Өнегемен өрілген өмір
Ержан УӘЙІСҰЛЫ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республика телерадио комитеті (Қазақ телевизиясы мен радиосының) «Егемен Қазақстан», «Халық Кеңесі», «Заман Қазақстан» газеттерінің және КАЗТАГ-тің (Қазақстан ақпарат агенттігі) Түркиядағы арнаулы тілшісі, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты, меншікті қызметтерін атқарған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі болды. Түрік республикасындағы Қазақ елшілігінде дипломатиялық қызмет етіп, Стамбул қаласында Қазақстанның тұңғыш Бас консулы қызметтерін атқарды.
Елге келген соң бұқаралық ақпарат саласынан қол үзбей, «Ұлттық баспасөз клубының вице президенті болып қызмет етті. Қызылорда облысында бірнеше жыл әкімдікте қызметін жалғастырып, Облыс әкімі кеңесшісі, облыс әкімінің орынбасары, облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы, облыс әкімдігі «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы жұмыстарын атқарып келеді. Хорасан Ата республикалық қоғамдық қорының президенті ретінде де бабалар жолына деген үлкен құрмет пен адалдықпен ағайындардың басшысына айналып отыр.
Тәуелсіздік жылнамасы
Тәуелсіздік күндері, президент күндеріне орай облыста Елбасы жайлы өзім түсірген (жеке фотоаппаратты Түркияға алғаш рет барғанымда, президент Тұрғыт Озал қабылдағанда арнайы сыйға тартқан еді) суреттер көрмесін ұйымдастырып отырады.
Қазақстанның Тәуелсіздігі, сыртқы қатынастары, Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы арнайы түсірілген телевизиялық деректі фильмдердің, Тұңғыш Президентпен Қазақстан туралы көркем суретті бірнеше фотоальбом – кітаптардың (Түркияда басылып шығарылған) авторы.
Қазақстанның белгілі азаматы қоғам қайраткері Ержан ағамызбен «жақсы» таныспын деуге болады. Алғаш рет Алматыға келіп, студент атанып университетке түскенімде. Тегімді естігенг жұрт алдымен «Ержанның қарындасы емессің ба» деп сұрайтын. Теледидардан күнде көріп жүргенім болмаса таныстығым болмаған соң, «аттаспын» деп қоятынмын. Әлі күнге дейін «қай Уайсова, Ержанның туысы емес пе?» деп сұрастырып жататындарды білемін. Ендігі күнде ағамыз қарсы болмаса, Ержан ағаның рухтас қарындасымын деп енді айтуыма болатын шығар деп ойлаймын.
Бұл әрине, назым ғой. Бүгінгі әңгіме Ержан Уәйісұлы туралы, ағамыздың қазақ баспасөзінде бағы жанған журналист ретінде танимыз. Өйткені ел тәуелсіздігін шежіресін жазып, бейнесін қалдырып, сол кезеңдегі оқиғалардың ортасында жүру бақыты мен жауапкершілігі бұйырып, Алланың таңдауы түскен азамат.
Бұл жөнінде журналист ағамыз былай деп айтады: «Бүгінгі күні еліміз өзінің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағдарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Осы егеменді мемлекеттің бір бөлшегі ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін.
Елбасының қамқор қолдауымен тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күндері шетелде аккредитацияға тіркелген Түркия Республикасындағы тұңғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді. Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде республикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Ол кісі 1989 жылы жазда Орталық Комитеттің пленумында бірінші хатшылыққа сайланғаннан соң түстен кейін Алматыға мешітке барып, Алладан халқының амандығын тілеп, бата алды.
Бұл игі ісі үшін шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азаттық» радиосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақстанға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Н. Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бастап, Алла үйіне ат басын бұруы – «жақсылық нышаны» деген хабар берді. Кейіннен халыақаралық «Азаттық» радиосының (Хасен Оралтай басқарған) Түркиядағы арнаулы тілшісі болғанымды Елбасының шарапатынан деп түсінемін. Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін теңдесі жоқ бақыт болды. Сол кезеңдерде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарларының барлығында жанында жүріп, журналистік сараптама жасауым менің өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді» дейді.
