Білген Шайыр айтады

Ғылымның фазилетінің баяны

Әдеппен қол қусырып сәлем беріп,
Расулдан сауал сұрады біреу келіп.
Адамның жақсысы кім, жаманы кім,
Мүбәрәк ләпсіңізден алсам көріп.
Сұрайтын сауалым бұл ия пайғамбар,
Үмітің жауабынан берсең хабар.
Жақсысын дос, жаманын дұшпан көріп,
Оларды жүрер едім білсем егер.
Сүйікті Хақтың досы Расул Құда,
Жамиғ асыларға пейіш пана.
Жақсы ғалым адамның жақсысы деп,
Мүбәрәк алфазынан болды сада.
Келгенде жаманына тұрды қарап,
Жауап бермей Әзірет Әли жанаб.
Я, Әзірет жаманы кім адамның деп,
Жауабын тағы сұрады келген араб.

Мүбәрәк ділдеріне қылып пинхан,
Тоқтады жауабына Шаһжаһан.
Адамның жаман ғалым жаманы деп,
Үшінші жауап айтты айтқан заман.
Я, тақсыр алдыңызға келгенімде,
Қуандым жүзіңізді көргенімде.
Ғалым деп амал қылған айттыңыз сіз,
Адамның жақсысы кім дегенімде.
Келгенде жаманына тоқтадыңыз,
Жауабын тездікпенен айтпадыңыз.
Бұл сөздің себебінен хабар бергіл,
Себебі не көңіліңізде сақтадыңыз.
Жауабын Расул Құда қылды изһар,
Көңілімде тоқтамақта себебім бар.
Ғылымды өз нұрымнан жараттым деп,
Миғражда айтып еді Пәруардігәр.
Ғылымды жаратпаса Жаппар Халиқ,
Жаһанды басар еді қараңғылық.
Хақпенен халал-харам батыл істер,
Ғылыммен мағлұм болып болар жарық.
Ғылымның әсілі Құран – Алла сөзі,
Жіберген мархаметпен Алла өзі.
Жамиғ дін ісіне қарағанда,
Ғылым-дүр барша адам көрер көзі.
Ғылымды сол себептен жамандамай,
Тоқтадым сауалыңа жауап бермей.
Ғылымды жаман деуге құрмет қылдым,
Болмаса тұрғаным жоқ тілім келмей.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button