жан еді-ғой достарым,

Ожданымның шәһәрінда фана болған достарым.

Бұ қапастың тотысы еді, көкке ұмтылад ұшқалы,

Бір қараңғы шұғыласыз жерге барар достарым!

 

Ей, менің жарандарым, үміт ұстат иманыма,

Дұшпаным иманыма зақмет бере дүр достарым!

Өшбү жан біздерменен жаралғалы бар еді,

Хақ тағала үкімі мен шыдас берер достарым!

Тәнімменен ағзаларым, жанымменен шадман еді,

Жан шығарда гүл ағзам, тітіркенер достарым!

Әмір Хаққа барша халық, бұ ғаламда болды риза,

Ол хақиқат бәнделері дәйім риза достарым!

Құл Қожа Ахмет тотысы бар көкке ұмтылады ұшқалы.

Не шараң бар міскін Хақим, Құдадан дүр достарым!!!

 

113-хикмет

Жолға түскен жарандардан жол сұрамай,

Жыламадың ей, достарым, қата қылдың!

Хақ зікірін ертелі-кеш өрт әйләмай,

Аяу, достар, өз жаныма жапа қылдым!

Алла жады көңілдерді раушан қылған,

Ғашықтарға Хұда өзі уағда қылған,

Ғашық Нәсими Мұстафаға “сый арнаған”,

Сол себептен көз жасымды куә қылдым!

Алла айтар: ғашықтарым пырақ сауар,

Хақ зікірін айтқандарға рахмат жауар,

Көп жылаған дидарымды ақыры табар;

Рауз-махшар дидарымды ғата қылдым.

 

Уағда қылды ғашықтарға 100-мың пырақ.

Ғалам халқы кінәлары одан жырақ.

Бұ ғаламда ел көзінде жанған шырақ,

“О дүнияда 100 мың төлін тағы бердім”.

Дәретсіздер адам емес, мұны аңла.

Сүймес адам хайуанмен тең мұны тыңла.

Көңіліңізде күмән болса, маған жыла.

Көзі ашыққа ғашықтықты ғата қылдым.

Бәндә болсаң менмендікті мүлде таста,

Сәһәрларда жаның қинап, тынбай қақса,

Жолдан азған күмрәларды жолға баста,

-”Қас-қағымда жаның, ділің таза қылдым”.

 

Таң атқанша Хақтың жадын айтқан кісі.

Тау мен шөлді гүлзар қылар аққан жасы,

Алла айтар:-”Менен басқа жоқ-қой ісі”

Ол ғашықты халайықтан дара қылдым”,

– Шын дерттіге өзім дәру, өзім дәрман.

Әм ғашықпын, әм машықпын, Өзім жанан,

Рахым етем, атым Рахман, затым Сұбхан.

Бір Назарда бәдәндарын таза қылдым”.

Ғашық жадын жерге қойсам көтере алмас.

Дәптер қылсам сөз тасқыны оған сыймас,

Хақты білген, хан-төреңмен ісі болмас.

Ол бәндәмді өз жолында құса қылдым”.

Мал мен жанды керек етпес ғашық кісі,

Жол үстінде шаңға батып ғазиз бас

Ақырында нұрға толар іші-тысы,

-«Ғарасат күн махшарда оны патша қылдым».

 

Хақтан қорқып, мал мен пұлды сүймегенді,

Алланы айтып, әр сәт жатып ойлағанды,

Жатса-тұрса Хақ зікірін қоймағанды,

Көкірегінің көзін ашып, айна қылдым».

 

«Руза тұтып» жұртты мазақ қылғандарды,

Намаз оқып» қолға таспих алғандарды,

«Шейхпын» – деп өзіне атақ таңғандарды,

– Ақыр демде иманынан жада қылдым».

Хаққа ғашық болып еді Құл Қожа Ахмет,

Еміреніп естігенге жүз мың рахмет,

Бата қылдым: – Көрмеңдер деп михнат, захмет,

Ақыл айтып, бір сөзбенен ада қылдым!

 

114-хикмет

Аяу, достар, халім мүшкіл баян етем,

Не себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Шын дерттіге бұ сөздерді аян етем,

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Қылует жайда ертелі-кеш тағат қылдым,

Бой ұсынып, намаз оқуды әдет қылдым.

Не салса да бір басыма, тақат қылдым.

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Қылует жайда Мұстафаның өзін көрдім,

Сәлем беріп әдеппенен балқып тұрдым.

Сор қайнаған үммәттердің халін білдім.

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Қылует кірмек Расул Алла сүннеттері,

Тағат қылмақ Расул Алла міндеттері,

Ғаріптерге рахым қылмақ шафқаттары.

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Үммәт болсаң ертелі-кеш тынбай жыла.

Жүрек – бауырың отқа піссін, оған шыда.

Ажал келсе қайратқа мін, белің буда.

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Бір күн сенің өмірің өтіп, болар қазан,

Ажал келмей тәубә қылғыл ей, сор-надан!

Шәйдә саған рахым еткей риза Яздан!

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Шын дерттінің ісі болар сөзбен уәж,

Көз жасың дүр Хаққа берер нәзір – нияз.

Ертелі-кеш тынбай ұста руза, намаз.

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

Аяу, перзент, үммәттардың  дерті өртер!

Азғындардың күнәлары таудан бетер,

Дүния қуып, кісі ақысын бермей кетер,

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім.

 

Құл Қожа Ахмет, тәкбір айтып сұбхат баста,

Кердеңдеген менмендікті талақ таста,

Сәһәрларда жік-жаппар боп тынбай қақса,

Сол себептен Хақтан қорқып қылует кірдім!

