Майлықожа жырларының мәні
Басы ашық жәйт. Майлықожа жырау шығармашылығы тұтастай алып қарағанда ұлтқа қызмет етуге құрылған. Онда діни таным да, ұлттық дәстүр де бір-бірімен үндесіп жатыр. Сондықтан ұлы жыраудың қай шығармасын алып қарасаң да ұлттық танымның жұпары аңқып тұрады. Тіпті діни хиса – дастандарының өзін ұлттық танымға иіп алып келеді. Бұл бір жағы ол кісінің миссиялық қызметі тәрізді. Сол қожалық қызмет қазақтың қара домбырасымен үндесе қызмет атқарады. Шынтуайтына келгенде домбыра мен дінді қас шебер ғана бір-бірімен байланыстыра алады. Болмаса қай дүмше де домбыра, қобыз, сырнайды дінге қонсы қондырмауға жанталасатыны бесенеден белгілі. Ал Майлықожа Сұлтанқожаұлы болса, өз бойына біткен өнерді діни уағызбен жымын білдірмей ұштастырып жібереді. Мәселен ол өнерге не себепті бет бұрғанын өз толғауында былайша жеткізеді:
«Ал халқым енді сөйлейін,
Тәтті жырым төгілсін.
Тыңдаушының көңіліне,
Гауhардай нұры себілсін.
Арқасында өнердің
Аралап жүрмін ел ішін.
Ағайын туған халықтың
Таныс қылдым көбісін.
Өлеңмен берсем ыбырат
Өзімнің қазақ халқыма
Ол да менің жемісім.
Сіздер де халқым алып қал
Сөздің піскен жемісін», – дей келе:
Сөйле деп маған сөз бердің
Түсінгендей парқыма,
Орындайын көптің тілегін
Келе алсам шарқыма.
Сіздер де халқым, түсінгін,
Жақсы сөздің парқына.
Мақсатым болды өзімнің
Бағасы болса сөзімнің
Сөз қалдырмақ артыма», – дейді. Және де сол мақсатына жетеді. Артына өшпестей сөзін қалдырады. Ал ол қандай сөз?
Басын ашып айтсақ, ол сөз – тұтастай алғанда діни тағлым. Өлең тілімен айтылған уағыз. Діннің тарихы. Пайғамбарымыздың (сғс) өмір жолы. Қазақтың дінмен үндескен әдет ғұрпы мен салт дәстүрі. Ұлы жырау шығармашылығы сонысымен де құнды, әрі өміршең. Себебі Майлықожа мұрасындағы әр жыр, өлең, термелерде қалыптасқан дәстүрлі дін мектебінің тағлымы жатыр. Мәселен «Адам ата» атты толғауға назар аударалық. Жырға арқау болған Адам ата жаратылуының дінімізде алатын өзіндік орнын қаузамай-ақ, тек бір ғана мәселеге назар аударайық. Ол – біздің дәстүрлі дініміздің негізгі мәні. Матуриди ақидасы да осы жерде көрініс береді. Сөзіміз дәйекті болу үшін жырдан үзінді келтірейік:
«Әуелі Алла жаратты
Топырақтан жасап денені.
Жоқ нәрседен бінә қып
Құдыреттің күшті өнері.
Ылайдан сурет бітірді
Бұл емес пе шебері
Не қаласа еркі бар
Алланың болар дегені.
Жасатқа жанды кіргін деп,
Құдайым хабар береді,
Көрмекші болып суретін
Рухы шәріп келеді».
Жырдың өн бойындағы негізгі мән:
«Көрмекші болып суретін
Рухы шәріп келеді», – деген екі жолда тұр. Бұл – Матуриди ақидасының негізі, бұл – біздің дәстүрлі дініміздің бастауы.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Жалпы қоғамдағы да, діндегі де текетірес осы жерден бастау алады. Өкінішке қарай қазір уахабилік таным алға шықты. Соған орай Майлықожа жырына арқау еткен «рух шәріп» жоққа шығарылды. Есесіне «сурет» ғибадаты барша мұсылманға үлгі етілді.
