Жарық нұрдың сәулесі

Икрам ешан мешіті

Бүкiл ғұмырында имандылық пен рухани тазалықты ту етiп өткен ақын Икрам ешан Қасымұлы жайында бүгiнгi ұрпақ не бiледi?

Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылында ғұмыр кешкен ардагер ұстаз Жапаров Әбдiлһай (Әтен) Шәмшiдiнұлының отбасында сақталған «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары» (2007), «Шұбар атты Мәлiм Сейiт қожалардың (Қасым ешаннан берi) шежiресi» (2014) деген кiтаптарда Икрам ешанның түп атасы Әзiрет Әлiден тарайтындығы айтылады. Бергi атасы Сәйдi Ешмұһаммәд (Ересiм Сейiт – Шұбар атты Мәлiм Сейiт). Ересiм Сейiттен – Бөбей Сейiт; одан – Төлек Сейiт; одан – Дiнмұһаммәд Сейiт; одан – Мұһаммадәлi Сейiт; одан – Махсұтәлi Сейiт; одан – Дәулетәлi Сейiт; одан – Махтұм Сейiт; одан – Дiнмұһаммәд Сейiт; одан – Үмбетәлi Сейiт; одан – Бөбей Сейiт; одан – Мұстафа; одан – Қасым ешан; одан – Ташмұһаммәд Сейiт, Қосмұһаммәд Сейiт, Есiм ешан, Икрам ешан. Бiзге шежiреден дерек берген Жапаров Әбдiлһай (Әтен) Шәмшiдiнұлы Қасым ешанның Ташмұһаммәд Сейiт деген баласынан, яғни Икрам ешанның ағасынан тараған ұрпақ.
Икрам ешанның алты әйелi болған. Солардың төртеуiнен перзент көрген. Бiрiншi әйелi Мариядан – Әлиакбар, Әлиасқар; екiншi әйелi Айсақайдан – Әбдiмәлiк, Маһмуд (Мамыт); үшiншi әйелi Қадишадан (Қатша) – Әбибулла; төртiншi әйелi Кенжеден – Убайдулла есiмдi балалары болған. Бұл Жапаров Әбдiлхай (Әтен) Шәмшiдiнұлынан алынған дерек. Егер қателессек, Икрам ешанның ұрпақтарынан кешiрiм сұраймыз.
Икрам ешанның әкесi Қасым да, шешесi Несiбелi бибi де ата-тегiне тартып, заманының көзi ашық адамдары болыпты. Икрам ешанға да ата-анасының осы қасиетi дарыған. Белгiлi жазушы, әдебиетшi, Саттартанушы Әдiһам Шiлтерханов музейге Шәдiтөре Жаһангерұлының «Өсиетнамасының» қолжазба көшiрмесiн тапсырғанда мынадай анықтама жазылған парақшаны қоса берiптi: «Шәдiтөре Өсиетнамасы. Жазып алған Икрам ешан. Балтакөлде имам болған. Сейiт қожа. Өзi шайыр, өзi ғалым адам. Ахатов Әбдусадық көшiрген. Икрам ешанның қолжазбасы Ерназардың баласында, Шәуiлдiр с\зы.» Қожалар әулетiнен шыққан Әдiһам ағамызға бiздiң қосып, аларымыз жоқ. Отырар ауданындағы Балтакөлге қарасты Ақкөл ауылының тұрғыны, еңбек ардагерi, кезiнде атасы Тобағабыл Икрам ешанның пiрадары болған Азаматұлы Рәмәт қарияның Икрам ата мешiтiнiң кiрпiшiн қаласқан әкесi Азаматтың өз аузынан естiген дерегiне қарағанда, мешiттiң бұрынғы орны Сырдарияның жағасына таман, көпiрден жоғары, дарияның сол жағында бiр шақырымдай жерде болған. Тасқын судан мешiт құлайтын болған соң Икрам ешан елдi ұйымдастырып,қазiргi орнына қайта салдыртқан. Мешiттiң қабырғасы көтерiлгенде Икрам ешан «қызыл белсендiлердiң» қатаң қудалауына ұшырайды да құрылысты аяқтауды ұлы Әлиасқарға тапсырып, өзi Ташкент жағына кетедi. Көп ұзамай 1923-жылы қайтыс болып, Ташкент облысы Қытайтөбе деген жерге жерленген. Немересі Исматтың айтуынша 1992-жылы басына Алматыдан алып барып қара граниттен құлпытас орнатқан.

