Сыр-сұхбат

Мариям Апам немесе Ақынның ақ көңілі

Әсілхан Оспанұлы

Қазақтың барша, әсiресе ақын-жазушы қыз-келiншектерiнiң қажымас қамқор анасындай болған Хәкiмжанова Мәриям апайды өлең-жырлары арқылы сырттай бiлетiнмiн. Бiздiң өлкеден шыққан ақын апаларымыз Айман, Гүлханым, Ұлбике, Манат қыздардың iзiн басқан, солардың үлгi-өнегесiн жалғастырып алабұртқан көңiлмен алғаш қанат каққан қарлығашымыз Зияш Қалауованың тағдыры сол кiсiмен тығыз байланысты болғаны да жадымда жүрген. Бұл тағдыр дегендi қойсаңызшы. Бiр кездерi Шаян (бүгiнгi Бәйдiбек) ауданында шығып тұрған «Социалистiк колхоз» (қазiргi «Алғабас») газетiнiң сарашысы қызметiн атқарып жүрiп, 1958-шi жылы мамыр айының аяғында Қап тауының терiскей бетiнде жатқан бауырлас қарашай халқының ата қонысы Кисловодск қаласындағы демалыс орындарының бiрiне барып демалатын болдым.

Мәрелi жерiме де жеттiм. Бiраз күн демалып, Кисловодскiнiң таулы-тасты-тоғайлы аймағымен танысып болдым-ау деген күндердiң бiрiнде қалалық газеттен қарашайлардың тамаша бiр аңызының мазмұнымен таныстым. Әлгi аңызда Болат деген қойшы жiгiттiң белгiлi бiр билiк иесi қара жүрек бектiң Дәутi есiмдi сұлу қызының ашына-жайлық оқиғасының қасiреттi қалетте аяқталғаны баяндалыпты.

Аңыз оқиғасы менi қатты тебiренттi. Жатсам да, тұрсам да ойымнан шықпай қойған сол аянышты хәл ақыры ақ қағаз бетiнде өлең болып өрiлдi. Өлең болғанда оқиғалы өлең болып шықты. Ашығын айтуым керек, жан толқынысым қаншама қаһабат күштi болғанымен, кейiпкерлерiмнiң жан-дүниесiн, көңiл-күйiн әсерлi де нәзiк суреттеуден гөрi құрғақ оқиға қуалауым басым шыға бердi. Сонда да болса, «iштен шыққан шұбар жылан» дегендей, бiр ұлы iс тындырып тастағандай көңiлiм алабұртып осында демалып жатқан атақты ақын Мәриям апайдың сынына салуға асықтым. Өзiмiздiң Ақтөбе қаласы мен Қарақалпақстанның Нөкiс қаласынан келген екi келiншекпен шүйiркелесiп сөйлесiп отырған Мәриям апайдың оқшауланар сәтiн күтiп сол төңiректi едәуiр айналшықтадым. Ақыры, менiң өздерiн төңiректеп жүргенiмнiң тегiн емесiн сездi ме қайдам, бiр уақытта апай:

— Қарағым, бiзге бiрдеңе айтайын деп пе едiң? — дедi.

— Ия, апай, мына бiр өлеңiмдi сiзге көрсетiп алсам ба деп едiм…

— Ә, онда отыра қал да оқып жiбер. Оны осында отырған бәрiмiз тыңдалық.

Жүрегiм дүрсiлдеп, дауысым дiрiлдеңкiрей шығып, өлеңiмнiң «Тау аңызы» деген тақырыбын кiбiртiңкiреп атадым да, қалалық газеттiң өзiм оқыған мақаласындағы аңыз оқиғасы өткен тұсты қысқаша мiнездеп өттiм. Ресей құрамасының Солтүстiк Кавказдағы бiрқатар демалыс орындары орналасқан Кисловодск, бәлкiм таулықтарша бұрындары Ащысу аталатын қаладан алты шақырымдай жырақта жатқан «Махаббат пен зұлымдық» аталып кеткен жартастар тiзбегiн атадым да, өлеңiмдi жайлап оқуға кiрiстiм.

Кейiн Мәриям апайдың өзi апарып тапсырып «Сталин жолы» журналында жариялатқан, ал өз тарапымнан одан бұрын облыстық «Оңтүстiк Қазақстан», Шаян, Келес аудандық газеттерiнде жарияланған оқиғалы өлеңiм мынау едi:

ТАУ АҢЫЗЫ

Кавказда, атырабында Ащысудың,

Қамалы «Махамбет пен зұлымдықтың».

Ежелден ел аузында аңыз екен,

Тыңнан бiр күтiп жатқан ақын жырын.

 

Бек қызы Дәутi есiмдi бала өскен,

Көкейiн ертелi кеш думан тескен.

Қойшыға Болат атты көңiлi кетiп,

Шығармас түнде түстен, күндiз естен.

 

Қорадан қой өргенде қырға шұбап,

Қалғандай болады ару жұртта жұтап.

Қонуға қалаулысы қайтқанынша,

Тұрады қыз жүрегi тынбай тулап.

 

Қойшы жас қысы-жазы қойын жайған,

Қалауын бек қызының бiлсiн қайдан?

Тiрсегi тiрсегiне тиiп қайтып,

Жайлы жер бар деп бiлмес жатар жайдан.

 

Амалсыз алабұртқан қыз жүрегi,

Әр саққа жүз жүгiрiп, мың түледi.

Ғашықтық жанын жеген жегi болып,

«Аһ» десе алау атты көкiрегi.

 

Дертiне дауа таппай ғашық ғарып,

Асығып оятты ақыр түнде барып.

