Білген Шайыр айтады

Көк бұзау

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы

Пейіштен иманды құл мінер пырақ,

Ұстайды ақыретте нұрдан шырақ.

Айтайын мысал қылып бір әңгіме,

Туыпты бір көк бұзау бұрынырақ.

 

Көк бұзау өгіз болып ер жетеді,

Қылып жүр сорлыларға келекені.

Бар екен төбесінде бір кер мүйіз,

Ойлайды өзінде деп берекені.

 

Нәсілі сиыр еді мұны туған,

Жылқыға қосылады ұлы думан.

Жылқыға бір күндері қасқыр шапса,

Көк өгіз жолатпастан оны қуған.

 

Қасқырды шыр айнала қуалапты

Жылқыға қорған болып тұра қапты,

Неше күндей қасқырлар келсе-дағы,

Қаймығып көк өгізден кіре алмапты.

 

Еш нәрсе көк өгізге қыла алмапты,

Жылқыға елсіз жатқан кіре алмапты.

Семізді таңдайтұғын бұл қасқырлар,

Жылқыдан жабағы тай жей алмапты.

 

Аш болды тамақ жемей тамам бөрі,

Жабылды көк өгізге енді бәрі.

Әр қайсысы әр бұттан ұстаған соң,

Құрыды көк өгіздің қал дәрмені.

 

Көк өгіз ойбай салып өкіреді,

Қасқырлар әр жағынан секіреді.

Өгіздің ащы даусын есіткен соң,

Жыйналып жылқы үркіп секіреді.

 

Көк өгіз көптен шыққан түлен түртіп,

Маңына жоламайды жылқы үркіп

 

Жылқы болса сан мүйіз көк домбайды.

Тиді ғой жамбасына енді келтек.

 

Қасқырлар көк өгізді бұрмалаған,

Көк өгіз көптен шығып сор қайнаған.

Басына қиыншылық күні түсіп,

Дауыстап көк бұзау боп ойбайлаған.

 

Тоғайда қанын сыйыр түнеп жатқан,

Көк өгіз күйік түсіп жүдеп жатқан.

Өгіздің ащы даусын есіткен соң,

Жиналып қалың сиыр керней тартқан.

 

Сиырлар тез қосылып жүріп берген,

Даусына жер жаңғырып дірілдеген.

Аз кідірсе көк өгіз өлер еді,

Қасқырлар қамап жатыр күрілдеген.

 

Қасқырды қалың сиыр қашырыпты,

Көп болған соң қасқырды састырыпты.

Сиыр болғыш сән мүйіз көк домбайдың,

Басынан қалың тұман ашылыпты.

 

Көк өгіз есін жиды біраз жатып,

Басында көптен шыққан Тәңір атып.

Жараларын көрген соң бәрі есіркеп,

Тұр екен қалың сиыр ортаға алып.

 

Сиырлар сол кезде кеп көк өгізге,

Немене залал көрдің айтшы бізге.

Ер жеткен соң бір күні келеді деп,

Үміт қып жүруші едік өзімізге.

 

Шырағым ер жеткен соң өгіз болың,

Мас болып қайратыңа семіз болдың.

Бірі жоқ жолдасыңның қасыңызда,

Енді ойланшы сен біздің неміз болдың.

 

Көк өгіз мұны есітіп тоба еткен,

Қате қылған екенін сонда білген.

Өз тобынан жақсылық көргеннен соң

Содан былай сиыр мен бірге жүрген.

 

Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы қолжабасынан алып дайындаған Сейт Омар Саттарұлы Сарыағаш қаласы

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button