Бұл толғау Түлкібас, Шақпақ, Масат маңында айтылған болуы керек. Аталған адам аттары сол маңдағы ел ағаларына көбірек мән береді.
Шінеттен туған Рысбек,
Таласпен жаудан ат алған.
Кенже атың туыс деп,
Айқасып аты аталған.
Батырбек атпен сайланып,
Бағы асып озған қатардан.
Мұсабек датқа уақтында,
Датқа мал алған Қоқаннан.
Ауқым-ауқым қазақтан
Бес-он датқа аталған.
Қара Пошан Сіргелі,
Есенгелді Рамадан,
Мырзагелді Шанышқылы,
Молда Қошық Дарханнан.
Көңілінде хандай бар,
Қаһарынан қан тамған,
Көтеншіде Қонысбек,
Осылай дейді-ау байқаған.
Әруақты ер еді,
Теңіздерді шайқаған.
Шөмелек би, Сапақ би,
Сыпатай батыр, Байзақ би,
Бәрі де кетті тасадан.
Көшіктен шыққан ағамыз,
Озған адам Тұрлыбек,
Қоқан мен Бұхар, Арқадан.
Қасымбек, Ыса деуші едім,
Артық боп туған атадан.
Келмеске кетті нелерім,
Көріскім келед қайтадан.
Ашынды туған Мұсасың,
Әр қандай айтсам сыясың,
Өткендерді санамақ,
Сүймекке берген рәсім.
Келмеске кеткен қатардан,
Ысаның аман келгені-ай,
Қазырғы өткен дүниеден
Қасымбектің өлгені-ай.
Көреді екен дүниеде,
Билік еткен бендені-ай.
Лашын сыпат Ысаны,
Сағынып көрді көзіміз,
Қасымбектен ажырап,
Қапалы жылап өзіміз.
Барар жолдың киімі,
Бастағы сәлде бөзіміз.
Кетті ғой сұлтан Ахмет те,
Бәрі де кетті ақыретке,
Амандық жер бар ма екен,
Жаһан кезіп келдіңіз.
Айналдырған Сиқымнан
Осынша жаулық неңді алды.
Қасымбек кетті дүниеден,
Бұл дүние саған кең қалды.
Шымкент шаһар шетінде,
Қазығұрт таудың бетінде,
Ыса датқа келгені.
Жуалыда Батырбек
Келмеген жауы қасына,
«Арыстан онда жатыр» деп.
Арғы атасын сұрасаң,
Ырысбек, Шінет – асыл тек.
ШІНЕТ, ЫРЫСБЕК, БАТЫРБЕК ДАТҚА
Батырбек датқаның халық үшін қызметке дайын екенін, өзім дегенге өзегін жұлып беретін бауырмал екеніне мына бір жағдай мысал бола алады. Қоқан хандығы Ташкент қаласын алған соң, онша қиналмай Сырдың бойындағы Қазалыдан Бетпақтың шетін басып, қазіргі Жаркентке дейін биледі.
Сырдың орта ағысындағы Қыпшақтардың Қара Қыпшағының «Торы» атасының бір тармағы Шашты Қыпшақта Тасқын, Қашқын атты екі беделді адамдар өткен. Тұрғынбай датқа бастаған біраз қауымы «Қоқанның қоқаңына көнбейміз» деп, біраз қиғылық салған. «Ел басының көзін жойса қара бұқара еш жаққа бармас» деген есеппен Қоқанға шақырып алып, Қашқын датқаның үзенгісіне у жағып жібереді. Қашқын датқа удың заһарынан өледі. Тұрғынбай датқа өз кезегінде Қоқаннан кегін алмақшы болып қол жиып соғысқа дайындалады. Қоқан хандығы Шиеліге адам жіберіп татуласуға Тұрғынбай датқаны Қоқанға шақырады.Тұрғынбай бармауға бел байлайды, бірақ ағайын-туыс, ел жақсылары араға түсіп, Тұрғынбайдың Ордаға бармағанын теріске шығарады. Ел ырқынан шыға алмаған Тұрғынбай: «Мейлі еркек тоқты құрбандық мен барайын, бірақ сендердің өлгендеріңді мен көремін, менің өлгенімді сендер көрмейсіңдер» дейді. Қоқанға бітімге келген қауымды біртіндеп қолдарына кісен салып, көгендеп тастайды.