Енді осы айтқанымызды, өз айтқанымыз емес, Майлықожа ғұламаның біз тілге тиек етіп отырған екі жол өлеңіндегі мәнді тарқатып көрелік. Басы ашық жәйт. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Аталмыш жырда жан – «рух шәріп», ал тән – «сурет» делінеді. Сонымен жырда одан әрі айтылатынындай, рух шәріп Алла әмірімен суретке келіп енеді. Бұл жәйт жырда былайша суреттеледі:
«Қараса іші қампайып,
Жатыр екен талтайып,
Япыр-ау, мынау не деді,
Қорқыныш басып қалтырап».
Алайда рух шәріп Алла әміріне мойынсұнып, тәнге (суретке) барып кіреді. Міне осылайша Адам ата бой түзеп, бас көтереді. Сол адам – бүгінгі сіз бен біз.
Байыбына барсақ, Адам атаның халифа ретінде жаратылуына орай Алла мына әлемге араласпайды. Бұл біздің дәстүрлі дінімізге тән ақида. Енді сауал. Сонда мына әлем қалай басқарылады? Жауап айқын. Алланың әмірі арқылы. Дұрысы – періштелер арқылы. Бұл – иманның шарты. Осы шарт негізінде біз Аллаға, періштелерге, пайғамбарларға, Алланың кітаптарына, тағдырға, аxиретке, өлгеннен соң қайта тірілетінімізге иман келтіреміз. Осы иманның шарты – әлемнің басқару жүйесі. «Мен Алламен тікелей байланыста тұрамын» дейтіндер осы жүйені жоққа шығарады. Ал ол иманды жоққа шығаруға ұласады. Бұл – Майлықожа ақынның рух шәріп пен суретке қатысты екі жол өлеңінің мәні.
Рас, періштелер әрқилы. Олар атқарар қызметті де санап түгесе алмайсың. Алайда сол періштелердің, олардың ғана емес, бүкіл 18 мың әлемнің негізі – Ұлы періште. Діни тілде ол Ұлы періште де әрқилы аталады. Ол біздің дәстүрлі дінімізде «Нұрмұxаммед» деген атқа ие. Демек әлем сол Нұрмұxаммед арқылы басқарылады. Бұдан Алла тарапынан берілген «Бол!» деген әмірдің сол Нұрмұxаммедке берілгендігі мәлім болады. Бұл жәйтті неге тәптіштеп айтып жатырмыз? Себебі біз тізіп өткен жүйесіз, яғни иманның шартынсыз ешкім, ешуақытта, ешқашан Алламен байланыса алмайды. Бірінші шарт. Аллаға иман келтірдік. Белгілі жәйт, тек тірі адам ғана иман келтіреді. Бұдан иманды жан арқылы қабылдайтындығымыз мәлім болады. Жан – діни тілде руx делінеді. Майлықожа ақын танымында ол – рух шәріп. Ал руxтың негізі – Нұрмұxаммед. Қазақы түсінікте жан, руx, Нұрмұxаммед, әруақ – барлығы бір ұғым. Осы түсініктен кейін материалды әлемнің өлі, ал руxани әлемнің тірі екендігін түйсінуге болады. Өлі ұғымы жырда бір ауыз сөзбен «сурет» деп беріледі. Ол «сурет» адам тәніне ғана емес, жалпы материялды әлемге тән. Ең бастысы – руxани әлемде Алланың 99 есім, 8 субути сипаттары бар. Ол сондықтан да Аллалық мүмкіндікке ие. Түйіндей келгенде, иманды – жанның қабылдайтындығына көз жеткіздік. Келесі сауал. Жан Алланы өздігінен танып, иман келтіре ме? Түсінікті жәйт. Әр жан иесі Аланны өзі ұстанатын діні арқылы танып біледі. Ал дінді әкелуші – пайғамбарлар. Бұдан пайғамбарларға иман келтіру қажеттілігі мәлім болады. Келесі – тағдыр. Тағдыр дегеніміз – қалау. Ол қалау да жанға тән. Себебі, адамның өзіне тән қалау еркі де Алла арқылы жүзеге асады. Бұдан кейінгі сенім – аxирет, яғни қалайық, қаламайық сол руxани әлемге өтеміз. Бұл – шынайы тірілу. «Өлмей тұрып өліңдер» деген xадисте осы жәйт қаперге алынады. Соңғы сауал. Осы жүйе біздің дәстүрлі дінімізде қалай көрініс береді? Оп-оңай. Иә, әуелі иман. Оны айттық. Дін – ол бар. Пайғамбар… Осы жерде кілтипан бар. Басты кілтипан. Рас, Мұxаммед (сғс) соңғы пайғамбар. Одан кейін пайғамбар келмейді. Оны білеміз. Бірақ жүйе, жүйе емес, иманның шарты, оны қалай жоққа шығарамыз? Рас, онда «Пайғамбарларға иман келтіріңдер» делінеді. Сонда біз пайғамбарларға не үшін иман келтіреміз? Жауап айқын. Түзілген жүйені сақтау үшін. Білген жөн. Пайғамбарлар діннің руxани негізі. Қай дін де пайғамбарсыз өлі дін санатына жатады. Және де ол пайғамбар міндетті түрде тірі болуы тиіс. Сондықтан пайғамбарлардан пайғамбарға мирас болған Руxул Құдус ешқашан жоқ болып кетпейді. Оған, xадисте айтылатынындай, бүгінгі күні Жақып пайғамбар әулетінен шыққан пайғамбарлармен дәрежесі тең Ишандар иелік етеді. Бұл – Адам атадан бері үзілмей келе жатқан жүйе. Біз оған тек дәстүрлі дінімізді қайта жаңғыртқанда ғана үндесеміз. Рас, өмір өз арнасымен аға береді. Бірақ екі әлем екі жағалау сияқты бір-бірімен ешқашан қосылмайды.
Бір сөзбен айтқанда, адамды адам етіп тұрған рух шәріп. Соған орай Алла Тағала Адам атаға періштелерге сәжде жасатады. Бұл жәйт жырда былайша көрініс береді:
«Алладан нідә келеді,
Мәләкәлар кәләмі,
Сәждаға басты ұрыпты.
Мәртәбасын асырды.
Адамның жолы ұлық-ты».
Міне осы Майлықожа ақын жырынын арқау еткен таным қазақтың дәстүрлі дінін, оның ішінде Ешандық мектепті қалыптастырды.
Сонымен Алла Адам атаны жаратты. Оны білеміз. Алла періштелерді Адам атаға сәжде жасатты. Оны да білеміз. Бірақ Ібіліс: «Мені оттан, ал адамды топырақтан жараттың. Сондықтан мен одан артықпын», – деп, Адам атаға сәжде жасаудан бас тартты. Бұл жәйт аталыш жырда былайша суреттеледі:
«Адамның жолы ұлық-ты.
Менмендік қылып әзәзіл,
Мойынсұнбай тұрыпты.
Күпірлік қиял түскенін,
Тәңірім дана біліпті.
Алып барып лағынатты,
Гәрданына іліпті».
Міне осылайша Алла Тағала адам баласының барлық жаратылыстан үстем екендігін әйгілейді. Соны ұғындыру үшін Жаратқан Иеміз бүкіл жаратылысты өз қызметтері арқылы үйлестіріп тұрған періштелерді Адам атаға бас идіріп, сәжде жасатты. Бұдан бүкіл жаратылыстың ендігі қожайыны Адам екендігі мәлім болады. Біз мұны Алла Тағала бүкіл әлемді бір адамның жүрегі арқылы басқарады деп түсінеміз. Алайда Алла Тағаланың періштелерді Адам атаға сәжде жасатуының xикметін түсіне алмағандардың бәрі Ібіліс әскері қатарын толықтырумен келеді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Мен, сіз, анау, мынау, жалпы бәріміз жер бетінде тіршілік етеміз. Әр адам әрқилы. Береу – бай, біреу – кедей, біреу – ауру, біреу – сау, біреу – діндәр, біреу – дінсіз. Адам баласын осылайша кәсібіне, ұлтына, жынысына, көзқарасына, тағыда басқа сан қилы қасиеттеріне байланысты жік-жікке бөле беруге болады. Алайда Алла Тағала олардың бірде біреуіне назар салмайды. Орайы келіп тұрғанда сәл-пәл ыңғайсыздығын елемеген болып, мына бір әзіл әңгімені де қыстыра кетелік.