 

115-хикмет

Махаббаттың базарына серуен кұрып,

Ақыреттің ауазасын бастасам мен,

Бұ дүнияның бар қызығын талақ тастап,

Мұңлық, зарлық жолын таңлап қоштасам мен.

 

Бұ жолдарда мұңлық, зарлық дәркәр болар;

Тасбих, Тәһліл руза, намаз бекер болар;

Жалғаншыдан расул Алла безер болар;

Жалған намаз, жалтарманы тастасам мен.

Шын көңілмен намаз оқы, Алла білсін,

Халық ішінде рәсуә болғыл әлем күлсі

Қара жердей қорлық тартқыл нәпсің өлсін,

Үміт беріп, нәпсім өліп «жоқтасам» мен.

 

Достарымды рәсуә қылған нәпсі нәһән,

Шайтан малғұн сонын, үшін үйір саған;

Рахым қылып, менмендіктен болсам аман;

Құлшылыққа жанды қинап шыдасам мен.

 

Ғашық болып көзден аққан қандар жұтсам,

Рахман атты, рахымыңды үміт тұтсам.

Жан шәрбәтін қанып ішіп, жанып жатсам.

Хасіретпенен қос шырақты бұласам мен.

 

Нәпсім менін өрттей орап, жалын шашты,

Үсті-үстіне жесе тоймай, аран ашты,

Аран ашып, отқа сүйреп, жалаң қақты;

Қуат беріп, ит нәпсімді, мұштасам мен.

Ышқым тасты, рухым қашты, қайдан табам?

Ерттеп алып «Тауфих атты» айдап шабам:

Кім кездессе, Қызыр біліп қолын алам;

Қызыр, Ільяс қолын беріп ұстасам мен.

 

Күнәмда көп жер көтермес, кімге айтам?

Тәубә қылып, жалған жолдан, шыңға қайтам;

Өкінішпен аяттарды мың қайтарам!

Сәддәрих! – деп – бармағымды тістесем мен.

 

Күнә жасап, тәубә қылмай шектен астым,

Нәпсім мені бүліндірді қаным шаштым.

Бихамділла, кәміл пірге қарай қаштым,

Қолға түссе ит нәпсімді қыстасам мен.

Құл Қожа Ахмет, әр бір сөзің дертке дәрман,

Тәлиптерге түсіндірсем жоқ дүр арман,

4400 Хикмет айттым Хақтан пәрмән…

Пәрмән болып өле – өлгенше қақсасам мен!

 

116-хикмет

Дамылсыз хұзыретіңде Алла десем,

Зар еңіреп зәкір болып раббым десем,

Құл болып, құлдығына мойынсұнсам,

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

 

Зікіриядай, басыма ара қойсам,

Аюптай, өз тәніме құрт жинасам,

Мұсадай, Тор тауында тағат қылсам.

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

 

Жүністей, дария кетіп балық болсам.

Жүсіптей, шыңырауда жабық жатсам,

Жақыптай, Жүсіп үшін бебеу қақсам,

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

 

Шәблидей, ғашық болып, құлдық ұрсам,

Баязидтей, күн-түн қатып қағба барсам,

Қағбада тәуәп етіп зар жыласам,

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

 

Мағруптай, үшбу жолға қадам ұрсам,

Мансұрдай, жаннан кешіп дарға асылсам,

Дар алдында сағынып Хақты ойласам,

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

 

Құл Қожа Ахмет, құлдық ұрып набыт болсаң,

Зікір сап, зәкір болып, Аллаласам,

Зікірде жалын атып, күйіп-жансам,

Осылай, Раббым, сені табам ба мен?

117-хикмет

Ол: – «Әлсәт бираббикум?» – дегеніңде,

-«Қалубәла» – дегенімді білмей ғаппын,

-«Уә мә діникум?» – деп сұрағанда,

-«Дінім Ислам», – дегенімді білмей ғаппын.

Ілаһімнен және үш жол келді сұрак,

Мүһмін әруақ: “Раббым Сен” – деп берді жауап

Жақ ашпаған кәпір болды, – бұйырылды азап;

Мен әм жауап айтқанымды білмей ғаппын.

 

Барша рухқа сол сағатта пәрмән келді.

Пәрмән келіп, сығылысққан сап құрылды,

Кәпір солда, мүһмін пәнде оңға тұрды,

Қай жағында тұрғанымды білмей ғаппын.

Сәждә қыл деп Хақтан тағы өкім келді.

Сәжде қылып барша мүһмін шәкір болды.

Сәждә қылмай қалғандары кәпір болды,

Мен әм сәждә қылғанымды білмей ғаппын,

Ей, мүһміндер үһілеумен кетті дәрмән,

Бұл қайғыдан ақылым қайран, жүрегім қан!

Тәннен өтіп, ділге жетіп өртенді жан!

Қандай ылаж етерімді біле алмадым!

Тәңірімнің құдіретіне жетіп болмас,

Қандай әмір етерінде сезіп болмас,

Сабыр қылып халық ішінде төзіп болмас,

Қай тарапқа кетерімді біле алмадым!

 

Бірін кәбір, бірін тарса, жөһід қылды.

Бірін кәпір, бірін мүһмін, яһуд қылды,

Әзәзілдің дәргәһімен мардуд қылды.

Не себептен бұлай қылды? – Біле алмадым?!

Күнәлар көп, таудан ауыр, тағатым аз,

Тағат қылмай өмір өтті қыс пенен жаз,

Дәргәһіна барар болсам, жоқ дүр нияз.

Не бетіммен барарымды біле алмадым!

 

Жаннан кешкен шын ғашықтар өзін білер,

Рауз әзал, ол ғашығын аңсап жүрер,

Рахым Кәрім ғашығына ышқын берер,

Онда дидар көрерімді біле алмадым.

