Рабғұзи

Хүжрәттің 6-шы жылында болған оқиға

Рабғұзи

Бұл жылы Мұхаммед бин Мүслима деген сақаба Нәжәт қаласына 30 кісісімен барып, түйелері мен қойларын Мединеге алып қайтты.

Бәни Мұсаттық соғысы осы жылы болды.

Хандық соғысынан соң дұшпан әскерлерінің арасында толқу пайда болып, ислам діні күннен күнге қуат алды. Пайғамбар ғ.с. Медине маңында болған елдерге әскер жіберді. Арабстанның әр тарапында мұсылмандар көбейе бастады. Ислам дініне мойынұсынбағандардың малдары алынды. Көп мал ғанимәт (олжаға түсті деген мағынада) болды.

Пайғамбар ғ.с. қажылыққа ниет қылып, Зұлқағда айында Мединеден Меккеге 1400 сақабамен жолға шықты. Құрбандық қылуға 70 түйе алды. Қажылыққа кетіп бара жатқандықтан соғыс құралын алдыртпады.

Пайғамбар ғ.с. үйінен шыққанда яһудилердің әзірлігінен хабардар болып, екінші жолмен шығып, Хадиба деген орынға барып түсті. Пайғамбар ғ.с. соғысқа келмей, қажыға келгенін білдіру үшін, құрайыштарға Хараш есімді сақабаны жіберді. Хараш Меккеге бара жатқанда оған қастық жасалды. Бірақ кейбір құрайыштар өлтіртпей, оны босатып жіберді. Хараш мақсатына жете алмай, жолдағы оқиғаның болғанын пайғамбарға айтты.

Мұнан соң елшілікке Ғұмарды жібермек болғанда хазреті Ғұмар: «Құрайыштың бәрі маған дұшпан, онан да хазреті Ғұсманды жібер. Оның құрайышта қандастары көп. Иншалла, оны ренжітпес», – деді. Пайғамбар ғ.с. елшілікке хазреті Ғұсманды жіберді. Хазреті Ғұсман Әбусафиан мәжілісіне барып: «Пайғамбар ғ.с. қажылық үшін келді», – деді. Құрайыштар Ғұсман сөзіне иланып, һәм тағзым етіп: «Өзіңе рұқсат етеміз, ал, Мұхаммедке рұқсат жоқ», – деді. Ғұсман: «Пайғамбар ғ.с.-ға рұқсат жоқ болса, маған берген рұқсаттың керегі не?» – деді. Бұған құрайыштардың ашуы келіп, хазреті Ғұсманды тұтқынға алды.

Хазреті Ғұсманның құрайыш қандастары өзара кеңесіп, Ғұсманды зынданнан шығарды.

Мәшрүктер Сүһәбүл, Макрез, Хуайтап атты үш кісілерін салиқтық (салиқ – яғни келісімшарт) жазуын жазуға жіберді. Олар пайғамбар ғ.с.-ға келіп көрісті. Он жылға дейін ешбір соғыс қылмауға, Мединеге барған Мекке адамын тұтқындамауға шарт қылып салиқ жазуын жазысты.

Пайғамбар ғ.с. «Иншалла, бұл келісім қайырлы болар», – деп, хазреті Ғалиға бұйырды. Ол салиқ жазуын жазды. Мәшрүктер өз тарапынан салиқ жазуын жазып табыс етті.

Пайғамбар ғ.с. Хадибада түйелерін құрбандыққа шалып, шашын тарады. Сақабалардың бәрі де таранды. Бірі шашын бүтіндей қысқартып алып тастады. Мұнан соң пайғамбар ғ.с. «Иншалла, келесі жылы бізді тыя алмас. Келер жылы қажылыққа келерміз», – деп сақабаларымен кері қайтты.

Пайғамбар ғ.с. Мединеге қайтып келе жатқанда «Іннәфатиха» сүресі енді. Сонымен Расулалла ғ.с. мен сақабалар көңілі шат болып оралды.

Салиқ соңында Меккеде Әбубасира есімді кісі мұсылман болып, мәшрүктерден құтылып, Мединеге келді. Әбубасираны алып кетуге мәшрүктер екі кісі жіберді. Әбубасира: «Мен мұсылман емеспін бе, мені мәшрүктерге бермеңіз! Әй, Расулалла!» – деп дауыстады. Сонда Расулалла: «Амал жоқ, біз салиқта кездестік, иншалла, құтыларсың», – деді.

Мединеден кетіп, Зұлхалифа деген орынға жетіп, құрма жеуге отырғанда, Әбубасира мәшрүктің біріне: «Менің қылышым сияқты ма, кәне, қылышыңды көрсетші», – деп сұрады. Мәшрүк ешнәрсе ойламастан қылышын берді. Сол кезде қылыш иесінің басы жерге домалап түсті. Мұны көрген екінші мәшрүк қаша жөнелді.

Мединеге келіп, Әбубасира зарланды. Әбубасира Пайғамбар ғ.с.-ға келіп: «Әй, Расулалла! Мені бұларға бергізіп жіберіп, шартыңды берік ұстадың. Енді Мединеге тұруға рұқсат па?» – деді. Пайғамбар ғ.с. ықтияр бермеді. Әбубасира Мединеден шығып, дария тарапына барып, Ғайсо деген жерге келді.

Меккеде мұсылман екенін жасырып жүргендер Әбубасира жанына бір-бірлеп жинала бастады. Аз уақытта 70 адам келді. Құрайыштың Шамға келген керуендерін ұстап, малдарын алды. Сүһәбүлдің ұлы Әбужәндил Ғайсоға келді. Барлығы 300 адам болды. Құрайыштар Шамға барар жолда қорқынышты біреулердің пайда болғанын айтып, пайғамбар ғ.с.-ға хабар берді.

«Бұларды Шам жолынан Мединеге қайтарсын. Біз Меккеден Мединеге барған адамды һәм Мединеден Меккеге баратын адамды тұтқындамау шартын бұзбаймыз», – деді.

Пайғамбар ғ.с. Әбубасираға Мединеге қайтуға хат жазды. Пайғамбар ғ.с.-нің хаты келгенде, Әбубасира қатты науқас еді. Пайғамбар ғ.с.-нің хатын алып өпті, жүзіне, көзіне басып сипады. Әбубасира дүниеден өтті. Мұнан соң Әбужәндил Әбубасираны жерлеп, бар халықты алып, Мединеге келді.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button