Жарық нұрдың сәулесі

Шұғай халфе Кенебайұлы

Құранымыз–коммунистік устав, ұранамыз–коммунизм болған кешегі бір парықсыздау заманда қай жақсының қадіріне жете алдық. Басқасын былай қойғанда, тірісінде әулие атанған Мәшһүр-Жүсіптің зиратын ортасына түсірген имансыз қоғам ел ардақтысы болған талайлардың аттарын ұмыттырды. Олардың қайсыбірін енді іздеп жатырмыз, қайсыбірінің аты-жөндері біржолы ұмытылған. Сондай адамдардың бірі де бірегейі – Шұғай халфе Кенебайұлы.

   Бұл кісінің арғы түбі қожалар әулетінен. Көпке белгілі, бүгінгі қожа атанып жүргендерді арғы бабалары кешегі қазақ заманында сахара далаға Орта Азия жерінен, тіпті сонау араб елдерінен келіп, қоныстанып қалып қойған. Бұлардың кейбірі ислам дінін насихаттаушы миссионерлер ретінде келсе, енді кейбіреулерін қазақ арасынан шыққан дәулетті адамдар елдің мұсылманша тілін сындырып, исламға бетін бұрсын деп, өздері арнайы алып келген. Бір қызығы, бұл қожалар қазақ ішіндегі руларға біржола сіңісіп кетіп,  талай ондаған жылдар сол рудың атауын иеленіп, туыс-туған болып кеткені тағы да рас. Мысалы, өзіміз әңгіме еткелі отырған Шұғай халфенің аталары да Мұса мырзаның заманында  (мүмкін одан да әрі) Баянаула жеріне келіп, Қаржас ішіндегі Жаулыбай атасын біржола сіңіп кеткен деседі.

–Сонау замандарда дәм айдап Арқа жеріне жеткен бабамыз өзімен бірге екі інісін ерте келген екен. Бірақ бауырлары бұл жақты жерсінбей, қысы қатты болады екен деп, келесі жылы кейін қайтып кетеді. Ал, осы жақта қала берген сол бабамызды Жаулыбай балалары өз орталарына алып, алдына мал салып, басына отау көтеріп беріпті. Осыдан кейін ол кісі медресе ашып, елді имандылыққа тартып, бұл жақта біржола қала берген, – деп әңгімелейді Құмдыкөл ауылында тұратын Шұғай халфенің ұрпағы Теміртай ақсақал.

Осы Теміртай Арыстанбеков ағамыз өз атасы Шұғай халфе жайлы кезінде үлкендерден естіген біраз әңгімесін ортаға салып еді.

–Кешегі өткен кеңес заманында атамыз Шұғай халфе жайлы үлкендер әрдайым әңгімелеп отыратын. Ол кезде ондайға кім мән берген. Бірін ұқсақ, бірін ұқпадық. Әсіресе, Әбушәріп Қожағұлұлы деген құйма құлақ қария болған, сол кісі көп айтатын. Бабамыз жайлы біраз әңгімелер сол Әбушәріп ақсақалдың айтумен есте қалды. Тіпті сонау жылдары Шұғай атамыздың жатқан жерін көрсетіп, біздің ата-тегіміз жайлы анықтап айтып берген де сол Әбекең еді. Жасыратыны жоқ, біздер бірнеше ұрпақ Қаржас-Жаулыбай ішінде өскесін, өзімізді Жаулыбай атасынан тараймыз деп келдік. Тіпті кейбір туыстарымыз әлі де солай дейді. Ал, шындығында біздер қожалар әулетіненбіз.

Әбушәріп ақсақал: «Шұғай халфе – менің сүндет атам, елге шапағаты көп тиген кіс», – деп отырушы еді. Әбекеңнің айтуынша, халфе атамыз көтеріліп ауырған, ақыл-есінен ауысқан адамдарды көп емдепті. Ешкімге бой бермей, байлап-матап әкелген қандай сырқат адам болса да, халфенің алдына келгенде түк болмағандай иіліп сәлем беріп, үйіне құлан-таза жазылып қайтатын көрінеді. Қиналып босана алмай жатқан әйелдерге апарса, аятын оқып, етегінен бір қаққанда, бала шыр етіп дерге түсе қалады деп отыратын көзі көргендер.