Тақуа етті біреулерді тағат үшін,

Тақуалар тағат қылмас рахат үшін,

Хор қыздары жаралған дүр жәннәт үшін,

Сонда дидар көрерімді біле алмадым!

 

Ақыреттің “жау-жарағын” іле алмадым.

Жолдар ұзақ. “Жол азығын” ала алмадым.

Жаннан безіп, Хақ әмірін қыла алмадым.

“Жол азықсыз” не істерімді біле алмадым!

 

Тоймай қалдым тұз-дәміне, өмір өтті;

Әзірейілдің келмегі әм жуық жетті.

Аяу, достар, амалсызбын, мазам кетті.

Қандай халде кетерімді біле алмадым!

 

Бір күндері жетіп келер өтпей сағат,

Ол ақырса, жер мен көкте қалмас тақат,

Кеп қалғанын білгін сонда ажал тақап;

Қалай шыдап тұрарымды біле алмадым!

 

Жан алуға Әзірейілің келіп тұрса,

“Жаның бер” – деп сұспен жерді теуіп тұрса,

360 тамырың аттай шауып тұрса,

Қандай халде боларымды біле алмадым!?

Есің ауып, түсің қашып, қарап тұрар,

Қарап тұрып, тіл қатуың шолақ болар.

Шарасызға жақын жерің жырақ болар.

Қайран қалып, не айтарымды біле алмадым!

Құдайымның әмірімен жанымды алса!

Жаным онда, әзиз тәнім мұнда қалса,

Жүзім мысал, қазан ұрған гүлдей солса,

Иман алып барарымды біле алмадым!

Тума-туыс қоршап тұрса жылап сонда,

Жуатындар тақтаға сап алып қолға,

Таза жуып, аққа орап аруласа,

Бәдәнімді жуғандарын біле алмаспын.

Онан кейін кебінімді сайлағай-ды,

Таза жуып мені сонда жәйлағай-ды,

Қол аяқты бекем қылып байлағай-ды,

Тәубә тонып кигенімді біле алмаспын.

Төрт тағанды табытымды жақындатқай,

Мені салып көтергей-ді асып-саспай,

Мақтау айтып жаназалар халық жаппай,

Мен не мақтау айтарымды біле алмаспын.

Содан кейін мені салып жүрер болса,

Жетпіс екі жерде маған сауал қойса,

«Жауап бер» – деп Періштелер аял қылса

Қандай жауап берерімді біле алмаспын.

 

Табытпенен алып тұрса көр басында,

Жарандарым жылап тұрса өз қасымда,

Жалғыз жылап тұрса жарым жар басында,

Онда қалай қыларымды біле алмаспын.

 

Бұл қасіретте тар ләхадқа кірер болсам,

Мені тастап, бәрі кетіп, жалғыз қалсам,

Мүңкір-нәңкір ақырып тұрса, қаша алмасам,

Қандай амал қыларымды біле алмаспын!

 

Ей, мүһміндер, ғажап үй дүр қараңғы көр,

Үрей менен қорқынышты айбары зор,

Раббым Алла, рахым етсе, – жайнағай нұр,

Етпесе егер, не қыларым біле алмаспын.

 

Мені қойып жеті қадам кетер болса,

Мүңкір-нәңкір осы бір сәт жетер болса,

-«Мин раббикум»? – деп періштелер өтер болса,

-«Раббім» Алла дегенімді біле алмаспын.

 

Құл Қожа Ахмет мақсат-қатер, жолдар ұзақ,

Барар жерің жырақ тұрар, барма «жарақ»!?

Тәубә қылып, өзін білген жағар шырақ,

Менде тәубә қылғанымды біле алмаспын!

118-хикмет

Ғашықтық қылды шәйдә мені, күллі ғалам білді мені,

Қайғым Сенсің күні-түні, маған – Сен әр кез керексің!

Тағала Алла, мөлдір мағына, Сен жараттың бар жәһәнді.

Құлдық қылам күні-түні, – маған Сен әр кез керексің!

 

Көзімді аштым Сені көрдім, гүл көңілді Саған бердім,

Тіршілікті талақ қылдым, – маған Сен әр кез керексің!

Сөйлесем мен, тілімде Сен, көзімді ашсам көзімде Сен,

Панамда әм жанымда Сен, – маған Сен әр кез керексің!

 

Пида болсын Саған жаным, төгер болсаң міне қаным,

Мен құлыңмын, Сен сұлтаным, маған Сен әр кез керексің!

Ғалымдарға кітап керек, сопыларға мешіт керек,

Мәжнүндерге Ләйлә керек, – маған – Сен әр кез керексің!

Ғафылдарға дүния керек, ақыддарға иман керек.

Уағыздарға хұжра керек, – маған Сен әр кез керексің!

Ғалам бәрі ұжмақ болса, жұмлә хорлар алда тұрса.

Алла маған імлә қылса – маған Сен әр кез керексің!

Ұжмақ кірем, сайран құрам, не хорларға назар салам,

Оны-мұны мен не қылам? – маған Сен әр кез керексің!

Қожа Ахмет менің атым, күні-түні жанар отым,

Екі жәһәнда бар үмітім, маған Сен әр кез керексің!

 

119-хикмет

Сәһәрларда тұрып, жылап дұға қылсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

Жас орнына қаным төгіп, дұға қылсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Дәргәһіна басым қойып нала қылсам,

Көз жасымды ағызу мен науа қылсам,

Баябандар кезіп, өзім ауа қусам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

Қайда барсам жадыңды айтып жыласам мен,

Қызметінде белді мықтап байласам мен,

Қасіретіңде жүрек, бауырым қандасам мен,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Күні-түні қолым жайып “әмин” десем,

Мұса сипат Тор тауында зар илесем,

Тоқсан тоғыз атыңды атап жанып-күйсем,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Баязидтей жетпіс рет өзім сатсам,

Алланың тек дертіменен өліп жатсам,

Құлшылықпен сөнген оттай болып жатсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Алла үшін балдарымды жетім қылсам,

Құлшылықта жан-жарымды жесір қылсам,

Дүния-мүлік, мал-жанымды иесіз қылсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?!

