Мәделiнің Досалы мен Қасымбек датқаны жарастыруы
Досалы, Қасымбек ең төс елiнде-ай,
Жылқы мал тебiспейдi өсерiнде-ай,
Артыңды шабыс пенен тартыс қылма
Қартайып дүниеден көшерiңде-ай.
Қалып ем қай жаныңнан жауланғандай,
Мен шоқ ем, сен жалын боп лаулағанда-ай,
Артыңды шабыс пенен тартыс қылма,
Басыңа кәрiлiк кеп аунағанда-ай.
Досалы, Қасымбек ең қырда жатқан,
Естерiң бар емес пе, тәңiр атқан,
Төбелессең дулаттың баласы өлер
Қожа өледi, деймiсiң, Сырда жатқан!
Ақсуда жасақ жиып тұрысқаның,
Жауыңды қашан бiрге қуыспадым?
Атыссаңдар дулаттың баласы өлер
Жалған ба бiр атадан туысқаның?
Домалап тасың шықса тау бетiне,
Мастанба қолыңдағы дәулетiңе,
Ашу-дұшпан тiлiмен адам өлсе
Кек қалар жетi пұтты әулетiңе!
СЕН ӨЗIҢ…
Қаратау асып, Созақ жаққа барар жолда найман Бұзау датқаның үйiне түсерде Мәделi қасындағы жiгiттерiн қыр астына қалдырып, өзi жалғыз барады. Сәлемдескен соң үй иесi: «Менi жұрт Бұзау датқа дейдi, ал сен қайдан боласың? Жөнiңдi айта отыр» деп жөн сұрайды. Cонда ақын: «Сыр бойынан келе жатқан жолаушымын, датқаның даңқын есiтiп сәлем бере келдiк» дейдi.
Сонда Бұзау датқа: «Ау, мына жолаушыға қазан көтерiңдер» дегенде бiр әйел үй ортасындағы қазанға су құйып, қойдың жалғыз қолын салып қайната бастайды. Датқа жантайып жатқан жерiнен тұрып отырып: «Сол Сыр бойынан келе жатсаң Мәделiнi бiлерсең» деп батырлығы мен ақындығы жайлы естiген-бiлген әңгiмелерiн аузына алып, сөзiнiң соңында: «Ол туралы бiлетiнiңдi, басқа бұйымтайың болса оныңды айта отыр, жолаушым» дейдi. Сол кезде Мәделi былай дептi:
Сен өзiң Бұзау емес, торпақпысың,
Жауға шапсаң жалтақтап қорқақпысың?
Қазаныңа салғаның жалғыз жауырын,
Ұялмай оған өзiң ортақпысың?
Жоқ, әлде Бұзау емес, баспақпысың,
Баспақ бола тұрсаң да асқақпысың?
Даңқын көрмей дәрiптеп әңгiме еттiң
Мәделi келсе тұра қашпақпысың?
Осыдан кейiн Мәделiнiң бас-аяғына қайтадан назар салып қарап өткен Бұзау датқа: «Япыр-ай, сен ия көзi, ия өзi шығарсың!» дейдi де орнынан тұрып, қайтадан құшақтасып көрiседi де, iшiнен «бұл анық Мәделi болса, жанында жiгiттері болуы тиiс» деп түйiп, жылқыдан бiр ту биенi алдыртып, барлық жiгiттерiмен күтiп аттандырыпты.
Негізі бұл Мəделіқожаның Байзақ пен Батырбекке бағытталған,өлеңнің əртүрлі нұсқаларында əртүрлі адамдардың аты аталады.Байзақты қоқандар зеңбірекке байлап атып жібергенде,орыстар жоғарыдағы егесті пайдаланып,Байзақ өлімін Батырбекке жауып өсек таратып дулатты өзді өзіне жау қылып қояды.Қазіргі кезде орыстардың қитұрқы əрекеті архив иатериалдарымен анықталып отыр.Мəделіқожаның екеуін жарастыруы оған дейін болған.
Рахмет. Ақынның мұрасын зерттеушілер үшін маңызды дерек деп ойлаймыз.