–Әбушәріп ақсақалдың Шұғай халфе жайлы тағы бір әңгімесі мынадай, –дейді Темең. –Тастыкөлде Саға дейтін жер бар. Ертеде көлдің сол тұсынан суға қой тоғытады екен. Осылай отар қойды айдап әкеліп, тоғытып жатқанда, кенеттен алай-дүлей қатты дауыл тұрып, қойларды толқын айдап әкетеді. Халық у-шу болып, не істерге білмей сасады. Жағадағы елдің шулап жатқанын естіген халфе не болды деп үйден жүгіріп шығыпты. Толқын қуып әкеткен қойларды көргесін, шуламаңдар, түк те етпейді деп, аятын оқып, судың бетімен қара жерде жүргендей жүгіріп барып, шапанының етегімен жасқап, отар қойды жағаға айдап алып шыққан екен.

–Бір қызығы, ол кісінің суға батпайтынын үлкендердің аузынан талай мәрте естідік қой жас уағымызда. Бірақ оны кезінде кім керек қылған. Қазір сол ісімізге өкінеміз, – дейді Теміртай ағамыз. –Бабамыз қожа болғасын, әрине, ол кісі бала сүндеттеген. Және бір ғажабы, сүндеттелетін балаға күндіз тиіспейді екен. Ойын баласы ғой, үрейін алмайық деп, әлгі балаларды түнде ұйықтап жатқан жерінде сүндеттеп тастайтын көрінеді. Бұған да таңқалмасқа болмайды.

–Шұғай халфе бабамыз жайлы ел ақсақалдарының мына бір әңгімесі де есімде қалыпты, – деп жалғады Теміртай аға. –Қиыншылық уақыттарда, ашаршылық жылдары ел іші көлдің құсымен, даланың қоянын аулап күнкөріс жасағанын естіп жүреміз. Бір қызығы, басқалар құсты мылтықпен атып алса, Шұғай атамыз қолмен ұстайды екен. Әдісі мынадай: қамыстан салынды секілді қылып тоқып, соны басына киіп, судың ішімен барып, жүзіп жүрген қаздарды аяғынан ұстап алады екен.

Бір таңқаларлығы, Шұғай халфе өзінің дүниеден озатын күнін алдын ала болжап, Әбушәріпке қабірін қай жерден қазатынын көрсетіпті. Және былай деп өсиет айтқан екен: «Мені көмгесін, жылқымның үйіріндегі айғыр бөлініп келіп, қабірімнің басында екі күн тұрады. Сосын оны сойып, етін елге таратып беріңдер. Басын өзімнің қабірімнің жанына көміңдер» – дейді. Айтқандай, халфені көмгесін, күрең айғыр үйірден бөлініп келіп, зират басында тапжылмастан екі күн тұрыпты. Өзі тапсырғандай, оны сойып, етін ел-жұртқа «құдайы» деп таратып береді.

–Бабамыздың жылқысы ылғи күрең болып келеді екен. Өзі өлгесін, осы жылқыдан да береке кеткен екен. Біздер кейін, 1970 жылы Әбушәріп ақсқаладың көрсетуімен бабамыздың басын көтеріп, тас қойдық. Тағы бір таңқаларлық шаруа, қабірінің аяқ жағын қазып көріп едік, жылқының қу басы шықты. Бұл сол баяғы күрең айғырдың бас болса керек. Қайтадан сол жерге көміп қойдық, – дейді Теміртай аға.

Баянауыл жерінде жасап өткен, Алланың шарапаты қонған жандардың бірі –осы Шұғай халфе. Кезінде бұл секілді адамдар жайлы мәлімет жинап, дерек іздестірген ешкім болған жоқ. Әйтпесе, Шұғай халфеге байланысты талай-талай таңдай қағарлық оқиғалар болғаны анық. Оны білетін адамдар бүгін арамызда жоқ. Сол заманнан үзік-үзік болып жеткен шамалы әңгіме осындай.

                               Сайлау Байбосын,

Павлодар облысы Баянауыл ауданы

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button