Жарық нұрдың сәулесі

Өлім – өмірдің соңы емес

  Жәмила Мұхамеджанова

Менің әкем ертегілерді жанындай сүйетін. Ондағы адам ойын неше түрлі қиялдарға жетелейтін сәттердің түбі шындыққа әкелетініне сенетін. Адамзат баласы әлі толық игеріп болмаған, бүкіл Шығыстың философиялық, саяси, діни аспектілерін топтастырған, түйіндеген «Мың бір түнді» ана тіліне аударуы жәйдан-жәй емес. Мәскеудегі  Шығыс тану институтында әлемдік әдебиеттің ескерткіші «Мың бір түнді» оның түп нұсқасынан бір адам толық аударып шықты дегенде: – Ондай адамға Сіздер ескерткіш қоюларыңыз керек. Бізде бұндай еңбекті бірнеше ғылыми бөлімдер жүзеге асырады- деп таңқалыпты. Қалтай Мұхамеджанов «Мың бір түнді» аударуға 15 жыл өмірін сарп етті. Бұл әлемдік әдебиет пен мәдениеттің ұлы ескерткішінің көркемдік және философиялық нәрін, ойнақы тіл мәденеиетін өзгертпей өз қалпында тәжімелеуі әкемнің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ұлттық драматургияға қосқан басқа қомақты үлестерін айтпағанның өзінде, осы бір ғана ұланғайыр еңбегі үшін  Қазақстан мәдениетінің тарихында оның есімі мәңгі қалады ғой деп ойлаймын.

Әкем табиғат берген қарапайымдылығымен бәрімен тіл табысатын. қайтыс болғаннан кейінгі жылы режиссер Александр Головинскимен ол туралы фильм түсірмекші болған кезімізде, пікір айтпақшы болғандардың саны адам айтқысыз көп болды. Ұлы тұлғалар: Давид Кугультинов, Қайсын Кулиев, Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатовтармен қатар қаншама қарапайым халықтың ынтасы болды десеңші! Әкем жайлы, оның адами қасиеттерін, жылы күлкісін, мейірімді жүзін, сағынышпен жерлестері туған ауылынан жұмысшылар Теміртаудан қойшылар Сары Арқадан, дәрігерлер мен мұғалімдер, такси жүргізушілері, базардағы саудагерлер қойшы бүкіл халық сарғайған сағыныштарын жеткізуге тырысты.

Базардағы саудагерлер демекші, әкеммен Көк базарға (қазіргі Алматының орталық базары) барып, бірге базар аралау бірнеше сағатқа созылғанымен  мен рахаттанатынмын. Себебі қарапайым сатып алу мен саудаласуды көрермендер рахаттана қол соғатын спектакльге айналдырып жіберетін. Әкемді көк базардағы саудагерлер түгел білетін.

Репрессияға ұшыраған молданың баласы болғандығы оның мінезіне өшпестай із қалдырғандай. Оның замандастарының біразы өзінің және жақындарының өмірі үшін бір үреймен жүретін. Ол өмір бойы көленкесіндей ізінен қалмайтын үреймен күресіп өтті-ау. Талай рет жоғары трибунада тұрып сөйлеу мүмкіндігі болғанмен сабасынан асып сөйлемейтін, жоғары лауазымнан түсіп қалғандар жайлы мейлі ол билікке керексіз адам болсын кейбіреулер сияқты өсектемейтін.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен әкемнің арасында сыйластығынатаң қалдым. Қонаев республиканы басқарған жылдары жоғары билік әкемді еркелеткен жоқ. Оның дәл, өткір мысқылдары талайларға ұнамаған болу керек. Әкемнің шығармалары КСРО-ның ғана емес, әлемнің сахналарын шарлап кеткенмен, орыс және шетел классиктерінің шығармаларын қазақшаға аударуы, сахнаға дайындауы (инсценировка) жоғары бағаланғанмен, Қалтай Мұхамеджановты мемлекеттік марапаттау сирек болды. Республика театрларында қойылған пьесалары әркезде мемлекеттік дәрежеде марапатталып тұрды. Бірақ ол режиссерларға, актерларға, суретшілер мен сазгерлерге беріліп, автор олардан мақұрым қалып отырды. Әкем оған ренжімеді деп айта  алмаймын еңбегін бағалағанды кім жек көреді. Бірақ ренішін күлкісімен жеңіп сыртқа шығармауға тырысатын. Бұған әкемді көре алмайтындар  көп  «Еңбек еткен» сыңайлы. Мемлекеттік наградалардан «Халықтар достығы» ордені мен әртүрлі республикалық деңгейдегі мерекелік медальдары бар.