 

Алла деген бәндәлардың құлы болсам,

Ғашықтардың күйіп-жанған күлі болсам,

Жүріп өткен қара жердей жолы болсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Алла, Алла, жаным Алла, ділім Алла!

Сенен өзге панамда жоқ өлла-біллә!

Жылап келдім дәргәһыңа Шәһи Алла!…

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Жақсылардың сұхбатында зәкір болсам,

Әр не жапа тисе маған шәкір болсам,

Аюпқа ұқсап, бәлесіне шүкір қылсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Босағаға басымды ұрып тәубә етсем,

Ғайбат айтқан тілдерімді тілгілетсем,

Кінә таққан пенделерді пәршелетсем,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Тәубә қылдым! Тәубә қылдым, қабыл қылғыл!

Тәубәм қабыл болмас болса, жанымды алғыл!

Жолда қалдым! Жолда қалдым, қолың бергіл!

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?!

 

Алла үшін Атымтай боп жаным берсем,

Бұ жалғанда, жан-иманды тастап өлсем,

Жаным түгіл, иманымнан аттап өтсем!

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Сәһәрларда ерте тұрып, күйіп-жансам,

Азды-көпті күнәлардан тәубә қылсам,

Зарымды айтып, хұзырына мойынсұнсам,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Қаһар Ием, Сенен қорқып оянсам мен,

Күнәмді ойлап, көз жасыма боялсам мен,

Сәһәрларда жағамды ұстап жыласам мен,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Тасқындаған дарияларда жоғалсам мен,

Жетім қалған ботадай боп боздасам мен,

Өлерімде 1001 атынды қозғасам мен,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Өткендерім өкініш – деп зарымды етсем,

Шалғайынан кәміл пірдің барып өпсем,

Жақсыларға жалшылықта болып өтсем,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Таң аттырмай тынбай жылап мәңгіресем,

Сұбхан Алла дертін қозған еңіресем,

Қара жердей қорлық тартқан күңіренсем,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?

 

Кұл Қожа Ахмет жаның пида мәрттігің бар,

Жаннан кешіп жолға түссең көрдің дидар,

Мұрадыңды берер саған Пәруардигар,

Достар, Қожам, мені бәндәм дегей ме екен?!

 

120-хикмет

Махаббаттың гүлзарында болған ғаріп,

Жақсы білер ғашықтардың ғаламатын,

Дінге танық колдарына қару алып,

Қорғап қалар мезіреттің саламатын.

Сол ғашықтың аяғына басын қойса,

Бінә қоймай ит нәпсінің көзін жойса!

Зауық шәрбәтін тоя ішіп мейірі қанса,

Аузына еш алмай тәубә, надаматын.

 

Жолы болып көкірек көзі ашылғандар,

Иі қанып қамырдайын басылғандар,

Гүлдей солып, қурап жолда шашылғандар,

Есепке алмас Халайықтың мәламатын.

 

Сопы керек тәнін-жанын қылса сәфи,

Тағат қашса сияқтанып Башар Хафи,

Содан кейін уағдасында болса уәфи,

Әркім көрер шәк келтірмей кәрәматын.

“Рәжал Лә Тәлһиһим” – деп айтты Құда,

Ондай мәрттар бойсалдықтан болар жада,

Зікірін салып, әрбір демде өлсе рауа,

Табар әр кез Ғаус-әлғияс жалалатын.

Ылас жүріп мурид егер мақам тұтса,

Дәруштықта 44 мақам, оны ұмытса,

Шейхпын – деп, көзді бояп, антын жұтса,

Машахатсыз таппас иман халауатын.

 

Құл Қожа Ахмет, зәһәр ішіп жол адасты;

Тәлиптердің сұхбатынан аулақ қашты;

Хақ жолында қайғы басты, ақылы адасты;

Махшар барса, көзі көрмес фарағатын!

 

121-хикмет

Бұ ғаламда Хақтан қорқып зар еңіресем,

Ақыретте рухым арам алар ма екен?

Жарандардың басқан ізін көзге сүртсем,

Кәміл пірім мені жолға салар ма екен?

 

Басым беріп, белім байлап қылсам ықылас,

Нәпсі шайтан ықпалынан болсам халас;

Жан берерде медет берсе Хызыр; Ільяс;

Ғаусәлғияс қатым құран шығар ма екен?

Тауда, шөлде, бар күнәмнан таппас тақат;

Әр күн 100 мың жарым, күнә-маған әдет,

Бұл тірлік пен ақыретте кімнен медет?

Тәубә қылсам әдеттерім қалар ма еқен?

 

Босағаға басым қойып мен зарласам,

Ғаріп, жетім басын сипап, алғыс алсам,

Хақтан қорқып, дүние-малды талақ қылсам,

Қожам менің хал-жайымды сұрар ма екен?

 

Сәфиулла сүннеттерін есіме алсам,

“Я раббәна зәләмна” – деп нала қылсам,

Баябанда көз жасымды науа қылсам,

Жалғыз Ием мені жолға салар ма екен?

Сәһәрларда зар илеп бір жыласам мен;

Жан беруге белді бекем байласам мен;

Жалыны мен жүрек бауырымды дағдасам мен;

Хақ шырағы қабірімде жанар ма екен?