Икрам ешанның ұлы Әлиасқардың академик, ғалым Рахманқұл Бердiбайға азан шақырып ат қойғаны туралы бiр дерек «Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары» деген кiтапта (2007) айтылады. Икрам ата мешiтiнiң жанындағы Ақкөл медресесi Қазан төңкерiсiнен кейiн жабылып, кеңестiк оқу жүйесi бойынша «Ақкөл» бастауыш мектебi болып ашылған. Кейiн «Тоғай» бастауыш мектебi аталған. Медресе түлектерiнiң бiрi Рәмәттiң туысқан ағасы Ерубайұлы Дәуренбек өте бiлiмдi кiсi. Жалпы, медресенi бiтiргендердiң қай-қайсысы болса да сауатты болыпты. Медреседе Айтжан дамулла сабақ берген. Бұл кiсi атақты Әбубәкiр қарының әкесi. Икрам ешанның отбасында бiр кепе кiтабы қалған. Рәмәт қарияның айтуынша, бұл рухани құндылықтардың бiр парасы «Қызылдың қырғыны» кезiнде ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қазiргi Ақкөл (бұрынғы «Балтакөл» совхозының №2 фермасы. А.Ж.) ауылының шығыс жағындағы ескi арықтың iшiне ақ киiзге оралып, бiрнеше сандыққа салынып, көмiлген. Қалғанын ұрпақтары қасиеттеп таратып алып кеткен. Сол ұрпақтарының бiрi, Икрам ата мешiтiнiң қазiргi шырақшысы Тәжiқожаұлы Оразқожа мен әйелi Жанайдарқызы Тәжiқожакелiнi Роза екеуi аталарынан қалған сол кiтаптарды ұзақ жыл сақтап, Руханият Әбу Нәсiр әл-Фараби мұражайына тапсырды.

 

Икрам ешаннан қалған қолжазба деп Ешаның ұрпағы Абат 139-беттік қалын дәптерді маған тапсырды. Толығымен аударып шықтым. Бір тармағын халыққа ұсынып отырмын.

 

Ғашыр, Хараж, Ракат, Қырық парыз-Иман жайында айтылған нақылдар.

Алланың құдреті мол өзі Қадыр,

Біреуді шат,біреуге қылмас жәбір.

Құдреті барша жанға бап бара-бар,

Бата  айтсаң қайсы жерде болар зәйір.

Мысалы шам шырақты жаратқан Хақ,

Болған мен көрмей қалмас қанша жырақ.

Сипаты самух ал сабр каламадағы,

Кім мункір  дінін сипар болса мутлах,

Жіберді Факирді жол көрсет деп,

Бандаға әр буйырған суни айыр деп,

Түсірді арамызға Каламулла.

Ашыларды жақсы жаман муннан көріп.

Құранда бәрі ақихат ашылған сөз,

Кәнеки оны оқуға болса көзі.

Исламның бес парызын оқып білмек,

Адамдар ақылы бар ойлап таза.

Бірі бул бес парыздың әуел бастан,

Ақыл менен көңілден кетпей тастап.

Екеуі намаз оқып ораза тутмақ,

Төртінші зекет парыз болған жастан,.

Бесінші-Хажға бармақ келсе шамаң.

Көңліңе қыял алма муннан басқа,

Баршаға парыздығы сабаб болған.

Құранның аятынан дәлел ізде,

Білуге бір зәрлісі қырық парыз.

Басында әр бенденің бул қырық парыз,

Бесеуі ілгері күн өтіп кетті,

Жетеуі иман деген қылдым ғарыз.

Намазда он екісі болған ниат,

Үшеуі ғусыл деген булжам қабат.,

Төртеуі таһаратта деп айтады.

Екеуі әмір мағруф,Наки Мункар.

Ғылым хал қази нафас қосылады,

Баяны қырық болып осы менен.

Булардың баршасына үміт еткен,

Құранда Алла тағала хабар бірлан.

Баршасын бастан аяқ санап алар,

Құранда Алла тағала жіберілген.

Иманды екі түрлі деп айтады,

Муфиссал,Мухассал деп айтады,

Бендеге парыз екен муны білмек.

Болмаса мужтиһаттар зикір етті,

Мағнасы муфсал деген болар жанә.

Бар демек аннан әууәл Алла тағала,

Екінші Фаришталар бар деп білмек,

Китаблар изһар болмақ кеиін һмма.

Күлүһу пайғамбар деп барісына,

Қарамай айтар болмақ барисына.

Бесінші ақыретке мойын сунбақ,

Алтыншы жақсы, жаман әр ісіне.

Әр істі жақсы, жаман Хақтан біліп,

Тұрмақлық не көрсетсе соңғы күнде.

Күнінде қыяметтің тумул жасы,

Шықып тұрғаймыз бір-бір келіп,

Мавхнисса, муфассаллик тамам өтти,

Меккенің  молжалына келіп жетті

Жамағат бул дүниеден ғапыл болма,

Осындай мужтисалар зікір етті,

Аллаға ықрар болмақ әуел бірі,

Екіншісі есміне әмір келді.

Үшінші сыпатының барлығына,

Ықрар боп біліп тұрмақ бенделерге.

Алланың үкіміне болса әр не.

Әм жане арканынының баршасына,

Деп тұрмақ ықырар болып момын.

Иманның бул айтылған мужмалыны,

Иманның ең қысқасы муны билмак.

Әміріне қайылды іс қылып тұрмақ.

Нәрсені қылма деген қылмай жүрсе,

Болады Худа жаққа мойын сунбақ7

Сөз саптауына қарағанда Ешан өлең жазуға төселген төселген, ғалым дәрежесінде ілімі бар жан болған.

 

Айтпақшы;  Уақтынша Өзбекстанға өту мүмкін болмай тұр. Алла қаласа құлпы тастың сүретін көпшілікке көрсетіп қалармыз.

 

Сейтомар САТТАРҰЛЫ,  Сарыағаш қаласы

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button