Қазіргі күні еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы Қонаевтың қосқан үлесі айтылып жатыр. Сол жарыса мақтағандардың ішінде кезінде оны даттағандарыда бар. Қазақстан Компартиясының Қонаевты бірінші хатшылықтан түсіретін сьезде көптеген белгілі қайраткерлер бұрынғы жіберген кемшіліктердің бәрін Қонаевқа жаба сөйлеп, оны кінәлады. Дінмұхамед Ахметұлы жиналыстан шығып құлазыған көңілмен үйіне беттей бергенде, менің әкем онымен қолтықтаса жүріп, бүгінгі жиынға еш қатысы жоқ әңгімелер айтады. Мәселе, оның әңгімесінде емес, бірнеше ондаған жыл Қазақстанды басқарып, оның гүлденуіне сансыз үлесін қосқан адамның көңілін аулауда ғой. Пенде болған соң бір Алладан басқаның бәрі қателеседі ғой. Бірақ терең білімді, ақылды әрі батыр сол кездегі КСРО деп аталынатын мемлекетке кіретін республикалардың хатшыларының ішінде Қонаевтың ұлы тұлғасы ерекшеленіп  тұратын. Ортасынан оқшауланған, биліктен кеткен адамға әкемнің соншама құрмет жасағанын ерсі көргендерге: «Шығыста – өлі Арыстанға қарап түкіру үшін, көп ерліктің керегі жоқ»  деп жауап беретін. Ал мен оған қосар едім:- биліктен кеткен адамға ешқандай айқай шусыз, көптің көзінше көмектесу, қолдау үшін ерліктің көкесі керек деп.

Ол Заманбек Нұрқадыловпен жақсы қатынаста болды. Заке өте талантты, ерекше адам болатын, Қызба, өте өткір болғандықан саяси өзгерістерге көнбей, кетіп тынды. Жұмыстан кеткеннен кейін папа онымен жиі кездесіп тұрды, ол біздің үйде, біз оның үйінде қонақта да болдық. Көпшілік ортасында папам оған ерекше көңіл бөлетін.

Өзі ұйымдастырған, ашқан «Түркістан» газетінің бас редакторы ретінде қызмет бабында папам Алматы мэрлерімен тығыз байланыста болды. Бірде Нұрқаділовтың орнына Алматы мэрі болып келген Шалбай Құлмаханов папама:-Қалеке, Сіз Нұрқаділов  жөнінде жақсы пікірдесіз. Ол қалаға үлкен зиян келтірді, тәртіп бұзды»-дегенде папам күліп: Шалабай, мен мәр Нұрқаділовтың қаншалықты тәртіп бұзғаның білмеймін, адамдардың қызметімен емес, өздерімен достасамын. Ертең сені орныңнан алғанда мен сенімен амандаспайды деп ойлайсын ба?-деді. Бірнеше жылдан кейің, Құлмахановты орнынан алғандада папам онымен сыйластығын тоқтатқан жоқ, сол кезде Шалабай папамның бұрынғы айтқан сөзін есіне алғанда болар. Папама Алланың берген ерекше қасиеттерінің бірі – достаса білуі дер едім. Ол ойлы, ашық, таланттыларды жақсы көретін. Талант дегенде тек өнер мен ғылымды ғана емес, адами жылылығы мол, шуағын төгіп тұратындарды ерекше силайтын. Жасына, әлеуметтік жағыдайына қарамайтын. Адамдардың бәрін бірдей көрінетін. Өзінің академиялық білімімен мақтанған емес. Президентпен де шейхтармен де, шабандармен де  бірдей ашық сөйлесе беретін. Егер ол біреуді жек көрсе оның жасына, қызметіне қарамай онымен аяусыз аяғына дейін әсіресе тарихымызға, дінімізге, ділімізге, мәдениетімізге ешқандай пайда келтірмейтіндермен бел шешіп күресетін. Оның мысалы ретінде Қазақстанның дін-муфтиі Ратбекпен айқасын айтар едім. Папама жасалынған әртүрлі қорқытулардан еш тайсалмай республикалық баспасөз беттерінде, телевидениеде мәдениет пен дінге арналған рухани жиындарда өткір сынға алып, масқаралап отырды. Көп ұзамай муфтиді  орнына сол қызметке ылайық, рухани дүниесі мол кісі отырды. Бұл өзгеріске менің әкемнің қосқан үлесі жетерлік қой деп ойлаймын.

Папам жайлы ұзақ айта бергім келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық театрда ешқандай жасандылықсыз керемет жиын болды. Мемлекеттік ұйымдардан, мекемелерден келген құттықтаулардан кейін сахнаға жазушылар, ақындар, актерлер,сыншылар толассыз  жатты. Әрқайсысы Қалтай Мұхмамеджановпен кездесулерінің қызықты тарихтарын тамсана айтуда. Зал күлкіден жарылып кетердей, қабырғасы шайқалғандай болғанмен, әкемді жақтағандай сағыныш зарымен күрсінгендей басылды. Шыңғыс Айтматовпен жазған әлемді шарлап кеткен «Көктөбедегі кездесу» пьесасынан кейін фуршет болды. Жиын жаңадан қайта басталғандай,  менің әкеммен өткен кездесулерін жарыса айтып, сол бір бақытты сәттермен бөлісуде. Күлкі керуені қайта қозғалып, Қалекелерімен қайта жүздескендей сезімде. Менің әкемнен көрген жақсылықтарын, кейбір қиын кездерде қол ұшын  бергенін де айтушылар аз болған жоқ.

Ешкімнің тарағысы жоқ, әкемнің қайырымдылық қасиетін айта беруден ешкім жалықпағандай. Әкем ол дүниеде жатсада, адамдардың өзіне деген шынайы сезімдерін ұйымдастырғандай көрінді маған. Әкемнің шын мәнінде Халық Жазушысы деген құрметті атаққа лайық екенін сезіндім. Папамның досы Герольд Бельгердің: «Өлім – өмірдің соңы емес» деген сөзінің негізінде шындық жатқанына  көзім жеткендей.

Жәмила Мұхамеджанова 22.01.2009 ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button