 

Жаным-тәнім қара жерде фана болсам,

Дидар тірлік қасіретінде ада болсам,

Дүние-мүлік, мал-жанымнан жада болсам

Достар Қожам, маған рахым қылар ма екен?

 

Шайтан малғұн жолымды орап халім қара!

Жыласам да нәпсім мені қылды һауа!

Әлем халқы тапап өтсе мені – дауа!

Кәпір нәпсім Әзәзілден танар ма екен?

Әзіз жанды Хақ жолына сыйға тартсам,

Шаһ Хұсайындай Кербалада сусап жатсам,

Хақ шәрбәтін ішермін деп дәме қылсам,

Онда барсам шөлден аңқам қанар ма екен?

Асқабтардай дін жолына басым берсем,

Шәһірбәну имамдардай жылап жүрсем,

Алла үшін кәпірлерге жаудай тисем,

Рахман Ием, соған риза болар ма екен?

Шәрмәндамын, шәрмәндамын! Қолың бергіл!

Жолдан азған дәрмәндамын, жолға салғыл!

Алла үшін естен тандым рахым қылғыл!

Сорлыларға мейірім-шафхат қылар ма екен?!

 

Күнәһарлар! Тәубә қылғыл Хақ тыңласын;

Зарлауыңнан көк күңіреніп, жер ыңырансын!

Періштелер Хақтан тілеп қайырым қылсын,

Қайырым қылған құлдың қамы болар ма екен?

 

Ақылым айран, көзім бұлақ, үйім ойран!

Хақтың жолын таба алар ма мендей надан?

Ей, Тәлибтер, тағатым жоқ қайда жанан?

Жананымнан ешкім хабар алар ма екен?

 

Жананыңды табам десең сәһәр тұрғыл;

Ғашықтардың мәжілісіне барып жүргіл;

Хақты іздеп жылап жүріп аза қылғыл;

Аза тұтпай тарихатқа барар ма екем?

Хақ асылына жетем десең зар жылағыл,

Зікірін айтып, жарандарды жолға салғыл,

Жапа шегіп жарандардан алғыс алғыл,

Алғыс алмай, дидарыңды көрер ме екем?

Құл Қожа Ахмет, кімге айтарсың өзің лассын,

Хақтан қорқып ақыретке қамдамбапсың,

Жаныңменен түндер тұрып, аһ ұрмапсың,

Ластығыңды Қожам қабыл қылар ма екен?!

122а-ХИКМЕТ

Әр сұхбатта бойым балқып Раббым десем,

Раббым менің мұратымды берер ме екен?

Көздерімнен кандар ағып зар еңіресем,

Тәңірім менің хал-жайымды сұрар ма екен?

 

Махаббаттың майданында жан тапсырсам,

Мансұр сипат басһім беріп дарға асылсам,

Жүз мың түрлі жапа тартып жан қинатсам.

Сорлы құлың жамалыңды көрер ме екен?

 

“Я раббәна” зікірін айтып зәкір болсам,

Сансыз михнат басқа түсіп шәкір болсам,

Жақсылардың сұхбатында шүкір қылсам,

Міскін бәндәң мейірім-шафкат алар ма екен?

 

Тақуалардай намаз оқып, тағат қылсам,

Ғашықтардай жыламақты әдет қылсам,

Өз жерімде ғаріптікті рахат білсем,

Дәргәһіңа Қожам қабыл қылар ма екен?

 

Жас шағымда тағат қылып егілмедім,

Зарламадым, құлшылыққа бүгілмедім,

“Илла Алланы” “лә-лә” – дедім, – сезінбедім,

Хызыр бабам өз жолына салар ма екен?

 

Бұл пәниде мендей сорлы әсте болмас,

Бұл күнәні тартса, жөһід, кәпір қылмас,

Өліп барсам, дозақта да орын болмас,

Тәубә қылсам Қожам қабыл қылар ма екен?

 

Сауға сұрап дәргәһіңа аңырап келдім;

Жаннан кешіп белді байлап зарлап келдім;

Ғайып қылғушы кеңдігіңді аңлап келдім;

Қан жыласам сауғам рауа болғай ма екен?

 

Ақ жүзімді құлшылақта сарғайтпадым,

Сәһәрларда ғаріб жанымды аңыратпадым,

Күнде шауып ит нәпсімді жайратпадым,

Хақ пәрменін бекем тұтпай жолда қалдым,

Жан өлгенде, ділім де өлген, нәпсім де өлген

Алла десем кәпір нәпсім өлмей ме екен?!

 

Құл Қожа Ахмет көңіл көзің ашылмай ма,

Тілдеріңнен дүрр гәуһар шашылмай ма.

Көп жыласам күнәмді Алла кешірмей ме?

Сол уақытта иман сыйлап берер ме екен?!

 

1226-ХИКМЕТ

Сәһәр уақта тұрып, жылап нала қылғыл,

Налаң сенің жер мен көкті науа қылсын.

Хаққа сыйынып көз жасыңды сала қылғыл,

Соның үшін Хақ дертіңе дауа қылсын.

 

Шын дерттіні Алла сүйіп бәндәм деді,

360 тамырының қамын жеді,

Періштелер жасын сығып сыйға берді,

Қан жылағыл жасың төгіп куә қылсын.

100 мың күнә арқаладың, біле алмадың,

Тәубә қылып дәргәһіна келе алмадың,

Қызмет қылып, жақсы бата ала алмадың,

Жазасынан сені не деп сауа қылсын?

 

Бұл пәниде рәсуә болып қан жұтпасаң,

Шариғатты, Тарихатты пір тұтпасаң,

Хақиқатты жан-тәніңмен пәк етпесең,

Надандықтан сені не деп жада қылсын?

 

Жарандардың қылғандарын қыла алмасаң,

Пірсіз жүріп, оң-солыңды біле алмасаң,

“Астағнат” тілеп дұрыс бата ала алмасаң.

