Білген Шайыр айтады

Жеткізсін, Аллам, ел-жұртқа

Б-исми Аллах ар-Рахмани ар-Рахим!

Қолыма қалам алдым, «Б-исми Алла!» – деп,

«Б-исми Алла!»-мен бастадым «Исм- Алла» деп.

Хорасан Құл-Мұхаммед мұны жазған,

Тәуекел – деп, қолға алдым, «Қсм- Алла» – деп.

Аллаға  хамд – сәжде, хадис – сана,

Біреуді надан, біреуді қылды дана.

Күнәсі таудан ауыр күнәкармыз,

Рахым қылып пендеңе болғын пана.

Сөз қалдырды Сүлеймен Бақырған,

Ақылы асқан данамыз.

Менен де ақыр сөз туды,

Құл-Мұхаммед қожа пақырдан.

Олар бұрын шығарған.

Мыңы шықты жақыннан,

Мұсылманның баласы,

Қызметін қылмай Алланың,

Жүрмеңіздер ғафілдан.

Балиғатқа жеткен соң,

Мойныңа қызмет тағылған.

Құлшылық парыз пендеге,

Сахилық қыл қызметке

Қызметіне Алла ерініп,

Болмаңыздар бақылдан.

Ғарасатқа барғанда,

Қызметке сахи адамды

Келіп, Алла шақырған.

Ғарасатта қорықпай аралап,

Боласыңдар батырдан.

Құдайдан қорқып,

Қызмет көп қылыңдар,

Пейішке қарай,

Шауып жетсең,

Өтіп алып сират көпірден.

ПЕЙІШТЕН ҚЫЛСЫН ТҰРАҚТЫ

Құдай үшін бата алып,

Еңсекең берді бір атты.

Құтыдан шыққан Самекең,

Берсең бер деп ұнатты.

Қуат орнаған жер айтты,

Етіме деп пайдасы,

Әуелден қылдым тулақты.

Маған берген аты үшін,

Қияметте нәсіп қып,

Мінгізсін Алла пырақты.

Ажал жетіп өлгенде,

Қараңғы көрде жатқанда,

Жаққызсын Алла шырақты.

Қылдан жіңішке қыл көпір,

Кең қылсын Алла сиратты.

Сиратынан өткізбей,

Талай жанды құлатты.

Құлатқанмен қоймады,

Отына салып, жылатты.

Сондай қиын жерден өткізіп,

Пейіштен қылсын тұрақты.

ӨЗІМ ТУРАЛЫ 

 Көп хикаят сөз айтып, қылдым дастан,

Жұмысымды айтайын өткен бастан.

Пайғамбардың болады Құрайш затым,

Арғы атамды сұрасаң Әли-Арыслан.

Хазрет Әли атасы Әбу Тәлиб,

Ол кісіні де қояйын хатқа салып

Астына ат орнына дүлділ мініп,

Зулфиқар деген қылышын қолына алып,

Ұрысқан кәпірлерге болған халиб,

Пайғамбар Бибі-Фатима қызын берген,

Хасан, Хұсайын егіз боп соңына ерген.

Қайда барса қасына ертіп жүріп,

Барған жерде дұшпанын бәрін жеңген.

Бір палуан қыз болған Ханифа атты,

Таққа шығып отырған, жұртын жиып.

Мені жыққан кісіге тиемін деп,

Қанша жылдай отырды нәпсін тиып.

Сол қызды жығып аламын деп келді іздеп,

Күреспекке ол қызға келді тездеп.

Басына күрзіменен салып қалды,

Ол да келіп жағасынан алып қалды.

Сегіз күндей екеуі күресіпті,

Жығылғасын қылады қыз налысты.

Ақырында қыз жығылып,

Кәпірлер қылды намысты.

Ақыры қыз құлады,

Намыс қып кәпір жылады.

Хақ екен деп дініңіз,

Мұсылмандыққа өтеді.

Мұсылман қылып сол қызды,

Хазрет Әли алады,

Меккеге алып барады.

Иман айтып мұсылман боп,

Өз дінінен танады.

Екеуінен Мұхаммед-Ханифа бала туады,

Палуан боп атасының жолын қуады.

Өне бойы кәпірмен ұрыс қылып,

Қолына шариғаттың туын алады.

Біз сол Мұхаммед-Ханифа баласымыз,

Басты қожа әр қайсысынан тарағанбыз.

Оларменен біздің жоқ таласымыз,

Дуана мен Аққорған бізден болды,

Одан кейін Абд-и Жалил Баб ол да келді,

Қызметімен табады тура жолды.

Әр қайсысы өз жолына салып береді,

Имансыз болса иман қайдан ап береді.

Күнә қылмай дүниеде сақтанып жүр,

Күнә қылсаң – мойныңа сап береді.

Қызметіне Алланың тұрған қожа,

Шариғаттың жолына бұрған қожа.

Хорасаннан болады әсілі заты,

Әкем Қожахмет бабамыз Нұрман қожа.

Өз атым Құлмұхаммед қойған бастан,

Азырақ молда болған оқып жастан.

Тәубе қылып жылаймын ертелі кеш,

Құб күнәкар пендеңнің жасы асқан.

Біләл деген балам бар, өзі молда,

Енші бөлек өз алдына емес, қолда.

Оның да күнәсі көп, қызметі аз,

Құдайа, рақым қылып, өзің оңда.

Көп пендеңнің ораза, намазы жоқ,

Қызметті аз қып, түсуге теріс жолға.

Рақым қылып, пендеңді жәннат кіргіз,

Айта берсем, пендеңнің қатесі аз ба?

Күнәсіне қарамай жәннат кіргіз,

Әр қайсысын жәннатта еркін жүргіз.

Рақым қылып пендеңе жәннат бергін,

Құдайа, пенделерің мына бізбіз.

 Құлымбет қожа ишан 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button