Бірде еврей, xристиан және мұсылман діндәрлары көрші қалада болатын бір діни шараға қатысу үшін бірлесіп сапарға шығады. Жолда ыстықтаған соң үшеуі өзенге суға түседі. Шомылып болған соң жағаға шықса, үшеуінің де киімдерін ұрлап кетіпті. Амал жоқ сол жалаңаш қалыптарында қалаға қарай бет алады. Жолшыбай адамдар кездесе бастаған кезде xристиан мен мұсылман екі қолдарымен әуретті жерлерін жапса, еврей бетін жабатын көрінеді. Әлгі екеуі одан бұлай етуінің себебін сұраса, ол: «Сендерде қалай екенін білмеймін, ал бізде адамды бетіне қарап таниды», – дейтін көрінеді.
Енді жоғарыда айтқандарымызға қайта ойысайық. Сонымен «Алла әлгі адамдардың ешқайсысына назар салмайды», – дедік. Дұрысы – xадисте солай делінеді. «Алла сендердің түр-әлпеттеріңе, киімдеріңе, іс-әрекеттеріңе емес, жүректеріңе қарайды» дегенге саятын xадис бар. Себебі, әлгі адамдардың бәрі «Мен» деген түсінікте тұрады. «Мен жер бетінде тіршілік етіп, ананы-мынаны істеп жатырмын» дейтіндердің бәрі сол түсініктегілер қатарына қосыла береді. Адам баласының бұлай оқшаулануы Адам ата дәурінен бері қарай жалғасып келеді. Ол оқшауланудың Алла Тағаланың періштелерді Адам атаға неліктен сәжде жасатқандығы туралы xикметті түсіне алмаудан бастау алатындығын жоғарыда айттық. Тағы да қайталап айтайық. Алла бүткіл жаратылысқа бір адамның жүрегі арқылы назар салады, әрі сол адамның «жүрегі» арқылы басқарады. «Жүрек» деп отырғанымыз, руxаният. Ал ол бүкіл жаратылысқа ортақ тұтас бір әлем. Періштелер Адам атаны мойындау арқылы бір орталықтан бағындырылатын сол әлемге қосылды. Сол жүйе сол кезден бастап күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мәселен, Алла назары Мұса пайғамбардың «жүрегінде» болды. Одан Иса пайғамбарға алмасты. Соған орай Исаны мойындамаған еврейлер Алла қарайтын назардан тыс қалды. Кейін біздің пайғамбарды мойындамаған xристиандар да Алла назарынан мақұрым қалды. Бұл жүйе ешқашан үзіліп қалмайды. Бүгінгі ол назар иесі – еврейлерге келген пайғамбарлармен дәрежесі тең Пайғамбарымыз (сғс) үмбеттері ғұламаларының бірі. Бүкіл Ишандар сол ғұламамен руxани байланыста тұрады. Соны білген аталарымыз Ишандық мектепті қалыптастыру арқылы Адам атадан бері келе жатқан жүйені үзбей, сақтай алған. Сондықтан одан ажырауға, бөлінуге әсте болмайды. Себебі… Дұрыс. «Бөлінгенді бөрі жейді». Ал «бөрінің» аты – Ібіліс. Майлықожа ақынның айтпағы да сол. Бұндай мән ұлы жырау шығармаларының бәріне тән. Біз тек соның біреуін ғана сөз еттік.
Құдияр БІЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері