Қожада Хорасаннан зоры бар ма?
Белгілі суырыпсалма ақын Майлықожа бір жылы Диуанақожа руының Айнақожа ишаннан тарайтын Қожжан әулетіне қыдырыстап келеді. Атақты ақынның Арқа жеріне келгенін естіген Байдалы бидің ұлы Баби би Майлықожаны үйіне шақырып қонақ етеді. Майлықожа ақын келді деп, бүкіл Алтай-Қарпық пен Қаракесектің игі жақсылары жиналыпты. Үш күн бойы жиналған халыққа, Исламдық уағыз айтып, арасында жыр-толғауларымен құлақ құрышын қандырып, разы етеді. Еліне қайтар мезгілінде Баби би Майлықожаға бүкіл Арқаға танымал тұлпары Бозжорғасын тарту етеді. Сонда ауыл молдасы Доңмұрынның ішіне қызғаныш туып: «Қайдағы қаңғыған қожаға атақты жорғаны тарту еткені не қылғаны?..» деп күңкілдейді. Молданың мұнысын жиналған біраз адам қолдап шу ете қалады. Мұның бәрін естіп тұрған ақын сонда:
Сендерде шынжыр қатар орын бар ма,
Қожада Хорасаннан зоры бар ма,
Патшаға сбор бермес, қызмет қылмас,
Елу үй қожалар бар Орынборда?!
Арғы бабам Әзіреті Әлі Шери-құда,
Насапта соған барар жолың бар ма,
Бергі атам жұртқа мәлім Әбдіжалил баб,
Белгілі сендерде сондай қорым бар ма?
Атақты шын әулиені кемсітем деп,
Жоқ боп түсіп кетпеңдер ойымдарға,
Құдыққа құл құтырса салар қармақ,
Білмедім маңдайларыңда сорың бар ма?
Арқада Сайдақ өткен сұлтан болып,
Хан Кенеге бір табан жақын болып,
Қадірлеп қалың қазақ құрмет етер,
Не десе де айтқан сөзі мақұл болып.
Исламның шариғатын жария қылып,
Ташкентте Мәделім тұр әмір болып.
Алдында небір билер аузын ашпас,
Айтқаны барлық жұртқа мақұл болып.
Кісілік те, имандылық та қожаларда,
Сендер мұны біле алмайсың қапы болып,
Мал сойып, қол қусырып тіленбесеңдер,
Аз уақытта кетерсіңдер кәпір болып,-дейді.
Сол кезде өзінің ағаттық істегенін түсінген молда ел-жұрттың алдында ақыннан кешірім сұрайды.
Майлықожа(1835-1898) ақынның туып-өскен жері – Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылы. Ақынның «Бергі атам жұртқа мәлім Әбдіжалил баб (Қорасан ата) деуінде бір гәп бар. Өйткені кезінде осы бабты бүкіл қожа әулеттері өздерінің рухани бабасы санаған. Сол себепті де жыл сайын бүкіл қожа әулеттерінің өкілдері 23-24 наурыз күндері бабтың кесенесі жанында жиналып бас қосады…