Білген Шайыр айтады

Жәннаттан Бибі Фатимаға анар келгені

ЖИЫРМА БІРІНШІ ФАСЫЛ

Мөмінде бір бәшарат[1] бұл жерде бар,

Оны һәм білдірейін әйлап изһар.

Ат қойған «Дәлел ихсан» бір кітапта,

Парсының ләпзі бірлән айтып-дүрлар.

 

Бір қызы Пайғамбардың Фатима еді,

Хақында Хайрун ниса қадис келді.

Алладан Жәбірейілмен илһәм жетіп,

Әліге неке оқып, оны берді.

 

Әлімен тұрған уақта Фатимаға,

… атты дұшар болды кесел аңа.

Су ішпей, ауқат ішпей он күн жатты,

Басын һәм көтермекке болмай шама.

 

Мұртаза Фатиманың халін көріп,

Алдына отырар ед әр дем келіп.

Ақыры он бірінші күн болғанда,

Сөйледі осы сөзді хабар беріп.

 

Әлі айтты: «Ей, Фатима, әбзалы зән,

Он күндер ешбір тағам татпадың сен.

Тағамның қайсы бірін кеуілің сүйсе,

Әзір қып әкелер ем бұл күні мен».

 

Фатима Әліге айтты әйлап изһар,

Бар болса осы уақта ащы анар,

Кесеге екеуінің суын сығып,

Ішпекке талап етіп, кеуілім тілер».

 

Мұртаза құрсанданды мұны естіп,

Фатима жазылғай деп үміт етіп.

Және де қайғыланып, қапа болды,

Ойланып, бір қиялға кеуілі кетіп.

 

Бұл еді қиялдыққа болған себеп,

Фатима анарды айтты көңілі қалап.

«Қолымда құлым жоқ» деп ойланар ед,

Базардан әкелмекке қылсам талап.

 

Әуліден бұл қиялмен шығып жүрді,

Базардың көшесіне барып кірді.

Алмаққа анар сатып пұлы болмай,

Аз пұрсат қайран болып қарап тұрды.

 

Бір жігіт мұртазаға қарсы келіп,

Әдеппен сәлем берді, тағзым қылып.

Деп айтты: «Е, шаһаряр, тұра дүрсіз,

Қай түрлі көңіліңізге қиял кіріп?»

 

Әлі айтты: «Сауал етіп, сұрама әркез,

Адамға айтатұғын бұл емес сөз».

Ол айтты: «Қайсы түрлі іс болса да,

Үміт қып айтпағыңа тұтамын көз».

 

Әлі айтты: «Фатиманың кеселі бар,

Он күндер тамақ татпай, жатып-дүрлар.

Бұл күні ащы анар суын сығып,

Бар болса ішер ем деп қылды изһар.

 

Айтқанын Фатиманың қабыл көріп,

Сол үшін тұра-дүрмін мұнда келіп.

Қолымда дүние, пұлдан еш нәрсе жоқ,

Алмаққа анар сатып, баға беріп.

 

Ол жігіт Әліге айтты: «Сұбхан Алла,

Бермекке пұлым жоқ деп көңіліңе алма.

Анарды сауда қылып сіз алыңыз,

Бағасын мен беремін болса һәр не».

 

Дүкенге мұны естіп Әлі барды,

Екі анар он теңгеге сатып алды.

Бағасын өз жанынан жігіт беріп,

Мұртаза әулісіне[2] қайтып янды.

 

Келер ед Әзірет Әлі жолмен қайтып,

«Мүддем табылды» деп көңілінде айтып.

Бір кесел жол үстінде жатыр еді,

Мехнат, машақаты һадден артып.

 

Үстіне ол кеселдің Әлі келді,

Қолдағы ұстағанын кесел көрді.

Ол айтты: «Я, Мұртаза, расын айтқын,

Ұстаған қолыңызда не-дүр?» деді.

 

Кеселдің бұл айтқанын Әлі естіп,

Ойланды өз көңілінде қиял жетіп.

Әгарда расын айтсам әжеп[3] емес,

Сұраса бұл анарды сауал етіп.

 

Әгарда жалған айтсам үшбу күні,

Хош көрмес дәргаһына Алла мұны.

«Анар» деп ұстағанын жауап берді,

Айтпаққа жалған сөзді бармай тілі.

 

Ол айтты: «Я, Мұртаза, күйеуі Расул,

Артықша көңілім кетер анарға бұл.

Алланың өз атының хақы үшін,

Қолдағы анарыңды мархабат қыл?»

 

Әлінің Хақ атына көңілі еріп,

Анардың бірін берді жақын келіп.

Ол кесел Әліге айтты: «Я, Мұртаза,

Бұл жатқан ахуалымды тұрсыз көріп.