Жiгiттiң жүрегiнде солмас гүлдей,

Махаббат жапырақ жайды бүршiк жарып.

 

Қызының әке сезiп қылған iсiн,

Түнерiп күзгi бұлттай бұзды түсiн.

Жай атқан жарқылдатып махаббатқа,

Бақ-дәулет тұт келмесiн қайдан бiлсiн.

 

Жан едi зұлымдығы жұрттан асқан,

Қызын да қыса ұстаған бала жастан.

Қызғанып жiгiт тұрғай қарттандағы,

Қамалға жүретұғын жолатпастан.

 

Жасынан жырынды жан тапты айла,

Көптен-ақ көздеп жүрген бар-ды пайда.

Жалғызын жар жылатып ұзатпақшы,

Кемпiрi опат болған көршi байға.

 

Қиналды Дәутi есiтiп әке үкiмiн,

Бұлт басты айдай ашық тұрған күнiн.

Табиғат тiлге тылсым, сырға сараң,

Шақпақшы сорлы мiскiн кiмге мұңын?!

 

Қайрат жоқ Болатта да қолдан келер,

Не салса басқа тағдыр соны көнер.

Зарыққан бiр бұлар ма, заман сазы,

Қасша да құтқармайды кәрiн төгер.

 

Дәутi айтты сүйгенiне «Сәулем» — дедi,

— Бiз медеу етпекшiмiз ендi ненi?

Қайғының тұзағы тым қатал екен,

Барады тұншықтырып бунап менi.

 

Ес барда қолдан келер қамыңды iсте,

Бiзге арам байқауымша жарық дүние.

Құлайық құз жартастан төмен қарай,

Болайық тым болмаса өлсек бiрге!»

 

Қыз сөзiн жiгiт жазған еңбегi еш,

Құп алды, махаббат та болған ба ес.

Екеуi жұбын жазбай тасқа шығып,

Қауышты ең соңғы рет тиiсiп төс.

 

Түскенше жерге жетiп болды талқан,

Тастаған өзiн-өзi Болат тастан.

Дәутi қыз құз басында қала бердi,

Құты ұшып қос қолымен бетiн басқан.

 

Сөйтiп өлеңiмдi құп көрген, журналға жариялатамын деген уәдесiнен шыққан Мариям апайды жақын тартып кеткен мен, кейiн Алматы қаласында ұлттық ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының аспирантурасында оқыған кезiмде бiрдi-екiлi үйiнде де болып, ақыл-кеңес алып жүрдiм. Сол бiр кеңпейiл де ақжарқын, мейлiнше мейiрбан жанды мазалай бергенiм қалай болар екен деп те жатпастан бiрталай өтiнiш-тiлектер де айтыппын. Өзiм де ол кiсiнiң кейбiр тапсырыстарын орындап отырыппын. Солардың бiр куәсi Мариям апамның қамқор көңiлiмен жазған мына жанашырлық хаты едi:

«Әсiлхан!

Сенiң 16 октябрь күнi жазған хатыңды алдым. Көп рахмет ұмытпай хат жазғаныңа!

Мен бұдан бұрын, сенiң бұрынғы адресiңе хат жазғам да, өлеңiне қойылған қаламақыңды да сол адреске жiберткен болатынмын, бiрақ алмаған көрiнесiң. Ал хат та, ақша да қайтып келген жоқ. Ұмытпасам сегiз жүз сомға жуық ақша жiбергендей едi. Ол адресiңдi өзгердi деп өзiң хабарламадың, ол кiнә мойныңда.

Молдағалиевке (Жұбан ағаны айтып отыр. Ә.О.) бiрнеше рет звонить етiп жауап ала алмаған едiм, кеше кездесiп ауызекi сұрадым. Сенiң аты-жөнiңдi лезде еске түсiрiп, мынадай жауап бердi:«Бiрнеше жас ақын-жазушылардың алдында ұятты болдық. Көптеген қолжазбалар бiр шкаф болып тұр. Соның iшiнде оның да маған жiберген өлеңдерi бар. Жоғалған жоқ. Бiрақ шығарамыз деген жинақты шығара алмадық»- дейдi. Ал Жұбанның адресi «Жұлдыз» журналы екенiн жақсы бiлесiң ғой.

Менiң сенен зор өтiнiшiм: «Муган қызы» шыққан газеттiң бiр данасын жiберсең алғыс айтар едiм.

Сәлеммен апаң Мариям.                                   31. 10. 1958ж.

 

Мәриям апайды ең соңғы рет 1977 жылы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттiң физика-математика факультетiнiң жатақханасында көрдiм. Сол факультетте оқитын студенттер өздерiмен кездесуге шакырған екен. Бiз, М.О.Әуезов атындағы Шымкент ұстаздық жоғары оқу орнының оқытушылары кезектi әдiстемелiк жетiлу мақсатымен барған болатынбыз. Осы уақытқа дейiн өкiнетiнiм жаңағы әдеби кеш мәжiлiсiне қатыса отырып, сонау бiр жылдары апайдан көрген қамқорлығымды сонда отырғандарға паш ете алмадым. Шамасы, кеш бағдарламасына көлденеңнен килiгудiң жөнiн таппадым-ау деймiн. Iзет-iлтипаттың, беймәлiм кiсiнiң өзiне деген керемет мейiрбандық пен қамқорлықтың түгесiлмес қазынасын бiр бойына соншалықты мол жинаған ол кiсiге күнi бүгiнге дейiн таңданумен келемiн. Әлде осы қасиеттердiң қайнары ол кiсiнiң тек затында, ұлы ұстазымыз Балқожа би баласы Ыбырай Алтынсариннiң ұрпағы екендiгiнде жатыр ма екен?

    

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button