Тұрғынбай датқаны екінші қабатқа шығарып, қолын байлап, көз алдында көгендегі қауымды бауыздайды. Тамыр таныс арқылы қанды қасаптан қашып шыққан Тастемір елге келіп, болған жайды баяндап айтады. Артында қалған бала-шағаның қауіпсіз жерге бой тасалауын армандаған ағайын үдере көшіп, Сыр бойынан аулақ, Қаратауға бет түзейді. Бірақ, қайда барса да, Қоқанмен болған жанжалдан хабардар ел жақсылары, қоныс бермей ілгері сырғытып жіберіп отырады. Сырғи-сырғи осы күнгі Қостұра тауына келеді. Бұл жердегі ел жақсысы жағдайын айтып: «Елге зияндарың тиеді, екі-үш күн еруден соң ары өтіп кетіңдер», – дейді. Барар жері, басар тауы қалмаған көш басшысы, ел ағаларынан: «Енді қайда барсам, кімге барсам мына шиттей балаларға баспана табамын, ақыл айтыңыздар», – дейді. Ел ішінен бір ақсақал: «Сен не де болса Батырбек датқаға бар. Бұл жағдайда, саған бұл маңда одан басқа адам жоқ», – дейді. Көш басшысы іздеп жүріп, Батырбек датқаны Қарасаздан табады. Бар жағдайды жасырмай айтып, көлденең түскен дағдарыстың шығар жолын сұрайды. Батырбек датқа: «Мен бұл жайдан толық хабарым бар. Сендердің сергелдең болған сапарларыңды алыстан бағып отырмын. Өлімге қиятын туғаным жоқ, тәуекел, не де болса осы маңда қалыңдар. Алыстап кетсеңдер, әлде кімге көз түрткі болып қиналып қалуларың мүмкін. Кәріқорған мен Қарасаздың арасы Қоғалының басынан қоныс алыңдар», – деп тоқтам айтады.
Сол ағайын, яғни, Қыпшақтың Тұрғынбай датқасының әулеті де осы маңда екі ғасырдай уақыт өсіп-өніп отыр. Бұл кез келген атаның, әулеттің қолынан келе бермейді.
Тастемірден – Құралбай, Қабыл, Тілеубай, Төлебай, Көлбай, Көмек, Қосбармақ атты жеті ұл болған.
Бүгінгі күні Құралбайдан – Мадияр, Момынқұл, Ордабек. Қабылдан –Өскен, Көшкін, Ошархан. Тілеубайдан жоқ. Төлебайдан – Өзбек. Көлбайдан – Дулат. Көмектен – Жандар. Қосбармақтан жоқ.
Алла көп көрмесін барлығы болып жүз жиырма шаңыраққа жетті.
Мына жайға қараңыз: Қоқан хандығы елді алып,Ташкентке келген кезінде, Сиқым бабаның бір баласы Рысбек батыр Жүнісқожаның үй-ішін алып кетіп, Қаратауға жасырады. Екінші бір баласы, Батырбек датқа Қоқаннан зәбір көріп, көтеріле көшіп, үдеріп келе жатқан Қыпшақтың бір атасын өз панасына алып, сақтап қалады. Бұл екі қауымда, яғни, Жүнісқожаның әулеті де, Қыпшақтар да осы күні осы маңда өсіп-өніп, ел болып, жергілікті халықпен қыз алып, қыз беріп, құдандалды болып сіңісіп кеткен.
Осы жерде бір заңдылық бар секілді. Секілді емес, бұл дала қазағының ежелден келе жатқан, өзім дегенге өзегін суырып беретін ақкөңіл, мейрімділігінің дәл өзі. Қазақ саған елінің шетінен жерін кесіп қоныс берді. Енді ел болып кетемін десең өзің біл, елімді табамын десең де қазақтың сенде титтей де өкпесі жоқ. Еліңе жетіп алып, Қазақты жамандаймын десең, Қазақтың наны ұрсын. Қазақ «Өтіп кеткен жауынды жамылыш алып қуған» емес.