Әке көрген оқ жонар
Ержан Уәйісұлы Отырар ауданы «Овцевод» кеңшары, Маяқұм елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Убайдулла және оның туған інісі Нұртаза Өзбекәлі Жәнібекұлы мен бір сыныпта Маяқұм елді мекеніндегі мектепте бірге оқыған екен. Ал атасы Уәйіс қажы Отырардағы Арыстан Баб кесенесінде ұзақ жыл шырақшы болған. Хорасан Ата республикалық қоғамдық қорының президенті ретіндегі бүгінгі міндеті түркі жеріне ислам аша келген бабалардың жолына қызметі болып табылады. «Қазақ жерінде қожа мен ислам бөлінбейді. Дін тарату Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтарының еншісіне тиді. Сол бабалардың ұрпақтары болғанымызды мақтан етеміз. Адамның жүрегінде иман болса, ең басты бақыт осы. Аралдан Қазалыға дейінгі ауыл-аймақтарда 35 мешіттің жібек бауын кесіп, жамағатқа есігін ашу да маған бұйырыпты.
«Жігітке жеті атасын білу парыз. Бөлінушілік болмайды. Тегіміз араб түбегінен келсе де түбімізді түрік қағанатымен байланыстырамыз. Ең бастысы, бабаларымызға құрметімізді кеңейте беруіміз керек. Қазір жыл сайын бабаларымызға ас беріп құран оқытып отырамыз. Тек қана Еліміздің барлық түкпірінен және көрші Өзбекстан, Тамды деген жерлердегі 500 үйдей ұрпақтары ат ізін салып тұр. Бұрындары шапан тарататын едік, осы жолы бір жинақ шығарып соны тегін тараттық. Зиярат етушілерге 800 орындық шатырлы орындық үстелімен жасаттық. Бабаның шарапаты болу керек. Сол жерде руда өндіретін өндіріс орыны ашылып жатыр оның бірін Хорасан-1, екіншісін Хорасан-2 деп атапты. 20 миллион теңге тұратын скважина жасап береміз деп жатыр. Сол руда өнеркәсібінің бастамасымен Сырдария үстінен көпір салды. Кезінде Хорасан атаның атын береміз деп еді кейін аяқсыз қалды. Соны қайта көтеріп көреміз деп отырмыз. Бабамыздың кесенесіне күнде болмаса да күнара адамдар барып басына зиярат етіп жатады. Сол жерге мешіт салып, 15-20 орындық қонақүй салу ойымызда бар. Мұражай ұйымдастырсақ артық болмас еді. Бабаның бағындағы 500 түп ағаш құмның ішінде көгеріп тұр».
Ержан ағаның әулетінде өткен заманнан жеткен бір сыр бар. Әкесі Убайдулланың інісі Төрежан ахун Сыр бойының атақты тұлғасы Айқожа ишанмен бірге Көкшетауға барып тұрады екен. Қасиетті тұлғаларымыз Шыңғыстармен замандас болған. Жылда оразаны төрелердің ордасында өткізеді. Сан мыңдаған жылқы айдап алып келіп еліне таратады екен. Бір барғанында Шыңғыстың ауылында қуаныш болып дүниеге ер бала келеді. Дүние есігін ашқан ұлдың атын Мұхаммед-Қанафия деп атайды.
Өткендерден қалған осы дерек ел-елдің басын қосып, алыстап кеткен бабалардың жолын жақындатады. Солардың көзіндей болып жүрген, халыққа қызмет етудің жолын көрсетіп жүрген Ержан Уәйісұлы секілді ағаларымыздың ісі бәрімізге өнеге.
Айгүл УАЙСОВА