
МАЙЛЫҚОЖА ДАНАЛЫҒЫ – 32
Сөйлесем медет бергін, я, Зұлжалал!
Бермесең өзің медет менде жоқ хал.
Қолдай көр, құдіретіңмен Жаппар Кәрім,
Тікенге гүл беріп ең, зәһәрге – бал.
Тілеймін сенен медет сол себептен,
Халық қылдың қанша адамды құдіретпен.
Құдірет, жәрдем берсең тіл-жағыма,
Әзізді баяндайын ілгері өткен.
Жараттың әртүрлі ғып әр адамды,
Асырадың ризық беріп барша жанды.
Ерте-кеш әр не тәбет көңіліне алса,
Жеткізер құдіретімен Жаппар ғана.
Хайуан қылмай, адам ғып бердің сана,
Жараттың тау-тас, дария, жапан дала.
Құданың құдіреті сонша күшті,
Осы жерді ойламаймыз ақыл шала.
Әжеп пе қара тасты етсең алтын,
Суықты – жылы, ыстықты – етсең салқын.
Өнермен өзің берген қадірім артып,
Халыққа раушан боп жүр жүзім жарқын.
Комментарий
Майлы атамыздың «ХАЛЫҚҚА РАУШАН БОП ЖҮР ЖҮЗІМ ЖАРҚЫН» атты өлеңі – ақынның тұңғыйық таланты мен имандылықтың теңдессіз насихатының қайнар көзі – Алланың Өзі берген өнері екенін паш етіп отыр.
Майлықожа ақынның ұлылығы мен әулиелігі – Алланы Абсолют деп танып, шығармашылығы – Алланың Сөзі, Санасына – Қосым ешан айтқандай – Ілімі Ләдін дарығандығында.
Бұл өлең – Әулие дәрежесіне көтерілген Майлы атамыздың имани, рухани құндылықтарының ИлаҺи концепциясы, тұжырымдамасы деуге болады.
Данышпан атамыз:
«Сөйлесем медет бергін, я, Зұлжалал!
Бермесең өзің медет менде жоқ хал.
Қолдай көр, құдіретіңмен Жаппар Кәрім,
Тікенге гүл беріп ең, зәһәрге – бал» –
деп отыр.
Ұлы бабамыз: Аллаға жалбарынып, «Өзің медет бер, Сенің медетіңсіз – халім мүшкіл, Сенің құдретің шексіз, Сен – тікеннен гүл өсіріп, зәһәрді – балға айналдыра алатын шексіз күш иесісің» деп отыр…
Үсен Асқаров