 

Анардың қолыңызбен суын сығып,

Һәм және ішкізіңіз жақын тұрып».

Анардың суын сығып ішкізді-ләр,

Әлі һәм айтқанының бәрін қылып.

 

Әлі айтты: «Өз көңілінде бірі алды,

Әлі һәм өз қолына бірі қалды.

Фатима кеселіне шипа болғай,

Апарып сығып берсем бұл анарды».

 

Мұны ойлап, жүремін деп тұрған халде,

Кеселдің көзі түсті ол анарға.

Деп айтты: «Сол қолыңда не нәрсе бар,

Білдіргін, ақиқатын болса һәр не?»

 

Әлі айтты: «Сол қолымда бар бір анар».

Ол айтты: «Я, Мұртаза, мүдағам бар.

Мұхаммед ризасы үшін әні бергіл,

Ішпекке артық көңілім тілеп тұрар?»

 

Мұртаза ол анарды және берді,

«Қай түрлі қыламын» деп көңіліне енді.

Алдына Фатиманың құр бара алмай,

Мадина шаһарына қайтып келді.

 

Және де тұрар еді қайран қалып,

Қайтпаққа пұлы болмай анар алып.

Өзінің қызмет еткен бір кәнизі[4],

Әліге сәлем берді душарланып.

 

Деп айтты: «Әй, қожамыз сөзім тыңда,

Фатима келсін деді сізді мұнда.

Әуліге он анарды жіберіпсіз,

Базардан сатып алып бәрін пұлға».

 

Деп айтты: «Екі анарда болар еді,

Не үшін сырып қылып көп жіберді?»

Кәнизі осы түрлі айтқан сөзді,

Кеуіліне Мұртазаның шаһсин[5] келді.

 

Кәнизбен хазірет Әлі жүрді еріп,

Өзінің әулісіне кірді келіп.

Қараса, хайрун ниса бас көтеріп,

Өзінің денесіне қуат еніп.

 

Алдында зерлі табақ әзір тұрар,

Ішінде салып қойған анары бар.

Әліге Фатима айтты: «Жібердіңіз,

Не үшін сатып алып осынша анар?»

 

Әлі айтты: «Я, Фатима, сөзім тыңда,

Анарды жібермедім әркез мұнда.

Алдыңнан шыққаннан соң базар барып,

Екі анар алып ердім сатып пұлға.

 

Бір пақыр жат еткен соң Алла намын,

Қайыр етіп, оған бердім бірін әнің.

Расулдың ризасы үшін маған бер деп,

Және де сұрап алды ол бір-ләрін.

 

Әліден хайрун ниса мұны естіп,

Сөйледі осы сөзді изһар етіп.

Бұл тұрған егесі жоқ анар болса,

Жемеске кеуілім тұрар менің кетіп.

 

Екеуі осы сөзде отыр еді,

Есіктен расул Құда жетіп келді.

Бұл болған хадисаның баршасын һәм

Екеуі Пайғамбарға хабар берді.

 

Ауаз қып, Фатимаға айтты расул:

«Білдірді осы уақта кеп Жәбірейіл.

Алланың Фатимаға сәлемі деп,

Илһам қып, хабар беріп айтқаны бұл.

 

Алла айтты: «хабар бергіл Фатимаға,

Бір анар Әлі берді бұл күн маңа.

Жәннаттан оның үшін сыйлық қылып,

Жібердім бұл анардың бәрін һәмма.

 

Халал-дүр жемегіне мұның бәрі,

Көңіліне малул қылмай, жесін әні.

Мен үшін бір нәрсені пенде берсе,

Дүниеде бере-дүрмін он есені.

 

Өлгенде ақысы үшін ол пендеге,

Беремін жетпіс есе сауап аңа.

Мұртаза сенің үшін я Мұхаммед,

Қайыр етіп, бір анарды берді және.

 

Ол анар ақысы үшін я Мұхаммед,

Маһшарда үмбетіңе қыл, шапағат.

Хақ әмірін білдірмекке мұнда келдім,

Сіздерге болған үшін бұл мәрхабат».

 

Фатима мұны естіп Пайғамбардан,

Деп айтты: «Осылай болса бізге пәрмен.

Ей, ата, бұл жәннаттың нығыметтерін,

Бұл күнде нүш етемін[6] қалайша мен?

 

Дүниеде есебі жоқ үмбетің бар,

Жәннаттың нығыметтерін арзу қылар.

Оларсыз бұл жәннаттың миуаларын

Өзіме сусын ішпек харам-дүрлар».

 

Жәбірейіл сол заманда көктен еніп,

Суларын анарлардың сықты келіп.