Ташкентті билеген Жүнісқожа 1803 жылы дүниеден өтті. Орнына билеуші болып ұлы Мұхаммедқожа отырады. Үш жылдан соң билік Жүнісқожаның төртінші ұлы Сұлтанқожаның қолына өтеді. Қоқандықтар Ташкентке тыныштық бермей күнде шапқын болған. Ақыры 1808 жылы Ташкенттің билігі Қоқанның қолына өтеді. Бұл жайында Тараз қаласында тұратын зерттеуші, Бақтияр Әбділдаұлы «Қазак елі» газетінің 1997 жылғы 21-санында былай дейді: «Шайхықожа ұлы Жүнісқожаның біз білетін көптеген ұрпақтары Тараз қаласында, Жамбыл ауданының Айшабибі ауылдарында тұрады.Тағы бір айта кететін жай,Төле би сияқты, оның туған жиені Шінет би де Жүнісқожаның әпкесіне үйленіп, одан Рысбек батыр және Тұрыс би туған. 1808 жылы Жүнісқожаны Қоқан ханы Әлім Сырдария жағасындағы Ғұрымсарай маңында тас-талқан етіп жеңіп, етін итке тастаған соң, Дулаттардың сол кездегі басшысы Рысбек батыр өлген нағашысының бала-шағаларын, жақындарын өз қанатының астына алып, Қаратау қойнауына көшіріп әкелген.
Жүнісқожаның Жамбыл облысында тұратын ұрпақтары, өздерін «Шайхантауыр қожамыз» деп біледі». Яғни, Рысбек батыр бір әулеттің тақ таласынан туған қанды қасаптан қырылып кетуінен сақтап қалған. Таққа бола, баласы әкесін, інісі ағасын аямаған заманда, Қоқан билеушілері бес-он, болмаса жиырма жылдан кейін бас көтеретін тақтың мұрагерін тірі қоюы ақылға симайтын нәрсе. Ел қамын жеген, осынау аламан, тасыр, қанды қасаптың бел ортасында жүрген Рысбек батырдың «Шайхантауыр» қожалар үшін бұдан артық жақсылық істеуі мүмкін емес еді.
Әрине, бұл жерде біраз ауытқушылық болғанымен, менің Рахманберді ағам айтқандай, атымы тура жағдай. Жоғарыда айтқандай, Жүнісқожа 1803 жылы өз ажалынан өлген. Бірақ, баласы Сұлтанқожаның Қоқанға айтарлықтай қарсылық көрсеткені анық. Рысбек батыр Жүнісқожаның әулетін Ташкенттің билігі Қоқанның қолына өткен соң алып қашып кеткені айдан анық мәселе. «Шайхантауыр» қожалардың белді азаматы Алматы қаласында тұратын Сүлеев Керім осы Жүнісқожаның әулеті. Бұлар өздерінің бабаларының Ташкенттен Кәріқорғанға келгендерін, осы маңда өсіп-өніп отырғандарын растап отыр. Керімнің ағасы Созақбай ағаның үйленгенінің «Алтын», «Елу жылдық» тойына мен де бардым. Ағайынмен араласып біраз сөйлестік. Тіпті ата санап келгенде де, алты жеті атадан арыға бармай Жүнісқожаға тіреледі. Шежіре заңдылығы бойынша көшпелі және жартылай көшпелі әулет арасында ата мен атаның арасы 35-37 жастың арасын құрайды. Екі ғасыр арасындағы әулеттің алты-жеті атадан аспауы далалық заңға дөп келеді. Бұл әулет өздерін Бақтияр айтқандай «Шайхантауыр» қожалармыз деп айтады.
Сиқымға қоныс әперді,
Аямай күшін әзірлеп.
Соңына ерген халқына
Не десе, соны «мақұл» деп.
Бір баласы, аты – Ыса,
Өмірінде «сақы» деп,
«Жоқ» кірмеген аузына
«Тағы алшы, тағы» деп.
Уыстап теңге беретін
«Кедейлердің асы» деп.
Өлгенінше жалғаннан
Ысапсыз малды шашқаны.
Бақыты зор боп алаштан
Тау суындай тасқаны.
Ояз, әкім, жандарал,
Менсінбеген патшаны.
Үлестірген нашарға,
Уыстап күміс ақшаны.
Жолдас болып иманы
Қабырда тыныш жатқаны.
Шінет, батыр Ырысбек,
Олар да өткен соғыспен.
Онан бергі Батырбек,
Байзақпенен тоғысқан.
Кесірінен көп Дулат
Қобалжыған қоныстан.
Ыса болыс тең келмес,
Бұзақы өзге болыспен.
Өтерін білді дүниеден
Тұрыс пенен Ырысбек.
Алдыменен өлгенін
Қалғаны қойды қадірлеп.
Аймағы тегіс жиылып,
Жаназа оқып жан болып
Қабірге қойды кебіндеп.
Өлмей тұрып Ырысбек
Айтқан сөзі мынау-ды:
– Сиқымға кеңес тастаңдар,
Маңызы еді Төрт сейіт –
Өкшелеп ізін баспаңдар.
Қасықтап жиған елімді
Шөміштеп төгіп шашпаңдар!
Қатарда қара нар едім,
Алаштан озып бәйге алған,
Арғымақ аттай бар едім.
Көп халайық, құлақ сал,
Осындай болды дәрменім.
Бес күн жалған дүниеден
Өтпеймін деп жүр едім.
Сиқым деген еліме
Дүрі гәуһар нұр едім.
Ақындардың аузында
Айтылып жүрген жыр еді.
Арыстан тандап күрескен,
Артынан қазақ ілескен,
Алатау біздің кұлады
Аспанмен басы тірескен.
Көмеш, Шұбар, Бөріжар
Жатушы еді айдауда.
Жазды күні шығушы еді
Балдыберек жайлауға.
Кадірі өтті-ау, Әйнекем,
Малдарың қалды байлауда.
Күнгейдегі Шымырдан
Озған еді Тайтелі.
Сарыпбекті жау қылып,
Көтерілді халық-елі.
Ахмет сұлтан төрелер
Ақырғы ханның арты еді.
Ада болмас қасіретім,
Әйнекем кетті, қайтелі?
Қадірің өтті-ау, Әйнекем.
Айта да беріп қайтелі?
Қалың қара Шымырдан
Оздырды Құдай Мәмбетті.
Екі болыс ел дейді,
Мамбеттен туған әулетті.
Байтерегі хан болып,
Байзақ асқан даң болып,
Батырбасы Ақмолда,
Төрт жағы қыбыла жан болып.
«Сексен ұлдың басы» дейді,
Төрегедді, Мұсаны.
О заманда оларға
Қандай жан тең боп ұсады?
Сиқымда асқан Ырысбек
Егескен жауын тұсады.
Батырбек датқа өткенде,
Көп сиқым болды құсалы.
Бұл заманда айтушы еді
Қасымбек пен Ысаны.
Айтып болдым барлығын,
Қоңыратыма сөз келді.
Бер жағыммен айтамын,
Белгілі жекжат бесіктен.
Төрдегі би мен таласты,
Қойшылар келіп есіткен.
Арғы жағын сұрасаң,
Хан Торғауыт деуші еді,
Халық тексерген Ереби,
Артық боп туған Көшіктен.
Қатар тырна бәрі хан,
Қасына ерген жарыған,
Адамзаттың сардары,
Ассалаума әлейкум,
Амантай, Берді, Бегалы,
Мұсабектің баласы,
Аманбысың Мейірбек!
Жастықпен жүрсің кейіндеп.
Біреуге шеңгел салмасаң,
Кім ойлар сені «жетті, – деп,
Жиде томар кесті», – деп.
Мұсабектің дүниесі,
Алғидан келер арылмай.
Тау суындай тасқындап,
Жолдасын жұртқа алдырмай.
Кеудеде жаны барында,
Нағашысы Мамалы,
Еш жағынан тарылмай.
Тамағың тойса майдалар,
Арыстың аман жарындай.
Ер төсті туған біреусің,
Қоңыраттың сары нарындай.
Қанжарлы балақ бір жігіт,
Келе де жатыр арылмай.