Ұлы адамдар саған не деп дұға қылсын?

 

Обал демей, халықты сен жолдан бұрдың,

Шейхтыққа арыңды аттап алқа құрдың,

Қызық қуып шайтанменен дәурен сүрдің,

Дидарына сені не деп қабыл қылсын?

 

Жарылқауды Хақ жаратты сіздерге арнап,

Жан жүрекпен жалбарынбай жүрміз сорлап,

Алла үшін арпалысам жанды жалдап;

Күмәндіні не деп Алла жарылқасын?

 

Күн-түн қатып надандығын харам қылса,

Зікір түрін, зікір сырын, таман қылса,

Мың бір атын тәсбих етіп кәләм қылса,

Бәндә не деп дәргәһіңа қата қылсын?

“Әмір мағруф, нәһи мәнкір” біліп етсе,

Жатса-тұрса бір Құдайды медет етсе,

Өле-өлгенше Қожасына қызмет етсе,

Қуат берер, оны не деп құса қылсын?

Бейнамаз бен бейтағаққа бермес қуат,

Пиғылы пасық, өзі мәңгүрт қылмас сауап,

Ризығы шексіз, өзі тексіз көрмес шуақ,

Ол пасықтың ділін не деп таза қылсын?

Қияңқы адам өз қадірін өзі білмес,

Паңдық қылып, жақсыларды көзіне ілмес,

Сөз сұбхатын құрған жерге қашып келмес,

Ол бей опа Хаққа не деп опа қылсын?

 

Ондай адам пақыр болып жолда жатса,

Қара жердей жолаушылар оны басса,

Жүсіп сипат пірадары құл ғып сатса,

Құлдың құлы, ол құл не деп шара қылсын?

 

Хаққа іңкәр махаббаттан аян қылғыл,

Ғашықтарға, ғашық жайлы баян қылғыл,

Қорлық, зорлық машақатты даяр қылғыл,

Шын ғашықтар оған не деп хұзыр қылсын?

 

Алла деумен отқа түсті Халилалла,

Өшал оттан сақтап калды Қадір Алла,

Бойы балқып жылап еді Хаққа сонда,

Пақыр, міскін ол жәйітті қайдан білсін?

 

Хаққа ғашық садықтары кірер қылует,

Махшар күні Хақ қкасында көрер іззет,

Жәннәт кіріп, дидар көріп өмір сүрмек,

Үнсіз жүрер, көпке не деп жария қылсын?

Құл Қожа Ахмет дертті өзіңе пайда көргіл,

Жан-тәніңді Хақ жолында пида қылғыл,

Дертін тартып, рауз-махшар дауға қалғыл.

Дерт болмаса Мәулім кімге шипа қылсын?

123а-хикмет

Бір өзіңді пана тұтып жолға түссем,

Жалғыз Ием ақ жолымды ашар ма екен?

Қапалықта қараңғылық басқан еңсем,

Раушан болып дүрр гәуһар шашар ма екен?

Назар салса қапа көңілім раушан болар;

100 мың күнә, қатерлерім оңайланар,

Рахым етсе 100 мың ғаси жайраң қағар,

Назар түскен шырақ сірә өшер ме екен?

“Ағузу біллаһим мінаш шайтан рражим” десем,

Тағатпенен жалғыз Жарым Сені іздесем,

Дүния-мүлік, мал-жанымнан безем десем,

Шайтан малғұн менен жырақ қашар ма екен?

 

Жол үстінде басым жерге ұрып барсам;

Жан-ділімді Хақ жолына тігіп барсам,

Зікірін салып жан терімді сығып барсам,

Хақ шәрбәтін міскін пендең ішер ме екен?

Алла деумен хұзыретіңе құлап барсам,

Махаббаттың жалынымен күйіп-жансам,

Дертін тартып, мақтау айтып жылап барсам,

Көкірегімнен қайғы-уайым кетер ме екен?

 

Таудан да ауыр күнәларым өтем десем,

Салмағынан жер күңіренер, көтер десем,

Басымды алып айдалаға кетер ме екем?

Рахман Тәңірім күнәларым кешер ме екен?

 

Тарихаттың базарында «сауда» қылсам.

Мансұр сипат “ӘнелХақ” – деп дауға ұрынсам,

Қызмет қылып, қол қусырып жорғаласам,

Көкірегімнің кірін шайдай ашар ма екен?

 

Құл Қожа Ахмет зәһид болып мешіт барғын,

Надандықты харам қылып, қашық тұрғын,

Секем алып қияметтен шошып тұрғын.

Ұжмақ кіріп, Хор қыздарын құшар ма екем?

123б-хикмет

Бір күн барды Әбубәкір, Салманменен,

Хақ Мұстафа құшақ жайды рахманымен.

Бәрі кетер бұ дүниядан арманменен,

Аддын-ала Хаққа расул болмақ үшін.

 

Әзірейіл келді сол күн пәрмәнменен,

Би фатима сәлем берді икрамменен,

Хақ Мұстафа мүшкіл болды иманменен,

Ыстық тәннен ғазиз жанды бермек үшін!

 

Расул айтты: – Сахабалар бақыл енді…

Ақыретке сапарым да жақын келді,

Руза, намаз, зекет берген мақұл деді,

Жәһәннәмнан өзіңді азат қылмақ үшін!

 

Дүйсенбі күн хақ Мұстафа көзін жұмды;

Хақ тағала пәрмәніна мойынсұнды,

Ибн Аббас суды құйды, Ғали жуды,

Ұжмақ сапар ақтық тонын кимек үшін.

Еңіреп жүріп сахабалар Аллалады,

Жаназада тебіренбеген жан қалмады.