Баршасын бір шишаға құйып қойып,

Расулға бұл сөзді айтты хабар беріп.

 

Деп айтты: «Я, Мұхаммед, бол хабардар,

Ол шиша ақырға ше бақи тұрар.

Әр мөмін бұл дүниеден өтерінде,

Қысылып су ішпекті арзу қылар.

 

Шишадан періште алып бір қатыраны,

Пенденің алқымына құйғай әні.

Иманы макруден аман болып,

Шыққайлар оңай болып пенде жаны.

 

Шөлшеуік ақырға ше онан кетер,

Анардың түпәйілінан шаттық жетер.

Дүнреден бес түрлі халық өтерінде,

Оларға анар суын харам етер.

 

Кетерде айуанынан бұл дүниенің,

Жоқ болғай иманы һәм бәлкім әнің.

Я, Расул, үмбетіңе хабардар қыл,

Айтайын изһар етіп, әнің бірлән.

 

Әуелі бейнамаздар тәрік салап,

Екінші бермесе малдан зекет.

Үшінші арақ ішіп, тәубе қылмай,

Дүниеден өтер болса әр адамзат.

 

Төртінші туар болса ұғыл бала,

Қойсалар шашын алып, айдар аңа.

Бесінші шәк[7] тұтушы мұнапиқтар,

Бұларға қатраннан жоқ бәріне де».

 

Жәбірейіл бұл сөзді айтып қалды кетіп,

Үшеуі құрсанданды шаттық жетіп.

Бір түрлі асыларға бәшарат бар,

Бұл сөзді айлағанда пайым етіп.

 

Көрдіңіз Фатиманың кесел халін,

Он күндей тағам ішпей жатқандарын.

Аз уақыт анар суын беріп еді,

Ішпестен үбет үшін қойды бәрін.

 

Бұл түрлі қамқорлықты анаң қылмас,

Еш кісі өз ләпсіден жақын болмас.

Көрмеген перзентінің қамын ойлап,

Шарапты мұндай уақта ішпей тұрмас.

 

Көрген жоқ Фатимада үмбет бірін,

Кейінгі асылардың бірде-бірін.

Анарды арзу қылып тұрған уақта,

Үмбетсіз ішпеймін деп ашты тілін.

 

Бұл пейілін Алла һәм қабыл көрді,

Шишаны Жәбірейілден һәм жіберді.

Үмбеттер шөлдеп қалса ақырғы хадде,

Анардан тамызбаққа уәде берді.

 

Алланың бұл уәдесі жалған емес,

Не қылса құдіретіне кемдік келмес.

Құр тілмен үмбеттіктің лапын[8] ұрған,

Пендеге бұл дәулетті Алла бермес.

 

Үмбет сол – Хақтың айтқан әмірін қылса,

Зекетін уақтыменен беріп тұрса.

Алланың әміре мағұрып ісін қылып,

Істерін қылма деген бәрһәм[9] ұрса.

 

Істесе сүндетінің бәрін һәр не,

Һәм және шек қылмаса шаһарярға.

Ақырда бұл дәулетке уәсіл болып,

Рақатын қызметінің көрер таза.

 

Сүндетін істемекке қайсы бір құл,

Растлықта үмбет емес расулға бұл.

Шапағат кесесінен су берерде,

Пайғамбар үмбеттігін қылмас қабыл.

 

Бұл сөзге сенбейді базы кісі,

Сүндетке келмеген соң қылған ісі.

Ат қойған «Тарғыйбус-салат» бір кітапта,

Расулдың осы түрлі бар қадисі.

 

Қылмаса сүнет ісін қай бір адам,

Ол құлға шапағатым болғай арам.

Жақсылар шапағаттан құры қалмай,

Сүндетін істеңіздер әлид дауам.

 

Және айтты мәсалақта сопы Аллаяр,

Қылмаса сұстық илан сүндетті әгар,

Арызы пенденің қабыл болмас,

Бұл сөзді ойлағанда көп ибырат бар.

 

Құдая, Пайғамбарға мен һәм үмбет,

Әр күні тәрік қыламын қанша сүндет.

Қатырадан алқымыма нәсіп еткін,

Достыңның қайсар қызын қылып үрмет.

[1] Бәшарат /а/ – хош хабар.

[2] Әулі (хаулы) /а/– аула, қора.

[3] Әжеп – ғажап.

[4] Кәниз – қызметші қыз.

[5] Шаһсин – мәтін бойынша «шәк», «күмән» мағынасында.

[6] Нүш ету /п/ – ішу.

 

[7] Шәк – күмән.

[8] Лап, лаб /п/ – мақтаншақтық,, өзін мақтау; бос сөз.

[9] Бәрһам – орнына келтіру.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button