Ол “Суддарат әлмантаһиға” жай қамдады.

Ғарыш үстінде тұғырына қоймақ үшін.

 

Аспандағы періштелер жерге қонды,

Пайғамбардың нұрыменен әлем толды,

Ғалименен Бифатима еңіреп қалды;

Атасынан жетім болып қалмақ үшін!

 

Құл Қожа Ахмет інжу-маржан хикмет айтты;

Жарандарға қызмет қылып, иман тапты,

99 мың хикмет жазып дастандатты.

Дастан қылып, бостандықта жүрмек үшін!

124-хикмет

«Құлһу Алла, Сұбхан Алла» – деп өртенсем,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Жан – тәнімді қасіретіңде дертке берсем,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?!

 

Елу бірде шөлдер кезіп, қияқ үздім,

Таулар шығып, тағат ғылып, көзім сүздім,

Дидарыңды көре алмадым жаннан бездім,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Елу екі жаста бездім дүния – малдан.

Дүние-малың, артық емес шыбын жаннан.

Бастан кештім, жаннан кештім, әм иманнан.

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Елу үште шәрбәт берді, бағым жанды,

Жолдан азған күмрә едім, жолға салды,

“Алла-дедім -Ләббәң-деді, қолымды алды,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Елу төрт жас ожданымды налан қылдым.

Мағрифаттың майданында сайран құрдым.

Исмағулдай ғазиз жанды құрбан қылдым.

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Елу бесте дидар үшін ғада болдым;

Күйдім-жандым, күлдей үштым, фана болдым,

Бихамділла дидар аңсап ада болдым;

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Елу алты жас та жетті, мұңлық басым,

Тәубә қылдым, ағар ма екен көзден жасым,

Жарандардан бәнрә алмай қайғым басым,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Елу жеті жаста ғұмырым желдей өтті,

Аяу, достар, амалсызбын, басым қатты,

Бихамділла, кәміл пірім қолым тұтты.

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Елу сегіз жасқа кірдім мен бейхабар.

Қаһар Егем қу нәпсімнің құлқын доғар,

Пейіл берсең сұм нәпсіме ұрсам томар,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Елу тоғыз жасқа жеттім, етпедім дад.

Жан берерде мал-жанымды қылмадым жат.

Не бетіммен дермін Саған: – Қылғыл азат!?

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Көзді жұмып-ашқанымша жетті алпыс,

Тәуекел деп іс қылмаппын алар алғыс.

Қысы-жазы өтті өмірім жүріп қамсыз.

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

Алпыс бірде шәрмәндә әм күнәһармын,

Аяу, достар, көп қорқамын Іллаһімнан,

Жаннан кешіп, пана іздедім дәргәһіңнан,

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Алпыс екі жаста Алла назар салды.

Мені түгел надандықтан қорғап қалды,

Жаным-тәнім, ақыл-есім Хаққа арналды.

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Алпыс үште ауаз келді “Жерге ен” – деп

Әм жаның мен жананың мен жанды бер – деп,

“Қанағаттың қанжары мен нәпсіңді ұр” – деп

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?

 

Құл Қожа Ахмет нәпсіңді шап, нәпсіңді шап!

Одан кейін ышқың кеткен Хақты іздеп тап!

Өлмес бұрын жан бермектің азабын тарт!

Жалғыз Ием дидарыңды көрермін бе?!

 

125-хикмет

Құлы, досты Хұданың-Ол-Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул, білдіңіз бе?

Дерті, өрті Хұданың-Ол-Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

Кімдер үшін бұлақ қылды көздерін Ол,

Кімдер үшін бойра қылды өздерін Ол,

Үммәт болсаң, аңла өшбу сөздерімді,

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

Жылай-жылай көзден жасы тарамдалды,

Қиям тұрып аяқтарын ала алмады,

Үммәт үшін қасірет қайғы бар алғаны!

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

Аяу, достар, мұны білер үммәт қайда?

Егер білсең одан артық нығмет қайда?

Қиямет күн одан артық құрмет қайда?

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

 

Үммәт болып, Расул қадірін білдіңіз бе?

Жан-тәніңмен сүннеттерін қылдыңыз ба?

Расул үшін зар еңіреумен жүрдіңіз бе?

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

Пай, пай! Пай, пай! – сағадат дүр – Ол Мұстафа!

Пай, пай! Пай, пай! – Ғанимат дүр – Ол Мұстафа!

Пай, пай! Пай, пай! – Ғынаят дүр – Ол Мұстафа!

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

 

Құл Қожа Ахмет сөйлер сөзің тәлім-қапа.

“Үммәттарым қылғыл опа, кылма жапа”

Үммәтіна солай деді, Хақ Мұстафа.

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?

126-хикмет

Сергек болғыл мүһміндер, Сәһәр уақыты болғанда,

Құтқар оттан өзіңді, сәһәр уақты болғанда,

Сәһәр уақыты гүлдерге, мақтау айтар бұлбұлдар,

Ол, кімге айтар? – Жалғыз жар, Сәһәр уақыты болғанда.

Сәһәр уақыты аспаннан, Мәлік түсер мүһмінге,

Күнәларын жазарға, сәһәр уақыты болғанда,

Сәһәр кезінде көктен, жәннәт қақпасы ашылар,

Сергек құлға нұр шашар, сәһәр уақыты болғанда.

Сәһәр уақытта тұрғайсың, өлімді еске алғайсың,

Қорқыныштан көкке ұшып, сәһәр уақыты болғанда!

Сәһәрлардың ләззәтін, ғашық құлдар біледі,

Хақты көзі көреді, сәһәр уақыты болғанда.

Сәһәр уақыты хош сағат, әм жәннәт, әм рахат!

Тәңіріңе қыл ғибадат, сәһәр уақыты болғанда

127-хикмет

Күнәларым бара-бара шектен асты,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма;

Басым жастықта, қу жаным кетерде,

Тәнім барып ләхад жайға жетерде,

Сырат атты қыл көпірден өтерде,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Көңлімнің қарасын, Хақ ағартқайсың.

Мұхаммедті маған дос санатқайсың,

Сәһәр уақта Өзің бәндәм,- деп айтқайсың,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Күнәмнің барын, жоқ – деп біліппін,

Сенің дәргәһіңа жалғыз келіппін,

Өзің рахым қылмасаң, мен сорлаған ғаріппін,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

 

Сенің әміріңмен іс қылмадым мен;

Бұ дүниядан өтерімді білмедім мен,

Көр ішінде жатарымды сезбедім мен,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Өлгендерден ғибрат алмадым мен,

Көз жасымды төгіп жалбарынбадым мен,

Кітап сөзін құлаққа құймадым мен,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Басымды алып жүре алмай, кештеу қалдым;

Құдайға кұлдығымды еске алмадым;

Күнәмнің көптігін де ескермедім;

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Құдауәндә, ғажап қайранда болдым;

Күнәмді көріп-біліп шәрмәндә болдым;

Есебін таба алмай дәрмәндә болдым;

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Ғаріптікте жүріп мен зар жыладым,

Тәңірім Сен маған бергіл нұр иманын;

Менің мүшкіл халімді туралағын,

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!

Ғарібіңді ұжмакка жеткізгейсің;

Сырат атты көпірден өткізгейсің;

Ием, Сен бар күнәмді кешіргейсің!

Қиямет күн мені шәрмәнда қылма!!!

128-хикмет

Дәм! Бүл дәм Дүр!? – Өзге дәмді дәм деме,

Дүниядан биғам өтерсің, ғам деме.

Қартаймаса жан-тәнің әм тас-метін,

Көзден жасың аққан мен, сен нәм деме.

Хауа күлсе, жыласа, ғашық әйелі,

Бет-жүзіңе қарап оны биғам деме.

Асыл нәсілің бір тамшы су-бар мәні!

Дұшпаныңды сен өзіңнен кем деме.

Адамда зәррә ақыл болмаса,

Сен оны аңға сана, адам деме.

Түймесе сырдан ақыл ол далбаса,

Бір көңілде болмаса жүз дерт дағы,

Тисе білер құлдың суық қанжары;

Жан берер жананаға мәрһәм деме.

Достар! Диуана емес әр кісі,

ДӘМ тапшысын білмесе, оны жан деме.

Мысал дария бетінде жүзген құстар,

Қанша қиқу салса да мәкәм деме.

О, Ахмет! Түтқыл ғанимат әр демде,

Көз жасыңсыз татқан ДӘМДІ дәм деме!…

129-хикмет

Тәңірімді іздеп кездім, күн-түні жәһән ішінде.

Төрт жасымнан кез болдым мен, күн мәкән ішінде.

4-тен 7-ге жеттім, 9-ды тамам еттім.

Он екіге келдім, жан-жаранның ішінде.

360 су кештім, 444 тау астым,

Уахадат шарабын іштім, түстім, майдан ішіне.

Шыңға шықтым, шыңырау түстім, сол майданды атқардым.

100 мың дананы көрдім, сол сайранның ішінде.

Теңізде де малтыдым мен, шәһәрларды шарладым,

Дүрді, сәдапты, інжу, маржан, гәуһарды көрдім,

Кең нәһәннің ішінде.

Ғаршы; гүрсіде жүрдім, лаухы кәләмді көрдім,

Сан шәһәрлар кездім, сан тылсымның ішінде.

Жанды көрдім жананда, ғашықты көрдім майданда,

Ғашықтардың майданы, бар кеңістік ішінде.

Жерді көрдім, сыр аштым, ризых жәйін сұрастым,

Барлығында жайып салды, қалдым қайран ішінде!

Қайран болумен қалдым, дел-сал болумен талдым,

Өзімді дертке салдым, емі, дәрмән ішінде!

Сайра астами бұлбұл, ашылып түр қызыл гүл.

Әр гүлдің халі?… Көрме гүлді гүлһзар ішінде!

Міскін Қожа Ахмет жаны, әм гәуһар, дүр, кені,

Баратын оның мекені – ол: Ләмәкан ішінде!

130-хикмет

Бізден сәлем достарға, мінәжәтін қоймасын,

Дидар көрем десе егер, әсте ғафыл болмасын.

Ғафыл таппас Хақ жолын, онда таппас өз орнын, Іші-сырты күюмен, сәһәрларда жатпасын!

Жадыменен болса олар, дидар арман қылса олар,

Әр сәт қорлық көрсе олар, көңілі өзге болмасын; Ғашықтардың ғұмыры қорлық, зарлық, әжуә,

Әжуәсыз, айыпсыз, ғашықпын деп айтпасын!

 

Шариғаттың шарты дүр, дүнияны тәрк етпек,

Тәрк етпеген жан-тәнін, шартты болдым демесін. Тарихатта жан-тәнін тәрк етпекке мүшкіл дүр,

Тәрк етпеген жан-тәнін, жалбарындым демесін!

 

Хақиқатта харам дүр, бір Құдадан өзгесі,

Ондай болмай ғашықтар, дидар арман қылмасын.

Онда Расул Мұстафа, дүния-малды сүймеді,

Үммәт болған расулға дүния-малын сүймесін.

Міскін Ахмет Яссауи сәлем айтты достарға,

Үшбу сөздің мағынасын, әр мұсылман аңласын!

Хикметтің тәржімесін жасаған  Әбибулла Мұхамеджанұлы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button